Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Анық 7540 27 пікір 26 Қыркүйек, 2020 сағат 13:40

Божыраған Божкоға Ассамблея неге үндемеді?..

Әлгінде ғана аузынан «ақ ит кіріп, көк ит шығып», қазақты – «қорқақ», қазақтың тілін – «маймылдың тілі» деп күшене сөйлеген Қостанайлық Кирилл Божко деген біреудің шыққанын білесіздер. Оның әлеуметтік желіден қоқиланған видеосы қазақ қоғамында, қазақтілді ортада біраз әңгіме болды. Әлеужеліден әкіреңденген әлгі Божконың «әкесін танытайық» дегендер де, құзырлы органдардан заңмен жазалауды талап еткендер де болды.

Кейін, Қостанай облысының полиция департаменті ұлтаралық араздықты тудырушы Кирилл Божконың заң алдында жауапқа тартылатынын хабарлады.

«Әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында полицейлер «YouTube» арнасынан аталмыш видеоны анықтап, шұғыл тексеріс жүргізді. Қазір күдіктінің тұлғасы анықталып, тергеу шаралары басталды. Күдікті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», -деп мәлімдеді.

Осыдан соң-ақ, наразы жұрт бөтен пиғылды Божконың бүлік шақырған бұл әрекетіне заң шара қолдананатынына сенді. Сабырға түсті.

Ал алғашқыда кебініп, ісініп, қазақты қолдан жасағандай ауызына келгенін айтып отырған Божко ертесі күні-ақ, кешірім сұрап, видео жариялады. Алғашқы видеоны жазғанда мас болғанын айтып, мүләйімсіп, майысқан кейіп танытты.

Ал кеше әлеуметтік желіге жаңағы Божкоға Қостанай сотының «қатаң жаза» тағайындағаны туралы жазба жария болды. Ол – Мемлекетті құрушы титулды ұлт – қазақты, қазақтың, Қазақстанның Мемлекеттік тілі – қазақ тілін қорлаған Божконы 5 тәулікке қамау жазасы екен. «Qamshy.kz» сайты солай жазыпты, әне.

Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны Кирилл Александрович Божкоға қатысты 22 қыркүйек күні әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы 1-бөлігі (полиция қызметкерінің талабына бағынбау) бойынша сот үкімі шыққан.

«Жақында шыққан жазбаларға байланысты төмендегіні хабарлаймыз.
2020 жылғы 22 қыркүйекте сотқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 667-бабы 1-бөлігі полиция қызметкерінің талабына бағынбау бойынша қала тұрғыны К. Божкоға қатысты іс келіп түсті.

Бұл бап бойынша ескерту немесе айыппұл түрінде 20 АЕК немесе 5 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған.

Сот құқық бұзушылықты дәлелденген деп таныды. Ауырлататын жағдай алкогольдік масаңдық жағдайын анықтады.

Божконың бұрын бірнеше рет жауапқа тартылғанын ескере отырып, Сот ең қатаң жазаны – 5 тәулікке қамауға алу туралы жаза тағайындады.

Заң бойынша соттың адамды заңның неғұрлым өзге қатал бабы бойынша жауапқа тартуға құқығы жоқ.

Бұл мәселелер құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады», депті Рудный қаласы әкімшілік соты.

Ал мынау жаңағы Кирилл Божкоға қатысты сот үкімі:

Божконың жазбасы желіге таралғаннан бастап, әлеуметтік желіде наразы жұрт әртүрлі пікірлерін айтып, сарапшылар бүлік шақырған адамның Заң алдында жауап беруін талап етіп-ақ жатыр. Осы ретте біз Abai.kz ақпараттық порталының Қостанай облысындағы авторы, зерттеуші Алмасбек Әбсадықтың пікірін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік....

Іріген ауыздан шіріген сөз шығады немесе үндемеген үйдей пәледен құтыла ма?

Латын графикасы біздің тілімізге зәру емес… — Тобыл-Торғай

Алмасбек Әбсадық:

Фамилиясы қазақтың «Құдайберген» деген ұғымына сай келетін Божко Кирилл атты жерлесіміздің халқымызды қорлап айтқан сөздері əрбір қазақтың намысына тигені сөзсіз. Естіген кезде құлағымыз тұнып, көңіліміздің алай-дүлей болды. Ашу-ызаға булыққан, намыс қысқан көңілімізден қатты сөздер айтуға да оқталған болатынбыз. Себебі жерлестің сөзі жанға батқан еді. Бірақ салмақты сабырға салған едік... Мына хабар сабырымызды үзді.

Ойымызды тезис түрінде санамалап айтып беруге тырысайын:

1. ІРІГЕН АУЫЗДАН ШІРІГЕН СӨЗ ШЫҒАДЫ. Жерлесіміздің аузы іріп, одан сасып шіріген сөзі жерге төгіп, топыраққа араластыра салатын көң емес. Ол «Айтылған сөз - атылған оқ» дегендей, шет-шегі жоқ интернет атты кеңістікке тарап кетті. Енді оны ұстай алмайсың. Қоршап, қоралап, тұзаққа да түсіре алмаймыз. Ол миллиондаған адамдардың көңіл сарайын кезіп кетті. Бұған биологиялық тұрғыдан келсек, шіріген зат өзінің жанындағы өзге нəрселерді де шірітеді деген аксиома бар. Демек, Божконың айтқан сөздері кейбіреудің айызын қандырады, енді біреулің намысын тудырады. Намысы барлар қарсы үн қатты, айызы қанғандар үндемей іштен «сендерге сол керек» десті.

