Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Әдебиет 4067 2 пікір 14 Қыркүйек, 2020 сағат 12:09

Бір шоқты үрлеймін маздаған...

Темірқазық

Тірлік үшін тірестің,

шындық үшін күрестің.

Алты алаштың арманын жібек етіп жыр естің.

Жартас сынды жардағы жаңғырықты қайтсін ел,

Қараңғыда тас түнек аңдамады мұны ешкім.

Жамандықтан жасқатып,

қауіптерден  қалқалап,

Жұртың үшін жасадың жау қайтарар нар талап.

Зар заманда тудың да зарын айттың қазақтың,

Өттің солай өмірден дәуір жүгін арқалап.

 

Келтірем деп келеге қарыштаған жұрт үнін,

Тартты білем тірліктен ішің қайғы, сыртың мұң,

Қаймананың қамын жеп, қара сөзден қорған сап,

Ұятына айналдың соры қалың жұртыңнын.

 

Пенделерге беймәлім Тәңірінің жолдары,

Дәулетіне әулеттің көңілің неге толмады?!

Оятам деп күрескен ұйқыдағы ұрпағын,

Семсер сөздің саңлағы, 

Ойлы жырдың оғланы.

 

Байлық, мансап дегенді тәрік етіп қалауың,

Аңсап едің еліңе өнер, білім тарауын.

Жығылмасын дедің де жалғыз-жарым көтердің,

Ақиқаттың ақ туын, 

Әділдіктің жалауын.

 

Сағым етіп кетпедің сар даланың елесін,

Қайрат қылдың жарам деп қараңғылық көбесін.

Ұл Ибрагим, ұлы Абай, Пайғамбар да атанып, 

Санасында ұлтыңнын тұлғаланып келесің.

 

Өрнекті өлең, ойлы сөз тірлігіңнін бар мәні,

Артты солай өмірдің арға түсер  салмағы,

Көлеңкесі уақыттың, шаң-тозаңы дәуірдің,

Дараланған тұлғаңды көлеңкелей алмады.

 

«Абай...» – деді айналаң,

Абайласын деді ме?!

Айлы түнде адаспай, қарайласын деді ме?!

Абайсызда жар баспай, жол көрсетіп еліне ,

Абай деген жұлдыз боп шықты қазақ көгіне

 

Азаттықты тәу еттім, 

алас бүгін қораш күн,

Алты құрлық құлақ сап, алыптармен жарастым.

Ал ұлы  Абай бүгін де  Темірқазық сияқты,

Жол көрсетіп әлі тұр аспанында Алаштың!!!

Ғазал-ғұмыр

Көз жүгіртсем өткенге,

көтермеппін жүкті аса.

Тәтті сөзден құраппын сұлу өлең, мықтаса.

Жанартау боп жанымның жарылғанын қайтейін,

Жүрекжарды сырымды жанашырым ұқпаса?!

 

Төрт құбылам тең сынды,

жаным неден тарықты?

Құлын даусын көңілімнің дей алмаймын бәрі ұқты.

Жан болармын бәлкім мен жарық күнде адасып,

Тектен-текке түңілген түннен іздеп жарықты?!

 

Жалғыз қалған жандаймын,

жабырқаулы,

жырақта.

Ғұмыр кешу баянсыз саналыға мұрат па?

Сел-сел болып жөңкілген сезімімді қайтейін,

Қайнарлардан нәр алып,

айналмаса бұлаққа?!

 

Қуануды қойғанмын,

тойғаным мен барға аса,

Жарқын мақсат болмаса құр өмірің – далбаса.

Жанғанымды қайтейін,

жалынымнан тұтанып,

Жанымдағы мың жүрек алаулап бір жанбаса?!

 

Тоқырадым,

тосылдым,

таба алмадым жыр шерін,

Алданыппын арзанға,

қолын соғып күлсе кім...

Жылдар бойы жазғаным оятты ма бір жүрек,

Үкілеген үмітім тұтатты ма бір сезім?!

 

Күндер өтіп барады,

ала-құла күй кеше,

Өмір сүргім келеді көңіліммен үйлесе.

Махаббатты маздатып жазғанымды қайтейін,

Мен сияқты ғашық боп,

мен секілді сүймесе?!

