Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 8489 5 пікір 8 Қыркүйек, 2020 сағат 12:42

Ғамзатов қазақ арасында өз ақынындай оқылады

Бүгін – Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың туған күні.

Кеше Кеңес өкіметі кезінде орыстың әйгілі ақындарымен иық теңестіре шығып, Одақ көлемінде, тіпті әлемге мәшһүр болған қалмақ Давид Кугультинов, башқұрт Мұстай Кәрім, малқар Қайсын Құлиев, литван Эдуардас Межелайтис, украин Борис Олейник, қазақ Олжас Сүлейменов секілді т.б. айтулы ұлт ақындары болды. Расул Ғамзатов осындай шоқжұлдыздың арасынан өзінің ерекше нұрын шашып тұратын жарық жұлдыз еді. Расулдың алғашқы өлеңдеріне қолдау көрсетіп, танымалдылығына жол ашқан тұлғалардың бірі – өзіміздің Мұхтар Әуезов. Ақынның «Көргенмін құрмет-сыйыңды қонақ боп, аға, үйіңде. Бір кезде саған жырымды оқығам авар тілінде» деп Мұхтар Әуезовке арнаған өлеңі соның жоралғысы секілді. Ол Мұхаңды «Ұлы ғой Кавказ, жан аға, өзіңе жету қайда оған!» деп аса жоғары бағалаған.

Расулдың өлеңдері әлемнің көптеген тілдерімен қатар қазақ тіліне де жақсы аударылды. Бір топ қазақ ақындарының қатысуымен «Жұлдыз жарығы» атты кітабы қазақша сөйледі. Аса дарынды ақын Сағи Жиенбаев Расул өлеңдеріне дендей еніп, «Тырналар» атты кітабын қазақ тіліне тәржімеледі. Сұлтан Қалиев ақынның балаларға арналған бір кітапшасын қазақ балаларына тарту етті. Ғафу Қайырбеков «Менің Дағыстаным» атты ғажайып кітабын ана тілімізге аударды. Қазақ ақындарының назарын бұлай қатты аударған ақын көп емес. Қазір Расул Ғамзатов қазақ оқырмандары арасында өз ақынындай оқылады.

Расул Ғамзатовтың өлеңдері ең әуелі қарапайымдығымен баурап алады. Ол махаббат жыршысы болды. Сонымен қатар оның шығармаларында азғантай авар халқының дүниетанымы, этнографиясы, ұлт ретіндегі ерекшеліктері, арғы-бергі дәуірлердегі тұтас тағдыры жатыр. Кеңес билігі тұсында ондаған этнос ана тілінен айырылып, ұлт ретінде жойылып жатты. Сол кезде Расул өзі қарайлас ақындардың алдына түсіп, «Өзге бір тіл емдер басқаларыңды, мен онымен айта алмаймын әнімді. Егер тілім ертең болса құрымақ, мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деп батыл жырлады. Өлеңнің жазылу формасы соншалықты күрделі емес, бірақ авар халқына арналған сүйіспеншілік өзгелердің де, біздің де ұлттық сезімімізді оятады, туындының ішкі рухы мықты. Расул Ғамзатовтың мұндай рухты жырлары өте көп!

Жалпы, ақындарды бір-бірімен салыстырып бағалаған аса тиімді емес. Расул Ғамзатовпен таланты тайталасатын, дарыны одан бірде-бір кем емес ақындар бізде де бар. Тіпті бір шоғыр десе де болады. Бірақ біз қашан өзгелер мойындағанша өзімізді өзіміз бағалай бермейміз ғой. Ақиқатын айтар болсақ, ол да қазақ ақындары секілді өз халқының «жаманын жасырып, жақсысын асырып» жырлаған ақын болды. Оның туындыларында өзіміздің ұлы Абай секілді сыншылдық көзқарас кем түсіп жатыр. Бұл жағынан келгенде ол, меніңше, Қадыр Мырза Әлимен көбірек үндес секілді. Ал «Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай. Расулдай... бағым да жүр ашылмай, құсбегінің қолында лашындай» деп жырлаған Мұқағали Мақатаев та Расул Ғамзатовтың биігін аңсағаны жырларынан көрінеді. Әрине, ақынның бағын ашатын халық, оқырман. Расул Ғамзатов өлеңдері қарапайымдығымен өз уақытындағы оқырман қауымның талғамына сай еді. Ол кеңестік кезеңдегі ең оқылымды ақындардың бірі болып қала бермек.

Байбота Қошым-Ноғай.

«Аңыз адам», №20 (200). Қазанның 16-сы - 31-і, 2018 жыл.

***

Расул ҒАМЗАТОВ

(1923–2003)

Дағыстанның халық ақыны.

