Сенбі, 20 Сәуір 2024
Болған оқиға 8007 4 пікір 17 Қыркүйек, 2020 сағат 11:33

Төрт президенттің өмірін сақтап қалған кім?

Солдан оңға қарай: Эстония Президенті Тоомас Хендрик Ильвес, Польша Президенті Лех Качинский, Грузия Президенті Михаил Саакашвили, Литва Президенті Валдас Адамкус. (Украина Президенті Виктор Ющенко мен Латвия премьер-министрі Иварс Годманис кадрға ілікпей қалған)

12 тамыз. 2008 жыл. Бірнеше күнге созылған орыс-грузин соғысының қызып тұрған кезі. Ядролық держава саналатын алып Ресей іргесіндегі шағын ғана мемлекет Грузияға агрессиялық әрекет жасап жатқан шақта, шағын ғана мемлекеттің жас басшысы Михаил Саакашвилиге моральдық қолдау көрсету үшін бірнеше елдің басшысы Кавказға қарай жолға шығады. 

Польша астанасы Варшавадан әуеге көтерілген PL-101 номерлі Ту-154М бортының ішінде Польша Президенті Лех Качинский, Эстония Президенті Тоомас Хендрик Ильвес, Литва Президенті Валдас Адамкус және Латвия премьер-министрі Иварс Годманис бар еді. 

Ұшақ жолай жанармай құю үшін Украинаның Симферополь қаласына келіп қонады. Осы жерден бортқа Украина Президенті Виктор Ющенко көтерілді. Осыдан соң 4 Президент, 1 премьер-министрі мініп, саяси да, физикалық та салмағы артқан ұшақты алда қым-қуыт сапар күтіп тұрды...

Польша Президентінің №1 борты - Ту-154М ұшағы.

Экипаж командирі - аса тәжірибелі кәсіпқой ұшқыш, подполковник Гжегож Петручук болатын. Төрт елдің басшысының өмірін сақтап қалған да осы жігіт. Алайда бұл туралы сәл кейінірек айтамын. Ал қазір оқиғаның қалай өрбігеніне тоқтала кетейік.

Алдын ала бекітілген жоспар бойынша ұшақ Тбилисиге ең жақын әуежай – Әзірбайжанның Гянджа (Гәнжа) қаласындағы аэропортқа келіп қонуы тиіс еді. Сол жерден Әзірбайжандағы Польша елшілігінің қызметкерлері дайындап қойған арнайы көліктерге отырып, Грузия астанасына дейінгі 300 шақырым жолды автомобильмен жүріп өтуі керек болатын. Алайда, 300 шақырым жолды автокөлікпен жүріп өтуді қиынсынды ма, әлде басқа бір себептері болды ма, ол жағын білмеймін, ұшақ иесі Лех Качинский жоспар бойынша Гянджаға емес, тікелей Тбилистің әуежайына қонуға шешім қабылдайды. Ел басшысының бұл талабын экипаж мүшелеріне Президент Әкімшілігінің министрлері Мачей Лопинский мен Владислав Стасяк жеткізеді. Әйткенмен, әуе кемесінің командирі Гжегож Петручук бұл бұйрықты орындаудан бас тартады. Себебі Тбилисиге қону өте қауіпті болатын. Грузияның әуе кеңістігі ресейлік әскерилердің толық бақылауында тұрған еді. Тбилиси аспанын ресейлік әуе күштеріне қарсы қорғаныс (ПВО) жүйесі бақылып тұрды. Бұл дегеніміз Грузия аспанында кез-келген нысанды атып түсіреді деген сөз. Жағдайды терең түсінетін тәжірибелі ұшқыштың Президент пәрменін орындаудан бас тартуы әбден орынды еді. 

Осыдан соң ұшқыштар кабинасына Президент Качинскийдің өзі кірді. Бұл туралы сол ұшақта қызмет еткен Моника К. есімді бортсерік былай деп еске алады: «Ұшақ Әзірбайжанның Гянджа әкежайына қонуы керек еді. Бірақ та, неге екені белгісіз, пассажирлердің бәрі Тбилисиге ұшып бара жатырмыз деп санады. Стюардессалардың бәрі Президент кеңсесі пассажирлерді шатастырып отырғандай әсерде болды. Бір кезде кабинаға Президентіміз кіріп келді. Ол ашулы болатын...». 

Президент пен экипаж командирінің арасындағы диалог келесідей өрбіді:

- Мырзалар, қарулы күштердің қолбасшысы кім?

- Сіз, Президент мырза, - деп жауап берді Петручук. 

- Олай болса болса бұйрықты орындап, Тбилисиге ұшыңыздар! – деді де, шығып кетті Президент, жауап күтпестен. 

Ұшақ бортында әуе кемесі командирінің ақ дегені ақ, қара дегені қара. Ешқандай Президенттің де, басқасының да бұйрығы оған жүрмейді. Қандай жағдай болмасын солай болуы керек. Дегенмен де, көктегі басшыға қарағанда жердегі басшының құзіреті кеңірек және оған қарсы шығу үлкен ерлік. Ел билеп отырған басшылардың бәрі бірдей ақылды деп кім айтты? Барлық қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзып, ұшақ штурвалына өзі отыруға талпынатын басшылар да баршылық.

