Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Тұлға 5349 13 пікір 2 Қазан, 2020 сағат 11:55

Министрдің тапсырмасы

Министр Өзбекәлі Жәнібеков әр шақырған сайын тақырыпқа жарып қалатын едім. Бұл жолы да солай болды.

– Мен Мәдениет министрі болдым деп күмпиемін. Ал көрден басқаның бәрін көрген мына пақырды білмейді екенмін, понимаешь, – деп Өзағаң қолындағы жұқалтаң кітапты сипалап қойды. Еврейлер жазған кітап. Атауы «Исповедь судьбы жестокой». Тұтқында болған қазақ музыканты Әйткеш Толғанбаев туралы. Шамасы 150 беттен тұрады. Бір түнге сұрап алып, оқып шықтым. Толғанбаевты тауып, «Егеменге» «Қазақтың Паганиниі» атты бір бет эссе жаздым. Бұл Өзағаңның науқасы күшейіп, төсек тартып жатса да қазақты ойлап жатқан Өзбекәлі Жәнібековтің, яғни министрдің тапсырмасы еді. 

* * *

Шақша басыңа шарадай ойлар кіріп-шығып жатады. Оның бірін ұстап қаласың, бірі судағы балықтайын ұстатпай кетеді. Қу күйбең тірлік ұмыттырып та жібереді. Қазіргі айтпақ ойымызды ұмыта алмай, бүйірімізді бүлкілдетіп жүргеніне де көп күн болды. Бір күні сәті келіп қағазға түсіре салдық. Бәлкім, ұмытылмағы мәдениет туралы болғаннан соң шығар. 

* * *

Ресейде жаңа үкімет жасақталғанына көп уақыт болған жоқ. Су жаңа үкімет басшысы Мишустин рояльда шебер ойнайтын көрінеді. Тіпті Лепспен бірігіп әуен жазған мықты екен. Біршама министрлер ауысты. Соның ішінде Мәдениет министрі де бар. 40 жастағы Ольга Любимова осы саланың тізгінін ұстады. Әрине, министр таңдау оңай емес. Олардың қай-қайсысын да ерекшелендіріп тұратын бір емес, бірнеше қасиеті болады. Ал менің пайымымда Мәдениет министрін таңдау бұлардың бәрінен де басқаша, жоғары тұруы керек. Ресейдің бұдан бұрынғы Мәдениет министрі Мединский орыс мәдениеті тарихының білгірі болды. Елдегі барлық рухани, мәдени ағыстардың бәріне үлгергенінше қатысып отырды, орыс мәдениеті тарихына қатысты пікірталастардың бірінен де қалмады, тіпті, фильмдердің түсіру алаңына дейін баруға уақыт тапты. Толстойдың, Пушкиннің үйінен шықпайтын ол, тіпті қазақ қоғамы қабылдамайтын Солженицын тәрізді тұлғалардың тағдырына да араласып, өз ойын бүкпесіз білдіріп отырды. Шовинистігі де жоқ емес, ең бастысы орыс мәдениетіне жатпай-тұрмай қызмет етті, үлкен эрудит, интеллектуал екенін көрсетті. Содан да болар, орнында ұзағырақ отырды. Демек, орыс қоғамына керек адам болды. Дейтұрсақ та, «Ресей тарихында орыстың қазақтан қорықпаған кезі болған емес» деп тұжырым жасаған министр өзінің шовинизм дертіне аса шалдықпағанын да сездірді. Қысқасы, қарама-қайшылықтағы тұлға. Қайшы көзқарастары да жеткілікті. Өз пікірі, ұстанымы бар.

