Жексенбі, 25 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110402. Жазылғандар — 105618. Қайтыс болғандар — 1796
1121 1 пікір 15 Қыркүйек, 2020 сағат 14:51

Қуанышбаев театрына жаңа басшы тағайындалды

Елордадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына Ернар Құрбанбекұлы Жұматаев директор болып тағайындалды. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Ернар Құрбанбекұлы - 1984 жылы Ташкент облысы, Шыңғыс ауылында дүниеге келген. 2002 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы профессор Н. Жақыпбай шеберханасында «Драма және кино актері» мамандығын игереді.

Академияны тәмамдаған соң, Тазабеков театрында актерлік қызмет атқарады. Ал 2007 жылы режиссер Нұрқанат Жақыпбай мен шәкірттері бастаған топ елордадағы Жастар театрының іргесін қалайды.

Ернар Құрбанбекұлы қазақ жұртына «Денар» тобы арқылы жақсы таныс. 2008 жылы құрылған топ еліміздің эстрада өнеріне өздерінің ерекше стилімен келіп, халық арасына бірден танылып кеткен болатын. Кейін ол өзінің мамандығы бойынша кино және сериалдарға түсе бастады. Өнер иесінің «Бәйтерек», «Аманат» көркем фильмдеріндегі, сонымен бірге «Әке серті», «Сырғалым» сериалдарындағы рөлдері өз көрерменін таба білді.

Өнер ұжымының басшылығына тағайындалған Ернар Кұрбанбекұлы - Жастар театрының шаңырағын көтеріп, уығын қадасқандардың бірі. Ол театрдың бірқатар репертуарындағы Н. Гогольдің «Ревизор» трагифарсында - Осип, Ғ. Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» мюзиклінде - Айбас, Ш. Айтматовтың «Жан азабы» әфсанасында - Мәңгүрт Жоламан рөлдерін сәтті сомдады.

Елордамыздағы Бейбітшілік және келісімі сарайы директорының орынбасары болды. 2016 жылдан бастап осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрының директоры болып қызмет атқарды. «Құрмет» орденінің иегері.

Айта кетейік, бұған дейін театр директоры қызметін Асхт Маемеров атқарған болатын.

Abai.kz

1 пікір