Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 3655 5 пікір 22 Қыркүйек, 2020 сағат 11:47

Том Волкер мен Әзәзіл

Вашингтон Ирвинг

(1783-1859)

Массачусетсте, Бостоннан таяқ тастам жерде терең сулы шығанақ кездеседі, Чарлз-Бейден құрлық ішіне бірнеше мильдей сұғынып жатқан шығанақтың аяғы қалың жынысты ми батпаққа айналады.

Шығанақтың бір жағы қалың өскен әдемі тоғай да, екінші жағында жер су бетінен күрт көтеріліп биік жарқабақты түзеді. Жота үстінде замандар болған, ерепайсыз алып бірнеше түп емен ағаштары шашырай өскен. Аңыздарға сенер болсақ, сол алып ағаштардың бірінің түбіне Қарақшы Кидд қисапсыз қазына көмген-мыс. Қазына салынған қайықпен байқатпай шығанақ суымен жылыстай жүзген адамға қас қарая жарқабақтың дәл түбіне жетіп алуға болады. Биік төбе жақын маңда жүрген ешкімнің жоқ екеніне көз жекізуге таптырмайтын жер. Өз кезегінде, көзге бірден түсетін алып ағаштар көмбені адаспай тауып алуға арнап қойылған белгі іспетті. Аңыздардың тағы бір қосары, қазынаны жасыруға әзәзілдің өзі қол ұшын беріп, қазынаның амандығын өз мойнына алған көрінеді. Иә, басқаша қалай болсын, жасырын қазынаны тыққыштайтын ежелден әдеті емес пе, әсіресе, ол қазына арам жолмен келсе. Қазынанасын алуға Кидд қайтып оралмады. Бостонда қолға түсе салысымен оны бірден Англияға жөнелтеді. Сол жақта қарақшылығы үшін дарға асады.

Шамамен 1721 жылы, дәл Жаңа Англияда жердүмпулері өршіп тұрған кезде, сол маңға жақын жерде Том Воркер деген өзі кедей, өзі қарау адам тұрады. Өзі құсаған әйелі де асқан қарау болыпты. Олардың дүниеқоңыздығы сонша тіпті бір-бірін сазға отырғызудан тайынбайтын. Әйелі қолына түскенді күйеуінен жасырса, күйеуі әйелінің тыққан дүниесін табам деумен діңкесі құрыпты. Үнемі дерлік нені ортақ мүлікке жатқызарларын білмей қызыл шеке боп төбелесіп жатады екен. Олардың тұрған үйі айдаладағы жалғыз отау, оның да әбден қаңғырығы түтеген. Үйге жақын бірнеше түп қарағай өскен. Муржасынан өмірі түтін көтерілген емес. Есік қағып келген жолаушы да жоқ. Жалғыз-ақ, маңайда сенделіп жалғыз ат жүреді. Қожыр тасты жабуға шамасы зорға жететін мүктің жұқа жабындысы атты аштық азабына одан әрі батыра түседі.

Үйдің де, үй ішіндегілердің де төңірекке түгел аты шығып үлгерген. Томның әйелі ұзын бойлы, мінезі шалт адуынды, тілі ащы, қолы қарулы кісі. Ұрыс-керіс бола қалса, әйелінің даусы күйеуінікінен оза шығады. Күйеуінің жүзінен кейде кикілжіңнің сөзбен ғана бітпейтіні аңғарылып тұратын. Әйтеуір, дәті жетіп ешкім орталарына түспейтін.

Бірде жолы түсіп Том Волкер көрші аймақтың алыс бір түкпіріне жолаушылап барады. Қайтарында төте жолды жөн деп тауып, батпақы тоғаймен жүреді. Барлық төте жолдар сияқты, бұл да сәтсіз таңдалған жол еді. Батпақ қарауытқан алып қарағайлар мен убалдырғанның қалың жынысы болатын. Кейбірінің бойы тоқтан фудқа жетеді. Күндіздің өзінде қара барқын тартып қараңғыланып тұрады. Содан болар төңіректің бүкіл үкілері осында жиналған. Тоғайдың іші толған ор мен тартпа құй. Бетін балдыр мен мүк жартылай жауып жататындықтан, жасыл жамылғысына алданған жолаушы қара жылым мен құйға оп-оңай арандайды. Мұнда қарайған ұйық сулар да ұшырасады. Ұсақ бақалар мен сужыланның нағыз ордасы. Құлаған қарағайлар мен самырсындардың суға жартылай шөгіп, шіріген діңдері батпақта ұйықтап жатқан қолтырауындардан аумайды.