ТЫРНАЛАР

Кейде маған – қайтпай қалған майданнан
Қайран ерлер – ерте үзілген гүлдердей,
Қабірде емес, сонау биік заңғарда
Әппақ-әппақ құс боп ұшып жүргендей.
Содан бері қиқу салып, құлшынып,
Бізге қарай келеді ұшып олар да.
Аспан жаққа үнсіз ғана күрсініп,
Жаутаң-жаутаң етеріміз содан ба?
Келеді ұшып өзге жердің көгімен
Кешкі тұман арасында сабылып,
Келеді ұшып жұбын жазбай тобымен,
Жерде жүрген адамдардай ағылып.
Келеді ұшып көзіне тер тамшылап,
Біреулердің атын атап адамша:
Құдірет-ау, тырналардың дауысына
Авар тілі ұқсайтыны қалайша?
Келеді ұшып, жазбайды бір тобын да,
Бауырларым, жан достарым – ерлерім,
Ортасында құйттай ашық орын бар,
Бәлкім, мәңгі орным шығар ол менің!
Дәм таусылса, тырнаға еріп бір күнде
Мен де сонау жер түбіне кетермін.
Бар әлемге шырқап авар тілінде,
Достарымның атын атап өтермін.

МҰХТАР АҒА

Мұхтар Әуезовке

Көргенмін құрмет-сыйыңды,
Қонақ боп, аға, үйіңде,
Бір кезде саған жырымды
Оқығам авар тілінде.
Түсіндің жанын жырымның,
Қарадың үнсіз асқарға,
«Ұқсайды, – дедің, – тілің бір
Күңгірлеп жатқан тастарға.
Дедім мен: «Теңеу жоқ асқан!
Ұқсайды сондай мүсінге.
Өйткені бұл да о бастан
Жаралған тастың ішінде.
Дауысы бар мұнда ежелгі
Таудағы қалың тұманның,
Сарқырап аққан өзеннің,
Шаңқылдап жатқан қыранның».
Тағы да үнсіз тоқталдың...
Өзіңе біткен әдеппен:
«Ұлы ғой Кавказ, – деп қалдың, –
Кеңістік жоқ-ау... тек, әттең.
Қалт етсе қолың, тағы бір
Қайтсаңшы келіп ағаңа.
Арғымақпенен, бауырым,
Ақсаңшы мынау далада.
Бүркіт сап сағым ішінде,
Қызықпен күнді батырып,
Кавказдың шыңдары үшін деп,
Ішейік қымыз сапырып...»
Оянды шалғын далада
Көкала мұнар шайқаған.
Келдім мен, бірақ, жан аға,
Кездеспей қалдық қайтадан.
Алтын күн шығып асқардан,
Бейне бір сонау қиялдай...
Барады сүңгіп аспанға
Қолыңнан ұшқан қырандай.
Естідім сол шақ үніңді
Қашаннан таныс сүйкімді:
«Сүйемін, Расул, шыңыңды,
Жыр болып жүзген бұлтыңды!»
Қараймын көкшіл далаға,
Толқимын іштей, ойланам:
«Ұлы ғой Кавказ, жан аға,
Өзіңе жету қайда оған!»

АЙНАЛЫП ЖҮРСЕ ЖҰМЫР ЖЕР

Сәулені жұттым судай-ақ,
Албырап әрбір ақ таңда.
Жұттым мен жалқын нұр бояп,
Батысқа барып батқанда.
Өлкеде кілең шың-құзды
Өрлікті жаны ұнатқан
Жұттым мен әппақ жұлдызды
Мөлдіреп жатқан бұлақтан.
Аспаннан бұлттар мұнартып,
Арқалап келген шалғынға
Ауаны жұттым құмартып,
Шалқалап жатып алдым да.
Жұттым мен қарды жолдағы
Жал болып қалған бораннан.
Есімде қазір ол дағы
Ерніме тимей жоғалған.
Көктемді жұттым, дүбірлеп
Шыққанда тауға жұрт қалмай.
Аязды жұттым Сібірде
Арақты бір-ақ жұтқандай.
Найзағай жұттым бір қанып,
Жаным да бір жай тапқандай,
Бокалдың беті нұрланып,
Шұғыла шашып жатқандай.
Төккенде шыңға күн нұрын,
Жас гүлдер бүршік жарғанда,
Жұпарын қанша сімірдім
Жап-жасыл қойнау аңғарда.
Жар көркін жұттым қызығып,
Қалған жоқ ол да мақталмай,
Әнді де жұттым, қызынып,
Әннің бір өзін айтқандай.
Қуансам қатар-құрбыммен,
Бозаны бойға тараттым.
Қайғырсам егер бір күн мен,
Ащысын жұттым арақтың.
Бос ермек үшін мен мүлде
Ішпедім оның ешбірін:
Хиросиманы көрдім де,
Фестиваль әнін естідім.
Сыраның селдір көбігін
Төккендей жерге бір үріп,
Өзі де мөлдір өмірдің
Тұнығын жұттым сіміріп.
Жаққасын ылғи жаныма,
Жұтамын бәрін күнімнің.
Құмарта түсем тағы да,
Қызығы сол ғой ғұмырдың.
Өмірден кете барармын,
Тарқамай бойдан кұмыр жел.
Құмары қанбас адамның,
Айналып жүрсе жұмыр жер.

