Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Өзекті 6939 17 пікір 14 Қыркүйек, 2020 сағат 11:50

Санаға сіңбейтін терминдерден арылу керек!

Терминдерге тиісушілер көбейді. Біреу біліп айтады, білген соң тіліп айтады. Біреу әр жерден іліп айтады, кейде анық-қанығына жетпестен андағы-мұндағы қаңқу сөздерді жиып айтады. Соңғыларының мақсаты – тез бедел жинау. Алғашқыларының мақсаты – терминдерді жасаудың және жасалған терминдердің барлық мәселелерін тереңінен білетіндіктен, сол кемшіліктерге көңіл аударту, өркениетті жолмен өрге бастыру.

Осы уақытқа дейін терминком 27 мыңға жуық терминді мақұлдапты. Бұл аз емес. Бірақ сапа қандай? Мәселе осында. Мақұлданған терминдердің бәрі қолданысқа еніп кетті, шетінен сәтті болды десек, өтірікші болар едік. Еліміздің экономика, ғылым, білім, әскер, шекара, спорт тағы да басқа ел өмірінің толып жатқан сан салалары бойынша мақұлданған терминдердің біршамасы қазақтың байырғы өз сөзі сияқты сіңісіп кетті. Ол рас. Кейбірі көңілге қонбады, санаға сіңбеді. Сондықтан ондай терминдердің бар екенінен де жұрт бейхабар. Білсе де қолданғысы келмейтіні болып жатса, онда бұл атаудың сәтсіз болғаны. «Сәтсіз болып жатса, оған сіз және сіз басқарып отырған комитет жауапты емес пе?» дерсіз. Оныңыз рас. Сондықтан да  мен осы терминдерді қарау және бекітуге жауапты Тіл комитетінің жаңа басшысы ретінде жұмысты ең алдымен біздегі «мақұлданған терминдердің барлығы шедевр» деген түсініктен арылудан бастаған жөн деп санадым. Жасалған ұшан-теңіз еңбекті жоққа шығаруға болмайды. Бірақ алға басу үшін кемшілікті де уақытында мойындап, одан шығу жолдарын белгілеп алуымыз керек. Сондықтан осы терминдерді жасау мен мақұлдау барысындағы және оны бекітудегі түйткілді мәселелерді анықтап алу үшін осы саланы бес саусағындай білетін ғалымдарды, мамандарды жинап, «Бекітілген терминдердің ғылым тілін дамытудағы орны» атты арнайы әдістемелік семинар өткіздік. Біраз сын айтылды.

Даяр ғылым бойкүйездікке үйретеді!

Бірден айта кетейін, семинарда әр жылдарда мақұлданған терминдерге сын көзбен қарап, пікір айтқан да негізінген сол Терминологиялық комиссияның мүшелері мен терминолог ғалымдар. Өйткені олар бұл саланы жақсы біледі. Әңгіме былай өрбіді.

«Terminkom. Kz сайтында жарық көрген Астрономия және физика саласының алғашқы 100 сөзі орысша нұсқасынан еш айырмашылығы жоқ. Бірдей.Тек шаңөлшегіш, жарық көзі, жарыққа төзімділік, сигма-байланыс деген сөздер болмаса.

Бұл жағдай басқа салаға да тән. Медициналық сөздіктің «А» әрпінде 720 термин келтірілсе, соның төртеуі ғана қазақ тілінде берілген.

«Мұндай даяр ғылым бойкүйездікке үйретеді», –  дейді «Н.Назарбаев университеті» АҚ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сарқыт Әлісжан.

Сондай-ақ профессор С.Әлісжан: «Термин шығармашылдық қазіргі күнмен емес, болашақпен санаса жүргізілу керек. А.Байтұрсынұлы бастаған алаштықтардың еңбегінде осы идея болған. Сонда ғана ана тіліндегі ғылым дамиды, кейінгі ұрпақтың ғылыми санасы қазақша қалыптасады.