Том аяғын аңди басып осынау қайырсыз тоғаймен келе жатқанына бір талай уақыт болған. Кейде жүрісі қиындап бір аттап, бір тоқтаса, кейде үзыннан сұлап жатқан ағаш діңдерінің үстімен мысықша ептілікке сап өте шығады. Енді бірде дәл ұрымтал тұстан қайта-қайта оқыс ұшқан жабайы үйректің барылы мен әупілдектің ащы үнінен селт етіп тоқтай қалады. Ақыр соңында, шалшықты судың кең айдынына аралша сұғына кірген құрғақ жерге кеп ілінді. Кезінде бұл жер үндістердің алғашқы отарлаушыларға қарсы пайдаланған бекінісі болған. Осы жерде олар қамалға ұқсайтын құрылыс тұрғызады. Жау аяғы жете қоймайтын қауіпсіз жер саналғандықтан, әйелдері мен балаларын да осында ұстаған. Қазір ол бекіністен ештеңе қалмаған. Тек жермен жексен боп шөккен бір-екі үйінді болмаса. Оның өзінде де, әр жерінен емен мен өзге де орман ағаштары жыпырлай өсіп көрсетпейді. Олардың жапырақтары батпақты шалшықағы қарақошқыл қарағай мен самырсындарға өзінше жағымды түс береді.

Том Волкер ескі бекініске келіп жеткенде кештің бір уағы болып қалған. Демін басу үшін осында біраз аялдамақ болады. Басқа біреу болса мұндай құдай атқан сүреңсіз жерде бір минут та аялдамас еді. Өйткені жұрт арасында бұл жер туралы тараған дақпырт көп. Үндістер соғысы заманынан жеткен аңыздар сан-санақсыз. Керек десеңіз, жабайылар осында қандықасап жасап, зұлым руыхқа арнап құрбандық шалған деседі.

Қалай десек те, Том Волкер мұндай әңгімеден қорқып, айылын жиятын адам емес. Сөйтіп, құлап жатқан самырсынның үстіне жайғасып алып, біразға дейін отырды. Құрбақаның тынымсыз құрылына құлақ түріп, таяғымен аяғының астындағы үйілген қара топырақты шұқлап отыра берді. Аңдаусызда қопарылған топырақпен таяғы қатты бір затқа тигендей болды.  Әлгі затты қуыс-қуысына толып алған қара топырағынан арылтып еді, алдында төбесінен қақ айрылып, қауашағында үнді балтасы қалып қойған адамның бас сүйегі жатты. Балтадағы татқа қарап осынау өлім соққысынан бері талай заман артта қалғанын байқауға болатын.

"Ім" - , деді Том, топырақты түсірмек болып басты сілкіп қалып.

"Тиме басқа!" - деді, әлдебір дөрекі дауыс. Том басын жұлып алып қараса, қарсы алдындағы қураған томардың үстінде қара киімді еңгезердей бір адам отыр екен. Жаңа ғана мұнда ешкім жоқ еді, Том қайран қалды. Әсіресе, бейтаныстың не негр не үндіс емесін байқағанда тіптен есі шықты. Шынында да, киім киісі сөлекет, жартылай үндісше киінген, белін қызыл белдікпен әлде баумен қапсыра буып алған. Өңі қараға да, қызыл қоңырға да жатпайды. Есесіне, әбден тотығып, қарақұрым болып күлбеттенген. Тап бір өмір бойы отпен алысқан темірші ме дерсің. Бәрінен де бүкіл жағына жайылып түсіп тұрған ербиген қара шашын көргенде кәдімгідей абдырап қалды. Ол аздай бейтаныстың иығына асқан айбалтасы бар.

Тостағандай қызыл көздерімен Томға түксие қарап отыр.

"Менің меншігімде не іздеп жүрсің?" - деп сұрады қауып алардай қарлыққан дауыспен.

"Менің меншігім?!" деп мырс етті Том. "Сенікі түгіл, бұл жер менікі де емес. Бұл дьякон Пибодидің жері."