Қалай дегенмен де Петручук өз дегенінен қайтпады. Ел Президентімен шекісу - үлкен психологиялық қысымға толы ауыр жағдай екенін де ескере кеткен жөн. Президент те оңайлықпен шегіне қоймайтынын көрсетті. Ұшқыштарға берген ауызша бұйрығы орындалмаған соң ол дереу әуе қорғаныс күштерінің 36 полкының командиріне телефон соғады. Ол өз кезегінде Петручуктің әрекетін құптап, Президентке Тбилисиге қонуға болмайтынын жеткізеді. Президент Качинский мұнымен де тоқталып қалмай, Польша Қорғаныс Министрлігінің басшылығына шығып, Бас Штаб басшысының орынбасары мен әуе қорғаныс күштері басшысы орынбасарының қолы қойылған жазбаша бұйрықты факс арқылы алдырады. Бұдан да ештеңе шықпаған соң Президент әкімшілігі екі ұшқыштың орнын ауыстыру туралы мәселе көтереді. Экипаж командирі Гжегож Петручуктің орнына екінші ұшқыш, капитан Аркадиуш Протасюк экипаж командирі ретінде жауапкершілікті мойнына алып, ұшақты Тбилисиге қондыра алады ма деген сұраққа да «жоқ» деген жауап естиді. Себебі екінші ұшқыштың экипаж командирі болуға ұшу сағаты жетпейтін. Президент қанша тырысқанымен, Петручук бәрібір айтқанынан қайтпай, ұшақты ең әуелідегі жоспар бойынша Әзірбайжанның Гянджа әуежайына қонғызды. Осы оқиғаны кейінірек «Біз аса ауыр қысымды бастан өткердік» деп еске алады стюардесса Моника К. 

Экипаж командирі Гжегож Петручук

Бұл жерде экипаж командирі Гжегож Петручуктің жасаған әрекеті сөзсіз ерлік. Егер де ол, сол кезде басшылықтың жасаған қысымына шыдас бермей, ұшақты Тбилисиге қарай бағыттағанда, бір емес төрт бірдей мемлекеттік басшысы Грузия аспанында ажал құшар еді. Осыдан соң әлемдік тарихтың дөңгелегі қалай қарай айналарын елестетудің де өзі қиын... Осы орайда алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөз еске түседі... 

Алайда, көп жағдайда жасаған көзсіз ерліктеріміздің өзі де дер кезінде еленбей қалып жатады. Тіпті, біреуге жасаған жақсылықтарымыздың өзі кейде өзімізге таяқ болып тиеді. Бұл жолы да солай болды. Гянджа әуежайына жете салысымен Президент Качинский ұшақтың ішінде айғай көтеріп, экипаж командирін балғаттап, айналаны басына көтерді. Елге оралған соң Гжегож Петручук барлық ұшулардан шеттетілді. Оны қорқақ деп айыптады. Президент телефон соққанда экипаж командирін қолдаған полк басшысы да қызметінен алынды. Петручукке ешқандай зейнетақы да тағайындалмады. Ешбір авиакомпания да оны жұмысқа алмады. Әскери прокуратура оның үстінен «Президентке конситуциялық міндетін орындау барысында қиындық туғызды» деген айыппен іс қозғады. Осы істі тергеуге құрылған арнайы комиссия «Петручук дұрыс әрекет етті» деген қорытындыға келіп, үш айдан соң тергеу ісі тоқтатылды. Президенттің қысымына қарамастан Петручукке Қорғаныс министрі Богдан Клих қолдау көрсетіп, оған зейнетақы тағайындады және оны қорғаныс ісіндегі еңбегі үшін Күміс крест медалімен марапаттады. Осылайша тарихи әділдік орнады. Бұл оқиға авиация тарихында «Грузин инициденті» деген атпен қалды және сол рейсте екінші ұшқыш болған Аркадиуш Протасюк пен штурман болған Роберт Гживнаның есінде жақсы сақталып қалған болуы керек. 

Петручук ерлік көрсеткен рейсте екінші ұшқыш болған Аркадиуш Протасюк пен штурман болған Роберт Гживна бір-бір саты жоғарылағанымен, 18 айдан кейін қаза болды.

Осы оқиғадан тура 18 ай өткенде дәл осы ұшақ Смоленскі түбінде апатқа ұшырады. Бұл 2010 жылдың 10 сәуірі күні болатын. Польша Президенті Лех Качинский бастаған 96 адамнан тұратын делегация түгел қаза тапты. Бұл жолы экипаж командирі Аркадиуш Протасюк, ал екінші ұшқыш Роберт Гживна болатын. Петручуктің ерлігін қайталау екеуінің де қолынан келмеген болар. Ал Президент Качинский бұл жолы да тәртіпсіз жолаушы болуы әбден мүмкін. Десек те, 2010 жылғы 10 сәуір апатының негізгі себебі бұл емес шығар және де бұл оқиғаның шешілмеген жұмбағы көп...

Оралбек Ж. Өтеғұлов

Филолог, саясаттанушы

Abai.kz

4 пікір