Ал Ольга Любимова кім? МГУ-дің журналистика факультетін және ГИТИС-тің театр журналистикасын бітірген. Театр, деректі киноның тамаша білгірі. Тегіне қараңыз: Щепкин атындағы театр училищесінің директоры Б.Любимовтың қызы. Шыққан тегі Ресейдің мәдени элитасы. Атасы Н.Любимов ғажайып аудармашы болған. Арғы бабасы ұлы актер әрі педагог Василий Качалов. Бір заманда бұл кісіні бүткіл Санкт-Петербор тұрғыны көшеде тұрып, қол соғып, мәңгілік мекеніне шығарып салған. Бұл оқиға кеңестік басылымда кәдімгідей сенсация сипатында жазылды. Атақты Сергей Есенин бұл кісінің өзі түгіл, Джим деген итіне де өлең арнаған. Гауптманның «Ымырттағы махаббатындағы» аса күрделі образ Клаузеннің рөлін сомдаған одақтағы үш мықтының бірі – осы кісі. Біреуі біздің Асанәлі Әшімов. Ал әжесі Нина Литовцева ғажайып актриса. Тегіне үңілсеңіз, тереңдей берсеңіз бұдан да кереметке кезігесіз. Таганканы басқарып, 80 жасында сегіз сағат жұмыс істеген атақты режиссер Юрий Любимовты қуып келсе бұл кісіге қатысы болуы әбден мүмкін деп топшылаймын. Ольга ғажап сценарист көрінеді. Православие журналистикасымен түбегейлі айналысып, 80-нен астам деректі фильмнің сценарийін жазды, шеф-редактор, продюсер, министр Мединскийдің оң қолы болды. Кино жөніндегі департаментті басқарды. Қысқасы, мәдениеттің өз адамы. 

Енді мына қайшылықты қараңыз. «КП» (29.12.2019) былай деп жазды: 

«Жаңа үкіметтегі жанжал алғашқы күні-ақ басталды. Айтсақ сенбейсіз, жанжал мәдениеттен шықты. Журналистер әлеуметтік желіден жаңа министрлер туралы ақпараттарға көз тікті. Соның ішінде су жаңа Мәдениет министрі О.Любимованың журналындағы «жаңалық» бірден назар аудартып, естен тандырды. Журналына үстіне киген жейдесіне «Х» әрпі жазылған суретін жариялаған. Тіптен театр, көрме дегендерді иттің етінен жек көретінін мойындаған. Былай дейді: 

«Қатты қорқып кеттім. Құрбым сәбиіммен бірге классикалық музыка концертіне шақырды. Өзімді-өзім қинап қайтемін деп ойладым. Содан бұл тақырыпқа дұрыстап ойланып, мен ешқандай мәдениетті адам емеспін деген шешімге келдім. Егер шынын айтар болсам, мен көрме, музей, опера, балет, классикалық музыканы мүлдем ұнатпаймын. Ал енді өмірден өтіп кеткендерді еске алу кешінде шыдап отыра алмаймын. Бұл мен үшін тірідей тозаққа түскенмен бірдей. Ұжым болып хат жазушылардан жүрегім айниды». 

Ольга Любимова белгілі ақсүйектер ортасынан шықса да оның мына жазбасы кәдімгідей шошындырады. Ал мұны білгенде оның өкіл әкесі Никита Михалков не ойлады десеңші?! 

«Шынына да бұл әрекетті қалай қабылдасақ екен. Мәселе өте өзекті. Дейтұрғанмен, бұл жазбаның осыдан он жыл бұрын жазылғанын да ескерген жөн тәрізді. Онда алаңсыз жас Любимова үлкен шенеунік боламын деп ойлады дейсіз бе? Оның үстіне анау-мынау емес, Мәдениет министрі. Сіз де жас күніңізде не жазбадыңыз? Жастықтың желігімен суреттеріңізді де жарияладыңыз. Қысқасы, мұндай мәліметті әркімнен де кездестіруге болады. 

Адамдар есейеді, көзқарастар өзгереді. Сондықтан Любимова жаңа қызметте өзін қалай көрсететінін сабыр сақтап күтейік. Себебі, біздің Мәдениет министрі бар түймесін тас түймелеп алған шенеунік емес, тірі адам ғой. Бұл да ой ұштағанға жаман емес». 

