Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Билік 3325 0 пікір 17 Қыркүйек, 2020 сағат 12:35

Солтүстік Қазақстанда ауыз су тапшы

Сенат Депутаты Ерік Сұлтанов Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауалында осы мәселені қозғады.

Сенатор келтірген мәліметтерге сәйкес Қазақстанда 1,2 млн. адам ауыз су тапшылығы зардабын тартып отыр. 2,5 мыңнан астам ауылдық жерде әлі күнге дейін сапалы ауыз су жоқ. Бұның негізгі себебі – бюджеттік бағдарламаның дұрыс бақыланбауы және 2019-2020 жылдары бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмеуі.

«Сондай-ақ, бюджеттің тапсырыс берушісі де, әкімшісі де саналатын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті қызметінің сын көтермеуі де себеп болып отыр. Еліміздің солтүстігі мен Қостанайдағы жағдай бұған дәлел», – дейді депутат.

Сонымен қатар депутаттық сауалда: «Солтүстік Қазақстан облысының су құбырларының 67%-ы немесе 1955 км толығымен тозған және топтық су құбырлары жүйесінің ақаулы техникалық жағдайы төтенше жағдайлардың туындауына алып келіп отыр. Олар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 200-ден астам ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз етуге қауіп төндіріп отыр. Магистральдық құбырлардың қатты тозуына байланысты тасымалдау кезінде су шығынының жалпы көлемі 65% - ды құрайды», – делінген.

Сенатор өз сөзінде проблемалық жобаларды да айта кетті. Преснов топтық су құбырын қайта қалпына келтіру жобасын іске асыру 2014 жылдан бері жүріп жатыр, алайда әлі аяқталған жоқ. 2019 жылы жұмыстарды орындау қарқынының төмендігіне байланысты 2,9 млрд. теңге игерілмей, бюджетке қайтарылған. 2020 жылы жобаны жалғастыруға 1,1 млрд. теңге бөлінді, бірақ бұл қаражаттың да игерілмеу қаупі бар.

Аталған проблемалардың барлығы Мемлекет басшысы берген тапсырманың дұрыс орындалмауына және халық денсаулығының нашарлауына әкеп соқтырады.

«Осы мәселенің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере отырып, Сізден Солтүстік Қазақстан облысының ауыл халқын сумен жабдықтау проблемаларын жою бойынша тиімді шаралар қабылдауыңызды және заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз», – деді Сенат депутаты Ерік Сұлтанов.

Abai.kz

0 пікір