Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
3214 4 пікір 18 Қыркүйек, 2020 сағат 11:42

Tengri Bank банкрот болды

Tengri Bank лицензиясынан айырылды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді. 

Агенттік мәліметінше, Tengri Bank-тің қаржылық жағдайы нашарлаған.

«Банктің қаржылық жағдайының нашарлауы несие портфелінің төмен сапасымен байланысты. Проблемалық кредиттердің негізгі бөлігі банктің қазақстандық акционерлерімен байланысты тұлғаларына 2015 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі кезеңде берілді. Олардың үлесіне Tengri Bank несие қоржынының 58 пайызы тиесілі.

Несие портфелінің 83 пайызын құрайтын қайтарылмайтын қарыздардың жоғары үлесі қаржы институты активтерінің сапасының нашарлауына әкелді.

2020 жылғы наурыздан бастап Tengri Bank төлемдер мен ақша аударымдары бойынша шарттық міндеттемелерді толық көлемде орындамаған.

Корпоративтік басқарудың тиімді жүйесінің болмауы және мажоритарлық және миноритарлық акционерлер арасындағы жалғасып жатқан ішкі корпоративтік даулар қаржылық жағдайдың ушығуына алып келді», - делінген хабарламада.

Агенттік өкілдерінің мәліметінше, салымшының шетел валютасындағы депозиттері бойынша өтемақы төленеді. Депозиттер бойынша кепіл берілетін өтемақы сомасынан асатын қалдықты банктің тарату комиссиясы өтейтіні айтылады, ол таратылатын банктің кредиторлары тізілімінің талаптарын қанағаттандыру кезектілігіне сәйкес мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген кезден бастап тағайындалады.

Өтемақы ұлттық валютада төленетін болады және оның сомасы:

- теңгедегі жинақ салымдары (депозиттер) бойынша 15 миллион теңгеден;

- ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша 10 миллион теңгеден;

- шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 миллион теңгеден аспауға тиіс.

Салымшыда түрі мен валютасы бойынша әртүрлі бірнеше кепілдік берілген
депозиттер болған жағдайда, олар бойынша 15 млн теңгеге дейін жиынтық кепілдік берілген өтемақы төленеді.

Заңда белгіленген барлық рәсімдер жүргізілгеннен кейін Tengri Bank
клиенттеріне өтемақы төлеу басқа банктерде ашылған банктік шоттарға есептеу жолымен немесе агент-банк арқылы қолма-қол ақшаны алу жолымен 2020 жылғы қазанның бірінші жартысында басталады дейді агенттіктегілер.

«Tengri Bank-тің банктік және өзге операцияларды жүргізуге берілген лицензиядан айырылуына байланысты ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі теңгедегі және шетел валютасындағы депозиттер, төлем карталарындағы және банк шоттарындағы ақша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (бұдан әрі - ҚДКҚ) кепілдігімен қорғалатынын салымшылар - жеке тұлғалардың есіне салады», - делінген хабарламада.

Abai.kz

4 пікір