Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 3423 78 пікір 10 Қыркүйек, 2020 сағат 12:07

«Nur Otan»: Партиялық реформация дәуірі

Партиялық генезис

Естеріңізде болса өткен ғасырдың 90 жылдары сан алуан  саяси күштердің пайда болуымен ерекшеленді. Тоталитаризм бұғауынан босаған қоғамдық санада тәуелсіздік рухымен бірге демократиялық өзгерістерге де құлшыныс зор болды. Сэмюэль Хантингтон көрсеткен  демократияның «үшінші толқыны» постсоциалистік елдерге үлкен үміт әкелді.

Осы кезде Қазақстанда да әртүрлі саяси күштер пайда болды. Саяси алаңда көптеген партиялар келді. 1999 жылы 1 наурызда Республикалық «Отан» партиясының бірінші съезді өткізіліп, оның құрамына Қазақстан халық бірлігі партиясы, Қазақстанның демократиялық партиясы, Қазақстанның либералдық қозғалысы бірігіп,  Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  төрағалығымен жаңа партия пайда болды.

2006 жылы құрамына Аграрлық партия, Азаматтық партия және Асар партиясы қосылып «Отан» республикалық саяси партиясы  - «НұрОтан» халықтық-демократиялық партиясына атауын өзгертті. Айта кету қажет, құрылған кезден бастап партия ірі ықпалды күшке айналды. Бұл бірінші кезекте Елбасының қоғамдағы беделімен айқындалды. Құрылған кездегі партияның міндеті барлық ықпалды саяси күштерді мемлекет басшысы жүргізген саясат төңірегінде біріктіріп саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларға қолдау көрсету болды.

Партия жұмыс істеп келе жатқан екі онжылдықтың ішінде оның құрылымында бірнеше институттар пайда болды:

  • 2000 жылы ЖасОтан жастар қанаты құрылды. Бұл қанат жастармен жұмысты үйлестіретін партияның үлкен қолғанатына айналды.
  • 2007 жылы Парламентаризм институты құрылды. Кейін бұл институт Стратегиялық бастамалар институтына айналды. Партияның стратегиялық құжаттары осы жерде дайындалады.
  • 2008 жылы екі маңызды құрылым пайда болды: партия жанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес және партиялық бақылау қызметі. Осы құрылымдардың пайда болуы өкінішке орай қоғамның өзекті мәселесі болып отырған сыбайлас жемқорлық пен партия ішілік тәртіпті күшейту міндетімен байланысты болды.
  • 2010 жылы Жоғары партия мектебі пайда болды. Бұл мектеп партиялық кадрларды дайындау мен кәсіби біліктілігін жоғарылатуда маңызды орын алып келеді. Қазір бұл құрылым Саяси менеджмент мектебі деп аталады.
  • 2016 жылы Қоғамдық саясат институты құрылды. Институт қоғамдық-саяси және экономикалық ахуалды, халықаралық процестер мен трендтерді сапалы және проактивті талдауды қамтамасыз етеді. Әлеуметтік көңіл-күйдің тұрақты мониторингін жүзеге асырады, маңызды стратегиялық міндеттерді іске асыруда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бақылаумен айналысады.

2013 жылы қабылданған доктринада партияның миссиясы эволюциялық дамуды қамтамасыз ету және алға қойылған мақсатына ұмтылатын, заң талабын сақтайтын әрі еңбекқор азамат ретінде өзіне де, қоғамға да пайда келтіре алатын демократиялық, өркендеген, бәсекеге қабілетті және әлеуметтік бағдарлы мемлекет құру деп көрсетілген.

Осы кездердегі партия Елбасының стратегиялық реформаларына қолдау көрсетіп өзінің миссиясын табысты орындады деп айтуға болады. НұрОтан партиясы елімізде жүргізілген барлық сыртқы және ішкі саясаттың жүзеге асуымен байланыстыратын символына айналды. Сонымен бірге партия көппартиялық жүйеде негіз құрушы күшке айналды.

Партиялық «жаңғыру» және оның алғышарттары 

2019 жылы партия төрағасы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында пар­тия­ның жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынып, оны «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» деп атады:

  • партия органдарының әлеуетін барлық деңгейде арттыру;
  • биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыру;
  • қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты жандандыру;
  • партияның белсенді мүшелерін топтастыру;
  • ауыртпалықтардан арылу;
  • халықтың әр әлеуметтік тобымен жұмыс істеу қағидатын енгізу;
  • партия төңірегінде жастарды біріктіру.

Нұрсұлтан Назарбаев партия жұ­мысындағы ашықтықты қам­тамасыз етуге тоқталып, же­текші ұйымның әлеуетін барлық жерде арттыру қажеттігін көрсетті. Алдымен партияның белсенді мүшелерін топтастыруға мән беруге, яғни, қоғамдық мәсе­лелерді ұдайы көтеріп жүрген, оны шешудің жолдарын ұсына білетін, өз сөзін дәлелдей алатын азаматтарды партияға тар­ту­ды тапсырды. Пар­тия мүшелерінің қоғамда болып жатқан жағдайларға немқұ­райды қара­май, дер кезінде үн қатуы, нақты іс-шаралар қол­дануы назарға алу қажеттігіне тоқталды.

