Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Әлеумет 5256 5 пікір 8 Қазан, 2020 сағат 12:36

Жұмыссыздықпен күресудің екі факторы

Қазір қазақ қоғамының алдында шикізатқа тәуелділіктен құтылудың өте үлкен проблемасы тұр. Және республикамыздың аумағы ұланғайыр болса да, болашақта еліміздің тек 30 пайыз өңірі ғана адам тұруға қолайлы болып, қалған 70 пайыз өңірдің экологиялық апат аймағына айналғандығын осы бастан ескеруге тиіспіз. Бұл орайда түрлі кен орындарындағы шикізат өндіретін шетелдік инвесторлар түптің түбінде Қазақстан климатына орасан зор өз зиянын тигізетін техногендік зардаб туындатып отыр. Бұның алдын алуды қазақ үкіметі осы бастан ойластыруы керек.

Ол үшін ел ішін жайлаған ашық және жасырын жұмыссыздықпен күресудің екі факторы алдымызды кес-кестейді. Бірінші фактор – қазақ тілділер арасындағы жұмысыздық, екіншісі – орыс тілділер арасындағы жұмыссыздық. Соңғылары Ресей мен дамыған елдерге жұмыс іздеп кетіп, көп жағдайды өз жеке бастық проблемаларын шеше алады. Ал, қазақ тілділердің екі қолға бір күрек табуына қатысты бұлай дей алмаймыз. Қазақ билігі әлі күнге жұмыссыздардың аталған этникалық тобына қатысты туындаған әлеуметтік және тілдік проблемаларға байланысты ешбір нақты іс-әрекетке бармауын немен түсіндіреміз. 

Бар мәселе бұл орайда білім беруге келіп тіреледі. Кез келген оқушы не дене, не ой еңбегіне бейім болып келеді. Дене еңбегіне бейімдер саны өте көп те, ой еңбегіне бейімдер саны тым аз. Осы дене еңбегіне бейімдер ұлттың түп негізін құрайтын, ұлттық экономикалық дамуды өрге сүйрейтін әм бәсекеге қабілетті техникалық интеллектуалдар. 

Бастауыш сыныптан кейін балалар санына орай сыныпқа бөлу ескірген білім беру әдісі. Ел ішінде дүрбелең тумауы үшін және ана тілімізде білім берудің бағын ашу үшін орыс тілінде білім беретін білім ошақтарын жайына қалдырып, Ұлттық мектепті реформалауға батыл қадам жасауға тиіспіз. 

Егер қазақ ауылында 10 бала бастауыштан кейін 5 сыныпқа барса, бірге оқыта салушылық үрдісі тоқтатылуға тиіс. Мектеп сыныптары бала санына қарамай кәсіптік-техникалық және экономикалық-гуманитарлық білім беретін сыныптарға бөлінбей еш реформа өз жемісін бермейді. Дене еңбегіне бейім әр балаға ұлттық қордан арнайы білім капиталы жеке есепшотына аударылып, жергілікті биліктің қадағалауымен білім алуы бақылануға тиіс. 

Және мұғалім іздеп, кадр даярлап әуре болмай баланың жас ерекшелігіне сай білім беретін белгілі бір саланың мамандарының қатысуымен техникалық онлайн сабақтар өткізу кең жолға қойылып, түрлі техникалық білім алуға септігі бар сабақтар топтамасының компакты дискілері жергілікті өңірлерге таратылып берілетін болса, жүргізілетін реформаға ата-аналар да құлықты болады. 

Қазақ мектебінде физика, химия және математика тереңдетіліп оқылмай, керексіз пәндерге бөлінген сабақ уақыты азаймай білім беру саласында еш ілгерлеуге қол жеткізе алмаймыз. 

Бұл үшін гуманитарлық бағытта білім беріп, еліміздегі болашақ техникалық кадрларды дипломды сенделбайларға айналдырушы ЖОО 95 пайызын жабуға қол жеткізуге бағыт ұстансақ көп нәрсе ұтамыз. Бізге биілікке тәуелсіз, өз еңбегімен қазақты өзгеге танытта алатын ұрпақ керек. Оны тәрбилеу техникалық ұлт болып қалыптасуға бағыт ұстанудан тұрады. КСРО кезінде мектеп бітірушілердің тек 17 пайызы ғана жоо, техникумдар мен училищелерге түсетін. Қазір 90 пайыз мектеп түлектері болшағына керексіз жоо мен колледждерге түсіп, бітірген соң әке-шешесіне жұмысқа орналасу үшін тамыр-таныс іздетеді. Ешқайсы бірден өз бизнесін ашуды, өмірін жақсартуды қаламайды. Басқа ұлт өкілдері бәрін керісінше жасап, әуелі бизнесін дөңгелетіп, одан кейін өзіне керек дипломды бір күн сабаққа бармай сатып ала салады. Бұл – өмір шындығы. 

Мектепте және жоо мақсатсыз білім беру ел дамуын кері кетіріп отыр. Әрі бір күн жоо партасында отырмай, ақшаны танысының  қолына ұстатып диплом алып шығушылардың барлығы ешкімге таңсық емес. Шетелдік түрлі техникалық білім ошақтарының филилалдарын ашу және жұмыссыз жастарды жұмысшы мамандықтары бойынша өзге дамыған елдерге оқуға жіберді жолға қоймасақ, басқаны айтағанда көрші Өзбекстаннан да көш кейін қаламыз. Елге келген соң оларға жекешотындағы білім капиталы арқылы өз бизнесін ашуға мүмкіндік беруге тиіспіз. 

Елімізде техникалық қазақ тілді білім ошақтарының саны артпай, мектепте физика, химия және математика тереңдетіліп оқытылмай,  біз өз жерімізде отырып, өзгеге құл боламыз. Ұрпағымыз жатқа жаутаңкөз болмауы үшін ойланайық, ағайын!

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

5 пікір