Жұма, 29 Наурыз 2024
4275 17 пікір 28 Қыркүйек, 2020 сағат 12:55

Біздің Ауыт...

2016 жылдың қазан айында «Ауыт Мұқибек Нұр-Отан партиясының Орталық аппаратына жұмысқа тұрады екен...» -деген еміс-емес сөз шыға бастады.

Сол-ақ екен, әріптестерім интернет ақтарып, Ауыт Мұқибектің жаған мақалаларын оқуға кірісті. Мен де екі-үш жазбасын оқып, жасыратыны жоқ, тіксініп қалдым. Ашынғаны соншалық, ешкімді аямайтыны көрініп тұр.

Әріптесім Асқар Құмарбайды шақырып, сұрап едім «Жұмажан Қамкенович, алаңдамаңыз, мен жақсы танимын, ол жаман жігіт емес. Екі-үш рет бізге келіп, министрлер мен деауттардың қабылдауына кірген. Өте сауатты екен...» - деп, жақсы мінездеме берді.

«Өзі атақты ақын Тұманбай Молдағалиевтің қасында жұрген шәкірті болса,  Ақордаға дейін кіріп, Махмұт Қасымбековпен сөйлесіп шықса, енді партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің өзі жұмысқа алып отырса, қалай жаман жігіт болады?"-деп ойладым өзім де.

Көп өтпей, бұл сөз шындыққа айналды. Ауыт Мұқибек партияның Орталық аппаратына емес, мен жетекшілік ететін Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне консультант болып орналасты.

Ұжымға таныстырып, отыратын орнын белгілеп бердік. Әрі қарай Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысы жайлы ақпарат беріп, ішке тарта бастадым.

Екі-үш күн өткен соң болса керек, сол уақытта, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, жазылған азаматтармен жеке-жеке кездесіп, қабылдау өткізді.

Қабылдауды сәтті аяқтады. Енді Ерлан Заманбекұлын шығарып салуым керек. Полиция генералын ертіп, залда келе жатқам. Коридорда біздің Ауыт кездесе кетті де: «О, менің Ерағам жүр ғой мұнда. Ассалаумағалайкум, Ераға!» - деп,  дауыстай келіп, құшақтасып амандаса кетті. Ерлан Заманбекұлы да жылы шыраймен құшақтасып, амандық сұрап жатыр.

«Аға, мен партияға жұмысқа тұрдым, міне, бүгін үшінші күн...» деп қояды Ауыт мырза. Мен бір жақта қалдым, енді екеуі қолтықтасқан күйі министрдің машинасына дейін барып, қоштасты. Не дерімді білмеймін, үнсіз бұрылдым да кабинетіме кеттім.

Негізі, мұндай жағдай біздің қоғамдық қабылдау бөлмесінде өмірі болған емес. Бекітілген кесте бойынша, Мәжіліс депутаттары, министрлер мен олардың орынбасарлары, Бас прокурордың орынбасарлары ретімен келіп, партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтармен қабылдау өткізеді.

Әрбір қабылдауды ұйымдастыруға бірден қызметкер бекітілген. Келген басшыны сол қызметкер екеуміз күтіп алып, қабылдау біткен соң өзім шығарып саламын. Қалған қызметкерлер кабинеттерінде отырып, өз жұмыстарымен айналысады. Ондай кезде залда артық жүріс деген болмайды...

Міне, сол тәртіпті жұмысқа орналасқанына бір апта болмай жатып, біздің Ауыт мырза бұзды.

Ауыт Мұқибектің бұл әрекеті қызметтестеріне онша ұнаған жоқ. Кейбір әріптестері «Субординацияны сақтамады!» деп, біразға дейін күбірлеп жүрді.

