Жұма, 19 Сәуір 2024
Тарих 4637 45 пікір 9 Қазан, 2020 сағат 11:56

Тағдырлы дата

(1731 жылғы 10 қазан – қазақ-орыс қатынасындағы жаңа да күрделі кезеңнің басталғаны рәсімделген күн)

Ана бір жылы ҚазАқпарат жария еткен атаулы күндер тізбесінде «1731 жылғы 9 қазанда Әбілқайыр хан бастаған Кіші жүз қазақтары Ресейге қосылды» делінген екен. Бұл дерек күні бүгінге дейін негізінен барлық қолжетімді анықтамалықтарда да келтіріліп жүр. Тарихшылар өткен ғасырдың аяқ кезінде ғылыми зерттеулер арқылы анықтап, дәлелдеген шындық, өкінішке қарай, әлі күнгі өз дәрежесінде ғылыми айналымға түспеген болып отыр, тиісінше, қазақ мемлекеттілігінің тарихы көпшілік үшін бұрмалаулы қалпында қалып, бұқараның тарихи санасы ел бірлігін нығайта түсу орайындағы бүгінгі күн талабына жауап бере алмайтын кембағал күйде келеді. Осы ретте мәселеге шағын шолу жасайық... 

Қазақ елінде Тәуке хан дүние салғаннан кейін ұлы хан сайлау рәсімі өткізілген жоқ, кіші хандар ішіндегі жасы да үлкен, хандық өтілі де көбірек Орта жүз ханы Қайып 1715 жылы аға хан ретінде мойындалды. Ал ол қаза тапқаннан соң, аға хан мәртебесі 1719 жылдан Кіші жүз ханы Әбілқайырға өтті.  Қазақ мемлекеті бастан кешкен тағдырлы оқиғалар, міне, осы аға хан Әбілқайыр баһадүрдің есімімен тығыз байланысты. Ол «Ақтабан шұбырынды» жылдары Қарақұм өңірінде жедел ұйымдастырған жауынгер жасағын бастап, Жоңғар хандығының 1723 жылғы жойқын басқыншылығы салдарынан қансырап жатқан елімізге терістік-батыстан басып кіруге әзір тұрған қалмақ жасағы шабуылының алдын алды. Ірі шайқастар жүргізіп бітімге келді де, құйғытып оңтүстікке жетті. Қазақ астанасы Түркістан шаһары мен  айналасындағы жиырма шақты елді мекенді жау қолынан азат етті. Алайда күш тең емес еді, сондықтан оларды ұстап тұра алмай, шегінуге мәжбүр болды. Сосын аға хан Әбілқайыр 1726 жылы әйгілі Ордабасы құрылтайын шақыруға мұрындық болып, халық жиналысында күллі қазақ елі әскерінің Бас қолбасшысы лауазымына сайланды да, азаттық шайқастарын табысты жүргізу үшін бүткіл ру-тайпалардан сарбаздар жинады. Cосын қазақ халқының аға ханы, біріккен армиясының бас қолбасшысы Әбілқайыр баһадүр жоңғар басқыншыларымен ірі-ірі жеңісті шайқастар жүргізіп, 1730 жылдың ерте көктеміндегі Аңырақай майданында  Отан соғысын жеңіспен аяқтады да, батыс өлкеге оралды. Мұнда, Ырғыз алқабына тігілген жазғы ордасында, Кіші және Орта жүздердің бас адамдарымен  мәжіліс өткізді. Мәжілісте орыс империясы қоластындағы башқұрттармен арақатынастың шиеленісуінен туындаған жағдай талқыланып, патшайымға арнайы елшілік жіберу жайында шешім қабылданған-тын. 

Орта жүз бен Кіші жүздің сол жиынға қатысқан бас адамдары келесі 1731 жылғы 10 қазанда Әбілқайыр ордасына қайта жиналды. Өздерінің 1730 жылғы мәжілістерінде шығарған шешімдеріне сәйкес аға хан жұмсаған елшілік сапарының нәтижесін және Анна Иоанновна патшайымның елшісі Мәмед Тевкелевтің хабарын тыңдады. Тыңдай келе, хандықтың Ресей протекциясын қабылдауы жөнінде ортаға салынған ұсынысқа көпшілігі қарсы шықты. Сонда Әбілқайыр хан бұл қадамға барудағы, яғни протектораттыққа сұранудағы көздеген мақсатын ашып айтты. Жер-жердегі бас адамдардың бейбіт заманда аға хан пәрменіне құлақ аса бермейтініне көзі жеткенін, ал мұндай жағдайдың жан-жағынан дұшпандар анталап тұрған шақта хандықтың күш-қуатын әлсірете түсетінін ашына әңгімеледі. Сондықтан да қуатты протектордың қамқорлығына сүйене отырып, қазіргі өз беттерінше күн көріп шашырап жатқан жұртты мемлекеттілік сезімін арттыру арқылы біріктіретін, басқару жүйесі  бір орталыққа қатаң бағындырылатын, тұрақты армиясы бар күшті хандық құруды жоспарлағанын аян етті. Әбілқайыр бұл ретте бір кезде өзі Аюке ханның қоластында қызмет етіп, тікелей танысқан Қалмақ хандығының құрылымын үлгі тұтқан еді. Қалмақ хандығы Ресейдің протектораты болу арқылы күшті мемлекеттік жүйе құрып алуға қол жеткізген болатын. Мұны бас адамдар (сұлтандар, батырлар, билер, байлар, рубасылар, ақсақалдар) түсінді, алайда ондай жағдайда өз иеліктеріндегі жұрттарын жеке-дара билей алмай, барша билікті уысына алмақ Әбілқайыр ханға басыбайлы тәуелді болып қалатындықтарын ойлады.  Оларға аға хан сөзін жүрдім-бардым тыңдайтын сол кезгі бытыраңқы ахуал қолайлы болатын. Сондықтан да олар Әбілқайыр хан жеке бас пайдасын ғана ойлап отыр деген пайымды дабыралатты. Не керек, 10 қазандағы жиналыста Ресейдің қамқорлығына сүйену жөніндегі ұсынысты аз ғана топ қолдады. Дегенмен бұл дата Қазақ мемлекетінің өзінен әлдеқайда қуатты Ресей империясын протекторы ретінде мойындаған күні, ал көпшілік көкейінде қалыптасқан ұғым бойынша – «Кіші жүздің Ресейге бодандыққа кірген күні» ретінде саналады. Қалай десек те, 1731 жылғы 10 қазан – қазақ-орыс қатынасындағы жаңа да күрделі кезеңнің басталғаны рәсімделген күн. 

