Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Дат 20706 167 пікір 12 Қыркүйек, 2020 сағат 13:04

Білім министріне Ашық хат!

Редакцияға!

Құрметті Абай.kz порталы! Сіздерден өтініп сұрарымыз, осы хатты желіге шығарсаңыздар екен. Бүкіл республика бойынша көркем еңбек пәнінің сағаттары қысқарып, қиын жағдайға қалып отырмыз. Бағарламасы мен  оқулығы бөлек. Ұл мен қыз біріктіріп окытылмақ. Балалардың (гендерлік) құқығы да тапталуда. Ұстаздардың жарты «ставкасы» қысқарып, қиналуда. Қарапайым халықтың қамын жейтін қоғамдық ақпараттық желі ретінде біздің өтінішімізді жариялап берсеңіздер.


ҚР Білім және ғылым министрі

Асхат Аймағамбетовке!

Құрметті Асхат Аймағанбетов мырза!

2016-2017 оқу жылы мектептерге  жаңартылған  12 жылдық білім беру бағдарламасы енгізіліп, қазіргі уақытта 1-11 сыныптар жаңаша білім алуда.

Жаңа бағдарлама эстетикалық пәндер үшін өзгерістерді де ала келді. Бірнеше жылдар бойы қалыптасқан «Технология» мен «Бейнелеу өнері» пәндері кіріктіріліп, «Көркем еңбек» пәніне айналды.

Қазіргі таңда тарихы терең, рухы биік ұлттық өнерімізді болашақ ұрпақтың бойына сіңіруге 5-9 сынаптарда 7 сағат қана қарастырылған. Ал, баланың өмірге қызығушылығы енді қалыптасып келе жатқан бастауыш сыныптарда «Көркем еңбекке» әр сыныпта бір сағат, жыл бойына 34 қана сағат берілген. Жас сәбидің ойлау қабілетінің дамуына қол маторикасының, саусақтардың ұшымен  жасалатын тапсырмалар оң әсер ететіні ғылыми тұрғыдан дәлелденіп отырған нәрсе. Әйткенмен, білімнің негізі болатын бастауыш сыныптарда «Көркем еңбек» пәні көп мектептерде бастауыш сынып мұғалімдеріне берілген. Олар осы сағаттарды математика, жазу сауаттылығы т.с.с. пәндерге пайдаланып, сабақ өз деңгейінде өтілмейтіні жасырын емес. Сонда, «Көркем еңбек» пәні бойынша 1-9 сыныптар арасында аптасына барлығы 11 сағат қарастырылып отыр.

Ал, білімі мен мәдениеті жоғары тұрған Финляндия, Жапония, Сингапур, Норвегия, Қытай елдерінде білім беру саясатындағы негізгі басымдық өздерінің төл мәдениетін, дәстүрлі құндылықтарын сақтай отырып, бірегей ойлайтын жеке тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған. Мысалы: Жапон елінің оқушылары «Сурет және сызу» сабағын 1 сыныптан 6 сыныпқа дейін аптасына 2 реттен оқыса, 5-12 сыныптарда «Үй шаруашылығы» пәні жүргізіледі. Сонда, олардың оқушылары аталмыш пәндерді біздің балалардан екі есе көп оқиды.

Болашақта білімге бәсекелі ұрпақ дайындап, алдыңғы қатарлы елдердің арасынан көріну үшін,  ұрпағымызды алдымен ұлттық төл өнеріміз және мәдениетімізбен сусындатып, рухани құндылықтарға тәрбиелеу білім беру саястының басты мақсаттарының бірі деп түсінеміз.

Әйтсе де, «Көркем еңбек» пәнінің апталық сағаттарының қысқаруымен қатар келесі мәселе тағы бас көтерді. «Білім берудің барлық деңгейінің жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы» ҚР  Білім және ғылым  министрлігінің 2018 жылғы 31 қазандағы №604 бұйрығына 2020 жылғы 5 мамырдағы №182 бұйрығымен өзгеріс енгізіліп, ол бұйрықтың 57-тармағында: «Сыныпты екі топқа бөлуге қалалық білім беру ұйымдарында сыныптарда білім алушылар саны – 24 және одан артық, ауылдық жерлерде білім алушылар саны – 20 және одан артық болғанда:

1) оқыту қазақ тілінде жүргізілмейтін сыныптарда – қазақ тілі мен әдебиеті;

2) оқыту орыс тілінде жүргізілмейтін сыныптарда – орыс тілі мен әдебиеті;

3) шетел тілі;

4) көркем еңбек;

5) информатика;

6) дене шынықтыру сабақтарын жүргізу кезінде болады», -деп жазылған.

