Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 2805 3 пікір 22 Қыркүйек, 2020 сағат 14:21

Реформа жайлы бір ой...

Жалпы кез келген реформа "құримын-ау осы" деген ішкі сезім пайда болғанда жасалады. Қарапайым адам да, қоғам да, мемлекет те тура осыған қарайды. Айырмашылық жоқ.

Қарапайым адамға 35-тен асқан сәтте әлі отбасын құрмай жүрсе, "уақыт өтіп барады, үйлі болып, сәби сүйейін" деген сынды ой келуі мүмкін. Немесе бір зиянды әдетіне қатысты "ұзақ жыл шылым шектім, енді тоқтамасам қос өкпем өкпелеп қалар" деген кәлләсында ой жылт етеді. Әрине санасы дұрыс адамдарда.

Сөйтіп адам өзінің жеке өміріне қатысты реформа жасай бастайды. Үйленеді, шылымды тастап, спортпен айналысуы мүмкін. Егер ол дер кезінде ондай қадамдарға барып, өзіне реформа жасамаса, онда 35-тен асқан соң үйленбей салпақтап жүре берсе (денсаулығына қатысты болса әңгіме басқа), өмір бойы бойдақ болуы мүмкін. Шылымды тастамаса, өмірінің соңында күрк-күрк жөтеліп, Marlboro компаниясын жеті атасына дейін балағаттап, о дүниеге кетіп қалуы да ғажап емес. Барлығы да жеке өмірінде дер кезінде реформа жасамағандықтан.

Ал енді мемлекет қандай жағдайда реформа жасайды? Тура 35 жастағы бойдақтың немесе ұзақ жылдар шылым шеккен жанның жағдайында. Яғни "өзгермесек жағдай қиын" деген ақпарат миында пайда болғанда. Мемлекеттің жағдайында оның миы үкімет, парламент, қысқаша айтқанда саяси институттар.

Қазақ халқы бір мәрте реформа жасап тірі қалып, бір мәрте жасап үлгермей қырылып қалған халық(деп ойлаймын). 16-17-ғасырға дейін көп жағдайда біздің ақсүйектер киіз үйді жылжымалы арбалардың үстіне қойып, солай қозғалуды құп көрді. Өйткені көршілес ұлттардың басым бөлігі отырықшы, ал көшпелі ұлттар бізге айтарлықтай қауіп төндіре қоймады. Дегенмен 17-ғасырдан бастап жоңғар және қалмақ шапқыншылығы артқан сәтте, біз ол көшу образын өзгерттік. Ендігі таңда біз жылжымалы арба үстіндегі киіз үйлерді жинамалы киіз үйлерге ауыстырдық. Ол жау шапса жылдам қашуға, уақыт ұтуға көмектесті. Осылайша реформа жасап, біраз халық тірі қалды.

Ал ХХ ғасырдың 30-жылдары бізге жасалған коммунистік режимнің геноцидінен қырылып қалдық. Әрине қасақана жасалған қырғыннан аман шыққанымыздың өзі таңғажайып дүние. Дегенмен кейде "мал шаруашылығымен қатар, өзге де бірнеше кәсіпті жақсы меңгергенімізде соншалықты көп қырылмас па едік" деген ой келеді. Мүмкін қателесермін.

Қазір саяси реформа жасауға талпыныс бар. Теледидарды қосып қалсақ саясаттанушылар осы тақырыпта айтып отырады, интернетті ашсаң да, радио даусын көтерсең де осы. Саяси реформа, өзгеріс . Дегенмен бұл шынайы реформа бола ма, әлде реформа үшін реформа ма? Оны уақыт көрсетеді. Ішкі түйсігім "расымен біздің билік жылжымалы киіз үйді құрамалы киіз үйге ауыстырып үлгермесе, онда мына елден талай талант кетіп қалады-ау" дейді. Келіспеуге, мәдениетті түрде комментте сынауға құқылысыз.

Асхат Қасенғалидың жазбасы

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1564
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2260
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3539