 

Ұмтыламын несіне,

кімдер үшін самғаймын?

Жібітер ме тасбауыр бұл қоғамды жан қайғым.

Ашылар ма бір гүлі соры қалың жұртымның,

Тамырына тамызсам терін сығып маңдайдың?!

 

Өмір сүргім келеді өлеңменен жұптаса,

Жүрек сөзін айтайын,

ардақты елім құптаса.

Ғазал-Ғұмыр,

ғашықпын сағымыңа мен сенің,

жанайқайын жанымның 

ұқса дағы...

ұқпаса...

Мың алғыс сендерге, адамдар!

Шығыстан ұшырып таң құсын,

Тағы да күн шықты...

Армысың?!

Алқалы әлеумет, құлақ сал,

Айтатын бар саған алғысым!

 

Арнаған жырына бар күшін,

Ақынның арманы – ар-мүсін.

Шенді үшін жауапты емеспін,

Жауапқа тартпаңдар жарлы үшін...

 

Алсам да тағдырдың жамбысын,

Мен үшін әлі алда қарлы шың.

Арманым алдымда,

алайда,

Ажал жүр дайындап шалғысын...

 

Келгенде кезеңнін кезіне,

Тайқысам – еркектің езі де.

Жауапты бере алам әманда,

Өзіме,

әрине, сөзіме!

 

Туғанда, 

дүрмекте,

думанда,

Тамшы жас жанарды жуғанда,

Алғысым алғашқы – бір жүрген,

Арналсын ағайын, туғанға!

 

Айтатын қаймықпай сырды ескі,

Бір досым өзіммен бірге өсті.

Мың алғыс, егерде таба алсам,

Мың жолдас ішінен бір досты!

 

Ісім мен күшімді бағалар,

Қол ұшын берген-ді сан олар.

Рахымет сендерге әпкелер,

Сүрінсем демеген ағалар!

 

Танымай тұрғанда анықты еш,

Сыйлаған жолыма жарық көш.

Мың алғыс Сіздерге – Ұстаздар!

Сыныптас!

Курстас!

Әріптес!

 

Дайын боп жолында жан құрбан,

Өртеген,

Күйдірген,

Жандырған.

Ай-ару, өзіңе ризамын,

Сусаған шөлімді қандырған!

 

Орнатып үйімде күй бағын,

Әкеден шығарған ширақ үн.

Жан-жарым орнатқан бақ мекен,

Ұл-қызым, сендерге ризамын!

 

Күндерді бөлісіп мұң кешкен,

Қалайша шығарам күнді естен.

Мың алғыс, адамдар, тірлікте,

Танысқан,

Табысқан,

Тілдескен!

 

Кезімде балауса, жас қалам,

Шырқаған сәттерде асқақ ән.

Мың алғыс, 

Оқырман,

Тыңдарман,

Жырыма қол соғып қоштаған!

 

Ақтадым дей алман талғамды әр,

Алдымда жолдар бар,

арман бар,

Ақеділ алғысым бұл менің,

Ақырғы сөзі деп қалмаңдар!!!

*******

Қай шақта жүрмін,

Қай жерді жүрмін мекендеп...

Көңілде алаң,

Сенімде селдір секем көп.

Күтумен жүрмін беймәлім, жұмбақ дүниені,

Қай тұстан келіп қауыша кетер екен деп.

 

Көңілім алаң,

Жүрегім неге жаралы?!

Атпаған сынды арайлап маған таң әлі...

Бір сәтті күтіп,

Нұр шақты күтіп ғайыптан,

Сусыған құмдай күндерім өтіп барады.

 

Соғардай алдан арманның асқақ самалы,

Сол бір сәт маған өзге күндерден бағалы.

Бір ойды күтіп оңаша кейде отырам,

Серпіп жіберер сарсаңға түскен сананы...

 

Көрген соң жиі көкірегін керген би – бекті,

Өмірдің өзі қалай сөйлеуді үйретті.

Сонда да, бар ғой,

Бір сөзді күтем ғайыптан,

Бүлк еткізетін безге айналмаған бүйректі.

 

Аңсайтын болар осындай ерек шақты адам,

Жылдардан емес,

Жұлдызды сәттен бақ табам.

