Жұма, 19 Сәуір 2024
Өз сөзім... 7525 18 пікір 7 Қазан, 2020 сағат 20:28

Біз - алдамыз!

Қырғыздардың астанасында тағы да айқай-шу - бұл жолы азаматттар әділетсіз сайлауға қарсылық шеруіне шықты. Бәрі бұрынғы жүріп өткен жолмен келе жатырған сияқты: Ақ үйге атпен кіру, тәртіп сақшыларымен төбелес, тығылып қалған президент пен тарап кеткен парламент. Бірақ мені таң қалдырған, бұрын кездеспеген тағы бір қызық болған сияқты. Бір емес, бірінен бірі аумайтын екі «қызық». Оның бірі – 4 қазанда, дауыстарды есептеген Орталық сайлау комиссиясы 6 қазанда өздерінің бекіткен, қолдарын қойған нәтижені заңсыз деп табуы...Басқалар емес - өздері! Екіншісі – экс-президентті 11 жылға бас бостандығыннан айырған Қырғыздың сот жүйесі Алмасбек Атамбаевті босатып қоя бергені. Иә, толық емес, ұялағандарынан «үй қамақ» деген сөзді қосыпты.

Бұл не деген масқара! «Малиновкадағы үйлену тойы» дейтін фильмде ақтар келсе, бір бас киім, қызылдар келсе, тағы басқа бас киім киетін қу шал бар болатын. Оның бас киімді ауыстырғанда «тағы да билік ауысты» дейтін сөзі – Кеңес Одағында қанатты сөздердің бірі болатын. Кешегі шешімдерін ұялмай, қызармай екінші күні өзгертетін билік – ешқандай билік емес.

Оларға қарағанда біздің Орталық сайлау комиссиясы жақсырақ сияқты. Ұмытпасам, 2003, тәуелсіз бақылаушылардан әбден шаршаған Орталық сайлау комиссиясы элктронды дауыс беру (АИС «Сайлау») енгізіп, электроникадан Тайвань, Жапон елдерін артқа тасатаған. Бұл жүйенің сайлау нәтижесін ашық та әділетті болатынына күмәнмен қараған ЕҚЫҰ (ОБСЕ) ұйымына Венаға барып электронды дауыс берудің ұтымды екенін дәлелдеп, тұсаукесер жасағаны да бар. Тәуелсіз бақылаушылардың басшысы ретінде мен де барып, қарсы дәлел айтып, Австрияның төрінде таласқа түскеніміз де есімде. Обалы не керек, біздің ОСК электронды дауыс беру жүйесін шаң жуытпай қорғады. Біздің дәлелдерімізді құлақтарына да ілмеді. Миллиардтаған теңгеге компьютерлер, басқа да аппараттар алынды, операторлар дайындалды. Бірақ бір-екі жылдан кейін, түрлі себептермен, тәуелсіз бақылаушылар жүйесі өзінің жұмыстарын тоқтатты. Сол-ақ екен, 2013 жылы ОСК-де электронды дауыс беруді сайлау жүйесінен алып тастады. Ең қызығы, журналистердің «неге алынып тасталынды?» деген сұрағына ОСК-нің төрағасы біздің кезінде осы жүйеге қарсы айтқан дәлелдерімізді айтты...

Әрине, бұлардың барлығы - екіжүзділік. Бірақ, неге екенін қайдам, мені мақтаныш кернейді. Біз сәл де болса алда сияқтымыз.

Дос Көшім

Abai.kz

18 пікір