"Жер жұтсын сенің дьякон Пибодиіңді" - деді бейтаныс.-  Жұтқанда да оңдырмай жұтады, егер өз күнәін санаудың орнына көршілеріне соқтыққанын қоймаса. Көр әне, дьякон Пибодиді не хал күтіп тұрғанын содан біле бер.

Том бейтаныс нұсқаған жаққа қарап еді, көзіне алып бір ағаш түсті. Ағаш берік, әдемі көрінгенімен, діңінің іші шіріп біткен. Құлаудың аз-ақ алдында тұр. Алғашқы соққан қатты желден аман қалмасы анық. Ал ағаштың қабығына дякон Пибодидің аты ойылып жазылыпты. Бұл өзі үндістермен пайдалы сауда жасасып байыған, осы төңірекке аты мағлұм адам. Сөйтсе енді байқады, айналадағы ең биік деген ағаштарға колониядағы атақты адамдардың аты түгел жазылған екен. Өзі бағанадан бері отырған, құлағанына көп те болмаған астындағы ағаштың қабығына Кроуниншилд деген біреудің аты ойылыпты. Тау төбе байлығының қарақшылық жолмен келгені жайлы артына сыбыс ерген осындай бір дәулетті адамның бары есіне сап ете қалды..

- Тамызыққа жарыдым, - деді қара киімді қарлыққан дауыспен масаттана. - Негізі, қысқа отын қорын мол етіп жиғанды жаным сүйеді.

-  Бірақ, қандай қақыңыз бар, - деп шыр етті Том, - дьякон Пибодиға тиесілі тоғайды отауға?

- Қақым болғанда қандай, - деді анау да. - Сенің қуқыл-бет туыстарыңның бұл жерге табаны тимей тұрған замандардан бері бұл орман менің меншігімде.

- Құдай үшін, кім екеніңізді сұрауыма бола ма?

- Пәлі, мені кім деп атамады. Бір жерлерде түз тағысы қорықшы атансам, енді бір жерде қарасұр кенші атандым. Ал осы төңіректегілерге қара киімді орманшы деген атпен белгілімін. Бір кезде үндістер бұл жерді маған арнап киелі жер тұтты, менің құрметіме ақ тәнді адамды отқа қақтап, иіс шығарып әлсін-әлі  құрбандық шалып тұратын. Кейін сенің қу бет туыстарың үндістерді қырып-жойып тауысқан соң, Квакерлер мен Анабаптистерді қудалаушылғарға жанымды сала қол ұшын бердім. Құл саудалаушылардың қорғап-қоршаушысымын, сейлемдік сыйқыршылардың данагөй ұстазымын.

- Егер қателеспесем, - деді Том. - Сіздің жұрт қойған атыңыз кәдуелгі кәрі шайтан емес пе.

- Әміріңе құлдық, дәл өзімін, - деп жауап қатты қара киімді, сәл ізетпен иіліп.

Жұрттың айтуынша, екеуінің арасындағы таныстық осылай басталыпты. Әрине, жыныс орманның иен түкпірінде бейсауат жүрген бейнемен ұшырасар болса кімнің болса да жаны мұрнының ұшына келері даусыз еді. Бірақ, Том анау-мынауға селк ететін, жүйкесі әлсіз адамнан емес еді. Енді қалай, аюдай ақырған әйелмен талай жыл отасқан адамға жай бір әзәзіл сөз болып па, тәйірі!

Айтуға қарағанда, осы таныстықтарынан кейін Том үйіне қайтпақ болып, екеуі жол-жөнекей ұзақ та салмақты бір әңгінің тиегін ағытыпты. Қара киімді оған батпақты шалшықтан сәл жүргенде биік жарқабақтың үстіндегі емен ағаштарының түбіне қарақшы Кидд көміп қалдырған қисапсыз қазына туралы да айтыпты. Қазынаның бүкіл құзыреті мен күзеті өз қолында тұрғандықтан бұның жан қалауын орындаған адам ғана қазынаға ие болады-мыс. Сөйтіп, егер қойған шартына келіссе, қазынаны Том Волкердің алдына әкеп үймек көрінеді. Нақты қандай шарт қойылғанын жобалап болса да білуге болатын шығар, бірақ Том бұл туралы жұртқа тіс жармапты. Әйтеуір қойған шарттары ауыр болса керек, ойлануға біраз уақыт сұраған. Бірақ, келіп тұрған пайдадан қашатын Том болсын ба. Шалшықтың шығар тұсына жеткенде бейтаныс кілт тоқтай қалыпты.

