Жұма, 19 Сәуір 2024
Алашорда 7695 5 пікір 2 Қазан, 2020 сағат 11:01

Алғашқы да соңғы...

Қазақ Республикасына – 100 жыл

Тарихи миниатюра

1921 жылғы қаңтардың аязды күндерінің бірінде Ішкі істер халкоматына байырғы большевик Иван Алексеевич Акулов келді. Ол күні кешеге дейін Ресей Коммунистік партиясы Қазақ облыстық комитетінің хатшысы  болып істеген-тін. Кезекші оны таныды, өтінішіне сай, Қазақ Республикасы Ішкі істер халық комиссарының кабинетін нұсқады. Онда комиссардың міндетін атқарушы Дінше (Дінмұхамед) Әділұлы Әділов отырған. Акулов іздеп келе жатқан жауапты қызметкер. Толқынданған қауғадай қалың шашты уыздай жап-жас жігіт. Орнынан тұрып сәлемдесті, жылы қарсы алды. Ал содан бірнеше күн ғана бұрын олар мемлекеттік қызметтегі азаматтардың жиналысы үстінде қызу айтыс-тартысты бастан кешкен еді. Екеуі де, бірі егде саяси қайраткер, екіншісі жалындап, қаны тулап тұрған жас күрескер, өз ұғымдарындағы міндеттерді алға тартып, жиын үстінде қату қабақпен қатты-қатты сөйлеген. Енді екеуі де Ішкі істер халық комиссарының кабинетінде біршама жадыраңқы шырайда кездесті. Бәлкім, кеше ымыраға келе алмаған мәселені бүгін салқын қанмен саралауға тырысатын шығар...

...Дінше Орынборға Советтердің Құрылтайшы съезінен бір айдай кейінірек, 1920 жылдың қарашасында ат басын тіреді. Ол қызметіне кіріскен шақта, қазақ өкіметінің түрлі мекемелерінде істейтін жауапты қызметкерлердің көбісі қаладағы ауызекі тілде «КирЦИК жатақханасы» деп аталып кеткен үлкен қонақүйде тұратын. Солардың бірқатарымен Дінше қызметтен бос уақыттарында жақынырақ танысты. Кейбірімен әрәдік бас қосып, пікірлесіп жүрді. Тіпті әйгілі Алашорданың басшысы болған Әлихан Бөкейхановпен де сыр шертісетін. Онымен Наркомземнің, яғни жер халкоматының кеңсесінде кездесіп қалған-ды. Әлекең Бөкейханов сол комиссариатта техникалық қызмет атқаратын. Бұл Діншенің оны 1917 жылы Омбыда баяндамасын тыңдағаннан соң, Алаш партиясы құрылған және партияның Ақмола облыстық комитеті сайланған жиналыстан кейін тұңғыш көруі еді. Жылы сөйлесіп, ағалы-інілі рәуіште, достық пейілде айрылысты. Содан ол әрәдік Діншенің бөлмесіне келіп, әңгімелесіп кетіп жүретін. Бірде нөмірінде өзінің құрдасы Смағұл Сәдуақасовпен және Әшім Омаровпен сұхбаттасып отырғандарында, бір серігімен Бөкейханов та келіп қалған. Әлекең жас қайраткерлердің көңіл-күйін сұрастырып, қилы қызық әңгіме айтқан. Сөйтіп  сөйлесіп отырғандарында үстеріне Сейітқали Меңдешев пен  Мұхамедқафи Мырзағалиев келді. Республика өкіметінің басшысы мен ішкі істер комиссары. Бәрі жылы сәлемдесіп, шағын әңгіме-дүкен құрысты. Дінше Түркістанда өз көңіліне түйгендерін, Дмитрий Фурмановтың соңын ала іссапармен  Жетісуда болғанында онымен және жергілікті тамаша күрескер Ораз Жандосовпен  қазақ мүддесі үшін істеген істерін, Фурманов Кубаньға кеткеннен кейін ұзамай өзінің де Семейге аттануға мәжбүр болғанын сөз етті. КирЦИК жатақханасында осындай жақсы пікірлесулер болып тұратын. Мұнда ол өзін Семейден жеделхатпен шақыртқан Қазатком хатшысы Абдолла Бөкейхановпен де кездесіп, көп сырласты. Әділет халкоматында істейтін Ахмет Бірімжанов, Ағарту халкоматының қызметкерлері Биахмет Сәрсенов, Елдес Омаровпен ұшырасып жүрді, жеке пәтерде тұратындықтан мұнда сирек соғатын Ағарту комиссары Ахмет Байтұрсыновпен де жүздесті. Осындай, әртүрлі құрамдағы кездесулер жиі өтетін, әңгіме-дүкендердің құпия ештеңесі жоқ, тек жаңадан қаз тұрып келе жатқан республика жайы сөз болатын. Ал күнделікті жұмыста Дінше және оның омбылық  досы Смағұл мен Орынбордағы Құрылтайшы съезге Ақмоладан Сәкен Сейфуллинмен бірге Ақмоладан келіп қатысып жас республикаға қызмет етуге қалған Әшім үшеуі көбірек бірге жүруші еді. Смағұлмен жасты ғана емес, өжет көзқарастары да ұқсас еді.  Албырт достар күні кеше жалпы жиналыста Акулов пен Радус-Зенковичті алқымнан батыл алып, тығырыққа тіреген. «Сіз де, сіздің досыңыз Сәдуақасов жолдас та бізді кінәлаймыз деп сөз жоқ артық кеттіңіздер», – деді алдында отырған байырғы большевик Акулов ақырын үнмен.

