Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 4037 6 пікір 24 Қыркүйек, 2020 сағат 13:19

Божконың бетпақтығына байланысты

Қазақ халқына тіл тигізген Божкоға қатысты бас биліктің ресми өкілдерінің осы кезге дейін жұмған аузын ашпай, тұшымды пікір білдірмеуінің бірнеше себебі бар деп ойлаймын.

Біріншіден, қоғам осыншама дүр сілкініп, наразылық танытып жатса да, түк болмағандай түр танытып, үндемей құтылу - билік басындағылардың қанына сіңген ежелгі әрі кесірлі әдет. Авторитаризм кезінде қалыптасып қалған саяси снобизм, жұртшылықтың пікірін көпе-көрінеу менсінбеушілік. Сондықтан да оған таң қалудың керегі жоқ.

Екіншіден, билік талай жылдан бері басшылыққа алып, қоғам санасына сіңіргісі келе жатқан бір тұрпайы технология бар: ұлтаралық мәселеде абай, мейлінше сабырлы болайық, қызбалыққа салынбайық, әйтпесе, арты шу болып кетуі мүмкін деп, кез келген бассыздықты жуып-шайып, өзін-өзі алдау. Сол себепті осы күнге дейінгі көптеген ұлтаралық қақтығыстар "таза тұрмыстық" сипаты бар делініп, асқан интернационалистік мінез танытылып келеді. Божколардың бетпақтануы да осының бір салдары.

Үшіншіден, басқа ұлттарды қайдам, дәл осы орыс тілділерге келгенде, ресейлік фактор ойнап кететніні де ешкімге жасырын емес. Осындай сәтте біздің билік қатты сөйлеп, Божконың "нацистік" деңгейде арандатуына қатаң баға беріп, осы масқараны әлемге аян етсе, солтүстік жақтан қатқыл дауыс естіліп қалуы мүмкін. Біздің биліктің мәселені тиісті деңгейге көтермей, барлық жайтты бір адам мен полицияға аудара салуының бір себебі де осы деп ойлаймын.

Иә, кешірім сұратты. Бірақ өзі туралы анекдотты өзі шығарып, өзі айтуды ыңғайсыз санамайтын бір ежелгі халық айтқандай, "осадок-то остался"...

Тағы бір өкініштісі сол: Божко қазақтың намысына тиісіп жатқанда, Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің үнсіз қалуы. Яғни, қазақтың адвокаты тек қана қазақ болып тұр.

Иә, кейбір басқа ұлт өкілдері жақсы пікір айтып та жатыр. Бірақ олар некен-саяқ.

"Ассамблея қайда?", - деп сұрамай-ақ қояйын.

Не істеу керек?

Ендігі жерде ешкім қазақ халқына тіл тигізбейтіндей сабақ болуы үшін бұл оңбағанды сотқа тартып, нақты жаза беру керек! Прецедент керек!

Әміржан Қосанның жазбасы

Abai.kz

6 пікір