- Маған айтқандарыңның шын екеніне қандай кепіл бар? - деп сұрапты Том.

- Міне, менің қолтаңбам. - депті қаракиімді Томның маңдайына бармағын баса қалып.

Соны айтыпты да, шалшықтың қалың жынысына бұрылып жүре беріпті. Томның өзінің айтуынша, қаракиімді жүріп бара жатып жерге біртіндеп сіңіп кіре беріпті. Бір уақытта иығы мен басы ғана көрініп, соңынан біржола ғайып болыпты.

Үйіне жеткен Том маңдайындағы бармақтан қалған қара таңбаның шоқтай қарып бара жатқанын және оны ешнәрсенің күшімен жоғалта алмайтынын байқайды.

Әйелінің бірінші боп айтқаны бай қарақшы Абсалом Кроуниншилдтың тұтқиыл қазасы болды. "Израилде ұлы адам жан тапсырды" деген тақырыппен әдеттегідей газеттер жарыса жазған.

Томның есіне қаракиімді досының қысқы отынға деп құлатқан  әлгі бір ағаш түседі. Бүгінгі көргендері мен естігендерінің бұлдыр елес емес екенін сонда барып біледі.

Әдетте Том әйеліне сырын сеніп аша бермейтін. Бірақ бұл жолғы құпияның жөні бөлек болғандықтан, әйеліне қуана-қуана айтты. Жасырулы қазына барын естісімен-ақ әйелінің бүкіл дүниелік нәпсісі қозып шыға кепті. Керек десеңіз, өмірлеріне жетерлік қазынаны тегін бергелі тұрған қаракиімдінің қойған шартына келіс деп күйеуін "бол-болдың" астына алады. Негізі Том өзін шайтанға сатуға іштей дайындап та қойған, бірақ, әйеліне бұлай есе жіберуді жөн деп санамады да, ішкі қалауына қайшы болса да, бірден бас тартты. Бұдан соң ұрыс-керістің қандай түрі болмады десеңізші. Бірақ, әйелі жер-жебіріне жеткен сайын, Том қанын ішіне тартып сазарып отырып алады.

Ақырында, әйелі өз есебінен саудаласып қайтуға бекиді. Жолы болып жатса, тапқандарын түгел өзі иемденбек. Күйеуі сияқты қорқыныш сезімінен жұрдай ол жаздың қоңыр кешін бетке алып, үндістер бекінісі қайдасың деп тартып отырады. Арада талай сағат өткен соң, екі иіні салбырап, өңі өрт сөндіргендей түнеріп оралады. Жауаптары келте. Бар айтқаны, Қаракиімдіні қас қарая биік бір ағаштың тамырын балталап жатқан жерінен жолықтырыпты. Қабағы қатулы болса керек, әйтеуір, келісімге келе алмай қайтқан. Сондықтан көңілінен шығатын ұсыныспен қайта бармақ. Бірақ, оның қандай ұсыныс екенін ашып айтуға құлық танытпапты.

Келесі күні таңертең әлдебір ауыр зат түйілген алжапқышы бар әйелі батпақты шалшыққа қарай тағы да жолға шығады. Том әйелін сол күткеннен мол күтеді. Бірақ келе қойған әйелі болмапты. Түн болады, сонда да әйелінің қарасы көрінбепті. Таң атады, түс болады, тағы да күн батады, әйелі сонда да жоқ. Әйелін ойлап Том тықырши бастайды. Әсіресе, оның қымбат бағалы күміс шәйнек пен қасықтарды шалғышына түйіп алып кеткенін білгенде іші удай ашыды. Қанатын жайып түн келді. Тағы да таң атты. Әйелі әлі жоқ. Қысқасы, әйелі сол кеткеннен қайтып оралмапты.