«Тұрғынбаевпен амандасу» - айналайын екен, енді біздің Ауыт мырза бір күні келіп, «Жұмажан аға, Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бізде қабылдау өткізеді екен. Мен соған кіруім керек. Себебі, тұрақты тіркеуге тұруда Ішкі істер органдары шетелден көшіп келген қандастарымыздан "Сотталмады" деген анықтама талап етіп жатыр. Қытай тарабы ондай анықтама бермейді. Сондан зардап шегіп отырған бір азаматты министрге алып кіріп, мәселені соның өз аузынан айтқызам!» - дейді.

Шыны керек, «Nur Otan» партиясына азаматтардан келіп жататын әр түрлі мазмұндағы хаттарда есеп жоқ. Соның басым  бөлігін осы қандастарымыздан келген өтініштер құрайтын. Оның түгелге жуығы құжаттану мәселесіне байланысты болатын. Біз ол өтініштерді тіркеп, белгіленген тәртіп бойынша құзырлы органдарға жібереміз. Көбі, Заңнамаларды түсіндірген жауаптармен ғана шектелетін... Қысқасы, көші-қонның шуы өте көп болатын. Міне, біздің Ауыттың  «Субординацияны» тағы да бұзып, сол мәселені шындап шешуге білек түріп кіріскені көрініп тұр. Тағы бір жағынан «Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлы да осы түйінге баса назар аударып, мәселені түбегейлі шешуді көздеген шығар. Сол үшін де бұл мәселенің жай-жапсарын жақсы білетін жігітті жұмысқа алған болуы керек...», - деп ойладым да, Ауыт мырзаға «Кір! бірақ министрдің қабылдауына кіретін азаматты өзің тауып, дұрыстап дайында!», - деп тапсырма бердім.

Белгіленген күні Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов келді. Азаматтарды қабылдау басталды. Кезегі келгенде он жас шамасындағы кішкене қыз бен өзі құралпас бір жігітті ертіп біздің Ауыт кірді.

«Құрметті Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, бұл жігіттің аты-жөні – Ауыт Мұқибек. Өзі ақын. Біздің «Nur Otan» партиясының осы Қоғамдық қабылдау бөлмесінде консультант болып қызмет істейді»-деп, қысқаша таныстырып, Ауыт мырзаға сөз бердім.

Сыпайы амандасып, отырда да Ауыт мырза сөзді бастады. «Құрметті Қалеке, мынау менің «Көш, Көшке кім өш?!» деген кітабым. Сізге арнап қолтаңба жазып әкелдім. Ішінде Сіз туралы да біраз сөз бар!»-деп, министрге кітабын ұсынды. Ары қарай, «Қалеке, мынау "Соттылық туралы" анықтамаңыз қандастарымыздың қанын ішіп болды. Өзіңіз де хабардар боларсыз, өткен жылы Мәжілісте Көші-қон заңы талқыланған кезде осы бәлені алып тастау керек еді. Үкімет құптамады. Міне, соның кесірінен Қытайдан келген қандастарымыз тұрақты тіркеуге тұра алмай, әкімшілік жауапқа тартылып, соттың шешімімен олар келген еліне қайтарылып жатыр. Міне, сондай азаматтың бірі – мына тоғыз жасар Мейіргүл. Ата-анасын бес жыл келе алмайтын етіп, Сіздің көші-қон полициясы қызметкерлеріңіз Қытайға қуып жіберіпті!»-деді.

Сол-ақ екен, қолында өтініші бар Мейіргүл атты кішкене қыз министрдің жанына келді де, «Қалмұханбет ата! Сіздің де мен секілді немереңіз бар шығар...»-деп бастап, өз жағдайын айтып, тақылдай жөнелді.

Министр Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы қыздың қолынан өтінішін алды да бұрыштама жазып, ертіп келген бір қызметкеріне шегелеп тұрып тапсырма берді.

