Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Өзгелер 4977 11 пікір 7 Қазан, 2020 сағат 20:40

Зеленский: Бәрібір КСРО қайта орнамайды!

«Ресей билігі Украинадағы орыс тілді орта, орыс тілді аймақтар мемлекетті бөліп алу жоспарын қолдайды деп үміттенген. Бірақ, олай болмай шықты». Бұл Укриана президенті Владимир Зеленскийдің пікірі.

Зеленский «Politico Europe» басылымына берген сұхбатында Кремльдің мақсаты – КСРО-ны қайта құру екенін айтыпты.

«Кремль Кеңес одағын қайтарғысы келеді. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ақпараттық саясатта, мемлекеттік саясатта екі «осал жер» бар, бірі – дін, екіншісі - тіл. Бұл нәрселер қоғамды не біріктіреді, не бөледі. Ресейдің осындай саясаты бар», - деді Зеленский.

Ол Украинаның демократиялық, либералды, унитарлы мемлекет екенін және Украинада жалғыз ғана мемлекеттік тіл барын, ол – украин тілі екенін айтыпты.

«Көпшілігі орысша сөйлейтін Днепр мен Днепропетровск облыстарында жұрт Ресей саясатына қосылып, қақтығыстарды ушықтырып, Украинадан бөлініп кететін сияқты көрінді. Бұл менің туған жерім. Ол жерде Украинаның ұлы патриоттары тұрады. Бірақ, іс жүзінде Кремльдің дегені болмай шықты. КСРО қайта орнамайды! Украина өз тәуелсіздігін ештеңеге айырбастамайды!», - деді Украина президенті.

Abai.kz

11 пікір