Әрине, жалпы ғылымның өзі адамзаттық сипатта, ол белгілі бір ұлтқа байланып қалмайды. Алайда мазмұны адамзаттық болғанымен, берілу жолдары, жеткізілу жолдары ұлттық екендігін әр маман есте ұстағаны жөн. Сонда ғана қазақтілді ғылым жасай алатындығымыз сөзсіз. Тілдің ғылыми саладағы танымдық қызметі осыдан бастау алады», – деген пікір айтты.

Ашығын айту керек, мақсат бүкіл ғылым тілін қазақшалап алу емес. Кейбір қазақша ұғымға келмейтін де атаулар бар. Дегенмен көп жағдайда қазақтың бай тілі мен ұғымына салсақ, баламасын табуға, тіпті болмағанда самоварды  – «самаурын» деп атағанымыз сияқты қазақыландыруға  болады. Бұл орайда біздің шетелдік терминдерді шетінен қабылдай берейік дейтін әсіре өркениетшілдер «халқаралық терминдерді бұзып қазақшалау неге керек» деген де ой айтып жүргенін білеміз. Осыған орай семинарда «ҚР Заң шығару институты» мемлекеттік мекемесінің жетекші ғылыми қызметкері Мәди Айымбетов «Халықаралық термин» деген ұғым жоқ. Бұл қате пікір. Халықаралық қолданыстағы терминдер болуы мүмкін. Терминдерді мүмкіндігінше ұлттық ұғымға жақындату керек. Сондай ақ терминдерді жүйелеу, стандарттау үлкен мәселе» , – деген пікір айтты.

Жалпы біздің терминдер көбінше орыс тіліндегі сөздерге байлаулы. Бұл бізге кеңестік жүйеден қалған ғадет екенін тілге тиек еткен  танымал терминолог ғалым, филология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі Шерубай Құрманбайұлының пікірі төмендегідей болды.

«Біріншіден, терминдер қорын қалыптастыруда оның ұлттық сипатын арттыруды немесе халықаралық сипатын арттыруды көздейтін екі бағыт бар. Біз кеңестік кезеңде терминқорымыздың халықаралық сипатын арттыру бағытын ұстандық.  Оның ақыры орыс тілінің терминологиясымен ортақтығы мол, жазылуы да солармен бірдей терминологиялық қор қалыптастырумен аяқталды. Тәуелсіздіктен кейін кеңестік қағидаттардан арылып, өз бағытымызды белгілеп алуымыз қажет еді. Оны істемедік. Сондықтан бағдарсыздық орын алып, терминологиялық жұмыстарды жүргізудің негізгі бағыты белгіленбей отыр. Бізге қазір   терминология дамуының жалпы бағыт-бағдарын белгілейтін қағидаттарды айқындап алу қажет. Сонда ұлттық терминқорды қалыптастыруда басшылыққа алатын ұстанымымыз айқын болады. Терминкомның бір құрамы: мұражай, әнұран, пайыз, сынып деп бекіткен терминдерді араға аз уақыт салып, екінші құрамы: музей, гимн, процент, класс деп  қайтадан бекітіп, бірінің шешімін екіншісі теріске шығарып, елдің де басын қатырмай бір бағытта жұмыс істейді.

Екіншіден,  терминологияның іргелі ғылыми мәселелерін зерттеген ғалымдар болғанымен қолданбалы терминтанудың жай-жапсарын жақсы білетін мамандар да аз. Сонымен қатар терминологиялық жұмыстарды жүргізуге жауапты кәсіби мамандар шоғырланған орталық та, арнаулы мекеме де болған емес. Бұл жұмыс үнемі уақытша жұмыс істейтін жұмыс топтарына, комиссияларға немесе филолог, аудармашыларға, қазақша біледі деген сала мамандарына тапсырыла салады. Сондықтан терминдерді жасау, жаңа терминдер арасынан ұтымды жасалғандарын іріктеп алу, оларды сараптамадан өткізу, бекіту сияқты жұмыстар  сапалы жүргізілмейді.