Сөйтсек, іс мұнымен бітпепті. Біздің Ауыт Мейіргүлді, әлгі сөзін түгел айтқызып, видеоға түсіріпті және «Мейіргүлдің хаты Қасымовты қалтыратып жіберді» деген мақала жазыпты да «Abai.kz» сайтына шығарып жіберіпті. Қасымов қабылдауын аяқтап болмай, Мейіргүл туралы ақпарат интернетке шығып болыпты. Сол күннен бастап БАҚ шулады да кетті...

Қалекең азамат қой, соттың шешімін бұзғызып, көп өтпей Мейіргүлдің ата-анасын Қазақстанға қайта оралтты. Соңынан қалмай жүріп, ақыры «Соттылық туралы» анықтаманың көзін жоғалтты біздің Ауыт...

Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова азаматтарды қабылдауға келді. Қытайдан келген алты-жеті ақсақалды ертіп, біздің Ауыт оған да кірді. Мақсаты – Қытай мен Моңғолиядан оралған зейнет жасындағы қандастарымыздың зейнетақы мәселесін шешпек.

Әдеттегідей, ақсақалдардың біреуі зенетақысының небәрі он екі-ақ мың теңге екенін айтып, министрге жазбаша өтінішін берді. Ауыт мырза да олардың жағдайын одан әрі тәптештеп түсіндіріп, кітабын ұсынды. Қабылдау аяқтап, қоштасып жатқанда, әлгі ақсақалдың біреуі орнынан тұрды да, «Әй, Мәдина қызым, тоқташы! Біз мынау Қытайда жүріп, аудан әкімінің қабылдауына кіріп көрген жан емеспіз. Өзің бір болайын деп тұрған жап-жас қыз екенсің. Біздің де сен секілді қыздарысмыз бар. Пенсияңды берсең берерсің, бермесең қоярсың. Мен саған риза болып отырмын, біз секілді алыстан келген адамның батасы тез қабыл болады. Қарағым, қолыңды жайшы, бір батамды берейн саған!»-деп, қолын жайып, бата берсін ақсақал.

Қолды жайып біз де отырдық та қалдық. Кария батасын ұзақ жасады. Біз естімеген жап-жаңа бата. Мөлдіреген маржандай сөздерден құрастырылған ұзақ бата бәрімізді тебірентіп жіберді.

Әсерленгені соншалық, Мәдина Ерасылқызы жүгіріп барып, ақсақалдардың бәрінің қолын алып, қоштасып жатыр. «Аталар, алаңдамаңыздар,  мәселелеріңіз шешіледі!», - деп жатыр министр... Баяғы біздің Ауыттың «сценарийі» екені көрініп тұр.

Айтқандай, бұл мәселе де шешілді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңына шетелден оралған қандастарымыздың келген еліндегі еңбек қызметі есепке алынатын етіліп толықтыру енгізіліп, 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап, қолданысқа енгізілді.

Содан бастап, «Субординация» жайына қалды. Біздің Ауыт Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген министрлер мен депутаттардың бәріне кіріп шықты.

Партияға азаматтардан тоқтаусыз хаттар келіп жатады дедік қой. Бір кезде қандастарымыздан «Оралман куәлігімнің мерзімін өткізіп алып, азаматтыққа құжат тапсыра алмай жүрмін...» немесе «Қазақстан азаматтығын алып едім, Қытай елшілігі Қытай азаматтығынан шығару туралы өтінішімді қабылдамай жатыр...» деген секілді мазмұндағы бір қалаппен жазылған ұп-ұқсас хаттар жаңбырдай жауып кетеді. Біз ол өтініштерді тіркеп, қатысты министрліктерге жөнелтіп жатамыз. Қандастарымыздың осындай мәселесін шешу үшін сол хаттарды біздің Ауыттың ұйымдастырып отырғанын да іштей сезем. Реті келгенде ондай хаттардың үлгісін қандастарына өзі жазып беріп, «WhatsApp» әлеуметтік желісі арқылы таратынын Ауыт Мұқибектің өзі айтады маған.