Рас, протектораттық мәселе Әбілқайыр ханның ойлағанындай шешілмеді, дала элитасы аға хан төңірегіне топтасудың орнына, одан іргесін аулақ салып, саяси тұрғыда ойы тайыз екенін танытты. Сол жылдан көп ұзамай, ел ішіндегі хан, сұлтан, билердің бірқатары протектормен аға хан Әбілқайырдың ресми мәмілеге келгенін місе тұтпай, өз беттерінше, оның сыртынан сепараттық келіссөздер жүргізді, патшаға адал болатындарын әкімшілік алдында жеке-жеке мойындап, іс жүзінде қазақ мемлекетінің бөлшектенуін жүзеге асырып жатты. Әбілқайыр хан ел бірлігінің шарты ретінде хандықтың тек  өзі арқылы ғана басқарылуға тиістігін соңғы рет 1748 жылдың жазында Ресей империясы Сыртқы істер министрлігінен арнайы келген полковник Тевкелев пен Орынбор губернаторы генерал Неплюев үшеуінің кездесуінде үзілді-кесілді көтеріп, протектор өкілдерін мойындатқан-тын. Енді мойындауды тек орталық биліктің бекітуі ғана қалған. Алайда, Петербургтің биік шешімін тосып жүргенінде, Әбілқайыр ханды елдік мүддені тереңнен ойлауға қауқары жетпейтін, саяси өресі төмен боп шыққан бақталасы Барақ сұлтан 1748 жылғы 1 тамызда өлтіріп кетті. Сол қылмыспен бірге Әбілқайырдың біртұтас күшті қазақ хандығын қуатты орыс мемлекетіне сүйене отырып құрып алу арманы толығымен күйреді. 

Одан бергі уақыттарда протектораттық ахуал өзгертіліп, отарлау шаралары жан-жақты жүргізіле бастады да, 19-шы ғасырда біртіндеп хандық жүйені мүлдем жою және қазақ аймақтарын империя құрылымына ішкі Ресейдегідей дәрежеде кіріктіру шаралары жасалды. Мына жәйтті де мойындау ләзім: егер Ресеймен әлдебір келісімге келмесе, бір жағынан – шашыраңқы, бытыраңқы, айнала орыс бекіністерімен қоршалған, қазақ жеріне казачество,  қалмақ, башқұрт қолдарының шапқыншылық жасап тұруына патша әкімшілігі астыртын дем беріп тұрған, екінші жағынан – ұдайы жоңғар агрессиясына ұшырап келе жатқан  ахуалда қазақ хандығы тез-ақ жауға жем болып, елдігін сақтап қала алмас еді.  Дегенмен айта кету керек, егер Әбілқайыр ханның саяси көрегендікпен жасаған ұсынысын 10 қазандағы жиналыста дала элитасы қабылдап, аға хан талаптарын түсіністікпен орындағанда, сыртқы жаулардан қорғануда Ресей қамқорлығына сүйене отырып, бір орталыққа бағындырылған біртұтас күшті мемлекет құрып алуға әбден болар еді. Бірақ олай болмады, дала элитасы сондай мемлекеттің басында тұруы ықтимал орыс патшасы іспетті монархқа бағынышты боп қалудан қорқып,  бас-басына би болуды, яғни жеке бастарының мүддесін тұтас елдік жобадан жоғары қоюды  қош көрді. Сондай пиғылдың салдарынан патша әкімшілігінің қазақ елін бөлшектеп билеуіне мүмкіндік туғызды. Біздің ұрпаққа алыс заманғы аталарымыздың саясаттағы осындай іс-әрекеттерін әділ сараптап, дұрыс сабақ ала білген дұрыс болар еді...

Бейбіт Қойшыбаев,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

45 пікір