Жұма, 19 Сәуір 2024
Әліпби 2256 3 пікір 20 Қыркүйек, 2020 сағат 13:10

«Й» және «у» дыбыстарына этимологиалық тұрғыдан үңілгенде

Тіл төңірегіндегі күңгірт ұғымдарды айқындап, сөздердің мағанасын дұрыс түсініп, дұрыс сөйлеп, дұрыс жазуда етимологиа бізге дұрыс бағдар сілтеп, жан – жақтылы мағлұматпен қамдай алады. Қазақ тіліндегі сөздердің байырғы тұлғасын зерттеуде көне Түрк бітік жазуларының алар орны орасан маңызды. Atalarmirasi.org сайтында «Көне Түрк бітік сөздігі» (төменде қысқартылып «Сөздік» делінеді) берілген екен, тіліміздегі сөздердің байырғы тұлғаларын зерттеуде осы сөздік барынша ес қатады.

/yadaγïn/ - жаяуы.

Кейбір шығармаларда өткен ғасырларда елмен бірге көшіп қонбай, қырда қалып «жатақ» деп аталғандар айтылады, бір жерде орнығып жатқан соң «жатақ» атаған шығар деп ойлаушы едік, енді міне «/yadaγïn/ - жаяуы»  тұлғасын салыстыра отырып, «жайау» сөзінің «йадағ» тұлғасынан өзгеріп келгенін, көшке ілесер көліктері жоқтығын меңзеп, «йадағ» - «жатақ» деп атағанын аңғарамыз.

/ igіti/ - асырай. 

/igіd/ - игі, жақсы.

/igіd/ сөзінің «йігіт» болып айтылу мүмкіндігіне қарай отырып, бұл сөздердің әзіргі тіліміздегі «жігіт» сөзінің келу қайнары екендігін аңғарамыз, яғни өзін әрі басқаларды «асырай» алатын адам «игі, жақсы» есептеліп, «жігіт» санатына қосылады. 

Қазақ жазуының Латын графикасына өту істері төңірегінде көптеген зерттеулер жүріп жатыр, «й» және «у» дыбыстары төңірегінде де талқылаулар болып жатыр. Дыбыстағанда  ауыз қуысынан кедергісіз шығатынына негізделіп, бұл екеуі дауысты дыбыс дейтіндер бар; сөз құрамында дауыссыз дыбыстың орнында тұратындығын ескеріп, дауыссыз дыбысқа жатқызатындар бар; осы екеуін де қамтып, бұлар жартылай дауысты болады дейтіндер де бар. Қазақ жазуы Латын әрібіне өтерден бұрын осындай мәселелердің басын ашып алмаса болмайды, бұл барыста және де этимологиаға жүгінген жөн. 

«Сөздіктегң» бітік жазуларымен әзіргі біраз сөздерімізді салыстырар болсақ:

«/adaq/ - айақ, /adïrïl/ - айырылу, /adγïr/ - айғыр, /edgü/ - игі, /qantan/ - қайдан, /qoń/ - қой, /süŋük/ - сүйек, /egirip/ - иіріліп, /tegip/ - тиіп» сөздерінде «д» «н» «ң» «г» дыбыстары «й» дыбысына өзгерген екен. 

«/аbla/ - аулау, аң аулау, /tabar/ - тауар, /sub/ - су, /alpaγu/ - алпауыт, /aγïr/ - 1.ауыр,  2. қымбатты,  /qaraγ/ - қарау,  /taγ/ - тау, /yadaγïn/ - жаяуы, /yaratïγma/ - жаратуға, /yaγï/ - жауы, /еlig/ - елу, /berigme/ - беруге» сөздеріндегі «б» «ғ» «г» дыбыстары «у» дыбысына өзгерген екен. 

Демек, этимондық тұрғыдан қарағанда тіліміздегі «й» және «у» екеуінің шығу төркіні дауыссыз дыбыс екен, сөз құрамында дауыссыз дыбыстың орынында келіп, дауыссыз дыбыстың міндетін атқарады екен. Бұл мәселенің басы ашып алған соң, қазіргі қолданыстағы кейбір  сөздеріміздің жазылымын қайтадан сараптап көрейік: 

/edgü/ - игі «е» дыбысы «і»ге, «д» дыбысы «й»ге айналған, сондықтан әр дыбыс өз – өз орынымен «ійгі» болып жазылыуы керек, «игі» болып жазылуы сөздің дыбыс құрамына сай келмей тұр.