Үшіншіден, бізде терминологияны реттеу терминологиялық сөздіктер жасау және терминдердің бір бөлігін бекіту (мақұлдау) арқылы жүзеге асып келеді. Терминологиялық сөздіктер сапасын анықтау, олардың арнаулы сөздікке қойылатын талаптарға сай жасалғандарын ғана басып шығару да дұрыс жолға қойылмаған. Терминкомға ұсыну мен бекіту (мақұлдау) кезінде де формалдылық, үстірттік жиі кездеседі. Міне, осының бәрі терминдеріміздің сапалы жасалып, қазақ тілінің ғылым саласындағы қолданысын кеңейтуге кең жол ашудың орнына кедергі келтіреді. Ұлттық терминқордың сапасын арттырамыз десек, алдымен осы мәселелерді шешу керек».

Ш.Құрманбайұлының терминдерді жасаушы, оны қарап, мақұлдаушылар терминология ғылымын терең меңгерген, кәсіби маман болуы керектігі туралы пікірінде негіз бар. Мәселен, өзге елдерде бұл іспен бүкіл бір институт немесе мамандандырылған орталықтар айналысады. Терминолог ғалымдар топтастырылған. Ал бізде Тіл комитетінде Басқарма деген дардай аты болғанымен, комитеттің терминге қатысты басқармасында бар жоғы екі-ақ адам істейді.

Бар ауыртпалық, жауапкершілік Терминология комиссияға түсетіні белгілі. Ол комиссияда кімдер бар? Бұл жауапты іске жекелеген терминолог ғалымдар, журналистер, ҚР Заң шығару институты, ҚР Парламенті Сенаты, Мәжілісінің тіл мәселесіне жанашырлық танытып жүрген, филологиялық ғылыми дәрежесі бар  депутаттары, ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Редакциялық баспа,  ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының Редакциялық және аударма бөлімдері, ҚР Президенті Әкімшілігі Жалпы бөлімінің редакциялық сараптама және актілерді шығару секторы және т.б. мекемелердің өкілдері тартылған. Қажеттілігіне қарай, отырыстарға мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың қызметкерлерi, экономиканың, ғылымның, техниканың, мәдениеттiң және т.б. тиiстi салалары бойынша құрылған терминологиялық секциялардың жетекші мамандары да тартылып отырады.

Көріп отырғаныңыздай, комиссия құрамы әр саланы қамтығанмен, олардың бәрі кәсіби терминологтар емес. Олардың өздерінің атқарып отырған қызметтері бар. Соның өзінде Терминологиялық комиссия осы уақытқа дейін ұшан-теңіз жұмыс атқарды. Жасалған жұмысты жоққа шығаруға болмайды.

Терминдер тек мақұлданған. Бекітілмеген!

Терминология комиссиясының атқаратын жұмыс жүктемесі бар. Терминология комиссиясына ұсынылатын терминдерге лингвистикалық сараптама жасалып, бекітілуге ұсынылған терминдер мен сөз тіркестеріне сатылап талдау жүргізеді, отырыстарда мақұлданған терминдер мен номенклатураларды қарайды және бекiтеді. Атап айтқанда, осы кезге дейін бекітілген халықаралық терминдерді сұрыптап, олардың халықарлық және ұлттық терминжасамдық талаптарға сәйкестігін анықтайды, халықаралық терминдердің мемлекеттік тілдің фоно-морфологиялық заңдылықтарына бейімделуіне баса назар аударады. Халықаралық терминдермен, нақтырақ айтқанда, түрік, әзірбайжан, қырғыз, өзбек, ағылшын, неміс, француз, орыс және т.б. тілдердегі халықаралық түбірлерге сәйкестігіне талдау жүргізеді. Сонымен бірге жекелеген терминдерді сала бойынша жарық көрген сөздіктермен салыстыра отырып, оның дұрыстығына баға береді. Терминология комиссиясына бекітуге ұсынылған терминдерді заңнамадағы қолданыстарда кездесетін терминдермен бірізділігін қадағалайды және т.б.

