Жұма, 23 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110086. Жазылғандар — 105493. Қайтыс болғандар — 1796
Естелік 1433 1 пікір 18 Қыркүйек, 2020 сағат 11:30

Қазақ кинокомедиясының корифейі туралы естелік...

Өткен күннен бір белгі

Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» кинокомедиясындағы басты рөл - Тайлақты сомдаушы Әлімғазы Райымбеков мұнан өзге де оншақты киноға түскен тума талант жан. Сонау сексенінші жылдары «Тайлақпен» жолымыз түйісіп, Алматыда бірер ай білім көтеру курсында бірге оқығанымыз бар еді. Танымал тұлға бір отырыста мына қызықты жайды былай әңгімелеген болатын:

«Мені өнер жолына алып келген Шәкен Айманов қой, күрестен жарысқа қатысып жүргенімде іздеп тапқан. Ұмытпасам, алпыс жетінші жыл болуы керек, әлі Тайлақтың рөліне түспеген кезім, Шәкең бір киноның үзіндісінде Қажымұханды ойнайсың деп Шымкентке алып барды. Қонақ үйге орналасып болған соң, тамақтануға төменгі қабаттағы мейрамханаға түстік. Бір шетте жеке отырған мұртты кісімен Шәкең сәлемдесіп, шүйіркелесе кетті. Бір кезде мені де сол үстелге шақырып, «Бауке, мына жігіт Әлімғазы деген ініңіз, Қажымұханның рөлінде ойнайды», деді. Сол кезде әлгі адам маған тесірейе қарады. Көзі тіптен өткір, сұсты адам екен. Денем дір ете қалды. Батыр Бауыржан Момышұлы осы кісі екен. Менің сәлемдескеніме ләм-лим деместен бірден даяшыны шақырты да, «Дереу бір табақ ет, бір шыны арақ алып кел!» деп бұйырды. Олар да батырдың аузын бағып отырса керек, айтқан мезет әлгі тапсырысын жеткізді.

Батыр маған тесіле қарап: «Сенің қандай Қажымұхан екендігіңді көрейік, мына арақты ішіп, табақ етті тауысасың!» демесі бар ма. Етті бірдеңе етермін-ау, ал өмірі аузыма алмаған арақты қайтпекпін?! Бала кезімізден дақпыртын естіп, құрмет тұтып өскен Бауыржан батырдың алдында не уәж айтпақпын. Мені сынап отырған болар деген оймен тамаққа қол сала беріп едім, ақырып, қалт тоқтатты. Сөйтті де, алдында тұрған вазаның гүлін суымен қоса еденге төге салды да, өз қолымен бір шыны арақты бірден соған толтырып құйды. «Әуелі, мынаны тарт!» Жазған құлда жазық бар ма, сескенгенім болар, екі толғап ыдысты босаттым да, табақтағы етке кірістім. Әп сәтте жалап-жұқтап тастасам керек. Басым айналғандай бола бастаса да, сыр білдірмеуге тырыстым. Таяғына сүйеніп, сұстанып отырған Баукең Шәкеңе жайдарлана қарап,

– Балаң жарайды екен,– деді бір кезде. Сөйтті де, – Енді марш бөлмеңе, Айманов осында қалсын!, – деп таяғын тарс еткізді...»

Әлімғазы Райымбековтің сол кездегі «Қазақфильмнің» төрағасы, ақын  Олжас Сүлейменовпен достық қырым - қатынастығы болатын. Оқуға  «Қазақфильмнің» жатақханасынан арнайы өзіне босаттырып берген жерінен қатынап келіп жүрді. Маған, «Сенің әдебиетке бейімділігің бар екен, Олжекеңмен таныстырып қояйын», деп ағалық танытқаны да осы күні есіме түсіп отыр.

Бірде Абай даңғылының бойын жаяу аралап келе жатып, фотосалонда суретке түскеніміз бар. Мынау сондағы фото. Ортадағы шапан жамылып отырған «Тайлақ», жанындағы шашы қауқиған мен ғой. Екі шеттегі  жамбылдық досымыз Берік пе  оның күзет бөлімінде қызмет істейтін інісі болатын.

Иә, қазақ кинокомедиясының «корифейімен» болған қызықты сәт осылай есте қалып еді.

Нұрмахан Елтай,

Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

1 пікір