Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 3691 7 пікір 21 Қыркүйек, 2020 сағат 12:12

Қой терісін жамылған қасқырлар

Оларды қалай анықтауға болады?

Жарты жылдан соң – парламент сайлауы. Бізде бір мандаттық округтер жоқ, сондықтан ол науқанға тек қана партиялар қатыса алады.

Қараңыз, соңғы күндері бұған дейін қалғып-мүлгіп келген партиясымақтар (соның ішінде парламентте отырғандар, оның құрамында жоқтар) «тіріле» бастаған сықылды.

Мәлімдемелері мен сөздеріне қарасаңыз, құдды бір оппозиция! Көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген мәселелерді көтереді-ақ.

Мұның бәрі - науқандық тірлік, сайлауалды тыраштану ғана екенін бәріміз де түсінеміз ғой.

Бірақ, «аңқау елге арамза молда» деген атеистік сипаттағы бір мәтел бар емес пе? Кей ағайын осы партиялардың осындай сөздеріне сеніп те қалып, қой терісін жамылған қасқырларды айыра алмай қалады. Оның үстіне электораттық кезеңде билік те ол партияларға БАҚ қолдауын көрсетіп, осы кездері телеэкран төріне шығарып қояды.

Меніңше, кімнің кім екенін, ол партиялардың билік емес, халық жағында екенін дөп басып, айна-қатесіз анықтап беретін қарапайым үш тест бар.

Біріншісі, сол партиялар Қазақстанның жаңаша тарихындағы ең резонансты оқиғалар тұсында қайда болды? Мәселен, «Шаңырақ» оқиғасы, Жаңаөзен қанды қырғыны, Жер митингілері кезінде не айтты, қандай баға берді? Елдегі саяси өлімдер, саяси астары бар соттар кезінде дауыс шығарды ма, нақақтан-нақақ айып тағылған демократиялық қозғалыс өкілдерін қорғады ма? Соған жауап берсін!

Екіншісі, билікке сын айтқан кезде олар елде қалыптасқан құбыжық саяси жүйені, соның ішінде, елбасы мен президенттің атын атай ма әлде өздеріне жақпаған бірді-екілі шендіні сынап-мінеп, көзге түскісі келе ме?

Үшіншісі, халықтың жағдайын одан сайын қиындатқан, елдегі авторитарлық режимді мейлінше күшейте түскен заңдар қабылданғанда ол партиялар (соның ішінде, парламентте отырғандары!) сол жобаларға қарсы шықты ма?

Міне, осы моральдық-саяси тесттен сүрінбей өте алған партиялар не тұлғалар ғана демократиялық күштер атынан сөйлей алады деп санаймын.

Әміржан Қосанның жазбасы

Abai.kz

7 пікір