Басылым Ресейдің рухани тізгінін ұстайтын адам туралы өзінің алаң пікірін білдіріп отыр.

Меніңше, Ресей президенті ең алдымен министрдің тегіне мән берген. «Көргені бар көш бастар, тегінде бар тегін болмайды» деген қағиданы ұстанса керек және дұрыс істеген. Түк көрмегендер, уызында жарымағандар, жарлыдан байығандар елді де жарытпайды. Бүгінде өз орнында отырмағандардың елді де оңдыртпай жатқаны жасырын емес қой. 

Жексенбек Еркімбеков

Айтпағымыз, осы таңдау біздің қазақ қоғамына да ой салуы тиіс. Біз білгенде мәдениетпен кімдер айналысты? Қай министрдің тұсында қазақ мәдениетінің мерейі өсті, мәртебесі артты? Жүргеновтен бері бастағанда Омаров, Еркінбеков, Жәнібековті жұрт әлі күнге дейін неге естен шығармайды? Әшірбек Сығай министр болмаса да болғандай еді. Тіпті, мәдениетке қатысы жоқ біреу келгенде ауруханада жатқан Әшекеңнің арызын беріп жібергенінің өзі нені меңзейді?

Экономиканы басқарып жүрген Омаровты Қонаев неге Мәдениет министрі қойды? Ол басқа салада жүріп те ел мәдениетіне қызмет етті. Көркем әдебиетті көп оқыды (жалпы ол тұстағы басшылар, әсіресе жоғары лауазым иелері әдебиетті оқитын, тарихты жақсы білетін), талантты адамдарға ұдайы демеу болды, қамқорлық жасады. Көптеген кітаптарға өзі пікір жазды (Өзекең де баяндаманы өз қолымен жазатын). Бірде «бәрі де өзімнен, Қонаевқа идеология турасындағы ойларымды, ұсыныстарымды көп айтушы едім. Содан осында жіберді» дегені бар. Жексенбек Еркінбековтің тұсында музыка мәдениеті шарықтап дамыды. Жәнібековтің жанкешті еңбегі айтпаса да түсінікті. Бір ғана Тайқазанды қайтарып алудың өзі не тұрады? Осылар министр болған тұста басқалардың бар-жоғы біліне бермейтін. Кезінде Денсаулық сақтау министрі болған Ишанбай Қарақұловты, Төрегелді Шармановты жұрт әлі күнге неге ұмытпайды? Әрине, ол кездің министрлерінің көпшілігі тұлға болатын. Шенеуніктік қызметте жүріп те ұлт қайраткері деңгейіне көтерілген, тіпті аңызға айналған адамдар еді. 

Сағи Жиенбаев, Ишанбай Қарақұлов, Тұманбай Молдағалиев

Демек, Мәдениет министрлігі басқаларға үлгі болды. «Мәдениет дегеніміз – өз ұлтыңды өліп-өшіп сүю» деген Жүсіпбек Аймауытовтың сөзін қаперге алсақ, бұл тұлғалар осы бағытта жұмыс істеді. 

Мәдениет министрінің міндеті қой бағу емес, ой бағу. Ол қоғамдағы надандықтың бетін ашып отыру керек. Мәдениет ұлттың кемелдікке ұмтылуына қызмет етуі керек және осы бағытты ұдайы ұстануы қажет. Елдің мәдениеті дұрыс жолға қойылғанда ғана барлық салада өсу, өрлеу болады. Қаржы мәдениеті, экономика мәдениеті, саяси мәдениеті түзеледі. Рухани қылмыспен күресу тоқтаусыз жүруі керек. Дилетанттар, маргиналдарды тойтарып отыру керек. 

