Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 6018 9 пікір 14 Қыркүйек, 2020 сағат 11:43

«Қазақ тілін білмегенімнен таяқ жедім»,- деді...

Бүгін бір ата-ана баласын бізге Назарбаев Зияткерлік Мектебіне дайындыққа жаздырғалы алып келіпті. Баласы қазақ сыныбында оқиды.

Енді баласын кіргізіп, келісім-шарт сұрады. Бізде (Республикалық "QAZBILIM" орталығы) келісім-шарт тек қазақ тілінде, ұстаным солай, мекемеде ешқандай орыс тілінде құжат жоқ, сабақ өтілмейді.

Енді, әлгі ата-анам келісім-шарттың орыс тіліндегі нұсқасы қайда деп шу шығарғысы келеді. "Кешіріңіз, келісім-шарт мемлекеттік тілде жасалған. Түсінбесеңіз, аудармашы жалдасаңыз болады. Бізде орыс тілінде келісім-шартқа қол қойылмайды", - десем, ашуланады. "Сіздер клиент тілінде жұмыс жасауларыңыз керек", - дейді. "Кешіріңіз, біз мемлекеттік тілде жұмыс жасаймыз", - деймін.

Екі қазақтың арасын бір қазақ аударып, сөйлесіп тұрмыз. Келісті, келісім-шартқа қол қойды. Кетіп бара жатып: "Тұңғыш рет қазақ тілін білмегенімнен таяқ жедім", - дейді.

Мен: "Енді 10 жылда қазақ тілін білмейтін кез келген қазақстандық күнде сіз секілді таяқ жейді. Балаларыңызбен қазақша сөйлеп үйреніңіз", - дедім.

Күмілжіп, қазақша келісім-шартты ұстап, баласымен орысша сөйлесіп кетіп барады...

Баласына жаным ашыды.

Аятжан Ахметжанұлының жазбасы

Abai.kz

9 пікір