Бір ұйқас келіп ұйқымды бұзса, шіркін-ай,

Әлемнің барлық шайыры ойлап таппаған!

 

Өтермін бәлкім өмірдің мәнін мол ұқпай,

Күн шықса күліп,

Қуанып кейде толықса ай...

Қорқамын бірақ қызықты қуып жүргенде,

Қалдым ба екен деп көп күткен сәтке жолықпай...

 

Тағдырдың тұмса қиын ғой қия жолдары,

Бір ғана мезет...

Өмірдің маған сол мәні.

Жадында қалар қамкөңіл мынау жұртымның,

Жұлдыздай жарық бір өлең жазсам болғаны! 

Айтпаған не қалды?...

Не қалды айтпаған, 

жазбаған,

Не бүкті ішіне әз-ғалам?!

Табам деп әлемнің жұмбағын,

Бір шоқты үрлеймін маздаған.

 

Не қалды, 

еш пенде сезбеген,

Жер бар ма жаһангер кезбеген.

Көңілде қалтарыс қалды ма,

Көретін көкірек көзбенен.

 

Ашынып айтқанда арлы адам,

Біреулер салды ма жалған ән?!

Әлемде құбылыс бар ма өзі,

Ақынға тақырып болмаған?!

 

Не қалды, 

татпаған қайғы ма?

Болады деймісің жай күнә?!

Әлемді түгесіп әлдекім,

Әңгіме қылып жүр айды да...

 

Жүргендей бір өзім күреп мұң,

Махаббат майданын жыр еттім.

Жұдырық сияқты ет еді,

Аштық па бар сырын жүректің?!

 

Ойларды қоздырып бос, күпті,

Кейбіреу қос іші қос тікті.

Араздық жайында айтылды, 

Жырладық жарыса  достықты.

 

Әлдекім жамандап жақсымды,

Билікті қолпаштап ат мінді.

Ел деген ерлерді көтердік,

Аямай жазғырдық сатқынды.

 

Қару қып сүйкімді ғазалды,

Айтқан соң көңілім  тазарды.

Өмірді жырладық бір мезгіл,

Өзекті өртеген ажалды... 

 

Арылып тірліктен жат үнді,

Қайтар деп сұрадық хақымды.

Жырладық өткен мен кеткенді,

Хан мен би,

батыр мен ақынды.


Шабытты шақырып бір ғана,

Толғаулар арнадық «тұлғаға».

Аспан, 

тау,

талдағы жапырақ,

Су дағы сөз болды жылғада...

 

Жыр болды жекжаттың сәлемі,

Айтылды жүректің бар емі.

Жастықтың жалынды алауы...

Мастықтың салдырған әлегі...

 

Жүректі жылытты жыр демі,

Достармен бекіттік іргені.

Ақынға мәңгілік тақырып,

Арудың наздана күлгені.

 

Жырменен жүрекке от үрдім,

Сөзімді көңілге тоқыр кім?!

Ақыры айтатын ой қалмай,

Айтқанды қайталап отырмын...

Көңілдің қоңырауы...

Сөз болған анау шың да, 

мына шоқы,

Күтіп тұр өлеңімді кінә-соты. 

Әр қарпінде жанымның  бөлшегі бар,

Ұнамаса – оқыма!

Ұнаса – оқы!!!

 

Десең де өзгелермен күндес, мейлі,

Өлеңім қиялмен күн кешпейді.

Айналамда сайтандар сайран салып,

Неге екен, періштелер тілдеспейді?!...

 

Түнде көзге түспейтін,

күндіз қолға,

Түпсіз терең үңілем шың-құздарға...

Аймен ашық сырласу – арман маған,

Миығынан күледі жұлдыздар да?!

 

Жүректі кернегенде сезім-керім...

Тұнғанда шарасыздық көзімде мұң.

Жанға шабыт, әрине, 

жырыма арқау,

Ұстағаным! 

Көргенім!

Сезінгенім!

 

Отқа қақтап, 

салған соң күйеге мың,

Сүрінеді, байқаймын, жиі өлеңім.

Сонда дағы жырыма арқау менің,

Жығылғаным!

Тұрғаным!

Сүйегенім!

