Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ой түрткі 2744 0 пікір 22 Қыркүйек, 2020 сағат 11:39

Ұлылардың тағдырын емес, қасиетін қайталасын дейік...

Мені қазақ жұртына кеңінен танымал эстрада жұлдызы Жазира Байырбекованың телеарналарға берген бір сұхбаты еріксіз ойландырды. Ол өзінің кішкентайының тұсауын атақ-даңқы жоқ, тыныш өмір сүріп жатқан қарапайым адамға кестіргісі келетінін айтты. «Неге?» деген сұраққа берген жауабы: «Атақты, танымал тұлғалардың қайсыбірі бақытты дейсіз? Олардың өмірі қиындыққа толы, үнемі қарбалас күреспен өткен» деді.

Бір қарағанда қисынды сияқты. Қоғам ішінде тыныш, ешқандай атақ-даңқсыз да өз несібесін бұйырғанынша жеп, ешкімге қақтықпай-соқтықпай өмір сүруге ықыласты адамдар көп. Бейбіт заманның бейбіт тіршілігін жасай бергісі келеді. Ал енді тек қана тұсау кесер емес, басқа да жас баланың болашағына әсер етеді-ау деген іс-шараларда адамдар танымал тұлғаларды атаудан қорқатын сияқты. Балаға атын қойса, тұсауын кестірсе, қандай да бір ырыммен танымал тұлғаларға жақындап кетсе, баламыз соған ұқсап, қиын өмірге, тағдыр талқысына түсіп қала ма деп ойлайды екен. Хош делік.

Алайда таяқтың екінші ұшы бар ғой. Дәл осындай бейбіт заманның орнап, ел іші емін-еркін өсіп өнуіне еңбек сіңірген, құр еңбек емес ау, қанын төккен, жанын берген тұлғалар болмаса, осы күнге жетер ме едік. Әркім өз жан тыныштығын ойлап, мысық құсап жылы пештің үстінде жата берсек мына өмір не болар еді?!.  Ғылыммен кім айналысады? Айға кім ұшады? Технологияны кім дамытады? Мәдениет, өркениет, өнер, білім, саясат дегеннен жұрдай болар едік қой. Кез келген танымал тұлғаны мысалға алып қарайықшы. 37-де атылып кеткен қазақ ұлтының қаймақтарын айталық. Ахмет Байтұрсынов қазақ тілінің әліпбиін жасап кетті. Бүкіл қазақ басымызды иіп, өмір бойы құрмет етеміз. Олар жайдан жай танымал болған жоқ. Елге қызмет еткеннен танымал болды. Білген адамға 37-де атылып кеткен саңлақтар елге қызмет еткендері үшін бақыттымыз деп өлді. Ал енді танымал тұлғалардың тағдырының ауыр болатыны - атақ-даңқ жүрген жерде сатқындардың да жүретіні салдарынан. Сол тұлғаның жанында көлеңкедей қалмай жүрген бейбақтар өз пайдасын, пендешілік ойын, жеке басының мүддесін көздеп сатқындыққа баратындығынан биік тұлғалар зардап шегеді. Әрбір елге қызмет қылатын адамның өмірінде қиындықтар кездесетіні анық, олармен күресу - күшті адамның белгісі. Егер қиындықтармен күреспесек, санамызды оятпасақ, елдің дамуына титтей де болса ықпал етпесек, онда семірту үшін бағылатын малдан артықшылығымыз жоқ қой.

Әрбір ана баласын тыныш қана өмір сүретін «марғау мысық» болсын демесе, ұл-қыздарының елге қызмет қылуға жарайтын тұлға болуынан қорықпауы керек. Олардың қадамдары ел ішінде абыройы бар тұлғаларға ұқсас болуынан шошуға тиіс емес. Қайта қиындықты жеңе білетін жігері болуына, еркін сана биігіне шығуына тілектес болуға тиіспіз. Жас, өсіп келе жатқан ұрпақ атына лайық болуғы тырысуы керек. «Ұлымның атын Ахмет Байтұрсыновтың құрметіне Ахмет деп қойсам, оның тағдырын қайталасын деп емес, оның қасиетін қайталасын, елге риясыз қызмет етсін, ұлттың ұланы болып жемісін берсін. Ел менің ұлыммен мақтанатын ана болайын» деп ниет етер едім.

Ал бүгінгі таңда вирус сияқты таралып кеткен шалыс кеткен бір ниет бар «тып тыныш өмір сүрейік» деген. Өмір ешқашан тыныш болмайды, буырқанған ағыстың арыны сияқты тек алға жылжиды. Уақыттың еншісінде бұйығып ұйықтап қалмай, ғылымда, білімде, өркениетте, мәденетте, саясатта, өмірдің барлық саласында басқа елдерден қалып кетпеуге асығып, алға ұмтылуымыз керек. Ол бір адамның қолынан келмесі анық, тұтас ел болып соған ниет етуіміз керек. Ел іші сондайлық ұмтылысы бар ұрпақ өсіруіміз керек.

Ендеше, құрметті халайық! Танымал тұлғалардың тағдырын балаларымыз қайталап қалады деп қорықпаңыздар, қасиетін қайталайды деп үміт етіңіздер. Елге керегі де сол. Бір шаңырақта үні бұлбұл әнші қыз дүниеге кеп жатса, эстрадамыздың сүйікті жұлдызы Байырбекова Жазирадай елдің қуанышына қызмет етсін деп, әншіні тұсауын кестіруге шақырсаңыздар ешқандай айыбы жоқ.

Гүлжан Ізтай,

ақын, қаламгер

Abai.kz

0 пікір