Оның одан кейінгі тағдыры не болғанын ешкім білмейді. Небір білгіштер өздерінше тон пішіп, сан-саққа жүгіртумен болыпты. Солардың кейбіреулері оны батпақты шалшықтың иыр-шиыр жымында адасып, тартпа құй мен жылымның біріне батып өлген деп бой бермесе, басқа біреулер оны үйдегі бағалы заттарды жымқырып алып, өзге бір аймаққа тайып тұрған деседі. Бәзбіреулер болса кейінірек оның баскиімі табылатын батпақты тоғайдың қараңғы түкпіріне аздырғыш әзәзіл әдейі алдап апарған деп көргендей ғып соғады. Бұған дәлел, дәл сол күні кешқұрым иығына асынған айбалтасы бар, қолына түюлі алжапқыш ұстаған еңгезердей қаракиімді адамның батпақты шалшықтан масайрай басып шығып келе жатқанын көргендер болыпты.

Осылардың бәрінен көп айтылып, көп тараған тағы бір нұсқада, әйелі мен бағалы мүлкіне алаңдаған Том Волкер ақыры шыдап отыра алмай екеуін де іздеп қайтпақ болып Үндістер бекінісіне жол тартыпты-мыс. Жаздың сарылған ұзақ кешінде қарауытқан орман ішін қанша кезсе де, әйелі байғұсты таба алмапты. Атын атап шақырыпты, одан да жауап болмапты. Жалғыз-ақ, оның дауысымен жарыса шыққан әупілдектің әупілі мен шалшықты судағы бақаның құрылы ғана  естіліпті. Ақырында, үкілер уілдеп, жарқанаттар жалпылдап ұша бастаған қызыл іңірдің алдында кипарис ағашының төбесін айналып ұшып жүрген қарғалардың қарқылы оқыс назарын аударыпты. Басын көтеріп қеп қалса, ағаш бұтағында салбырап тұрған түюлі алжапқышты көреді. Қазынасын қорығандай үстіне қарқарадай қара құзғын жалпиып қонып алған. Әйелінің алжапқышын көрген жерден жазбай таныған Том алақайлап  жібереді. Түйіншектің ішіндегі қалай да үйден жымқырған бағалы бұйымдар екенінде шүбә жоқ.

- Әуелі түйіншекті қолға түсірейік, - деді Том өз-өзіне. - Ал, әйел шіркініз де бірдеңе етіп күн көрерміз.

Том ағашқа өрмелей берем дегенде, құзғын ұзын қанатын жайып жіберіп, шаңқ етті де орманның қою қара көлеңкесіне сіңіп жоқ болды. Том түйіншекті шап берді. Ашса, алжапқышта адамның жүрегі мен бауырынан басқа дәнеңе жоқ екен.

Осылайша, көнеден жеткен ең сенімді дерекке сенсек, Томның әйелінен бар қалғаны осы болыпты. Шамасы, күйеуіне бет бақтырмайтын мінезін Қаракиімдіге де байқап көрсе керек. Әйтеуір соңына дейін беріспегені анық. Өйткені, Том ағаш түбінен жерге тереңдеп сіңген ашатұяқтың іздері мен уыс-уыс боп шашылған шаты байқайды. Шамасы бұл қаракиімді орманшының аяусыз жұлынған шаштары болса керек. Әйелінің қайтпайтын сыңар езулігін өз басынан білетін Том алысып-жұлысушылардан қалған белгілерге қарап тұрды да "ал, керек болса" деп иығын қопаң еткізді. "Кәрі сайтан көресін көрген-ақ екен!"

Әйелінен құтылғанына қуанған Том жоғалған мүлкіне аса қайғыра қойған жоқ, еркекке одан артық не керек. Тіпті, өзіне жақсылығы тиген орманшыға әлдеқандай қарыздар болып қалғандай көрінді. Онымен таныстығын бекіте үспек боп біраз уақ әуреленіп көріп еді, біразға дейін онысынан нәтиже шықпады.

Айтуға қарағанда, шаруа кешеуілдеген сайын тағаты таусылған Том, әйтеуір уәделі қазынаны алса болды, нені де болса істеуге әзір болыпты. Бір күні кешқұрым үстіне әдеттегідей орманшының кииімін киген, иығына айбалтасын асынып, әлде бір әуенді ыңылдап, шалшықты батпақта сейілдеп жүрген Қаракиімдіні ұшыратады. Томның берген достық сәлемін немқұрайлы алған Қаракиімді бір-екі сөз қайырыпты да, әнін ыңылдаған күйі өз жөніне кете беріпті.

Әйтеуір, Том барын салып жүріп оны әңгімеге көндіреді. Сөйтіп екеуі Қаракиімді берем деп уағда еткен қазынаның шарты туралы ұзақ дауласады. Соның ішінде бір шартқа Қаракиімдді әсіресе қасарысып көп отырыпты. Оның айтуынша, бұл тауып берген қазына өзі көрсеткен кәсіпке ғана жумсалуы керек. Яғни, Томға ақшаны құлсаудасына салу керек екенін айтады. Ол үшін Томға кеме жабдықтау керек.  Бұған Том азар да безер болыпты, тіпті, көнбей қасарғаны сонша шайтанның өзі қалай азғырарын білмей мысы құрыпты.

Бұл мәселеде Томның тым секемшіл екенін байқаған ол, одан әрі қыстаған жоқ. Бірақ, оның есесіне өсімқор болатыны туралы талап қояды. Себебі, шайтанның жатса-тұрса ойлайтыны өсімқорлардың санын арттыру болғандықтан, оларға өз үмбетіндей жоғарыдан қарап отыратын.

Бұл жолы Том қарсы болған жоқ, себебі өзінің де іздегені сол еді.

- Келесі айда Бостоннан айырбас дүкенін ашасың. - деді Қаракиімді.

- Қаласаң, бүгін-ақ ашам. - Деп лепірді Том.

- Қарызды айына екі пайыздық өсіммен бересің.

- Құдай-ау, керек болса төрт пайызбен берем! - деді Том.

- Қарыз деп қақылдап, кепіл қағазын бетіне атып, саудагер біткенді тақырға отырғызамыз.

- Мен оларды тозақтың түбіне жіберем - деді Том айқайлап.

- Міне, мен іздеген өсімқор! - деді Қаракиімді, жүзі жайнап. - Ақша қашанға керек?

- Тап бүгін.

- Келістік.

- Келіссек, келістік - деді Том Волкер.

Екеуі солай қол алысып, келісімге келіпті.

Содан бірер күн өткенде жұрт Бостондағы айырбас дүкенінен Том Волкерді көреді.

Жанынан қашан болсын қолмақол ақша үзілмейтінін кешікпей бүкіл қала боп естиді. Губернатор Белчердің кезі көбінің есінде болар. Кредиттің заманы. Бүкіл ел мемлекеттік құнды қағаздардың тасқынында қалып, атақты Жершаруашылығы Банкінің құрылған кезі. Алыпсатарлық жаппай етек алып, бүкіл халық жаңа ашылған қоныстарға лап қойып жатты. Құлатүзде қалалар салынды. Орны қайда екені белгісіз Елдорадос картасындағы жерден жер алып қалмаққа сабылған жерөңдеушілерде есеп болмады. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл елді сүзектей жалмап алған алыпсатарлықтың шырқау шегіне жеткені соншалық, бәрінің ойы кенеттен байып шыға келу болды. Әдеттегідей, сүзек басылды, үміт ақталмады, қиялдаған байлық көзден бұлбұл ұшты. Жұрттың өзегінде өксік болып "Ауыр кезеңнің" ащы өкініші ғана қалды.

Дәл осы халықтың ауыр күйзеліске түскен оңтайлы сәтінде өсімқор болып Бостонға Том Волкер де жетті. Оның есігін қағып кімдер келмеді десеңізші. Шын тарыққандар мен еріккен авантюристтер, құмарға салынушылар мен қиялшыл жерөңдеушілер, шашылғыш саудагерлер мен қарыз қамытын киген көпестер. Қысқасы, ақша үшін нені де болса құрбан етуден тайынбайтындар айналып кеп Том Волкерді табатын болды.

Осылайша, өзін керек кезінде "достық көмегін" аямаған адам ретінде көрсеткен Том ақшаға мұқтаждардың айнымас досына айналды. Қарыз алушының басындағы жоқшылық қандай ауыр болса, Том ұсынған шарттар одан да ауыр еді. Ол өсім үстіне өсім қосты. Борышкерді соңғы сөліне дейін сығып алып, өзін ақырын есіктен шығарап салып отырды.

