Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Билік 3219 10 пікір 5 Қазан, 2020 сағат 14:52

«Праймериздің алғашқы тәжірибесі жаман болған жоқ»

Жақында «Nur Оtan» партиясының праймерізі өтті. Бұл Ел назарын аударған осы саяси науқанға байланысты Айдос Сарымның сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.

- Дауыс беру процесін сырттай бақыладыңыз ба? Алматы ең үлкен мегаполис, жұрттың үдесінен шыға алды ма?

- Партияішілік сайлаудың барысын интернет желісі арқылы қадағалап отырдым. Оның үстіне Телеграм желісіндегі праймериздің парақшасына да жазылған болатынмын. Сондықтан негізгі деген оқиғалар мен үдерістен хабарым болды. Менің ойымша, праймериздің алғашқы тәжірибесі жаман болған жоқ. Оны әлі біраз зерттеп, аймақтық ерекшеліктерін де бөлек қарастыру керек. Алматы қаласына келсек, бас мегаполистегі праймериз аса тартысты өтті деп айтуға әбден болады. Орта есеппен бір орынға сегіз адам тартысты. Кейбір аудандарда, мысалы Медеу ауданында бір орынға 12 адам үміткер болды. Праймериздің нақты қорытындылары қазір анықталып жатыр. Алдағы парламент және мәслихат сайлауларына қатысатын азаматтардың негізі жасақталды десе де болады.

- Алматылық бақылаушылар қаншалықты қадағалау жұмысын қарқынды істей алды деп ойлайсыз?

- Праймериздің басым бөлігі пандемияға байланысты сырттай немесе интернет арқылы өткенін ескерсек, жалпы барша партия мүшелерін, науқан қатысушылар мен олардың штабтарын, бұның бәрі немен аяқталар екен деп сырттан бақылаған бейтарап азаматтарды да, сынаушы-мінеуші жұртты да түгелімен бақылаушы болды десек артық болмас. Кез келген доданың жеңімпазы да, жеңілгені де болады. Азын-аулақ сыни пікірлер, реніш пен күңкілі де болатыны заңды. Бірқатар үміткерлер праймериз ережесін бұзғаны үшін науқаннан аластатылды, ережені бұзған, соған жол бергендерге қатысты нақты шешімдер де қабылданып жатты. Түсінсем, алдағы күндері үлкен жиындар өткізіліп, сонда жалпы науқанның есеп-қисабы, қорытындылары қарастырылып, айтылады. Сол кезде де біраз ақпаратты алатын боламыз деп сенемін.

- Праймеризге қатысушылар насихат жұмысын жеткілікті деңгейде жүргізді. Бірақ, дауыс берушілердің белсенділігі аса қатты болмаған сыңайлы. Жалпы, Алматылық сайлаушылардың белсенділігін қалай бағалайсыз?

- Праймериздің басты ерекшелігі бұл мемлекеттік дәрежедегі шара болғанымен, партияішілік науқан. Оған тек қана партия мүшелері ғана қатысып, жеңімпаздарын анықтай алады. Қалған жұрт негізінен тек сырттай бақылаушы рөлін атқарады. Осыны ескеретін болсақ, кейбір кандидаттар праймеризді жалпы сайлаумен шатастырған сияқты болып көрінді. Партияішілік науқан ең алдымен нақты партия мүшелері арасындағы қыруар белсенділікті, солардың ішіне барып үгіт-насихатты жүргізуді, партияның жергілікті ұйымдары мен бөлімшелерін торуды көздейтіні түсінікті. Кейбір кандидаттар осыны ұмытып, жұмыстарын әлеуметтік желілер, ютуб, инстаграм, фейсбук желілеріне негіздегені де байқалып отырды. Бәлкім, олардың өз есептері де бар болар. Көздеген нысанасына тікелей тие бермесе де, жалпы адамның, азаматтың атын шығаруға, танымал қылуға бұл да өз әсерін тигізген болар. Өз басым, праймериз негізінен партияның ішіндегі жұмысты, яғни, партия белсенділерімен кездесулер ұйымдастыру, солардың жергілікті бөлімшелерін кезуді көздейтін шара деп санаймын. Және де, мынаны да ескерген жөн; партия мүшелерінің де өз қалаулысы, өз түсінігі, пайымы бар. «Мені жұрт біледі, халқым құрметтейді» деген жалпылама әңгіменің реті бұл жерде келе бермейді. Көптеген интернеттің серкелері осыдан ұтылған сияқты да болып көрінді. Партия да белгілі дәрежедегі белсенді ұжым, ұжым болғандықтан оның мүддесі, өз түсінігі, көшбасшылары, талай жылдан бері бірге араласып-құраласып келген қатынастары, міндеттері, борыштары да болып жатады. Ең алдымен бұл ұжым өздері етене танитын, ұзақтан бері араласатын адамдарына дауыс беріп жатады. Бұл да айнымас заңдылық. Бұл қағида Алматыға да, басқа да аймақтарға да ортақ.

- Сайлау нәтижелеріне көңілі толмаған үміткерлерге қандай құқық беріледі?

- Праймериз ережелері кез-келген үміткерге партияның тиісті құрылымдарына, партиялық тексеру комиссиясына, арнайы құрылған штабқа шағымдануға, өз ойын айтып-жеткізуге, ереже бұзу фактілерін келтіріп, сөздерін растайтын құжаттарды ұсынуға мүмкіндік береді. Доданың нәтижесіне көңілі толмаған әрбір азамат осы құқықтарын пайдалана алады.

- Нұр отан партиясының Алматы қалалық филиалының праймеризді атқарудағы тәжірибесін қалай бағалайсыз?

- Алматы, сөзсіз, саяси белсенділігі жоғары, еліміздің негізгі деген саяси құрылымдары мен топтары шоғырланған мегаполис. Бұндағы праймериз аса тартысты, белсенді өтті. Өзім көптен танитын, құрметтейтін бірнеше кандидаттың сайлауалды шараларына қатысып, қолымнан келгенше үгіттеуге тырыстым. Негізінен аса пайдалы, қызықты тәжірибе болды деп санаймын. Асқан бір кемшілік немесе ережебұзушылықты байқамадым. Болашақта праймериз еліміздің саяси мәдениеті мен дәстүріне айналса, жылдан-жылға дамып, күшейе түссе деп тілеймін. Басқа партиялар да осыны өз ішінде енгізіп, қабылдаса да құба-құп болар еді.

- Алматылық қатысушылардың белсенділігі өзге өңірлерге қарағанда басым болды деп есептейсіз бе?

- Алматы саяси белсенді қала саналғанымен, басқа өңірлермен салыстырғанда кей кездері төмен нәтиже көрсетіп жатады. Адам саны бойынша мықты көрсеткіш бергенімен, пайызды тұрғыдан кейбір ел аймақтарынан артта қалып жатады. Алайда алматылық сайлаушылардың орны бөлек болып жатады. Осындағы үдерістерге, осындағы жаңалықтарға, жаңашылдыққа қарап жалпы республикамыз бой түзеп жатады. Осыны ескерсек, Алматыдағы науқан дұрыс дәрежеде, қажетті деңгейде өтті деуге әбден болатын шығар.

Abai.kz

10 пікір