Сенбі, 20 Сәуір 2024
Талқы 4805 7 пікір 8 Қыркүйек, 2020 сағат 12:17

Азат Перуашев: Демократия дегеніміз - Парламентаризм

Қазақ қоғамы өзге жұрттағы электоралды науқанды, онан кейінгі көп шуды ынта-шынтасымен талқылап жатқанда, Қазақстанның өз ішінде де кезекті науқан басталар уақ таяп қалды. Ол науқан – Парламент сайлауы.

Қазір ел Парламентінде үш партия бар. Ол – «Нұр Отан», «Ақ жол» және коммунистер партиясы. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың «стартын» әлі берген жоқ. Десе де, оған дайындық әзірден басталып кеткені көрінеді. Өйткені, Парламенттегі бұл үш саяси партияның да белсенділігі бұрынғыдан артқан. Мысалы, ескі президентпен екінші президент мүше - билік партиясы өткен айдан бастап партияішілік іріктеуді бастап кетті. Ал қазақ саясатшылары «келесі Парламенттен кетеді» деп болжаған қызылдар (коммунистер) партиясы тарихты қайта жазуға әсіре құлшынып отырған сияқты. Тіпті, «оқулықтарда компартия неге көп дәріптелмейді» деп Білім министріне бір, «Ойбай, ұлтшылдар көбейіп кетті» деп Бас прокуратураға екі хат жазып, алашапқын болып жүргені туралы осыған дейін жаздық. Ал «Ақ жол» ше?

Рас, партия төрағасы Азат Перуашев әлеуметтік желіде һәм қазақ қоғамында көп талқыланатын депутаттардың бірі. Жасырмаймыз, ол туралы ел пікірі де екіұшты. Партия Алаш идеясын партия бағдарламасына енгізгені, осы бағытта Алашқа, Алашордаға, Ұлт зиялыларының һәм қазақ тарихшыларының зерттеу еңбектерін шығару бойынша бірқатар жұмыстар атқарылғаны факт!

Елдің саяси болашағы туралы қоғамда қызу сөзталас жүріп жатқан былтырғы жылдың тамызында «Ақ жол» төрағасы abai.kz сайтына көлемді сұхбат берген. Ол сұхбат өткір болды. Батыл-батыл пікірлер айтылды. Әсіресе, елдегі саяси жүйені реформалау туралы бірнеше өзекті мәселелер көтерілді.

Әне-міне дегенше, елде кезекті саяси науқан – Парламент сайлауы келе жатыр. Демократтар партиясы әлі де қоғамға өзгерістер қажет деп санай ма? Әлде, сол кездегі пікір, сол кездегі ұстаным өзгерді ме? Біз науқан алдында партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Тұрлыбекұлымен аз-кем әңгімелескенді жөн көрдік.

Covid-19 «көрмейтін» мемлекеттік басқарудың қалыптасқан олқылықтарын әшкерелеп берді

- Азат Тұрлыбекұлы, бір жылдан аса уақыт өтті. Сіздің бізге берген сұхбатыңыз да, онда айтылған өткір ұсыныстар да ескірген жоқ па? Күні кеше ғана президент Тоқаев өз Жолдауында біршама реформаларды тілге тиек етті. Айтыңызшы, қоғамның өзгеріске деген сұранысы бәсеңдеді ме?

- Бәсеңдеген жоқ. Елбасының былтырғы мемлекет билігін өркениетті түрде жаңа басшыға тапсырғаны дер кезінде болғаның уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Әр кезең өзіне сай жаңа міндеттер мен жаңа құрылымдарды талап етеді. Билік вертикалына сүйенген бұрынғы жүйе ел Тәуелсіздігінің қалыптасуында, түбегейлі нарықтық реформаларды жүргізуде және ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда өз миссиясын орындады. Келесі кезеңге Қазақстан қалыптасқан мемлекет ретінде аяқ басты. Ал қазір жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу үшін икемді тәсілдер, үйлестірілген басқару әдістері керек. Мемлекет басқару ісіне қоғам жан-жақты араласуы және оны бақылауы қажет. Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауында бұл трендтер түсіністікпен көрсетілген. Бірақ бұл трендке консерваторлық көзқарастағы шенеуніктер бағынбауға тырысады. Ал бұл қарсылықты қоғамдағы өзгерістерге деген кен сұраныс қана еңсеруі мүмкін.

Covid-19 пандемиясы басталғаннан бері болып жатқан оқиғалар вертикалды басқару жүйесінің қордаланған олқылықтарын, жүйелі кемшіліктерін әшкерелеп көрсетті. Халық сыбайлас жемқорлықтың, әділетсіздіктің шын ауқымын көзімен көрді, жанымен сезінді. Пандемия жараның бетін ашты...

Тәуелсіздіктің ең басты кепілі танкілер емес!

Жарты жылдық карантин кезінде халықтың тұрмысы нашарлап кетті. Шағын және орта бизнес құлдырады. Халықтың билікке деген сенімі төмендеді. Жастардың келешекке деген үміті азайды. Өңірлерді айтпағанда, елдегі ірі-ірі мегаполистердің өзінде былық-шылық аз емес. Сыртқа жүні қомпайып көрінгенімен, іші іріп-шіріп жатыр. Жоғалған сенімді қайтару үшін жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты жою, әбден ластанған жүйені тазалау керек. Сондықтан, өзгерістерге деген қажеттілік сақталып қана қойған жоқ, керісінше көбейді. Мәселе – ол өзгерістер саналы және жоспарлы түрде ме, әлде бейберекет жолмен жасала ма? Міне, сұрақ осында. Аталған өзгерістерді тым соза берудің қауіптілігі сонда - кешегі Украина, бүгінгі Беларусьтің мемлекет болып қалуының өзіне күмән тудырғаны. Ал, Тәуелсіздіктің ең басты кепілі танкілер емес, өз мемлекетін бағалайтын азаматтық қоғам болуы керек!

Карантин шағын және орта бизнесті «тақырға» отырғызды

Сондықтан,  қазіргі билік моделіне  бір ғана балама бар – ол терең әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды қабылдап, жүзеге асыруы қажет. Сонда ғана аталған өзгерістер қарапайым адамдардың өмірін жеңілдете алады.

«Ақ жол» Парламенттік Республикаға көшуге шақырады

- Өзгерістер туралы айтқанда, Сіз халықтың жалпы көңіл-күйі туралы немесе желідегі жұрттың айтып жүрген ұсыныстарын айтып отырсыз ба, әлде өзіңіздің нақты ұсыныстарыңыз бар ма?

- Шынын айтсақ, қазіргі барлық олқылықтарды жоятын бірден-бір құрал – мемлекеттік органдарды қоғамға бағындыру, өкілетті органдардың, яғни парламенттің алдында есеп беруі. Бұл дегеніміз – демократия, демек парламентаризм. Парламентаризмнің негізгі институттары – Парламент пен  жергілікті мәслихаттары. Сондықтан, «Ақ жол» демократиялық партиясы парламентаризм институттарын күшейтуді және президенттік басқару жүйесінен  Парламенттік  Республикаға көшуге шақырады.

- Әжептәуір батыл мәлімдеме екен! Бірақ, Азеке, неліктен Сіз бұл мәлімдемені Парламентте айтпай, қазір айтып отырсыз?..

- Олай емес. Менің өзім парламенттік институтарды күшейту туралы 2012 жылы 4 маусымда Елбасы Н.Назарбаев парламент фракциялардың жетекшілерімен кездескен кезде айтқанмын.

2012-2016 жылдары «Ақ жол» депутаттары Үкімет пен фракциялардың арасында тең қарым-қатынас қағидаларын қалыптастыру үшін көп күш салды. Осы қағидалардың  бірі – біз әзерлеген,  сегіз жылдан кейін қабылданған «Парламенттік оппозиция туралы» заңда іске асырылды.

Біз өз ұсыныстарымызды 2017 жылғы Конституциялық реформалар кезінде де  ұсындық. Мысалы, бірпалаталы парламентке көшу мәселесін көтердік, т.б.  Көп бастамаларымыз заң талқылайтын жұмыс топтарына жіберілді, парламент мінбесінен де айтылды. Оның ішінде, былтыр сіздің сайтыңызға берген сұхбатымда да баяндағанмын. Яғни, «Ақ жол» партиясы үшін парламентаризмді дамыту – уақытша әуестік емес, оншақты жыл бойы жасаған біздің тынымсыз еңбегіміз.

Үкіметтің құрамын Президент емес, Парламент жасақтауы керек!

- Қош! Сұлу сөз ғана болмасын... «Парламентік Республикаға көшу» туралы егжей-тегжейлі айтыңызшы... Қазақстанның қазіргі жағдайында бұл қаншалықты мүмкін?

- Иә, «идеалдық модельден» гөрі, қазіргі жағдайды шешудің нақты жолдары туралы айтқан дұрыс. Бірнеше мысал келтірейін.

Мысалы, қазіргі қолданыстағы Конституцияға сәйкес Президент биліктің барлық тармақтарының үйлесіп жұмыс істеунін кепілі болып табылады. Бұл, Президент - Парламенпен де, Үкіметпен де тең қарым-қатыныста болуы керек деген сөз.

Олай болса, біз, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Үкіметтің құрамын Мемлекет басшысы емес, парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия құруы керек, сол партия Үкімет құрамын жасақтап Президенттің бекітуіне ұсынуы тиіс. Сонда бұл партия өз Үкіметінің жұмысына жауапты болмақ.

Сонымен бірге, тағайындалатын Үкімет Парламент алдында өзінің бағдарламасын және мақсат, міндеттерін жариялап, оны қорғауы керек. Сонда ғана министрлердің жұмысын бюджетті игергені үшін емес, уәдесінің орындалған, орындалмағаны бойынша бағалауға болады.

Кім кімге қызмет етіп жүр?

Осы тұрғыдан қала (оның ішінде облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент мегаполистері) әкімдерін халық партия мен азаматтық қоғам өкілдері арасынан тікелей дауыс беру арқылы сайлауы керек. Президент Тоқаевтың 2021 жылы ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу туралы мәлімдемесі осы бағыттағы батыл қадам. Бастысы оны аяғына дейін жеткізу керек. Бірақ, мұндай мәселелерге бюрократия тарапынан қарсылық қатты бола ма деп ойлаймын. Өйткені, шенеуніктердің күші олардың көптігінде және аяқтан шалатын ықпалы бар екендігінде.

Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының (ОЭСР) мәлімдеуінше, жұмыспен қамтылғандар арасында Қазақстанда шенеуніктер мен квазимемлекеттік қызметкерлердің үлесі 21%-ды құрайды екен. Салыстыру үшін, Австрияда бұл көрсеткіш - 8%, Оңтүстік Кореяда– 6,5%. Жапонияда 100 мың тұрғынға 7 мемлекеттік қызметші келсе, Қазақстанда 550-ден астам шенеунік бар. Кімнің кімге қызмет ететіні түсініксіз...

Мәжіліс пен Сенатты қосу арқылы бірпалаталы Парламент жасақтау керек

- Осыдан бірнеше жыл бұрын Сіз Қазақстанға бірпалаталы Парламент керек деген мәселе көтерген едіңіз...

- 2017 жылдан бері «Ақ жол» демократиялық партиясы шенеуніктер мен мемлекеттік менеджерлерді қысқартуды бірнеше рет ұсынды. Олардың арасындағы сауатты адамдар жеке бизнес пен өндіріс саласында елге пайдасын тигізер еді. Мұндай қысқартулар кем дегенде 3-5 есе болуы керек.

Парламент пен мәслихаттардың бақылау функцияларын кеңейтіп, қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын, билік құрамындағы жемқорлық фактілерді бойынша парламенттік тергеулерді жүргізуді қолдарына беру қажет.

Мәжіліс пен Сенатты қосу арқылы Парламентті бірпалаталы орган ретінде құрған дұрыс. Екі палаталы парламент федералдық мемлекеттерге тән.  Қазақстан сияқты унитарлық мемлекет үшін артық деп санаймыз.

Мемлекет мүмкіндіктері кез-келген мәселелені шешу кезінде бюджетке байланысты. Сөйткенмен мемлекет қаржысының едәуір бөлігі бюджеттен тыс шығындарға жұмсалады және  қоғамнан жасырылады. Сол кезде заң бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық дамиды. Сондықтан, ең басты міндет – Парламентке барлық мемлекет қаржысының жұмсалуын  бекіту мен бақылауды тапсыру маңызды.

Қазақстанның шетке қарызы 160 миллиард доллардан асады

Алдымен, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорын бюджеттерінен бастайық. Олардың көбі мемлекеттік бюджет қолдауынсыз өмір сүре алмайды. Оның үстіне шет елдерден де несие алатындары бар. Бұл қаражат қоғамнан жасырын пайдаланылған соң, сол жерлерде жемқорлыққа жол ашылады. Сондықтан да ұлттық компанияларды, олардың «еншілес» компанияларын, министрліктер мен әкімдіктер жанындағы әртүрлі мемлекеттік кәсіпорындар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді, «СК-Фармация» немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сияқтыларды кеңейтілген мемлекеттік бюджетке енгізіп, оларды өз шығындары мен жетістіктері туралы қоғамға есеп беруге міндеттеу керек .

Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың сырттан несие алуын тәртіпке келтіріп, ашықтығын талап ету қажет. Қазір шындап келсек, сол ірі компаниялар алған қарыздар еліміз бюджеті есебінен қайтарылуда.

Қазақстан бүгінгі күні сыртқы несие берушілерге 160 млрд. долларға жуық қарыз. Ол елдегі ЖІӨ-нің  90%-ын құрайды. Соның ішінде 12 млрд доллар мемлекеттік қарыз болса, 25 млрд-тай квазимемлекеттік компаниялар берешек екен. Бұл жерде аталған қос қарызға да бюджетіміз кепіл болып отыр. Бесіктегі сәбиден бастап, еңкейген қарияға дейінгі әрбір қазақстандық шетелге мыңдаған доллар қарыз. Сол себептен, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындарды сыртқы несиелерді алу қажеттілігін парламентте ашық дәлелдеу  мен олардың пайдаланылуына есеп беруін міндеттеу керек.

Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісін бюджетке алу керек. Егер  5-10 жылдан кейін қандай болмасын мұндай компания  бюджеттен ақша сұрайтын болса –  ол мемлекеттік ресурастарды пайдаланып, мемлекетке емес, өз қалтасына жұмыс істейтіні анық.  Ондай компанияларды таратып, оның орның жеке бизнеске беріп, солар өз қаражатын салып, бюджетке салық төлейтін болады.

Екіншіден, азаматтар мен бизнес төлейтін түрлі міндетті «мүшелік», «жинақтаушы», «сақтандыру» және тағы басқа төлемақылар қосымша салыққа айналды. Мысалы, міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорындағы қаржыны салымшылардын өзі бақылай алмайды. Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына қатысты жанжалдар болып тұрады. Сондықтан бұл қорларды басқаруды, олардың шығындары мен сыйақыларын бақылауды Парламентке беру керек.

Демократиялық елдерде бюджетті оппозиция өкілдері бақылайды

Демократиялық елдерде бюджеттік  бақылауды парламенттік оппозиция өкілдері басқарады. Оның қисыны анық -  сайлауда жеңіске жеткен партия бюджетті бөледі, іске асырады, бірақ, қарсыластары қадағалап отырады.

Биылғы жылы Президенттің  қолдауымен «Ақ жол» демократиялық партиясы жоғарыда айтылған «Парламенттік оппозиция туралы» заңын өткізуге қол жеткізді. Осы заңды пайдалана отырып, кезең-кезеңмен билік  монополиясын тежемелер мен теңестірмелер жүйесіне айналдыру қажет.

Сонымен бірге, Үкіметтің қарсылығына қарамастан, Парламенттің сайлаушылар мұқтажына керек қаражатты бюджеттен бөлу  құқығы болуы өте маңызды. Президент Қ.Тоқаев  Жолдауда бұл тақырыпқа да тоқталды. Қаржы бөлу кезінде мәслихат пікірлерінің ескерілмейтіні және де кейбір мәселелер оншақты жыл бойы шешімін таппай отырғанын айтты.

Шынын айтсам, бұл мәселеде Парламент депутаттарының да жетісіп тұрғаны шамалы. Заңға сәйкес, депутаттардың бюджеттік ұсыныстары Үкіметтің келісімінсіз қаралмайды да.

Ал, сайлаушылар сенімін министрлерге емес, Парламентке артады ғой. Президенттің мәслихаттарға қатысты бұл жағдайды «саяси анахронизм» дегені бекер емес, себебі кез келген бастама қаражатқа тіреледі емес пе?

Парламенттің тікелей қаржыландыру өкілеттігі болса, көпбалалы отбасыларда тұрғын-үй жетіспеушілігі болмас еді.  Дарынды жастар шетелдерге кетпес еді.

Парламентке бюджеттің 1% бөлігін сайлаушылардың  қоғамдық маңызды аманаттарын қаржыландыруға (бюджеттік процедуралар арқылы) бөлінгені жөн болар еді. Квазимемлекеттік компанияларға миллиондаған сыйақы бергенше, теміржол үстінен өтетін жолаушылар көпірін немесе ауыл көшесіне  асфальтталған жол төсеу әлдеқайда маңыздырақ.

-  Осы идеялар парламент пен мәслихат уәкілеттігін күшейтетінімен келісемін. Ашық айтсам, кешірерсіз, депутаттардың өзінің қалай сайланатыны баршаға белгілі емес пе?.. Шенеуніктердің зорлығы орнына, депутаттардың зорлығы орын алмай ма? Ал адамдардың мүддесі сол баяғыша назардан тыс қалмай ма? 

- Парламентризмнің ең алғашқы талабы - тіпті уәкілеттіктерді тарату ғана емес, ең алдымен, адал және ашық сайлау өткізу.

Биліктің қайнар көзі халық, және өз өкілдерін (депутаттарды) сайлау - оның ажырмас құқы. Ал олар халықтың атынан Үкіметті құруға, мемлекеттік бағдарламаларды бекітуге және мемлекеттік органдардың жұмысын бақылауы тиіс.

Осы тұрғыда Қазақстан сайлау жүйесі терең реформаға, азаматтар құқықтары орнатуға және дауыс беруді қорғауға мұқтаж.

Сайлауда дауыс бұрмалау – билікті заңсыз басып алумен тең!

-  Сайлау кезінде бюлетендерді топтап салу дегенді оның санын аз шығару арқылы жеңу мүмкі емес қой...

-  Иә, ол үшін барлық сайлау учаскелерінде интернет  арқылы тікелей бейнебақылау жүйесі камераларын орнату керек. Бейнебақылау сайлау барысы мен дауыс беру бюллетендерінің санағын, әрбір бюллетенді камераға көрсетіп түсіру керек. Бейнетүсірілімдер барлық сайлау учаскелерінен орталық сайлау комиссиясында бірыңғай серверде, сайлау есебі мен даулы оқиғаларды шешуді анықтау үшін сақталуы керек.

Бәрімізге белгілі «карусельді» және әрбір мекен-жай бойынша қайта дауыс беруді болдырмау үшін, сайлау учаскелерін адамдардың келбетін танитын бірыңғай автоматты бейнебақылау бағдарламалармен жабдықтау керек. Осы аталған іс-шаралар азаматтардың сайлау процесіне сенімін ұлғайту, сайлаушылар мен қадағалаушылардың белсенділігін арттыру, сайлаудың ашықтығын күшейту үшін керек.

Сайлау туралы айтқанда, тағы бір тоқтала кеткім келетіні - сайлауалды компаниялар кезінде әкімшілік ресурастарды қолдану мәселесі.