...Дінмұхамед Әділов оқушы жастардың Омбыдағы «Бірлік» ұйымында Смағұл Сәдуақасовпен танысып, жақсы жолдас болған-ды. Соңғы рет 1918 жылдың желтоқсан айында көрген еді. Ол кезде Дінше туыс досы Жанайдар Сәдуақасов екеуі қатысқан большевиктердің көтерілісі сәтсіз аяқталғаннан кейін, жұмысшы Мұқан Әйтпеновтің үйінде Колчак жандаралдарынан тығылып жатқан. Оған Смағұл «Бірлік» бауырластырған Жанайдар және Әбдірахмен Байділдинмен бірге келді. Олар қалыптасқан жағдайды талқыласып, Діншенің қаладан кеткені дұрыс деп шешті. Сол шешімге сәйкес Дінше Жанайдардың әкеп берген құжатымен Әбдірахманға ілесіп, Омбыдан астыртын шығып кетті. Содан бері, Дінше Әбдірахманның ауылы арқылы Түркістан өлкесіне өтіп, сол жақта түрлі қызметте жүрген кезеңде, Смағұл Омбыда қоғамдық-саяси қызметін жалғастырып, жас саяси қайраткер ретінде танылған. 1920 жылы Ресей коммунистiк жастар одағының Омбыдағы Сiбiр бюросы аппаратына қызметке алынған. Мұнда ол РКЖО Сiбiр бюросының қазақ-татар жастарымен жұмыс жүргiзетiн секциясында істеді. Осы Сiбiр бюросы қазақ жастары үшiн шығарып тұрған «Еңбекшiл жастар» газетiнiң редакторы болады. Одан губерниялық революциялық комитеттiң мұсылман секциясының қазақтарға арналған «Кедей сөзi» газетiн редакциялады. Омбыда кеңес тұғырында жарық көрген осы басылымдар беттерiнде  қазақ тұрмыс-тiршiлiгiнiң мұң-мұқтажын, оны түзеудегi мiндеттердi талдап жазып тұрды. Кооперация құруды, шаруаны түзеуді әңгімеледі. Жекелеген мақалаларында имандылық мәселелерiне тоқталып, таратып әңгiмеледi. Әдебиет жайында да қалам тербеді. Төңкерiс тарихына да шолу жасап, оны қазақ жағдайымен сабақтады. Омбының саяси және күрескерлiк мектептерiнде шыңдалған жалынды жас әдебиетшi-публицист 1920 жылдың қыркүйек айында Шығыс ұлттары жастарының Бiрiншi Күллiресейлiк конференциясына делегат болып қатысты. Сол конференцияда жiгерлi, ойлы, өткiр мәселелер көтерген сөзiмен бiрден жарқ етiп көрiнiп, үлкен беделге ие болды. Ол сол жиында Ресей комсомолының Орталық шығыс бюросы мүшелiгiне сайланды. Жарқырап, жақсы қырымен бүткiл кеңес жастары арасында көзге түсiп, қалың көпшiлiкке таныла бастаған Смағұлға Қазақ революциялық комитетi бірден назар аударады. Қазревком оны Орынборға шақырды. Орынбор бұл кезде қазақ елiнiң кеңестiк негiздегi автономиясын жариялауды әзiрлеп жатқан бас қала болатын. Күн тәртiбiне Қазақстанның коммунистiк жастар ұйымын құру мәселесі шығарылған. Смағұл сол жұмысқа тартылды. Сөйтiп ол 1920 жылғы қыркүйектiң соңына қарай жауапты жұмысқа – қазақ облыстық комсомол комитетiнiң хатшысы лауазымына тағайындалды. Жастар ұйымының басшысы ретiнде Смағұл Садуақасов ұйымдастыру және насихат жұмыстарын жолға қоюға басшылық жасады. Шартараптан көкiрегi ояу қыз-жiгiттердi Орынборға жинап, арнайы курста оқытты. Онда өзi де дәрiс бердi. Демократиялық жастар ұйымдарының тарихы мен жастар қозғалысының сонау ағымдағы сәт кезіндегi жай-күйi, комсомол ұяларын ашудың жай-жапсары жайынан әңгiмелер айтып, жер-жерден келген жастарды саяси бiлiм әлiппесiмен таныстырды. Сосын тебірентерлік тарихи сәт туды. Қазақ елі совет өкіметі туы астында тұңғыш құрылтайын өткізді. Ғұмыры қысқа болған Алаш автономиясынан кейін елдігін мәңгілікке жаңғыртудың іс жүзінде жаңа жолын салды. Қазақстан Кеңестерiнiң 1920 жылғы 4-ші қазанда ашылған Бiрiншi съезiнде Смағұл Садуақасов жастар ұйымы атынан сөз сөйледi. Ол сонда байсалды ой-пiкiрiмен, жас мемлекет iргесiн нығайтуға септесерлiк салиқалы ұсынысымен делегаттар ризашылығына бөлендi. Шәкiрт шағынан журналистикамен бауырласып, озық ойларымен елге танылып қалған Смағұл құрылтай күндерi «Ұшқын» газетiнiң ғылым мен шаруашылық жөнiндегi материалдарын редакциялауға атсалысты. Алғашқы съезд жұмысын 10-шы қазанда Орталық Атқару Комитетiн (ҚазОАК, Қазатком, КирЦИК) сайлаумен аяқтады. Делегаттар жастардың жалындаған жетекшiсi Смағұл Садуақасовқа зор сенiм бiлдiрдi, оны КирЦИК құрамына енгізді. Иә, кешегі жиында Акуловқа азуы батып кетті...