/egirip/ - иіріліп /egir/ бөлегінде «е» дыбысы «і»ге, «г» дыбысы «й» ге айналған, сондықтан әр дыбыс өз – өз орынымен «ійір» болып жазылыуы керек, «иір» болып жазылуы сөздің дыбыс құрамына сай келмей тұр.

/tegip/ - тиіп «е» дыбысы «і»ге, «г» дыбысы «й» ге айналған, сондықтан әр дыбыс өз – өз орынымен «тійіп» болып жазылыуы керек, «тиіп» болып жазылуы сөздің дыбыс құрамына сай келмейді. 

/sub/ - су. «б» дыбысы «у» дыбысына айналған, сондықтан «сұу» болып жазылғаны дұрыс, «су» болып жазылуы сөздің дыбыс құрамына сай келмейді.

/еlig/ - елу. «г» дыбысы «у» дыбысына айналған, басқа дыбыстар өз орындарында тұр, сондықтан «еліу» болып жазылғаны дұрыс, «елу» болып жазылуы сөздің дыбыс құрамына сай келмейді.

/berigme/ - беруге. «г» дыбысы «у» дыбысына айналған, сондықтан «беріуге» болып жазылғаны дұрыс, «беруге» болып жазылуы сөздің дыбыс құрамына сай келмейді.

«/itgüči/ - жасаушы» сөзі біраз өзгешелеу, тіліміздегі әзіргі тұлғалық баламасы «етуші» екендігі көрініп тұр. Қарамаққа осындағы «г» және «ү» екі дыбыс бірлікте, яағни «-gü-» буыны  тұтастай «у» дыбысына өзгеріп кеткен секілденеді. Мұндай жағдай тілімізде біршама бар, мысалы, «барғұ, келгү, тұрғұ, күлгү...» сөздері Қазақ тілінде «бару, келу, тұру, кіру...» болып айтылады. Осындай сөздердің жазылымы жөнінде әзірге дейін талас сақталып келеді, емле ережелерінде «й» және «у» дыбысы жартылай дауыстыға жатқызылғандықтан «бару, келу, түру, кіру...» боып жазылып келген болса да, Әлімхан Жүніспекұлы бастаған ғалымдар мен зерттермендер бұлардың дауыссыз дыбыс екендігін дәлелдеп, әзіргі қолданыстағы ережелердің жетерсіз тұстарын айтып түсіндіруден жалықпай келеді, әйтседе мұндай сөздердің «барыу, келіу, тұрыу, кіріу...» боып немесе «барұу, келүу, тұрұу, кірүу...» болып жазылулары әлі де тұрақтанбады. Бұлардың этимоны «барғұ, келгү, тұрғұ, күлгү...» екендігін әрі «ғ» «г» дыбыстары «у» дыбысына өзгергендігін ескеріп, «у» дыбысын сөз ортасындағы өз орнына қоып жазғанда «баруұ, келуү, тұруұ, кіруү...» болып шығады, осы араға келгенде үлкен тиімділікке йе боламыз, бұны «жүру» сөзін мысалға алып түсіндірейік.

