Жұма, 19 Сәуір 2024
Ақмылтық 3563 3 пікір 2 Қыркүйек, 2020 сағат 15:31

Билік жаңа партиялардан неге қорқады?

Белгілі эколог, қоғам белсендісі Азаматхан Әміртай жуырда өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында партия құратынын мәлімдеген еді. Осыған орай, біз Азаматхан Әміртай мырзаны аз-кем сөзге тартқан едік.

Қазанның соңында сьез өткізуды жоспарлап отырмыз

- Сіз кеше «Жасылдар» партиясын құратыныңызды мәлімдедіңіз. Әуелі сол туралы айтайық...

- Біз партия құру үшін 4 жылдан бері жұмыс істеп келеміз.  2016 жылы біздің «Байтақ болашақ» деген экологиялық альянс құрылды. Содан бері біз осы бағытта жұмыс істеп келе жатырмыз. Біздің Қазақстан бойынша тіркелген 11 филиалымыз бар. Басқа аймақтарда филиалдар тіркеуден өтеді. Күтіп отырмыз. Әр жерде филиал-директорларымыз бар. Аудандық дәрежеде бөлімдеріміз бар. Жыл сайын өткізетін экологиялық конгресіміз тағы бар. Экологиялық рейд-комиссияға кіреміз. Қазір бірқатар жұмыстар атқарып жатырмыз. Біз осы істің бәрін «Жасылдар» партиясы болу үшін жасадық. Енді біз партия ретінде тіркелуге жұмыс істеуіміз керек. Сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Енді осы 15 қыркүйекте пресс-конференция өткізсек деп отырмыз. Одан дейін ұйымдастыру комитетін өткіземіз. Тіркеуден өткізу жөнінде Әділет басқармасына арыз жазамыз. Әр өңірде «оргкомитеттің» жиындарын өткіземіз. Содан кейін қазан айының соңында партияның сьезін өткізсек деген ойымыз бар. Біз соған дайындалып 20 мың қолды жинаймыз. Осы күзде бізді үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз оған дайынбыз. Тек, бізге, белсенділерімізге қысым жасамаса болды.

Бұл – оппозиция емес, экологиялық партия!

- Қысым жасалуы мүмкін бе?

- Енді біздің билік жаңа партия десе қорқады. Неліктен екені түсініксіз. Оның үстіне бұл экологиялық партия. Билікке ешқандай оппозиция емес. Біз халықтың партиясымыз, шындықты айтамыз. Бірақ, бізде билікті орнынан кетіру керек, көтеріліс жасау керек деген позиция жоқ.

- Осыған дейін де бірнеше азамат партия құрамыз деген еді.  Атап айтсақ, «ДемПартия», «ХАҚ» партиясы деген топтар болды. Бірақ, олар әлі күнге партия құра алмай жүр...

- Мен «ХАҚ партия» дегенді білмеймін. Олар қазір не істеп жатыр? Оргкомитет, сьез өткізді ме? Ұйымы бар ма? Маған сол өтірік сияқты. Ал, Жанболат Мамайды түсінуге болады. Аймақтарды аралап жүр, жұмыс жасап жатыр. Тоғжан деген адам Мэлс Елеусізов сияқты. Партия құру деген оңай шаруа емес...

«Табиғат» деген мүлде тіркелмеген ұйым

- Қазақстанның қазіргі жағдайында партия құру мүмкін бе?

- Біздің билік партия дегеннен қорқады. Ол кеңес одағынан қалған стереотип. Ол кезде бір ғана партия болды ғой.  «КомПартия».  Бізде сол қалып қалған. Партия келсе бәрін төңікеріп жібереді деп ойлайды. Партия деген саяси ұйым. Ол керісінше биліктің өзіне пайдалы. Ол үшін білдей жемқорлыққа қарсы агенттік ұстаудың қажеті жоқ. ІІМ-ді ұстаудың қажеті жоқ. Өйткені екінші партия халықтық болса, ол халықтың назын, уәжін билікке жеткізіп отырады, әр уақытта. Ұрлаған адамдарды ұрлады деп айтып отырады. Қорқудың еш қажеті жоқ.

Біз де 2019 дың 16 наурызында оргкомитет өткіздік. Ары қарай билік өкілдері бізден сұрады. Қазір Президент өзгеріп жатыр. Жаңа президент келеді, шегере тұрыңдар деп айтты. Сонымен біз ол кезде тоқтаттық.