...Кірген бетте аздап базына айтқандай болған Акулов қысқаша өз өмір жолын айтып берді: «Мен большевиктер қатарына алғашқы революция жылдары өткенмін. Сіздің жасыңызда, жолдас Әділов, мен бірінші рет тұтқындалып, Питерде қамалда отырғанмын. Бастан не өтпеді. Партияның питерлік комитетіне мүше кезімде тағы екі рет қамауға алындым. Самара губерниясына жер аударылдым. Одан қашып шықтым.  Ақпан революциясынан кейін түрлі партия ұйымдарында істедім. Выборгта партияның әскери ұйымын құрдым. Сонда алтыншы съезге делегат болып сайландым. Мен, жолдас Әділов, Қазан қарулы көтерілісіне тікелей қатысқан адаммын. Содан бері партия мені түрлі жауапты жерлерге жұмсады. Бұрнағы жылдың басында осы Орынборды қорғау жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.  Орынбор губерниялық партия комитетінің хатшысы болдым. Былтырғы тамызда Кирбюро хатшысы боп тағайындалғанға дейін сол лауазымда істедім. Орынборға келгелі, әсіресе Орталық комитеттің Киргиз бюросының хатшысы болғаннан бастап,  мен Киркрай советтерінің құрылтайшы съезін дайындау және өткізу жұмыстарын көз алдымда өткердім. Съезде КирЦИК Президиумы мүшелігіне сайландым». Жолдас Әділов оны сыпайы жүзбен, мұқият тыңдап отыр. Біледі, Қазатком Төралқасы мүшелігіне Акуловпен қатар Сәдуақасав та сайланған. Ол КирЦИК Президиумы мәжілістеріне қатысып, жаңа да жас республика мұқтаждықтарын талқылау барысына куә болып жүрген-ді.  Президиум мүшесі ретіндегі жаңа мiндеттерi қатарында – «Ұшқынның» орнына,  Қазатком мен партия комитетiнiң тiлi ретiнде «Еңбек туы» аталып шыға бастаған газеттiң жұмысын басқарды.  Қазақстан Кеңестерінің осы ұйысу съезі құрылтайға қатыспаған Дінмұхамед Әділовті де республиканың Орталық Атқару Комитеті құрамына енгізген-ді. Жас қайраткердің қазақ елінің қоғамдық-саяси өмірінде өзін танытып, тиісті беделге ие болғанының арқасында  сырттай сайлаған. Осы ретте Акулов: «Сіз ол кезде Сібір жақта болатынсыз, – деді. – Сізді Ішкі істер халкоматы алқасында істеу үшін Орынборда қалдыруға қол көтергендердің бірі мен едім». Шынында да, Орталық Атқару Комитеті Төралқасының съезден кейін болған алғашқы мәжілістерінің бірінде Діншені орталықта қалдыру туралы қаулы қабылданған-ды. Сол хаттамаға көз жүгіртейік: «16 қазан 1920 ж. Қазақ ОАК Төралқасы мәжілісінің № 2 хаттамасы. Қатысқандар: ж.ж. Меңдешев, Радус-Зенкович, Акулов, Бөкейханов, Кулаков, Сейфуллин, Садуақасов және Алманов. Төраға Радус-Зенкович. Хатшы Бөкейханов. Тыңдалды: ҚОАК мүшелері ішінде міндет бөлісу. Қаулы етті: І. Төменде аталатын жолдастар Халық комиссариаттары алқаларында жұмыс істеп, олардың бөлімдерін басқару үшін орталықта қалдырылсын: 1) Д. Әділев;, 2) Аймауытов;, 3) Ақаев; 4) 4) Большаков;, 5) Киселев (Орынбор юстициясынан) және 6) Омаров. ІІ. ж.ж. Сергеев, Саматов, Ашмарин, Әйтиев, Б. Әділев, Шәріпов, Нұрмақов Сібревкомдағы Қ.О.А.К. өкілі жолдас Кулаковқа Семей және Ақмола облыстарындағы ұйымдық-партиялық және әкімшілік жұмыстарына көмектесу үшін  іссапарға жіберілсін. Төраға Зенкович. Хатшы Бөкейханов».