«жүру» сөзіне тәуелдік жалғауын жалғағанда «жүруі» болады, жоғарыда келтірген этимондық үлгі бойынша «жүруү» етіп жазып, оған тәуелдік «-і» жұрнағын жалғағанда «жүруүі» болады да,  соңғы екі дауысты дыбыс қатар келіп қалады, сонда мәселе қайдан шықты? Ізденіп көрейік: тәуелдік жалғауы дауыссыз дыбысқа «-ы, -і» болып, дауысты дыбысқа «-сы, -сі» болып жалғанады, мысалы, «шылбыр+ы, ноқта+сы», ондай болса «жүруү» сөзіне «-сі» жұрнағы жалғанып, «жүруүсі» болу керек, «жүру» сөзінің этимоны «йүргү» болғандықтан, «г» ні «у»дың орынына қайтарар болсақ «жүргүсі» болып шығады, бұл кәдімгі «жүргісі» деген сөзіміз. «барғысы, келгісі, сұрағысы, ұйқысы...» деген көптеген сөздер сыяқты аңсауды, көксеуді білдіретін сөз, ал «жүруі» дегендегі айтпақшы ойымыздың тура баламасы «жүрісі» еді, сөздердің ең тура қолданысы тұрақты тіркестерде сақталады, «аттың желісі, аттың шабысы, аттың жүрісі» деп айту бар да, «аттың желуі, аттың шабуы, аттың жүруі» деп айтылмайды, «бет алуы жақсы» деп емес «бет алысы жақсы» делінеді, «сөз саптауына қарағанда» демей «сөз саптасына қарағанда» болатынын білеміз. Кей тілдердің етістігінің бейтарап түрі болады, түрлі аударма сөздіктерде басқа тілдердегі етістіктердің осындай бейтарап түріне балама ретінде Қазақ тіліндегі тұйық райлы етістіктер берілетіндіктен, құрамында «у» дыбысы бар сөздердің салыстырмасы  артып отырған, кейде тіпті еш дәлелдеуден өткізіп жатпай – ақ «у» жұрнағын бей – берекет қолдана салатын жағдайлар туындаған. Бара - бара «саууы, сауығуы, күлуі, бірігуі, ой салуы, жаңбырдың жаууы...» сыяқты сөздердің дұрысы «сауысы, сауығысы, күлісі, бірігісі, ой салысы, жаңбырдың жауысы...» екендігіне күмәнданатын дәрежеге жеттік, «айдың тууы дегенді айдың туысы, жиналуы дегенді жиналысы, айтуы дегенді айтысы, отыруы дегенді отырысы, ауыруы дегенді ауырысы...» деуге қайтып болады деп уәж айтатындар табылады, Қазақ күн тізбесінде «айдың тоғысы» деген термин бар, айдың тууына қаратылған, «айдың тоғуы» деп тұрмағанына назар аудару керек; «басы – қасында болғандардың айтысына қарағанда...» деп келеді, «айтуына қарағанда» деу бертінде пайда болған, үстірт жасалған сөз; арлы – берлі дөңбекшіп жататын балаларға «жатысың қалай? түзу жат» деп айтады, «жатуың жаман» деп айтпайды, сол сыяқты «жиналысы, отырысы» да тура қолданылыс болып саналады; 

«у» жұрнағының этимонына мән берілмегендіктен, кей сөздердің дыбыс құрамы бүркемеленіп қалса да сезе бермейтін болдық. Бұйрық райлы етістікке «у» дыбысы жалғану арқылы тұйық райлы етістік жасалатынын білеміз, «суу» «тасу» «қызу» «ысу» «қышу» етіп жазып жүрген тұйық райлы етістіктеріміздің бұйрық райы «суы» «тасы» «қызы» «ысы» болғандықтан, дұрысы «суыу» «тасыу» «қызыу» «ысыу» болыуы керектігін де қаперсіз қалдырдық. 

Көріп отырғанымыздай, сөздердің жазылымын тұрақтандыруда этимонға мән бере білсек көптеген күңгірт мәселелер өз қисынымен шешімін тауып, тілдегі шикіліктен, жасандылықтан  аулақтатып, тілді дұрыс түсініп, дұрыс қолдануымызға кепілдік жасалып, тілдің ақаусыз дамуына оң әсер етеді екен. Бұл этимонға мән берілгенде ғана қол жеткізер үлкен тиімділік болып саналады.

«ғұ» мен «гү» ден өзгеріп келген «уұ» мен «уү» екеуін де Латын әрібімен «wu» деп таңбалағанда, «barwu, kelwu, turwu, kirwu...» болып жазылады, мұның артықшылықтарын тізбелесек: біріншіден, сөздің этимонына жақын болғанықтан, адамдарды сөздің ішкі түзілісіне қанық етіп, тіл игеруді жеңілдетеді; екіншіден, Түркі тілдер ұясындағы тілдердің жазылымын жақындатып, туыс тілдердің өзара түсіністігін арттыруға пайдалы; үшіншіден, жуан немесе жіңішке дыбысталуы өзімен іргелес буынның жуан не жіңішкелігіне байланысты болады да, Ахымет Байтұрсынұлы қағидасының қолданыс тауып, санаға сіңіуіне тиімді; төртіншіден, «-ыу» «-ұу» немесе «-іу» «-үу» сыяақты екі ұдай жазылымдар ықшамдалып, сөз тұлғасының тұрақтылығына пайдалы: бесіншіден, «wu» таңбасы дүниенің кез келген бұрышында «у» болып оқылады, халқаралық дәстүрге сай келеді.