Осы жерде, «Көркем еңбек» пәні топқа бөлмей оқытылса білім стандарты талаптары орындалмай қалатыны не себептен ескерілмеген? Күнтізбелік жоспарлар мен «Көркем еңбек» оқулықтары 5-9 сынып аралығында «Қыз балаларға арналған» және «Ұл балаларға арналған» болып, екіге бөлінеді. Оқулықта ер балалар мен қыз балаларға арналған тапсырмалар баланың ерекшелігене сай өте тиімді етіп құрастырылса да, №604 стандартқа енгізіген өзгерістерде, олардың гендерлік құқықтары ескерілмей отыр. Сонда, топқа бөлмей оқытылатын болса, қыз балалар сыныптың бір жағында іс машинасымен жұмыс жасап, екінші жағында ұлдар тобы түрлі жону станоктарымен жұмыс орындаулары керек болады. Әрі кіріктірілген сабақтардың жоспарлары да, оқулық та шығарылған жоқ. Екі бірдей тақырыпты бір сабақта өту мүмкін бе!? Өйткен жағдайда бір 40 минут ішінде ұл мен қызға қатар талапқа сай сапалы білім бере аламыз ба? Осыны түсіне алмай отырмыз.

Сонымен қатар, былтырдан бастап 9 сыныпта өтетін «Сызу» пәні «Графика және жобалау»  болып өзгертілді. Аты өзгергенмен пән бұрынғы «Сызудың» мазмұнын қайталайды. Бірақ, ол 10-11  сыныптарда жаратылыстану бағытына стандартты деңгейдегі таңдау пәні ғана ретінде беріліп отыр. Бұл да негізгі мектепті бітіргелі отырған оқушыларға жасалып жатқан қиянат деп ойлаймыз. Себебі, 9 сыныпты бітірген баланың түрлі колледждердің «Дизайн», «Құрылыс технигі» мамандықтарына баруына мүмкіндігі болмайды. Ал, 10-11 сыныптардағы «Графика және жобалау» пәні таңдау пәні ғана болғандықтан, бала санының толымдылығына байланысты еліміздің көптеген мектептерінде жүргізілмейді. Елімізді дамытуға үлес қосар көптеген техникалық мамандықтарды игерудің алдыңғы әліппесі болар «Сызу» пәні осындай күй кешуде. Және де бұрынғы 10-11 сыныптардағы «Технология» пәні жойылып, орнына «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізілді. Заман талабына сай өте қажетті пән болғанымен бұл сағаттар біздің еншімізде емес. Әр мектепте әрқалай тарих, география т.б. пәндер мұғалімдерінің қанжығасына байланды.

Біз үшін биылғы оқу жылындағы ең келеңсіз жағдай, жоғарыдан келген құжаттардың түсініксіз нұсқаулары кесірінен, бүкіл Қазақстан бойынша әр мектепте «Көркем еңбек» пәні мамандарының бір бірлігінің қысқаруға ұшырауы. Әсіресе, ауылдық жерлерде бала саны аздығына байланысты пән мұғалімдері мардымсыз сағатпен қалды. Әрине, бұл жағдай қала мектептерінде байқалмауы да мүмкін. Қазіргі пандемия жағдайында көптеген қарапайым отбасын мемлекеттік бюджеттен еңбекақы алатын ұстаздар асырап отырғаны жалған емес. «Көркем еңбек» пәні мұғалімдері жарты «ставкалары» қысқарып, сергелдеңге түсуде. Қаншама отбасының асырап отырған бала-шағасының нәпақасы кемуде. Оның үстіне банктерге несие төлей алмау мүмкіндігі туындап отыр. Бұл қазір еліміздегі төтенше жағдайлар кезінде «Көркем енбек» пәні мұғалімдеріне жасалып отырған таза қиянат деп білеміз. Пән мұғалімдері отбасын асырау үшін қоржындарын сүйретіп, ел кезіп кету қаупінде тұр.

Құрметті Асхат Қанатұлы!

Сізден өтініп сұрарымыз, еліміздің бас ұстазы ретінде осы мәселелерді шешуге көмектесіңіз. Жаңа оқу жылы құтты болсын! Бізді толғандырып отырған мәселерлер оң шешімін табады деп үміттенеміз және күтеміз.

Құрметпен Қазақстан Республикасы мектептерінің «Көркем еңбек» пәні мұғалімдері.

167 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530