Хаттамадан көрініп тұрғандай, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы құрылғанын жария еткен Құрылтайшы съезде Қазатком мүшелігіне сайланған ағайынды Әділовтердің кішісі Дінмұхамедті (Діншені) және тағы бес мүшені Қазатком Төралқасы Орынборда «халық комиссариаттары алқаларында жұмыс істеуге және олардың бөлімдерін басқаруға» қалдырған. Ал үлкенін – Байсейітті өзге алты ҚОАК мүшесімен бірге «Семей және Ақмола облысында ұйымдық-партиялық және әкімшілік жұмыстарын» жүргізу үшін «Сібір ревкомындағы Қазатком өкіліне көмекке жіберу» ұйғарылған. (Ақпарат ретімен, КирЦИК-тің (Қазаткомның) алғашқы құрамында ағайынды Әділовтерден басқа тағы екі ағалы-інілі қайраткер – ағайынды Әлібековтер мен Коростелевтер болғанын айта кеткен жөн). 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген көрсетілімдерінде Дінше КирЦИК хатшысы Абдолла Бөкейхановтан кіндік атком міндеттеген қызметін атқару үшін Орынборға шақырған жеделхат алғанын айтыпты. Қазақ автономиясының белгілі жас қайраткерлерінің бірі Смағұл Садуақасов республиканың бас газеті «Еңбек туы» арқылы 1920 жылғы 15 желтоқсанда: «Жуырда Орынборға Дінмұхамед Әділов жолдас келді», – деп хабарлады. «Дінмұхамед Әділов жас болса да, қазақ революционерлерінің кәриелерінен саналады», – деген сөздермен Діншенің сол тұстағы саясат толқындарындағы орны мен қоғами тіршілікте ие болған беделін көрсетіп берді. Сосын оның Орынборға келген бетте тағайындалған лауазымынан хабардар етті: «Дінмұхамед Әділов ішкі істер комиссарының орынбасары болып бекітілді». «Жаңа адамшылық қатарына кіріп, жас балаша аяғы дірілдеп, қалтылдаған жас автономиямыз қай азаматты көпсінгендей болып отыр! – деп сабақтады ол құрдасы жайындағы жақсы хабарын. – Әйтсе де, Дінмұхамед жолдас секілді жігерлі, ақжүрек, шыншыл, білімді жолдастарымыздың арамызда болғанына өте қуаныштымыз! Жалпы еңбекшілердің ұраны шақырылып, бостандықтың қызыл туы көтерілгенде, еңбегін аямай көп үшін қызмет еткен азаматтарға шын көңілден тілектеспіз». Өстіп, жиырма жасқа ғана жеткен екі түбіт мұрт бала жігіт қазақтың тұңғыш атқарушы өкіметі құрамында, бірі – төралқа мүшесі және газет редакторы, екіншісі – ішкі істермен шұғылданатын халкоматта басшылардың бірі ретінде автономия мүддесін қорғайтын жұмыстарын бастап кетті. Сол жұмыстарының алғашқы да соңғы ірі жеңісті белесі – партиялық хатшыны орнынан тайдырған жиын болатын... «Енді, міне, парадокс, – деді обком хатшысы болған байырғы большевик Акулов, – мені Қазбюро хатшылығынан түсіру мәселесін белсене көтергендер қатарында, Әділов жолдас, сіз тұрдыңыз». Әділов жолдас алдында отырған, өзінен бір мүшел үлкен, шындап келгенде ағасы Байсейітпен жасты, партиялық өтілі алғашқы орыс революциясынан басталатын большевик Акуловтың жүзіне ойлана қарады. Жалпақ мұртын көңілсіз кейіпте сипай отырып елеусіз айтқан өкпесіне байыппен былай деп жауап қатты: «Біз, жолдас Акулов, әрең дегенде қол жеткізген республикамыздың үкіметі шын мәнінде халқымызға қызмет етуге қойылуын қаладық».

