Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
3077 5 пікір 21 Қыркүйек, 2020 сағат 13:07

Енді жемқорларға электронды «білезік» тағылады

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пара алғандарға  электрондық бақылау құралдары – «білезіктерді» пайдалануды бастады. Бұл туралы агенттік төрағасының цифрландыру мәселелері жөніндегі көмекшісі Аслан Құсайынов мәлімдеді. 

Құсайыновтың сөзінше, аталған тәжірибе алғаш рет Қарағанды қаласының мамандандырылған тергеу сотының шешімімен қылмыстық іс бойынша күдіктіге қатысты «үй қамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау кезінде қолданылған.

Агенттік бұл білезіктер арқылы күдіктілер мен айыпталушылардың орналасқан жерін тәулік бойы мониторингтеу және бақылау, күдіктілердің бұлтартпау шараларының шарттарын бұзу фактілеріне жедел әрекет етуге және олардың тергеуден және соттан жасырыну әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтады.

Құрылғы денеге тағылатын пассивті радиоэлектрондық білезік болып табылады (күдіктінің (айыпталушының) аяғына орнатылады). Онда корпусты рұқсатсыз алып тастауға және ашуға қарсы кіріктірілген бақылау жүйесі бар.

Білезіктің уыттылық деңгейі бойынша сәйкестік сертификаты және қажетті қауіпсіздік регламенттері бар, ал оның салмағы 80 граммды құрайды. Бұл бақылаудағы тұлғаның білезікті киюінің қолайсыз жағдайларын едәуір азайтады.

Оны алып тастау немесе оның тұтастығына қандай да бір түрде механикалық әсер ету әрекеті туралы дерек бас диспетчерлік пунктке және қылмыстық процесті сүйемелдеуге жауапты адамдарға келіп түседі.

Бақылаудағы тұлғаны тексеру қажет болған жағдайда жүйеде оның биометриялық деректерін тексеру функциясы көзделген.

Тергеудегі тұлғаларды бақылаудың өзі аумақтық бөлімшелердің қолжетімділігін қамтамасыз ете отыра, Агенттіктің орталық аппаратының ғимаратында орналасқан бас диспетчерлік орталық арқылы жүзеге асырылады.

Бұл ретте, жүйе әкімшісі батырманы басу арқылы жүйені сыртқы сипаттаманы (facial recognition technology) және объектінің дауысын тану үшін сұрау салуды автоматты түрде жіберуді іске қосады, содан кейін жүйе бұл туралы мүдделі тұлғаларды хабардар етеді.

Бақылаудағы тұлғаның рұқсат етілген периметрдің шегінен тыс шығуы қажет болған жағдайда (мысалы, қылмыстық қудалау органына келуі), әкімші жол жүру бағытын айқындайтын болады. Бұл объектінің тікелей қызмет орны бойынша қозғалу жағдайларына да қатысты.

Жабдық жиынтығына бақыланатын тұлғаның кез келген құқыққа қарсы әрекеттерін тіркейтін акселерометрмен және гироскоппен жабдықталған қорғалған станция (смартфон нысанында), электрондық білезік, радиомаяктар кіреді.

Күзетпен ұсталмаған адамдар үшін Заңмен белгіленген (ҚР ҚПК 137-бабы) шектеулер белгілейтін басқа бұлтартпау шараларымен (ешқайда кетпеу және тиісті емес мінез-құлық туралы қолхат, жеке кепілгерлік, кепіл және үй қамақ) салыстырғанда білезікпен тұлғаның картада ол баруға тыйым салынған қоғамдық және басқа да орындарды (әуежайлар, барлар және т.б.) айқындау мүмкіндігі бар периметрін белгілеу оңай.

«Жобаны қазақстандық компания жүзеге асырғанына, ал техникалық және бағдарламалық құрамдастардың ерекшеліктері халықаралық баламалардан кем түспейтініне назар аударамын»,-деді Құсайынов.

Abai.kz

5 пікір