Божко жерлестің əрекетін қазақтың қарапайым сөзімен айтсақ, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегеннің кері болды. Қарын деп образды түрде біздің қоғамымызды алатын болсақ, оның бұл сөзі қоғамның тұтастығына, бірлігіне нұқсан келтірді. Сол себепті мұндай араздық тудыратын «шіріген сөздердің» иесі ұлт араздығын тудырушы ретінде тиісті қатаң жазаға тартылуы керек болатын. Егер жазаның түрі мынадай болса, кеңістікке тараған «шіріген сөз» қоғамның тұрақтылығы тұрғысындағы өз жұмысын одан əрі түрлі формада жалғастыра береді деп топшылауға болады.

2. ҮНДЕМЕГЕН ҮЙДЕЙ ПƏЛЕДЕН ҚҰТЫЛАДЫ. Ата-бабамыздың дау-дамайдан, қорлық пен зорлықтан құтылу жолында айтқан мақалы. Бірақ осы мақалды мына оқиғаға қолдануға бола ма? Мұның екі жағы бар. Біріншісі - үндемей қалып, уақыттың тезіне салу. Тұтас ұрпақ ауысып, демографиялық өзгерістерге иек арту. 30 жыл осындай саясат ұстандық. Сол кездерден бері бірнеше ұрпақ ауысып үлгірді, үлкен демографиялық үрдістер де орын алды. Бірақ сонымен бірге алауыздық тудырушылардың жасы да жасарып келе жатқаны байқалады. Демек, ол саясатты бұдан əрі ұстану көңілдегідей нəтиже бермеуі мүмкін.

Екіншіден, тұтас алғанда қоғамның үндемей қалуы сөз естіген ұлттың ішкі дүниесіне, намысына қордаланып, жинала береді. Қорланушы көңіліне қорлаушының сөзі мен оның əділ жаза алмағанына байланысты туындаған ашу-ызасы тұрақты орын теуіп, ол оны көңіліне жинай береді. Өйткені оның басқа амалы жоқ, қолынан келетін қайраны жоқ. Сөйлейді, сөзі жетпейді. Үн қатады, тиісті орындар жуып-шайып, жылы жауып қояды. Мəселе бейбіт шешілгендей болады. Ашу тарқағандай əсер қалдырады. Бірақ «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» дегендей, қоғамда əлде бір келеңсіз жағдай орын алған кезде баяғы бойға жиналған ашу-ыза запыранға айналып, қаһар болып найзағайдай ойнауы мүмкін. «Мылқаудың ашуы қатты» дегендей, қолдан «мылқауға» айналған жұрттың ашу-ызасы зорлыққа ұласып кетуі ғажап емес. Қордайда болған оқиғалар сөзіміздің айғағы.

3. Жоғарыда аталған қаза халқының басу мəнінде айтылған қанатты сөздері бүгінгі қоғамда жұмыс істемей тұр. Не істеу керек? Мұндайда алауыздық тудырушы жұрттың көңілінде жүрген күмәнды ойларды ортаға салып талқылау қажет. Ол талқылаулар десоветизация, декоммунизация сынды ауқымды дискурстар аясында жүруі керек. Зауыт-фабрикалар, қала салып бердім /Кирилл жерлесіміздің «мы освоили» деген сөзінің астарында осындай ойлардың жатқаны күмәнсіз/ деген уəжге, халықты алапат аштыққа ұшыратып, репрессия қылышына байлап, қуғын-сүргінге сала келе қаңырап босаған жерге империяның өзге аймағынан кісілерді көшіріп апару арқылы отарлау кеңес патша заманынан бастау алған империялық саясатының жемісі екенін түсіндіру, сол саясатқа қарапайым жұрт құрбан болғанын ашық айта отырып, бүгінгі тəуелсіз Қазақстанның мақсат-мұраты жолынан аласқандардың қатарын азайту амалына көшуіміз қажет. Осындай ауқымды идеологиялық тұрғыдан жұмыстар жүргізілмесе, «божыраған» Божколардың қатарының азаймасы анық.

Мұндай дискурсқа ғалымдармен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы да белсене араласуы қажет. Айтпақшы, бұл ұйым Божконың іріген аузынан шыққан шіріген сөзіне алғашқы тас атушылар қатарында болуы керек еді. Бірақ, кеңес заманындай, бір-бірінің кеудесіне темір-терсек тағуға, мейрамдарда этнокиімдермен атойлап шығуға құмар бұл ұйым да, əдеттегідей, үндемей қалды. Аталмыш дискурс қоғамды ағартуға, Божко сынды адасқан жерлестерімізді ел мүддесі мен ортақ мəселесіне тартуға керек.

Бірақ сөз қонбай, мойынұсынбай саналы түрде кері кететіндерді заң шеңберінде қатаң жаза жалаңдап күтіп тұруы дұрыс көрініс. Бұл тұста заңның қатал орындалуы - мықты профилактикалық шара. Босаң жаза, бос ұстаған қамыс қолыңды кесетініндей, түбінде қоғамды жазалайды.

Түйіндей келгенде, Қазақстанда, əсіресе, солтүстіктегі кеңестік, коммунистік қоғамның сарқыншақтарын ментальдік тұрғыда жеңбей болмайды. Олай болмаса, Божколар түрлі формада «бомба болып» əлсін-əлсін жарыла береді.

Тақырыпқа тұздық:

Қазақты қорлап құтырдым, кешірім сұрап құтылдым!

Божко 7 жылға сотталуы мүмкін...

Божконың бетпақтығына байланысты

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3520