Осы жолмен ақша оған судай ағып келе берді, байыған үстіне байып, қаладағы атақты адамның бірі болды. Жұрт құсап ол да көрсеқызарлықпен зәулім етіп үй соқтырды, бірақ сараңдығы ұстап үйдің бір бөлігі бітпей, сол күйі жабдықталусыз қалып қойды. Бай-патшаларша астына күйме мінді, бірақ мінгені не керек, аттарды ылғи жемсіз аш қатыратын да, олар аяқтарын ілби басқанда майланбаған доңғалақтардан ыңыранып-қыңыранған дауыстар шығатын. Бейне бір борышкерлердің қиналғандағы дауыстары ма дерсің.

Уақыт өткен сайын Томды әсіресе өзінің алдағы күні көбірек толғандыра бастайды. Қара киімдімен жасасқан келісіміне іштей өкініп те жүрді. Мойнына алған міндеттерінен біржола құтылу үшін жымысқы әрекетке көшпекке бекиді. Сөйтіп, ешкім ойламаған жерден, шіркеудің тұрақты мінәжатшысы болып шыға келеді. Құдайға шын берілгені сонша дұға кезінде дауысы бәрінен анық естілетін. Қарызға қандай қатал болса, дінде де сондай қатал болды. Ол сөзуар уағызшы ғана емес, жұрттың дүниауи тірлігінің қатал сыншысы да еді. Тіпті, Квакерлер мен Анабаптистерді қуғындау ісін қайта қолға алу керектігін де ашық айта беретін. Бір сөзбен айтқанда, байлығымен ғана емес, тақуалығымен де танымал бола түсті.

Бірақ, риясыз діндарлыққа қанша ден қойғанымен, жүрек түкпірінде әзәзіл қалай да бір келеді-ау деген қорқыныш бұғып жататын. Содан болар, сүртігінің қалтасына салған алақандай ғана інжілді қайда барса да жанынан тастамай алып жүретін. Айырбас дүкеніндегі үстелінің үстінде қалыңды бес елі болатын тағы бір үлкен інжіл жататын, жұрт шаруамен келе қалса, ол шұқшиып соны оқып отыратын. Келген жерінен жаңылмас үшін оқыған бетіне жасыл көзілдірігін қоятын да, сосын барып тұтынушысына бұрылып, өсімнің шарттарын тәптештей жөнелетін.

Өмірінің соңғы жылдарына қарай Том аздап ақылынан адаса бастапты деседі. Әлде қайдан бір тықыр таянып келе жатқандай, атын жаңадан тағалап, ер-тұрманын сайлап, жүгендеулі күйі ұстайтын болыпты. Ондағысы, әлде қандай бір күн туа қалса, тез қимылдау үшін аттың сақадай сай тұрғаны жақсы-мыс. Бұнысы енді марқұм әйелінен түйген ғибраты болар. Егер оның шынымен осындай сақтық жасағаны рас болса, онда онысы құр арамтер болғаны. Бізге жеткен ескі аңыз-әңгімеге қарағанда оның соңғы тағдыры төмендегі оқиғалармен аяқталса керек.

Көкжиектен көтерілген найзағайлы қою қара бұлт аспан төсін торлай бастаған, жаздың шіліңгір сәскесінде, басына ақ кендір қалпақ, үстіне үнді жібегінен тігілген жеңіл қалет киген Том айырбас дүкенінде отырған. Осы жаңа ғана, кезінде өзі достықтың биік үлгісін көрсетіп жағатсыған бағы тайған жерөңдеушіні қайтып тұрмастай етіп күйретуі мүмкін қарыз өндіру деп аталатын істі қолға алғалы жатқан. Байғұс жерөңдеуші болса тағы бірер ай мұрсат бер деп жалынып-жалбарынумен әлек. Бұнысын жаратпай тыжырынған Том бұдан ары уақыт бермейтінін кесіп айтты.

- Отбасым ойран болады ғой. - деп зар қақты жерөңдеуші.

- Әркімнің өз есебі өзінде. - деп жауап берді Том. - Мынандай қиын уақытта мен де өз қамымды күйіттеуім керек.

- Менің арқамда күректеп ақша тапқан жоқсың ба! - деді борышкер.

Ашу қысқан Том тақуалығын мүлде ұмытып, - Шайтан алсын шыбын жанымды! - деп айқай салды. - Егер соныңнан бір тиын пайда көрсем.