 

Сыңғыр күлкі,

оғаш ой,

егілген үн...

Таусылғанша айтамын себіл демім.

Менің жырым – мендегі сезім ғана,

Ұнатқаным!

Сүйгенім! 

Жерінгенім!

 

Өзіме аян, 

жұртыма сіңіргенім,

Қол жетпейтін қиялға жүгірмедім.

Жыласа да жүрегім – жырыма өзек,

Алданғаным!

Сенгенім!

Түңілгенім!

 

Жақын жайын ойлаумен,

алыс қамын,

Шекпен қуып, шендімен жарыспадым.

Болды, білем, мен үшін маңыздырақ,

Жоғалтқаным!

Тапқаным!

Табысқаным!

 

Тұрғанда тәуелсіз боп Тұран-бағым,

Ұшқанда қияға өрлеп қырандарым.

Мен үшін көру – бақыт!

Жырлау – ғажап,

Жұртымның шаттанғанын!

Қуанғанын!

 

Тағы бір ойды бастап сабырменен,

Көңілдің қоңырауы қағылды әрең...

Жүректің түкпірінен маржан сүзіп,

Сезімнің тереңінен лағыл терем!

 

Сөз болған анау шың да,

мына шоқы,

Күтіп тұр өлеңімді кінә-соты.

Әр сөзінде жүректің лүпілі бар,

Ұнамаса – оқыма...

Ұнаса – оқы!

Мен даланың ұлымын

«Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық!» 

                                                   Олжас Сүлейменов

Тау емес,

қырда туып, далада өстім,

Демеймін тауды көрмей нала кештім.

Шыңдарға иық тіреп жүрмесем де,

Аласасың дей алмас маған ешкім!

 

Тау емес,

дала-тұғын бақ мекенім,

Ес жиып, мұнда  жұртым жапты етегін.

Қылышын кезей келген боз далама,

Ал, айтшы, қайда бүгін жат, бөтенің?!

 

Ұлына ақтарылып жиі ағынан,

Маң дала көңіліме құяды ма ән?!

Дүбірлі  тарихымды танып өстім,

Бабамның тұлпарының тұяғынан.

 

Туғанда шыңдарды емес,

дала көрдім.

Бұл дала мекені ғой тамам елдің.

Қиялды шомылдырып қыр гүліне,

Қияға қалықта деп сана бердің.

 

Десең да бұл даланың көркін күпті,

Ұлдары ұлықтаған сертін мықты.

Даладан үйрендім мен дархандықты,

Сіңірдім кеңдік пенен еркіндікті.

 

Таңдарым атпаса да жағажаймен,

Біткен жоқ даламенен дара бәйгем.

Ойларым шыңыраудай түпсіз менің,

Жүрегім жақыныма даладай кең.

 

Ұлы Дала – бастауы әліппенің,

Осы жерде сезіндім жарық демін.

Қойыным ырыс-құттың қойнауындай,

Құшағым кең даладай алып менің!

Жетелеп желік қуған бағымды алға,

Шағылтып ай сулесін шағылдарға.

Ойларым  тұрақ таппай кетуші еді,

Жалғасып буалдыр бір сағымдарға.

 

Жеріне салғызбаған дар, абақты,

Түз ұлын баурына алып дала жатты.

Мұнартып көкжиекке күн шөккенде,

Бір бақыт көру мұндай ғаламатты.

 

Тапқаным төрт тарапты аралай шын,

Барым да, байлығым да дала – байсын.

Жазықты шыңдарыңнан биік қойсам,

Алатау, түсінікпен қарағайсың?!

 

Ашылып көкіректің көзі бүгін,

Ақынның толқып жатыр сезімі мың.

Далама тіл тигізбе, 

ей адамдар,

Дала мен Қазақ бүгін егіз ұғым!

Көкпар

(Жұматай Жақыпбаевқа) 

Бұл өмір біреуге – өзен,

біреуге – жар.

Біреуге өмір – мәнді,

біреуге – ажал.

Сен үшін бар ғұмырың көкпар болды,

Серттескен жазбаймын деп жүдеу ғазал.

 

Көкпарға сәйгүлігің сай болды ма,

Сай болмай көңіліңді қайғы алды ма?!

