Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Мәлімдеме 5861 20 пікір 29 Қыркүйек, 2020 сағат 11:42

Түркі кеңесі Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдайды!

Таулы Қарабақтағы қарулы қақтығысқа қатысты БҰҰ, ЕО, ЕЫҚҰ секілді Халықаралық ұйымдар мен шет елдік лидерлер өз позицияларын білдіріп Әзербайжан мен Арменияға арағайындық айтып жатыр. Бұл туралы «Abai.kz» порталында жарияланған «Қарабақтағы қақтығыс. Қазақстанның позициясы қандай?» атты мақалада егжей-тегжейлі жаздық.

Әзербайжан мен Армения қарулы күштерінің арасындағы Таулы Қарабақтағы әскери шабуылдар әлі тоқтаған жоқ. Екі елде де әскери режим жарияланды. Армения билігі қақтығысты Әзербайжан бастады деп айыптап отыр. Ал Әзербайжан билігі мұны «контр шабуыл» деп мәлімдеген. Олардың өзінше, соғысты алдымен Армения бастаған. Әзірге белгілісі екі тараптан да қаза тапқандар бар. Олардың нақты санына қатысты ақпараттар әртүрлі.

Халықаралық ұйымдар мен мемлекеттер Қарабақтағы қақтығысқа қатысты бейтарап позицияны ұстанып, мәселесі келіссөздер арқылы шешуді ұсынуда. Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Әзербайжанды қолдайтынын ашық мәлімдеді.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 27 қыркүйек күні ресми мәлімдеме жасап, Таулы Қарабақтағы жағдайға қатысты алаңдаушылық білдірді. Тараптарды татуластыру үшін алаң ұсынды.

Бұдан бөлек Түркі кеңесі бар. Оған Қазақстан да, Әзербайжан да мүше. Түркі кеңесінің 2018 жылдан бергі Бас хатшысы Бағдат Құлтайұлы Әмреев деген азамат. Кеше Таулы Қарабаққа қатысты ресми мәлімдеме жасапты. Әмреевтің мәлімдемесі Түркі кеңесінің «Facebook-тегі» ресми парақшасында жарияланды.

Түркі кеңесі һәм оның Бас хатшысы Бағдат Әмреев Таулы Қарабақты «Әзербайжанның оккупацияланған территориясы», деп мәлімдеген.  Әзербайжанның территориялық тұтастығын қолдайтынын айтыпты.


ТҮРКІ КЕҢЕСІ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әміреев Әзербайжан Республикасының оккупацияланған территорияларындағы әскери қақтығысқа байланысты терең алаңдаушылығын білдіреді.

Түркі кеңесі халықаралық құқық нормалары мен қағидаларын ұстанатындығын тағы бір рет білдіре отырып, Армения-Әзербайжан жанжалын Әзербайжан Республикасының егемендігі, аумақтық тұтастығы және халықаралық деңгейде мойындалған шекараларының мызғымастығы негізінде тез арада шешудің маңыздылығын мәлімдейді.

Осыған байланысты Түркі кеңесі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1993 жылы қабылданған тиісті шешімдері негізінде Армения қарулы күштерінің Әзербайжан Республикасының оккупацияланған барлық аумақтарын жедел, сөзсіз және толықтай босатуын талап етеді.

Бас хатшы адам қазасына байланысты Әзербайжан халқына көңіл айтады және жаралылардың тезірек сауығып кетуін тілейді.


Айта кетейік, Түркі кеңесі – бұл түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым. 2009 жылы Нахчыван қаласында құрылған. Мүшелері: Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан мен Өзбекстан. Бақылаушы мемлекет – Мажарстан. Мүшелікке өтуі мүмкін мемлекет – Түркіменстан.

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар