Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Қоғам 3652 1 пікір 7 Қыркүйек, 2020 сағат 17:53

Жинақтаушы қор және қазақ кітабы...

Қазір жинақтаушы қордағы ақшаға қатысты пікір екідай болып жарылды. Салымшылар өз ақшасының табыс әкелгенін қалайды. ЕАЭО аясында салымышылардың Ресей қағаз шығаратын фабрикаларының акциясын сатып алуға кірісетін кез келді. Өйткені, қазақ тілді бизнес даму үшін ТМД «экономикалық кеңістік керек». Біз зауыт та, фабрика да сала алмаймыз. Техникалық ұлт емеспіз. Бірақ ТМД-лық түркі әлемі сусап отырған түркі тіліндегі теле-кино және баспа өнімдерін шығаруда көшбасшы бола аламыз. 

Оған жинақ қорындағы ақшаны тиімді пайдалану арқылы қол жеткізуге болады. Жазушылар Одағының бас болуымен әуелі 14 облыста қазақ тілді аудармашылар мектебін қалыптастырып, Ресейдегі қандастарымызды осы іске тартуды жолға қойғанымыз ләзім. Ол үшін Заңмен Жазушылар Одағына, Композиторлар одағына, Суретшілер Одағына, өнер оқу орындарына қазақ мәдениетін сақтап және өзге елдерге насихаттап тарататын ерекше мәртебе берілуі керек. 

Бизнестің дамуының бірінші заңы: «Ақшадан ақша жасалады». Бұл дегеніңіз, кітап бизнесін дамыту үшін – ең әуелі ақша жұмсау керек деген сөз. Ол ақша бар. Жинақтаушы қорда ешкімге табыс әкелмей өлі күйінде жатыр. Егер оны  РФ қағаз шығаратын фабрикаларының акциясына айналдырсақ, іс алға жылжиды. Және баспа бояуын шығаратын химия өндірісін дамытатын уақыт та туды. Кітапқа қажет шикізат өзімізде шықпай ештеңке өнбейді. Қазір астықты аудандарда қағаз шикізаты болып табылатын сабан ешкімге керексіз болып өртеліп жатыр. Оны өңдеумен айналыстатын жан жоқ. Әрі кітапқа салынатын салық, тасымал тарифі дегенініңіз бағасы шарықтап аспандап тұр. Осы басты кедергіні мүлдем алып тастауды келесі сайланған депутаттар бір жөнге келтіреді деген үміт те жоқ емес. 

ТМД кеңістігіндегі орыс кітабының басымдыққа иелігі ТМД әлемін жаулап алған бай ішкі нарығында. Әлемдегі АҚШ киносының басымдыққа иелігі турасында да тап осыны айтар едік.  

Бұдан шығатыны не орысша, не ағылшынша сөйлемейтін елдердің бизнесмендері мен қаламгерлерінің әм өнер адамдарының таланты мен біліктілігі әм қарымы олардан кем дегенді білдірмейді. Бірақ олар «ішкі нарыққа» қатысты тек өздерінің еліне ғана танымал болып қала береді. Біз алаш баласы болып жұмылсақ, бір кездегі түркі шағатайын ТМД аймағында қайыра жаңғыртып, өнер саласындағы қазақ бизнесінің тамырына қан жүгірете аламыз. Әрі РФ бізге келетін кітаптың және интернет арқылы саудалантын баспа өнімдерінің қазақша аудармасы болмаса ішкі нарыққа кіргізілмеуіне тосқауыл қоятын уақыт жетті. Оған қатысты Заң шығарылады деген үмітміз де жоқ емес.

Бұл бағыттағы қадам алға басуы үшін жинақтаушы қордағы ақшаны ТМД елдері түркі халықтарының тіліндегі баспа, кітап және телеөнімдерге салып табыс түсірудің жаңа көзін ашуға тиіспіз. Жастар кітап оқымайды деп жатамыз. Олай емес, олар бізге соңғы кезде аудионұсқасы кітаппен қоса шығарылса тыңдар едік деген өз уәжін айтатын болды. Бұл қаламгерлер қауымының ескеретін дүниесі. Қазақ кітаптарының аудионұсқасын сатылымға шығаруын реттейтін бір арнайы орталық керек-ақ. 

Англосаксон гегемониясы еуропа елдерінің ұлттық мәдениетіне зор қауіп төндіріп, ондағы басты ұлттар өз мәдениетін қорғау үшін арнайы бағдарламалар қабылдап жатыр. ТМД түркілеріне төнген орыс мәдениетінің гегемониясы назардан тыс қалып келеді. 

Бұдан құтылудың жолы бар ма?! Иә, бар. Ағылшын тілді мәдени қыспаққа қарсы тұруды бүкіл әлемге Оңтүстік Корея көрсетіп берді. Қазір әлемдегі дамыған елдерде тұратын жүз мыңдаған кәріс тілін үйренуге ден қойып, кәрістік "айдол"-ға еліктеп ұқсап бағуға ден қоюда.

Бізде өзбек диаспорасы және көрші Өзбекстанда қыпшақ диалектісінде сөйлейтін 7 миллиондай жұрт бар. Және қазақшасы қазақты жаңылдыратын тәжіктер де елімізде тұрып жатыр. Ішкі нарықта солардың кәсіби біліктілігін пайдаланып, Тәжікстан мен Өзбекстанның кітап нарығына шыға аламыз. Ал, шығудың жолы – Қазақстан Жазушылар Одағы жанынан Әдебиет және аударма институтын ашу. Оған ТМД түркі жұртының аудармаға ебі бар жастарын тарту. Әм ең арзан әм жұрт қалтасы көтеретін кітаптарды шығаруға қол жеткізу. 

Қазақ тілді бизнес өз маңына қаны мен тілі бір өзге ұлттар мен ұлыстарды ұйыстырғанда ғана дамиды. Әйтпесе, Ресейдегі түркілермен бірге қазақ та орыс мәдениетінің өңешінде жұтылып кетеді. Ел боламыз десек, кітап оқу әм теледидар көру мәдеиетімізді түзейік!

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

1 пікір