ТАУ ҚАРТТАРЫ

Тұратын тауда бұрыннан
Пайғамбар сынды бар қарттар,
Шығыстың небір шыңынан
Биік деп арын ардақтар.
Таймайды жолдан, тағдырың
Көреген қылып жаратқан.
Біледі бірден барлығын
Бір қарап өткен қабақтан.
Қояды ерте-ақ біліп те
Шайқаста кімнің жеңерін,
Тұрарын кімнің биікте,
Шырағы кімнің сөнерін.
Сезеді бірден жалғанды,
Аузынан кімнің шықса да,
Арамза болсын қандай бұл,
Пиғылын бүгіп, тықса да.
Тон киіп жүреді өздері,
Шаштары нағыз ақ қардай.
Аузынан шыққан сөздері
Мақал боп шығып жатқандай.
Әулие қарттар! Оларды
Мақтар-ау елі, сірә да.
Ақылшы аға бола алды
Елші мен қолбасшыға да.
Аттылы біреу көрмеген
Алыстан келе жатқанда,
Келеді қандай ойменен,
Белгілі бірден қарттарға.
Біледі үлкен кісілер
Отырда неге ол атқа,
Келе ме құда түсуге,
Келе ме әлде қонаққа.
Кішкене сәби күнінде
Баширді бір шал көріпті.
– Бақытсыз, – депті, – түбінде!
Айтқаны тура келіпті.
Бұл жігіт бәрін ұнатқан,
Қалдырмай қатын-қалашын.
Шыдамай әкесі ұяттан,
Өлтірген екен баласын…
Шәмілдің селдір мұрты да
Тебіндеп жаңа шыққанда,
Еріксіз көніп ырқына,
Балалар қорқып бұққанда,
Депті ғой ғажап бір білгір
Басына түрлы ойлар кеп:
– Өрт салып елге бұл құрғыр,
Кавказды жалын жайлар! – деп.
Депті ғой бір шал ең алғаш
Махмұд жырын тыңдаған:
– Кетеді оқтан өрен жас
Қыз үшін жанын улаған…
Жасқанып тұрам мен әр кез,
Көңілді бір күй бөгейді.
Өлеңім жайлы өзге емес,
Таудағы қарттар не дейді?
Көкірек деген жоқ, тегі,
Біледі әлем сырларын.
Біледі олар көктегі
Жұлдыздың не деп тұрғанын.
Жолығып маған қалды ма,
Жол беріп ізет етемін.
Ақ басты шалдар алдында
Бас иіп барып өтемін.

АНА ТІЛІ

Адам деген не көрмейді түсінде,
Жатыр екем бүгін қабір ішінде.
Дағыстанның кең аңғары, күн ыстық,
Көкірегімде орнаған бір тыныштық.
Асау өзен арқырайды жарды ұрып,
Жұрт тараған, жалғыз мені қалдырып.
Мен жатырмын үнсіз туған жерімде,
Жер болады балғын тәнім менің де.
Мен жатырмын қара жерге табына,
Көрмейді ешкім, келмейді ешкім маңыма.
Тек қырандар шаңқылдайды шың жақта,
Бұғылар кеп ыңырсиды бір жақта.
Кетті ғой деп қыршын ғана жасында,
Жыламайды ешкім молам басында.
Анам қайда, досым қайда күндегі,
Жарым қалай жатқанымды білмеді.
Бар адамнан жатырмын тек бөлек мен,
Бір дауысты естіп қалдым кенеттен.
Естідім мен осы арадан үнін де,
Екі кісі сөйлесті авар тілінде.
Мен жатырмын жер астында көз жұмып,
Мына екеуі күбірлейді сөз қылып.
Ғасан деген бір кісінің қулығын,
Әли деген бір кісінің сұмдығын.
Естідім де сөзін ана тілімнің,
Бойым жылып, лезде мен тірілдім.
Балгер де емес, дәрігер де емес, емдейтін
Тек өзімнің тілім екен сөйлейтін.
Өзге бір тіл емдер басқаларыңды,
Мен онымен айта алмаймын әнімді.
Егер тілім ертең болса құрымақ,
Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ.
Мен жаныммен сүйем осы тілімді,
Кедей деп-ақ айта берсін білімді.
Ассамблеяда естілмесін сөзі де,
Ана тілім ұлы менің өзіме.
Махмұд жырын оқу үшін жас қауым,
Күте ме әлде аударуын басқаның?
Мен болдым ба ең соңғы ақын бүгінде,
Өлеңдерін жазар авар тілінде?
Мен сүйемін планетаның барлығын,
Өзен тауын, әр көлі мен әр қырын.
Мен сүйемін ұлы елімнің гүлін де,
Әлімше оны айттым авар тілінде.
Қымбат маған елімнің бар даласы –
Балтық пенен Сахалиннің арасы.
Қайда болсын қиям оған жанымды,
Туған жерден қазсын бірақ қабірді.
Аварша бір жазып қойған құлпытас,
Тұрса ауылда, аварлар да ұмытпас.
Еске ап жүрер кәрі-жасы жақын кеп,
Мұнда Расул Ғамзатұлы жатыр деп.

Аударған Сағи ЖИЕНБАЕВ.

Abai.kz

5 пікір