Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
46 - сөз 2616 3 пікір 17 Қыркүйек, 2020 сағат 11:00

Халықтың үні қай тілде шығады?

"Халық үніне құлақ асатын мемлекет" деген принципті жариялады. Ол дұрыс қой әрине. Бірақ халықтың үні басым бөлігінде қай тілде шығады? Қазақ тілінде. Еліміздегі 40%-дан астам халық ауылда тұрады, барлығы дерлік қазақ тілді. Арасында ғана 90-100 адам тұратын орыс тілді солтүстіктегі ауылдар бар, олар өте аз. Қала халқында да жыл өткен сайын қазақ тілді қауым саны артуда. Менің ойымша елімізде 75-80% халық қазақ тілін біліп, еркін сөйлей алады. Қалғандары сөйлемесе де түсінеді.

Енді осының бәріне қарап, расымен халық үніне құлақ асатын мемлекет болсақ, неге жоғары лауазымға тағайындаған сәтте ең алдымен сол халық үн қататын тілді де ескермейді деп ойлайсың. Неге лауазым берер алдында тәжірибесі, мамандығы сынды маңызды критерийлермен бірге оның мемлекеттік тілді білуі де ескерілмейді? Неге министрлер, түрлі департамент басшылары және басқаларды қоярда "осылар өздері қызмет етуге тиіс мына халықтың тілін біле ма өзі" деп ойламайды екен құзырлы органдар?!

Жұмыс барысында әкімдіктер мен министрліктерден құжаттар, түрлі кестелер келіп жатады. 90% орыс тілінде. "Мемлекеттік тілде жіберіңіз, бар ма қазақ тілінде" деп жазып жіберемін. "Бар әрине" дейді де, 5-6 сағаттан соң жібереді, почтаға салып, 5 секундта жіберуге болатын құжатты. Соған қарағанда ана жақта отырып терлеп-тепшіп аударады-ау деймін кейбіреуі. Кейбірі мемлекеттік тілде аз сұрайтындықтан іздеп отырып, компьютерінен әрең табатын сияқты.

Жоғары жаққа барған, мықты таза қазақ тілді жігіттердің біраз жылда орысша сөйлеуге бейімделіп алғанын талай көрдім. Солай етуге мәжбүр. Өйткені жоғарыда басым бөлік жиылыстар мен кездесулер, баяндамалар, құжаттар, қаулылар орыс тілінде таныстырылады. Заңның өзі алдымен сол орыс тілінде жазылады.

Осы өзгеретін күн бар ма екен? "Қазіргі балалардың 85-90% қазақ мектептерінде, сол бір толқынмен өзгертетін шығар" деген үмітпен жүрміз. Бірақ солардың өзі өскенде позицияны ауыстыратын сияқты. Қалада қазақ мектебінде оқитын балалардың көбісі сабақ арасындағы үзілісте орысша сөйлеп, орыс тілінде ақпарат алмасады. Әлеуметтік парақшаларына барынша орыс тілінде жазады. Соған қарап-ақ түсінуге болады.

Асхат Қасенғалидың жазбасы

Abai.kz

3 пікір