Біз дегенде ойында Акулов мегзеп отырған  бастамашылар – өзі және өзімен бірге Смағұл мен Әшім тұрған. Бұлар өздерінше бір топ еді, жеке кездесулерінде ұлт мүддесін қызу талқылаулары өз алдына, күллі қызметтерінде де негізінен сол мақсатты күйттейтін. Кейін, 1928 жылы, Діншенің ОГПУ тергеушісі алдында мойындағанындай, бұл үшеуі іс жүзінде «коммунистерден гөрі ұлтшылдарға жақын» болатын. Сондықтан да «тап осы топ Қазақстанда жүргізіліп жатқан саясатқа қарсы белсенді түрде күресу» қажет деген көзқарасты ұстанатын. «Біз үкіметтің саясатын отаршылдық бағытта жасалуда деп санадық», – деді Әділов тергеушіге. Акуловтардың мемлекеттік қызметте ұстанатын саясатының ұлт мүддесін көздейтін ой біткенді шеттететінін, жалпы қысым жасайтынын, сол себепті бұлардың жаңа отаршылдықпен аяусыз күресуге бел буғандарын мәлімдеді. Өздерінің бірлесіп, бірін бірі қолдап, басқалардың да өз жақтарына, өздерін қолдаушылар жағына шығуына ұйтқы болып сөйлегендерін сондай көзқараспен түсіндіруге болатынын айтты. Сөз боп тұрған жиналыста Қазобком хатшысы Иван Акулов партия ұйымының басшысы лауазымынан түсірілген. Жиналыс жайын әңгімелегенінде, Дінше «сол шақта Совнарком төрағасы Радус-Зенькович еді, – деп еске алды. – Мен және біз бәріміз жиналысқа шақырылдық, есімде. Бұл жауапты қазақ қызметкерлерінің жәй ғана жалпы жиналысы болатын».  Жиналысты шақыруға Иван Алексеевич Акулов пен Виктор Алексеевич Радус-Зенькович бастамашылық еткен. Өткізу тізгінін де екеуі қолда ұстады. Радус-Зенькович жиынды ашты, Акулов баяндама жасады. Ұзақ сөйледі. «Сол жиналыс әлі менің есімде тұр, – деді Әділов тергеушіге, – ол өз сөзінде талайды сөкті. Бірақ, жаңылыспасам, ешкімді туралап сынай қойған жоқ,  ешкімнің атын атап айтпай-ақ, жалпы қазақ қызметкерлерінің ұлтшылдық пиғылын әшкерелеуге тырысты, большевизмнің жолына кереғар деп айыптады. Шамасы, қазақтармен арнайы басқосу өткізіп, жиналыс барысында бірқатар қызметкерді жұмыстан кетіруге қол жеткізбек болды ма деймін. Әйтеуір анығы, оның бір мақсаты көзге ұрып тұрған – ол баршамызды ахлақи елеуішінен өткізіп, өзіне қажет  картинаны, яғни қазақ қызметкерлерінің Октябрь идеяларына қаншалықты адалдығын айқындап біліп алғысы келді»...