Бұл жерде журналистер де терең аналитика жасау керек. Еңбек дегенді сыйлау керек!  Еңбегі жоқ, көкек сияқты партия ашам дегендерді шығара беретін болсақ... Мэлс Елеусізов 30 жыл бойы партия ашамын деп жүрді ғой. Қасында бір адам жоқ. Қасында жүрген ұйымның бәрі өтірік. «Табиғат» деген мүлде тіркелмеген ұйым. Ол әшейін «попугай» сияқты. Оларды билік халықты жынды қылу үшін әдейі жібереді. Праймериз дегеннің бәрі өтірік қой. Ұлттық кеңес деді, анау деді, мынау деді... Мұның бәрі халықты алдау. Халық алдағаннан шаршады. 90 пайыз халық ешнәрсеге сенбейді қазір!

Полиция халықты қорғамайды!

- Қазір біздің Мәжілісте  90 пайыздан көбі бір партияның өкілі…

- 100 пайыз! Мен оларды ұйқыбастар деймін. Біздің ұйқыбас депутат, сенаторларымыз, мәслихаттағы депутаттарымыз қалталарын толтырады. Олардың бәрі бұрын кедей, байқұс болған. Қазір бәрі мультимиллионер-миллиордер. Сол дұрыс па? Халықты алдау - оңбағандық қой. Олар халықты тонап жатыр. Халық байғұс көшеде жүр. Ақша жоқ. Білім саласы, Денсаулық саласы құлдырап кетті. Полиция халықты қорғамайды. Бұл шындық қой?.. Біз қазір тығырыққа тірелдік.

Мамайдың артында Тасмағамбетов тұр!

Енді Жанболат Мамай іске кірісіп жатыр. Оның артында Тасмағамбетов тұр. Оның мықты қолдаушысы бар. Тікелей жазсаңыз болады. Жанболат Мамай демократиялық партия құрып жатыр. Біздегі бардың барлығы демокртиялық партия. «Нұр Отан» - демократиялық партия, «Ақ жол» - демократиялық партия. «Бірлік» те, «Ауыл» да солай. Мұндай демократиялық партиялардан біз шаршадық. Олардың демократиясы популизм. Ал, демократиялық жүйені құру ол басқа әңгіме. Қажет. Ол - еркіндік. Сөз бостандығы, тағы басқалары. Бірақ, оны құру үшін құндылық керек. Бір құндылыққа жиналу керек. Ол мысалы, біздің экологиялық партиямыз.

Біз экологияға байланысты халықты жинап, осы бағытта жұмыс істесек деп жатырмыз. Экологиялық ұйым күшейген сайын халықтың тұрмысы-тіршілігі де өзгереді.

Өзбек, қырғыз бен орыста бар. Бізде жоқ!

Қазір экология деген құндылық, сана сезім, мәдениет әлемді жеңіп жатыр. Сондықтан экологиялық партияның болашағы өте үлкен.Қазақстанда да болашағы зор. Өйткені бұл партияға билік қарсы болмауы мүмкін. Өйткені мұндай партия Өзбекстанда, Қырғызстанда бар. Ресейде екі-үш партия бар. Кішкентай мемлекеттердің бәрінде экологиялық партия бар. Өзбекстанда 20 жылдай болды Парламентте отыр. Ал, бізде жоқ.

Бізде екі мыңыншы жылдың басында болды. Бірақ, оны Серікжан Мамбеталин сатып алды. Одан кейін Тимур Құлыбаев сатып алып, тағы бір партиямен қосты да «Бірлік» деген партия құрып жіберді. Өйткені, Құлыбаев мұнайшы ғой. Оған өзіне қарсы шығатын экологиялық партияның не қажеті бар? Осыны халық білу керек, түсіну керек.

Ал, біздің қазіргі журналистердің бәрі жұлдыздық аурумен ауырады. Саясаткер болғысы келеді. Мысалы, Қосанов журналист. Ол журналистикамен айналысып жүріп, саяси «темаға» кірді. Саясаткер болды. Бірақ арты не болды? Қуыс боп қалды. Жанболат Мамай да журналист. Журналистикада жүріп, жұлдыздыққа ұшырап қазір саясатқа араласып жүр. Ол қаншалықты жетеді?.. Ары қарай күресуге қаншалықты дайын? Көреміз. Әрине ол халық үшін жұмыс істесе біз тек қана қолдаймыз. Халыққа жұмыс істеген адамдардың бәрін қолдаймыз. Халық алданбаса екен дейміз.

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

3 пікір