Сонымен қатар Терминкомға бекітуге ұсынылған салалық терминдердің сапасына, терминдердің бірізді қолданылуына жауап беретін  орталық атқарушы органдарда, яғни министрліктерде, мемлекеттік квазисекторларда салалық терминологиялық секциялар жұмыс жасайды (олардың саны 16).

Латын әліпбиіне көшу барысында терминологиялық қорды реттеу, терминжасам қағидаларын қалыптастыру жұмыстарын оңтайлы жүргізу үшін Ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобы құрылғандығы да белгілі.

Бір қарағанда термин жасауға күш те ғылыми әлеует жететіндей көрінгенмен, біз атап өткен салалық терминдердің сапасына, терминдердің бірізді қолданылуына жауап беретін  орталық атқарушы органдарда, яғни министрліктерде, мемлекеттік квазисекторларда қызмет ететін салалық терминологиялық секцияларда да жүз пайыз терминолог ғалымдар  мен практик мамандар отырған жоқ. Сапаның ақсауы да осы жерден басталады. Міне, сондықтан да термин жасау қызметі кәсібилікті, ғылыми әлеуетті, арнайы ғылыми терминологиялық институттың немесе Тіл комитеті қасындағы ғылыми практикалық орталықтың  болуын қажет етеді.

Сондай ақ осы уақытқа дейін терминдерді бекітілді деп жүргенімізбен шын мәнінде олар тек мақұлданған. Иә, тек мақұлданған. Бекітілмеген. Терминологиялық жұмыстардың соңғы нүктесін стандарттау жұмысы қоятындығы белгілі. Біз қолданыстағы терминдерді стандарттап жатқан жоқпыз, тек бекітіп, халыққа ұсынып отырмыз.

Семинар өтті. Не нәтиже берді?

Ауызымыз көпіргенше сөз сөйлеп аяғы еш нәтижесіз қалатын көп жиынның бірі болмауы үшін төмендегідей ұсыныстар айттым.

Бірінші, осы уақытқа дейін мақұлданған 27 мың терминге мониторинг жасалып, қолданысқа еніп сіңісіп кеткендерін қалдырып, сәтсіздерін анықтап, қайта сұрыптап шығу керек.

Екінші, осы сұрыпталған терминдерді стандарттау үшін Үкімет қаулысы қабылданып, арнайы органдар бекітуі тиіс;

Үшінші, мақұлданған терминдер Үкімет қасындағы тіл комиссиясында қаралып, ресми бекітілуі қажет.

Төртінші, термин жасау кәсіби біліктілікті қажет ететін шығармашылық жұмыс болғандықтан, термин жасаумен, терминдерді сараптамадан өткізумен, біріздендірумен айналысатын арнайы ғылыми-практикалық орталық құрып, оған терминолог ғалымдар мен сала мамандары тартылуға тиіс.

Семинар нәтижесінде Тіл комитеті осы және басқа да мәселелер қамтылған қарар қабылдап, ол Үкіметке жолданатын болады.

«Ауруын жасырған өледі» демекші, бұл саладағы түйткілді мәселені ашық айтып отырмыз. Ендігі мәселе айтылған ұсыныстарды жүзеге асыра отырып, тілімізді ұлттық ұғымға жақын сөздермен байыту болмақ.

Ғылым тілін дамыту, терминологияны ретке келтіру бұл мемлекеттік тіл саясатының үлкен бір бағыты ғана. Тек қана терминология емес, алдағы уақытта мемлекеттік тілдің басқа мәселелері бойынша да ғылымға негізделген осындай нақты қадамдарға барып, ғалымдар мен сала мамандарын жұмылдыра отырып, жүйелі жұмыстар атқарсақ деген ниеттеміз.

Әділбек Қаба,

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Тіл саясаты комитеті төрағасы.

Abai.kz

17 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3528