Мынадай бір әңгіме бар. Соғыс кезінде Черчилльге ел бюджетін алып келсе, онда мәдениет атымен көрсетілмепті. Сонда Черчилль «біз не үшін соғысып жүрміз?» деп, Қаржы министрін орнынан алып тастайды. Міне, мәдениетке, Мәдениет министрінің маңызына осылай мән берілген. 

Демек, мәдениет бар бастамалардың, жақсылықтардың бастауында тұруы қажет. Мәдениет, оны басқарушы министр барлық үкімет мүшелеріне (министрлерге) эталон болуы керек, тұлға болуы керек. Біз білгенде, жоғарыдағы тұлғалар шетінен шешен болды. Озық ойлаудың үлгісін көрсетіп, қауып айтпайтын, тауып айтатын. Ол үшін Омаров туралы С.Қирабаевтың, Еркінбеков туралы Ә.Сығайдың, Жәнібеков туралы Ш.Мұртазаның эссесін оқысаңыз жетіп жатыр. Басқасын былай қойғанда, бүгінде біз жиі жамандайтын кеңестің тұсында қиындықтан жол тауып, ұлт үшін қаншалықты қыруар жұмыс істегенін еске алсаңыз болғаны. Болмаса кезінде Ықылас Дүкенұлының 150 жылдығын өткізуге жан-тәнімен қарсы болған, «Ш.Аймановтың даусын алып қалыңдар» деп, өмірбақи жанында болған жан досы, Аймановтың барлық фильмдерін түсірген атақты оператор Беркович өлерінің алдында телефон шалғанда селт етпеген «мәдениет» министрін де білеміз. 

Displaying items by tag: Актер - Қазақстан табиғаты,Қазақстандағы туризм,Қазақтың салт-дәстүрлері,Түркілер,Қазақстан тарихы,Қазақстан спорты | Kazakh TV

Шәкен Айманов

Қайран Қалағаң – Қалтай Мұхамеджанов басын тауға да, тасқа да соғып жүріп, ақыр соңы Мәдениет министрі болып шыға келген біреуді «әй, осы Абайдың бар-жоғын біле ме екен?» деп еді. Ащы да болса шындық. 

Егер бүгінде биліктің жоғары, ортаңғы, төменгі буынында жекелеген азаматтарды былай қойып, жалпы айтқанда сөйлеу мәдениеті, шешен сөйлеу үлгісі қалып барады десек, келісерсіз. Тағы да қайталап айтамыз, жоғарыдағы ұстындар да соның үлгісі еді. Біздің қазақ бастықты бағалағанда «әй, мынаның сөзі ірі екен, тірі екен, тегінде бар-ау» деп жатуы бекер ме? Демек, сөзіне, ісіне қарап бағалаған. Демек, дұрыс сөйлеу, аудиторияны өзіне иландыру, елді баурай білу бұл ең алдымен ішкі мәдениеттің жемісі, жеңісі. Расы керек, бүгінгі шоң бастықтардың басым көпшілігі анекдот айтқыш. Өйткені, бары, деңгейі осы. «Боқтық» сөйлеу басым. Мәдениет министрлігі мықты болса мұндайдың исі сезілмей, ел ішінен мәдениеттің исі аңқып тұрады. 

Дұрыс. Заманның талабы да, жөні де басқа. Келісеміз. Солай екен демей, адамның жасына ғана емес, басына да қарау керек. Жарайды ол жас, іскер болсын дейік. Ал енді бұл мәдениет қой. Елдің айнасы, парасаты ғой. Ақша санайтын, пысықтық танытатын жер емес қой. Бізге тоймен айналысатын министр керек пе, оймен айналысатын министр керек пе? Демек, тегінде, негізінде бар адам ғана бұл саланы алға сүйрей алады. Ел мәдениетінің деңгейіне қарап бұл министрліктің жұмысы да бағаланады. Министрліктің бір қастерлі міндеті – жергілікті жерлерде мини-омаровтарды, мини-жәнібековтерді тәрбиелеп шығару. Кадрды осылардың ішінен таңдау керек. 

