Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 5886 20 пікір 7 Қыркүйек, 2020 сағат 14:47

Одақтастың «ортақ ақшасы» - Тәуелсіздікке төнген қатер!

Ресей президенті Владимир Путиннің көршілес, одақтас елдермен ортақ ақша енгізсек деген арманы бар. Әрісі ТМД, берісі ЕАЭО елдерінде ортақ валюта болса дейді. Ресей басшысының бұл сөзді айтып жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Жақында Путиннің сол арманы жартылай жүзеге аса бастағаны белгілі болды.

Нақтырақ айтқанда, Ресей мен Беларусь «Одақтас ел» жобасы аясында ортақ валюта енгізуге дайындалып жатқан көрінеді. Бұл туралы ТМД істері бойынша комитет басшысы Леонид Калашников мәлімдеген.

«Ортақ валюта болады, өйткені бұл жолдағы жұмыс жүргізіліп, орталықтар да құрылды. Қазіргі таңда Беларусь елі ортақ валютаға келіседі деп ойлаймын», - дейді Калашников.

Оның айтуынша, Путин мен Беларусь президенті Александр Лукашенко жақын арада Мәскеуде кездесіп, осы мәселені талқылайды. Сарапшылардың ойынша, бауырлас екі елді жақындыққа жетелейтін «Одақтас ел» жобасы Беларусьті Ресейдің қолтығына түпкілікті кіргізуі мүмкін. Соның алғашқы баспалдағы ортақ валюта болып отыр.

Ресей Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бері бірыңғай валютаға көшуді ұсынып келе жатыр. Мәскеудің бұл ұсынысын қолдайтындар жоқ емес. Өткен жылы Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресеймен арада ортақ валюта енгізуді қолдайтынын айтқан.

«Қазір бізге ортақ валюта енгізу туралы ұсыныс түсіп жатыр. Біз мұны қолдаймыз! Және бұл валюта – рубль болады», - деген еді Беларусь басшысы.

Демек, Ресеймен ортақ ақша енгізуге Беларусьтің өзі ыңғай білдіріп отыр. Осыдан-ақ, Путиннің арманы орындала бастағанын байқауға болады.

Бізді алаңдататыны, бүгін Беларусь Ресеймен ортақ ақша енгізсе, ертең қазақ билігі де осы қадамды қолдап шыға ма деген қауіп. Ресейдің жер бетіндегі жақыны Беларусь пен Қазақстан екені белгілі. Ендеше біздің билік беларусь салған жолға түсіп кетпесіне кім кепіл?

Өйткені, ортақ валютаны қолдайтын саясаткерлер біздің елден де табылады. ЕАЭО елдерімен бірдей ақша пайдалансақ шекеміз шылқып өмір сүрер едік деген түсінік қалыптасып та үлгерген. Тіпті кейбір депутаттарымыз ашық айтып та жүрді. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, коммунист Айқын Қоңыров «біздің депутаттар да ортақ валюта енгізуді қолдайды» деп сөйлеген.

«Бұл мәселені Еуразиялық экономикалық одақ аясында, өңірлік деңгейде шешу керек.  Бір кездері мемлекет басшысы Еуразиялық одақ шеңберінде өзара есептесетін "Алтын" деген  дербес валюта ензізуді айтқан. Бізге тәуелсіз ақша-қаржы саясаты қажет», - деген еді Қоңыров.

Ортақ валюта тәуелсіздікке қауіпті екені айтылғанымен, бұл ұсыныстың тамырына әлі толық балта шабылған жоқ. Сол үшін ТМД-ға, ЕАЭО-қа мүше елдер осы бастан қатаң түрде қарсылық танытпаса, Ресей ерте ме, кеш пе ортақ валюта енгізу мақсатына жетуі мүмкін...

Abai.kz

20 пікір