Партияның қандай себептермен «қайта жаңғырту» реформасына барғанын қарастыратын болсақ, оның бірнеше алғышарттары болды. Әлемде ақпараттық қоғамның одан әрі қарқынды дамуымен байланысты қоғамдық санадағы өзгерістер партияның саяси жүйеде өз орнын қайта қарастыруға мәжбүрледі. Енді бұрынғыша саяси ұрандармен, тікелей орталықтан басқару арқылы жұмыс істеу өз мәнін жоғалтты. Осы партияның жаңғырту бағдарламасы жарияланған саяси кеңестен кейін өткізілген Nur Otan trends пікірталас алаңында қатысқан саясаттанушылар бұл партиялық өзгерісті өздерінше бағалады. Оразғали Сельтеев «Пар­­тия қоғам­ның қызығушы­лы­ғын оятуы тиіс. Қоғам­дағы әлеу­мет­тік топ партия ықпалын се­зін­гені жөн. Мысалы, Қостанай об­лы­сын­дағы 30 шаруа қожа­лы­ғының иесі келіп, мәселенің түйі­нін тарқату үшін пар­тияға жүгінуі ке­рек. Партия аппараты ма, фрак­циясы ма тығырықтан шығу жо­­лын ұсынса, жұртта иек арту, се­нім пай­да болады. Партия ше­шім тауып, ба­ғыт береді. Кез кел­геннің жобасы жерде қал­май­тынын, мәселе шешілетінін дә­лел­­деу қажет. Депутаттар нақты қо­ғам үшін, партия игілігі үшін жұ­мыс істей­тін­дерден құралса, іс өр­ге басады» деген пікір айтса, Айдос Сарым «Партияға деген халық сенімі мұ­қал­ған. Қалпына келтіру керек. Мысалы, бір министр келіп жаңа мемлекеттік бағ­дар­лама құрады. Екіншісі үш бағдарлама ұсы­нады. Жүзеге аспағаннан кейін халық се­німі жоғалады. Сенімге ие болу қиын, шы­ғып кету оп-оңай. Бәрі партия жігері­не байланысты. Егер нақты қадам жасай білсе, нәтиже шығаруға болады. Бай­қа­сақ, Nur Otan партиясы бірнеше рет жаң­ғырту жұмысын жүргізді. Өзгеріс бай­қалған жоқ. Осы жолы оң өзгеріс орын алатын болар. Ал­дымен, жаңа­шыл­дыққа партия дайын болуы керек. Nur Otan жаң­ғыруға дайын болса, халық көш­­ке ілеседі» деп халықтың сенімін бекіту үшін, партиялық жаңарудың қажет екенін мақұлдады.

Яғни, қазақстандық саяси жүйенің даму барысында екі жол тұрды. Бірінші бағыттың логикасы 90 жылдары өз жемісін берген «алдымен экономика, содан кейін саясат» ұстанымын жалғастырып саяси реформаларды консервативтік жолмен шектеу. Мүмкін тұрақтылық пен тыныштық үшін бұл дұрыс та болар еді. Бірақ қоғамдағы өзгерістер бұл саясаттың одан әрі тиімді жалғасуына күмән келтірді. «Жер мәселесіне» байланысты басталып, «көп балалы аналар» дауымен жалғасқан қоғамдық наразылықтар екінші нұсқаның іске асуын жеделдетті. Егер сәл созатын болсақ «түрлі түсті революциялар» технологиясының іске асу мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайтын еді. Оған мүдделі ішкі және сыртқы топтар да бар екені жасырын емес.

Екінші жол  саяси реформалар эволюциясын сабақтастықпен батыл жалғастырумен байланысты болды. Бұл тарихи жолды Нұрсұлтан Назарбаев тәжірибелі саясаткер ретінде дұрыс таңдады. Әрине тәуекел де бар еді. Және қандай тәуекел. Жаңа президент сайлауы қарсаңында әртүрлі саяси күштер жанданып тұрақсыздық қауіпі туындауы мүмкін еді. Бірақ, дегенмен де халықтың көпшілігі саяси сабақтастықты қолдады. Саяси жүйедегі реформалар мен сабақтастық жетекші партияның ішкі жаңғыруына негіз болды. Жаңғыру  - қоғамдық сұранысқа сай келді.

Партиялық жаңғыру және қоғамға қажет праймериз

Бүгінгі күнде партия Елбасының «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» жүйелі қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуде. Партия өз қатарында «тазалау» жұмыстарын жүргізіп, 227 мың белсенді емес адам мүшелігінен  шығарылған. Бүгінде партия қатарында 840 мыңнан астам азамат бар.

Жүйелі жаңғыру бастауыш партия ұйымдарын да қамтып, олардың басшылығы 20 %-ға жаңартылған және 1 300 ұйым оңтайландырылған. 10 мың партиялық кадрлық резерв жасақталды. Олардың ішіне әртүрлі әлеуметтік страталар кірген: 36 %-ы әйелдер, 25 %-ы 35 жасқа дейінгі жастар, 10 % -ы ғана зейнет жасы алдындағы мен зейнет жасындағы адамдар. Кадрлық резервтің ішіндегі 5 мыңнан астам адам партияішілік іріктеуге қатысу үшін дайындықтан өткен.