Кезінде Әзербайжанда – Полат Бюль-Бюль Оғлы, Литвада – Раймонд Паулс, Өзбекстанда – Фарук Закиров, т.б. Мәдениет министрі болды. Демек, бұл салаға өз адамы, үлкен эрудит, қоғамда мойындалған тұлға келсе нұр үстіне нұр. Қысқасы, әркім өз саласында (әсіресе, жоғары лауазымды орында) жұмыс істесе проблема аз болады, адасып жүргендер азаяды. 

P.S. Басын ашып айтайық, бұл мақаладан астар іздеп әуреге түсудің түкке керегі жоқ. Болмаса, жалпы түсінікке салып «е, түсінікті болды» деудің де қажеті шамалы. Жалпыға ортақ ойды айттық деп ойлаймын. Бар болғаны Ресейдегі Мәдениет министрін тағайындаудан туған бір ілкім ой. Осы мақаланы жазып отырғанда радиодан бір дені дұрыс қазақ әні айтылмады. «Шымкент шаһарлары, Тараз шаһарлары» деп өзбек әуенімен қазақ жігіттері дүрілдетіп жатыр. Ал бес мыңнан астам ән, күйі бар (шетінен алтын, күміс) қазақтың өзбектің, түріктің, ұйғырдың экспансиясына айналатындай не басына күн туды. Би де өзбекше, ұйғырша. Қысқасы, қазақ той әнімен күн көріп отыр. Теледидарлар тойханаға айналды. Биік, бекзат өнер, текті өнер, салтанатты өнерге орын жоқ. 

...Таяуда бір министрді көрдім. Екі қолы қалтада, талтайып тұр, шайнағаны сағыз, былш-былш түкіреді, аузы анекдоттан босамады. Бұдан кейін бізде қандай деңгей, қандай мәдениет болады? Халықтан мәдениет күтіп керегі не? Құдайшылығын айтыңызшы, бүгінде ұлт қайраткері деңгейіне көтерілген министрді білесіз бе? Өзін шенеунік сезінген адам жұмыс істеуші ме еді. Содан кейін де жауапсыз сөйлейді, команда жинаумен күні өтеді.

* * *

Мақаланы Өзағаңнан бастап едік қой. Еріксіз еске түседі. Бір күні Ержұман Смайыл «Сені Өзағаң іздеп жатыр. Ертең сағат 10-нан қалмай үйіне бар» деді. Жаппарқұлда жан бар ма, уақытынан бұрын бардым. Ол кісі кешіккенді ұнатпайды. Қолына бір торсық түсіпті. Әлгіні көріп түңіліп отыр екен. Кезінде осы торсықты Дәркембай Шоқпаровқа қалай жасатқаны жөніндегі тарихты айтты. Қысқасы, «Торсық технологиясы» деген мақала жаздым. Өзағаңның бір ерекшелігі мақала дайын болса, өзіңмен бірге отырып оқитын, қысқасы, газет шығып бара жатқанға дейін жұмыс істейтін. С.Қирабаев айтқандай, «оның маңында қошеметшілер емес, іс адамы жүретін. Жалпы оның табиғатында кеңсешілдік, төрешілік деген болмайтын». 

Айтпағым, кезінде Өзағаң және сол кісінің рухындағы бірнеше министрлердің тапсырмасын орындап едім. Телефон шалатын, болмаса шақырып алатын. Сондағы тапсырмасы жеке басының емес, елдің мәдени-рухани даму ахуалы, тасада жүрген таланттар туралы. Оның бәріне жеке тоқталуға мақаланың көлемі көтермейді.

Қазір осындай тапсырма беретін министр бар ма? Танымал тілшілерді біле ме? Қазақ басылымдарын қарай ма десейші?! 

...Осылай бір дедім.

Қали Сәрсенбай

Қали Сәрсенбай

Abai.kz

13 пікір