«Сіздер мені жиналыс барысында қатты таңырқаттыңыздар, жолдас Әділов, – деді алдында отырған Акулов жәй ғана, – сіздің мына қазір айтып отырған ойыңыз да таңдандырады. Республика болуға әрең дегенде қол жеткіздік дейсіз, шынымен солай ма? Сіздерге автономиялық республиканы жолдас Ленин совет өкіметі атынан сыйлаған жоқ па еді? Республика үкіметінің халыққа қызмет етуін қаладық дейсіз, басқаша болуы мүмкін бе еді? Совет өкіметінің басты мақсатының өзі халық билігін орнату екені біздің барша жұмысымыздан байқалып тұрған жоқ па еді...» Албырт, қызба Дінше ғаламат сабыр танытты, жиналыста лапылдап жанған дауды қайта тұтатпауға шақырды. «Акулов жолдас, біз жақсы ниетті ішкі пиғылы түзу емес практиктердің бұзып жүргенін дәлелді түрде аян етіп едік қой», – деді салқынқандылықпен. Хатшының кіріспе-баяндамасынан кейін бірінші болып Смағұл Сәдуақасов сөйлеген. Партияның қазақ обкомын басқаратын Иван Акуловты қатты мінеген. Көпшілікке қарап, бар дауыспен: «Іс-әрекеті қазақтың мақсат-мүддесіне мүлдем кереғар боп тұрған бұл жолдас, бәлкім, кешегі переселен басқармасының чиновнигі шығар?» деген күдігін естірткен. «Ескі режимнен лып етіп Совет өкіметінің атына ауысып мініп, біздің желкемізге отырып алған әміршілік қылықтарын басқаша қалай бағалауға болады?» деген. Оның сөзін Дінше дамытты. Партхатшы Акуловпен бірге әміршілік тәсілмен жұмыс істеуге құмар предсовнарком Радус-Зеньковичті қоса сынады. Олардың  қазақ мұқтаждығымен істері жоқ, жұмыстың тек өз бұйрықтары бойынша жүруін талап ететінін әшкереледі. Жер комитетіне байланысты бұлардың көзқарастарын сынға алған Әшім Омаров та отқа май құя түсті. Жиналыста қазақ республикасының басшы органдарында істейтін орталық өкілдерін қатты сынау арқылы үдей түскен айтыс-тартыс өрті дүрілдей жанып-лаулады.  Бұларды сөйлеушілердің басым көпшілігі қолдады. Діншенің есінде, сол уақытқа дейін достық қарым-қатынаста, кәдімгідей пікірлес болып жүргендердің ішінен тек сауда халкомы Асфендияр Кенжин ғана  өзін біршама оқшау ұстады. «Сәдуақасов қазақ қызметкерлерінің түгелге жуығын өз жағына бұрды, жиналыста оны қолдайтындар анық басым түсті, ол абсолютті көп дауыс жинады», – деді Әділов тергеушіге 1928 жылы. Әрине, әліптің артын баққандар да бар еді. Сондайлардың қатарында  Асфендиярдың да болғанын Дінше тергеуші алдында былай еске алды: «Кенжин екі орындықтың ортасында отырған кейіпте-тін, не о жаққа, не бұ жаққа ыңғай танытпады. Оның сол жиналыста: «О, қандай диссонанс мына жиында!» деп бас шайқап отырғаны жадымда қалып қапты». Дегенмен әділеттілік іздеудегі үйлесім бұзылған жоқ, Акуловтың ескі жүйені еске салатын озбыр кемшіліктері бірауыздан әшкереленді, ол «жиналыста жеңіліс тапты, оны хатшы лауазымынан түсіру жөн деп шешілді».