Партиялық бақылау комитеті мен партия жанындағы Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес өз жұмыс әдістері мен жұмыс жоспарларын жаңартқан. 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы партиялық бағдарламаның іске асыру бойыншга екінші жол картасы бекітілген. Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес бастауымен өткізілген отырыстарда білім саласы, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы жемқорлыққа қарсы тәуекелдерді азайту бойынша 3700 ұсыныс берілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша агенттікпен бірлесе отырып жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқоррлықтың алдын алу бойынша «Таза сессия» акциясы өткізілген. Соның нәтижесі бойынша ЖОО-да жүйелі заң бұзушылықтар анықталып Қауіпсіздік Кеңесіне жолданған.

Әртүрлі әрекеттер үшін 329 партия мүшесі жауапқа тартылды. Соның ішінде, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қостанай облысы әкімдерінің орынбасарлары да бар.

Мәлихаттардағы партиялық фракция жұмыстары белсенділігін арттыру бойынша жұмыстар да жемісін береді деп ойлаймын. Осы фракцияларды әкімдердің жұмысы бойынша есеп қабылдануы жауапкершілікті күшейтуі тиіс. Жыл басынан бері 1 қыркүйекке дейін  партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 303.8 мың адам хабарласқан. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 3,6 есеге көп. Пандемияға байланысты партия филиалдарында ашылған онлайн байланыс жүйелеріне 269 мыңнан астам  хабар келіп түскен. Жалпы халықтың партияға хабарласуы 5 есе өскен. Бұл партияның қоғам арасында мәселелерді шешу құралына айналып келе жатқанын көрсетеді.

2019 жылы Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобы мониторинг жүргізу мақсатында 220 елді мекенде болып 1350-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелерін, мектептерді, балалар интернаттары, ауруханалар, емханалар, дағдарыс орталықтары және кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарды аралаған. Осы Кеңестің төрайымы Динара Закиеваның айтуынша өңірлердегі өмірлік қиын жағдайда отбасыларға көмек көрсету үшін құрылған 2182 жұмыс тобымен бірлесе партия жанында «Шұғыл қызмет 111» байланыс орталығы құрылған. Сонымен қатар, Кеңес бала мен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қорғау жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша мәжіліс тобында жұмыс істейді.

Пандемия жағдайында нұротандықтар халықтың мұқтаж топтарына көмектесу үшін Елбасының «Біз біргеміз» қоғамдық қоры аясына біріге алды. Бұл қорда кәсіпкерлер атсалысып бүгінгі күнге дейін 28.7 млрд қаржы жинақталған. Қор қаражатына 2 млн. астам адамды қамтитын 555 мың отбасыға, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының 2 мыңнан астам дәрігерлеріне 50 мың теңгеден есептегеенде 28 млрд теңгеге көмек көрсетілді. 300 мың отбасыға 3,9 млрд. теңгеге  азық-түлік қоржындары таратылды. 5 млн медициналық маска таратылды. Су тасқынынан зардап Мақтарал ауданы Достық аулында 20 үй салынып берілді, тағы да 12 үй салынбақшы.

|Сайлауға ұсынылатын партиялық тізімге ұсынылатын үміткерлерді анықтау үшін партияішілік іріктеудің жаңа моделі енгізілді. Праймериз бәсекелестік және ашықтық жағдайында өткізуге партия барлық күшін жұмылдырады деп ойлаймын. Праймериз жүйесі Орталық Азия елдерінде алғаш рет қолданылайын деп отыр. Қырғызстандық саясаттанушы Марс Сариев Nur Otan партиясының ұйымдастырып жатқан партияішілік іріктеуіне оң баға бере отырып, өз елінің революциялық жолды емес, қазақстандағыдай эволюциялық жолды таңдағанда қоғам үшін пайдасы көбірек болар деп пайымдайды.

Праймеризді өткізу барысы қоғам арасында да қызығушылық тудырып отыр. 5 қыркүйек пен 8 қыркүйек аралығында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 24 758 сұрақ келіп түскен. Соның 47 %-ы праймериздің мақсатын және міндеттерін түсіндірумен байланысты болса, 22 %-ы үміткерлерді тіркеу бойынша болған. Primaries.kz ресурсындағы бүгінгі күнгі мәлімет бойынша праймеризге қатысу бойынша 11 249 өтініш келіп түссе, соның 10 965 үміткер болып тіркелген.

Праймериз партияның қайта жаңару бағытындағы трансформациясының негізі болмақ. Осы іріктеудің ашық және шынайы бәсекелестік жағдайында өтуі партия үшін өте маңызды деп ойлаймын. Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан «егер біз өз міндетімізбен дұрыс айналыспасақ, біздің орнымызды басқа партия басады» деген сөз NurOtan-тарға шабыт береді деп ойлаймын.

Елдос Жұмағұлов,

Саясаттанушы

Abai.kz

78 пікір