Айта кетерлік тағы бір іс, тілімізде ер адамның жұбайы «әйел» делінеді, тұрмысқа шықпаған қыздарды «әйел» деп атамаған, аудармадағы зәрулік себебінен жынысты білдіретін атауға осы «әйел» сөзі таңдалып, айланысқа түсіп кеткен сыяақты, жаңа туған нәрестенің де, жас қыздардың да жынысы «әйел» делініп жүр, «әйел» сөзі парсы тілінде «бұзылған» дегенге саяатын жағымсыз сөз екендігін естіп жүрміз, осыларды електен өткізе келе, «әйел» деген атаудың  айналымда жалғасты жүре бергені орынсыз болатынын сеземіз. Тағыда осы «Көне Түрк бітік сөздігінде» /uruŋu/ деген сөз бар, «ұрұңү, өрөңге, рулық билік атағы» деп түсінік берілген, яағни /uru-/  түбірі «ру» ұғымымен қатысты болып тұр,  «ұрғашы»  деген сөздің түбірімен салыстырар болсақ, ру ұғымы сонау аналық қауым қоғамынан бастау алатынын аңғарамыз, яағни аталықтың ұрпағын жалғастырушыны «ұрғашы» дегені ақылға қонымды, халқымызда күйеу жігіттің өз қалыңдығының ауылына «ұрын бару» салты да бар еді. Тілімізде туыстық атаулардың көбінің алдында «а-» дыбысы бар, «ата, апа, әже(аже), ана, аға...»,  осы ізбен «ру» сөзінің алдына «а» дыбысы қосылу арқылы «ару» сөзі жасалған деуге болады, бұл сәби баладан тартып бойжеткен қыздарға дейін, келін – кепшік, апа – аналарға ортақ қолданыла беретін атау, «менің әйелім» демей, «менің аруым» деу, «әйелдер мерекесі» «әйелдер киімі» емес, «арулар мерекесі» «арулар киімі» делінуі  керек, дүние есігін енді ғана ашқан нәрестенің туыт куәлігіне жынысы «ару» деп жазылғаны дұрыс, өмірде кездесетін түрлі кесте - қағаздардағы «жынысы» деген жерде «ер»дің қатарында «ару» болып тұрса жарасар еді. «ру» сөзінің /uru-/ мен қатысы  жоғарыда айтылды, бастапқы «рұ» тіркесі уақыт ұзара келе «рұу» болғаны көрініп тұр, сондықтан «ару» сөзінің тура жазылымы «арұу» болып, тәуелдік жалғауы жалғанғанда «арұуы» болып жазылады.  

Әр нәрсенің өзіне лайықты атамасы болатынын білеміз, «й» және «у» дыбыстарының да өзіне тиісті атамаға йе болғаны жөн. Қазақ әліпбиін Латын әріптерімен белгілеуде халқаралық дағдымен сабақтастық сақтаумен бірге тілдің ұлттық ерекшелігінің ізін де ептеп сақтау керек деп есептейміз. Осыларды көзде ұстай отырып, «й» дыбысына Латынның «Y» әрібі берілгені дұрыс деп қараймыз, Латынша «Y» әрібінің әзіргі заманда халқарадағы ең жалпыласқан Ағылшын әліппесіндегі атамасы «уай», осыған ұйқастырып Қазақ әліппесіндегі «Y» әрібін «бай» деп атауды ортаға саламыз, мұндағы «бай» сөзі Көне Түрк бітік сөздігінде бар, тіл байлығы, рухани байлық, білімнің байлығы, адам байлығы, мал – дүние байлығы... сыяақты оң ықпал беретін сөз. 

Латынның «W» әрібі қатар келген екі «V» әрібінен жасалған болып, 19 – ғасырдан бұрын «v» мен «u» парықталмай аралас қолданыла береді екен де, «дабли-u» яағни «қосар-ұ» деп аталыпты, Қазақ әліпбиінде «у» дыбысына  осы «W» әрібін беріп, оны «қосарұ»ға ұйқастырып «қос арұу» деп, немесе жайғана «арұу» деп атауды ұсынамыз.

Уәлихан Ғабиденұлы

Abai.kz

3 пікір