Студенттерді сайлауалды іс-шараларға мәжбүрлеп қатыстырған, олардан кімге дауыс бергені туралы есеп беруді талап еткен және тағы басқа әрекеттерге барған басшылар қызметтен бостатылуы керек. Жастарға өз таңдауын жасауға мүмкіндік беруге міндеттіміз. Жастардың ой еркіндігін шектеу – саналы түрде оларды жалғандыққа және өзін кем санауға үйретумен бірдей. Ондай ұлттың ұрпағы ез болып өседі. Ал бізге ез емес, еркін, күшті және өзіне сенетін ұрпақ керек.

Алаштың үні болған Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» демеп пе еді. Ешкім студенттерді өз еркінен тыс жалаушаларды бұлғауға мәжбүрлеуге қақысы жоқ. Ешкім жастардан өздерінің сайлау бюллетендерін суретке түсіріп, жіберуді талап етуге және оларды кімге дауыс бергенін аңдуға қақы жоқ.

Сайлау тәртібін бұзғаны үшін  жауапкершілік туралы айтсақ, қайтара дауыс беру, заңсыз бюллетендерді топтап жәшіктерге салу немесе сайлау протоколдарын бұрмалауға қатысу, халықты өз өкілдерін сайлаудан айыру  - билікті заңсыз басып алғанмен тең!

Мұндай ұсыныстар біздің тарапымыздан бірнеше рет, оның ішінде Орталық сайлау комиссиясының отырыстарында айтылды, бірақ, естір құлақ болған жоқ.

Сайлау ашық болса, билік партиялары жиі ауысып тұрушы еді...

- Қатаң шешімдер. Әйтсе де, адами фактордың да рөлі маңызды екенімен келісерсіз. Сайлау барысын мүлде қадағалатпай, барлығын камера мен техникаға артып қоюға біздің қоғам қаншалықты дайын? Мұның арты Белоруссия еліндегідей көше наразылықтарына әкеп соқтырмай ма?

- Себеп пен салдарды шатастырмайық.  Наразылық – сайлау ережелерін бұзудың салдары, ол себебі емес. Біз сайлау тәртібінің бұзылуын, - дауыс беру  мен бюллетендер  санаудың ашықтығы арқылы азайтуға шақырамыз. Бұл шаралар адамдардың сайлауға  деген сенімін  күшейтеді  және наразылық  себептерін жояды. Кез-келген сайлау учаскесінде бейнежазба арқылы дауыс беруді немесе бюллетендер санағын қайтадан көруге мүмкіндік болса, - жұрт не үшін наразы болмақ?

Демократия мәні де сонда, сайлау қорытындылары керек көрсеткіштерге қолдан «бейімделмеуі» керек.

Қоғамының мінезі құбылуы мүмкін, мұнда тұрған ешқандай трагедия жоқ. Саясаттың ауық-ауық өзгеріп тұруы – қоғамның қайта жаңаруына,  жаңа шешімдер іздестіруіне  әкеледі.  Ал, жаңару – дамудың негізгі алғышарты. Керісінше, бір жолда тұралап қалу – тоқырау деген сөз. Тіпті КСРО сияқты алып империяның түбіне жеткен де осы тоқырау. Әрине, мен оған өкінген емеспін.

- Иә, Сіздің айтып отырған формат – әдемі. Әлемдік қолданыста бар. Алайда, біздің Қазақстанда бұл қаншалықты өміршең формат?

-  Әрине, бүгін емес, бірақ мемлекеттік мүдделердің өзі жаңа тәсілдер мен жаңа шешімдерді талап етуде.

«Ақ жол» демократиялық партиясының  таңдауы -  мемлекет пен қоғам арасында еуропалық қарым-қатынастарды, ашық саяси  мәдениетті қалыптастыру.  Ал  бұған Парламент пен мәслихаттарға нағыз қоғам өкілдерін сайлап, олардың қолына қоғамға қажетті шешімдерді қабылдауға мүмкіндіктер беру арқылы жетуге болады.

- Әңгімеңізге көп рахмет! Бүгінгі туған күніңіз құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш бола берсін.

Сұхбаттасқан Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

7 пікір