Басқа сөз айтпаймын. Тек, түйткілді мәселені шулатбай шешудің бұл да бір таптырмас жолы екенін іштей түсініп, Ауыт бауырымның арқасынан үнсіз ғана қағып қоям...

Айтпақшы, Ауыт інім жұмысқа тұрған соң, шамасы екі ай өткенде, менің кәбинетіме кіріп, «Аға, көріп шығыңызшы!»-деп, бір хат беріп кетті. Қарасам, Ауыт мырза «Көш көлікті болсын!» республикалық акциясы аясында көші-қон мәселелері бойынша азаматтарды тақырыптық қабылдаудың «Тұжырымдамасын» жасапты. Менің атыма хат жазып, сол «Тұжырымдаманы» партияың Орталық аппаратының жылдық желілік кестесіне енгізуді өтініпті.

«Тұжырымдама» – өте кемелді, сауатты жазылған. Қатты қуандым. Ол кезде партияда «Жол үстінде қабылдау», «Әділет кеңес береді» қатарлы бірнеше республикалық акциялар өткізіп отыратын дәстүріміз бар еді. Інімнің сөзін екі етпей, басшылыққа айтып, аталған «Тұжырымдаманы» «Nur Otan» партиясының жылдық жоспарына енгіздік те қатысты министрліктердің басшыларын,  мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдерін және қандастарымызды қатыстыра отырып, төрт мәрте Республикалық «Көш көлікті болсын!» акциясын өткіздік. Әлі емсімде, бірінші акцияны  партияның Алматы қалалық филиалында отырып, жүргіздім. Аталған акцияның көші-қон мәселелерін шешудегі және қандастарымыздың билік партиясына деген танымын тереңдете түсудегі, тіпті де жақындата түсудегі рөлі ерекше жақсы болды.

Ауыт Мұқибек елу жасқа толғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы құттықтау хатын жіберді.

Сол хатында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Сондай-ақ жұртшылық Сізді шет елдерде тұратын қандастарымыздың қазақ топырағына оралуына шанашырлық білдіріп, осы орайда ұшырасатын қиындықтардың оңтайлы шешілуіне белсене атсалысып жүрген азамат ретінде де қадірлейді» - деді.

Ал, сол кездегі Партия Төрағасының Бірінші орынбасары, қазіргі ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің құттықтауында «Сізді халық Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың көші-қон саясатының өз деңгейінде орындалуына ерекше ат салысып жатқан азамат ретінде жақсы таниды» дей келіп, тағы «Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде жұмыс істей жүріп, көші-қон мәселелері бойынша азаматтарды тақырыптық қабылдаудың арнайы тұжырымдамасын дайындаған еңбегіңізді айырықша атап өткім келеді. Бүгінгі таңда бұл тұжырымдама партияның республикалық желілік кестесіне енгізілді»-деп, Ауыт Мұқибектің бұл еңбегін өте жоғары бағалады.

Сөзімді қортындыласам, «Nur Otan» партиясы Ауыт Мұқибектің көсіліп жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берді. Біз де оның бетінен қаққан жоқпыз, ол да партия ұстанымына тез икемделіп, қамшы салдырмай қызмет етті. Ұжымға бірден сіңіп кетті. Қатып қалған ескі тоңды жібітіп, Партияда жұмыс істеудің жаңа ұлгісін көрсетті. Көші-қоннның өзі соңына түскен барлық мәселесін шешті. Жұмысқа алған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің де, біздің де үмітімізді абыроймен ақтады...

Міне, біздің Ауыттың Праймеризге қатысып, Мәжіліс депутаттығына үміткер болғысы келіп жатқанын көріп, үйде тақым қысып отырмын.

Менімше, біздің Ауыт Мәжіліс депутаты болуға дап-дайын тұлға!

Жұмажан Жүкенов,

«Nur Otan» партиясының мүшесі, «Парасат» және  «Құрмет» ордендердің иегері, партия ардагері

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544