Сол-ақ екен, әлдекім есікті дүрсілдетіп үш рет қандай болды. Кім келгенін білмек боп Том есікті ашады. Ашса, сүліктей қара ат жетектеген баяғы Қаракиімді екен. Жетегіндегі ат ауыздығымен алысып, жер тарпиды.

- Том, саған келдім. - деп гүр етті қаракиімді.

Том артына жалт берді, бірақ тым кеш еді. Кішкентай інжіл сүртігінің қалтасында қалып кеткен, үлкені болса үстел үстіндегі әлгінде өзі қарап отырған қағаздардың асытнда жатыр. Жер бетіндегі ешбір күнәһар дәл Том құсап шалыс баспаған шығар. Қаракиімді оны балаша жерден іліп алып ерге қондырды да, атты қамшымен салып кеп жібергенде, тыпыршыған ат Томды үстіне мінгізген күйі, дауылды күнді қақ жарып жөнеп берді. Клерктер қаламсаптарын құлақтарына қыстыра салып, Томды көріп қалмаққа терезеге кеп жабысты. Том сол шапқан күйі көшелерді тасырлатып, басындағы ақ қалпағы қопаңдап, қалеті желмен желкілдеп, тастақ жолмен шапқан сайын атының тұяғынан от шашырап көз ұшынан ұзай берді. Клерктер енді қаракиімдіні іздеп сол тұрған жаққа бұрылып еді, тұрған жерінде жер жұтқандай жоқ болып шығыпты.

Том Волкерге қарызды өндіріп алу ісін аяқтау сол беті бұйырмады. Батпақты шалшықтың дәл іргесінде тұратын фермердің айтуынша, найзағай ойнап, күн күркіреп тұрған дәл сол күні жол жақтан құйғыта шапқан аттың дүрсілі мен айқайлаған дауысты естіп терезеден қарапты. Ол да дәл мен жоғарыда суреттеген адамды көрген. Салтатты құтырына шауып алқапты кесіп өтіп, қырат басына шығыпты да, сол жерден құлдилаған беті үндістер бекінісі жақтағы қалың қарағайлы сазға кіріп, жоқ болыпты. Арада бірер сәт өтер-өтпесте сол маңға найзағай түсіпті де, бүкіл тоғай жалынға ораныпты.

Алғашқы қоныстану кезінен жын-пері, шайтанның сиқыры дегендерге еттері әбден үйреніп кеткен, жөп-шөңкі нәрсеге селт ете қоймайтын   Бостонның мейірімді тұрғындары бастарын шайқап, иықтарын қопаң еткізді де қойды. Томның артында қалған дүние-мүліктің есебін алу үшін сенімді адамдар тағайындалғанмен, тіркеуге аларлықтай ілікке жарайтын ештеңе табылмапты. Сандықтарын ашып қараған екен, келісімшарттар мен кепіл хаттардың жанып біткен күлі ғана шығыпты. Алтын мен күмістің орнына темір сандықшадан шыққаны қопырсыған ағаш жоңқалары ғана. Атқорадан көтерем болған екі аттың қаңқасы табылған. Дәл сол күннің ертесінде Томның зәулім үйіне аяқастынан өрт кетіп, үй тып-типыл жанып кетіпті.

Сөйтіп, Том Волкердің өзі де, оның арам жолмен жиған байлығы да зым-зия болыпты. Пайдакүнем өсімқор біткеннің бәріне бұл оқиға сабақ болғай. Оқиғаның шын болғандығы шүбәсіз ақиқат. Кидтің қазынасының қазылған орны емен ағаштарының түбінде күні бүгінге дейін сайрап жатыр. Дауылды түндері батпақты тоғай мен үндістер бекінісі жақтан басында ақ кендір қалпақ, үстінде жеңіл халаты бар салтатты жиі қара көрсетіп тұрады екен. Бұл біздің өсімқордың беймаза рухы екені кәміл. Тағы бір айта кететіні, бұл әңгіме жүре келе тәмсілге айналып, "Том Волкер мен Әзәзіл" - бүкіл Жаңа Англия жаппай қолданатын сөздің мәтеліне айналыпты.

Ағылшын тілінен аударған Нағыз Қапшықбайұлы

Abai.kz

5 пікір