Тағдырың тайталасқа түскен кезде,

Өлеңің  өзегіне айналды ма?!

 

Шабатын шаршамай сан шақырымға

Алмастай өлең керек ақын ұлға.

Сол кезде Кенежирен кейпіне еніп,

Сәйгүлік тайпалды ма тақымыңда?!

 

Қиялың көкжиекті  аңсағанда, 

Арайлап  атты ма әлде таң саған да.

Былғары қолғап киіп топқа шығып,

Түстің бе тайталасқа шаршы алаңда?!

 

Сансырап бөленгенде  сана мұңға,

Өнерді өміріңе баладың ба?

Күй болып енді бірде көкпар-көңіл,

Шапты ма домбыраның шанағында?!

 

Жырыңмен салып сосын айға дүбір,

Жаныңда шын жүйріктер сайрады кіл.

Көкпарын тіршіліктің сан алсаң да,

Сағымдай жолатпады-ау Ләйлә-ғұмыр.

 

Тағдыр ғой,

тағдыр кейде бұлданады.

Шерменен ширыққан жыр шын бағалы.

Көкпарды тақымынан түсірмеген,

Атандың мәңгілікке – Жыр Қағаны!!!

Алматыда ақ жауын...

Бұлтпен бүркеп Алатауды асқарлы,

Алматының ақ жауыны басталды.

Көшедегі жылғаларға су толды,

Жапырақтың жанарынан жас тамды...

 

Тапа түсте күн түнеріп, кеш болды,

Қара бұлттар қара нардай көшке ерді.

Тамшы тамбай талықсыған Жер-Ана,

Табиғаттың тарпаңдығын қош көрді.

 

Шаң сейіліп топырақтан, тастан да,

Қоңыр тірлік қос иықтан басқанда.

Періштелер шатыр-күтір шайқасты,

Бір-біріне от атысып аспанда.

 

Көліктерді қайық сынды жүргізді,

Көрікті етті көшедегі үр қызды.

Қой дегенге құлақ аспай жүргенді,

Қойдай қуып үйлеріне кіргізді.

 

Көктің нәрі құдірет қой – есті, ізгі,

Алматыма кешігіңкі  көш түзді.

Тілазарлау түзді кезген тентекке,

Тілерсектен қара суды кешкізді.

 

Алматының сәні болған арайлы,

Раушан гүлдер құлпыртады маңайды.

Ақ қайың мен сәмбіталдар сілкініп,

Шырша біткен шырайлана қарайды.

 

Ойлар келіп отырғанда не түрлі,

Таңғы сезім тамшыдайын секірді.

Ай қаланың ақ жауыны кір басқан,

Көңілімді шайып кеткен секілді!

Азалы күн…

Тағы кімді,

тағы қанша аласың,

Бізге неге түсіресің дара сын?!

Айтып келмес ажал алды мекендеп,

Аңыздаған алашымның даласын.

 

Тағы кімге ашылды екен араның,

Аз болды ма халқым тартқан нала-мұң?!

Ажал тырнап қан-жоса етті ауызын,

Сан ғасырлар жазылмаған жараның.

 

Тірлік үшін күрес болған көп күні,

Қазағымның өр еді ғой шоқтығы.

Аты жаман ажал келіп жалмауда,

Ұлтқа тұлға асыл менен тектіні.

 

Азаматтың жарын алды ай мүсін,

Ет жақынға торын мықтап жайды шын.

Қарындастан қапы қалған досымның,

Үйде отырмын бөлісе алмай қайғысын.

 

Қатерлі дерт кәрін бізге жиғасын,

Қайманада қара бұлттай күй басым.

Қатар-қатар алып жатыр сұм ажал,

Өлім тұрмақ, өкпеге де қимасын. 

 

Аттанға бас,

егіл мейлің, 

зар иле,

Тәңір жазса төзесің ғой, әрине.

Алаңдаймын жедел жәрдем өтсе егер,

Жаутаңдаймын жанымдағы әр үйге.

 

Кім тоқтатар Жаратқанның жарлығын,

Кім көреді қазағымның зар-мұңын?!

Ажал деген аралап жүр елімді,

Сондықтан да азалы күн – әр күнім!

Қуат Қайранбаев,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі            

Abai.kz

2 пікір