Мәселе ертеңіне тиісті орындарда талқыланып, жиналыстың шешімі қолдау тапқан  болса керек. Енді, міне, Иван Акулов ішкі істер халкоматына бас сұғып, комиссардың міндетін  атқарып келе жатқан, кешегі дауылды жиналыста өзінің басты сынаушыларының бірі болған Дінше Әділовтің алдына келіп отыр. Алғашқы және соңғы рет... «Сіздер дегендеріңізге жеттіңіздер, – Акулов ауыр күрсінді. – Мен Орынбордан кеткелі тұрмын, пойызбен Оралға аттанбақпын. Маған рұқсат қағаз беруіңізді сұрап келдім, Әділов жолдас». Әділов жолдас қызметкерін шақырып, жол жүруге пұрсат беретін парақты толтыртқызды да, қол қойып, өздерінен, революцияның қазақ еліндегі жас қырандарынан жеңіліс тапқан байырғы большевикке ұсынды. Жол болсын айтты. Байырғы большевик қол алысып қоштасып тұрып: «Большевизм – жеңімпаз күш, жолдас Әділов, – деді, – бұған әлі талай мәрте көзіңіз жетеді». Ол өзі айтқан жеңімпаз күштің бекем бұрандасының бірі екенін кейінгі істерімен айқын дәлелдеп жүрді. Қырымда партия ұйымы мен революциялық комитетті басқарушылар қатарында болып, өз ізашарларының қызыл террор жүргізу саясатын жалғастырды. Одан партияның орталық бақылау комиссиясы құрамында, Украинада түрлі жауапты қызметтерде істеді. Ақыры Біріккен мемлекеттік саяси басқарма басшылары қатарына жетіп, Совет Одағы аумағындағы жаппай репрессияларды ұйымдастырушылардың біріне айналды...

Дінше Әділов оның соңынан бір сәт жастықтың жалыны шарпыған көңілмен, масаттанғандай сезіммен қарады. Оны қазақтың елдігін жаңғыртқан революцияға құлай сенген қайраткерлердің  саяси күрестегі алғашқы жеңісі масаттандырған-ды. Сол шақта ол Акулов айтқан «жеңімпаз күш» сырын парықтай қоймады, тиісінше осы алғашқы жеңістің соңғы да болуы ықтималдығын ойына да алмады. Бұндай ой санасында бірнеше күннен кейін ұшқындады: өткен желтоқсан айында Қазақ Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылған Мұхамедқафи Мырзағалиев қайтадан Ішкі істер халық комиссары міндетін атқаруға жіберілді. Дінше бұрынғысынша алқа мүшесі және комиссардың орынбасары қызметін істеуге қайтарылды.  Біраз уақыт сол лауазымында жүрді де, ағарту халкоматына ауысты, одан іссапармен Түркістан Республикасына  кетті. Сосын біржола сол жақта қалды...

Суреттерде:

(Дінше Әділов. Ташкент, мамыр, 1921 ж.)

Иван Акулов

(Иван Акулов)

(Смағұл Сәдуақасов)

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

5 пікір