Жұма, 19 Сәуір 2024
Пікір 2442 3 пікір 2 Қыркүйек, 2020 сағат 11:07

Президент популизммен емес, нақты іспен айналысу керектігін ескертті

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауын жариялады. Өткен жылғы ҚР Президент сайлауында «Сабақтастықты» ту етіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевты бүгінгі күрделі заманның аса ауыр сындары қарсы алды. Президенттің кешегі жолдауы да сындарлы кезеңнен қалай өту жайында болды.

«Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу», – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы 2023  жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отырғанын айтып өтті. Халықаралық сарапшылардың пікірін ескере отырып, жасаған Президентіміздің пандемияға қарсы бұл қадамдары қазіргі қиындықты қалайда еңсеретінімізге сенім береді.

Сондай-ақ, Президент биылғы жолдауында халықтың әл-ауқатын көтеруге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған нақты іс-қимыл жоспарын да атап өтті. Білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамытуға көңіл бөлінетіні айтылды.

Президенттің жолдауын әлеуметтік желі қолданушылары талқылап, көбі жылы лебіздері мен сенімін білдіріп жатыр. Бұл сындарлы кезеңнен бірге шығуға деген елдің талпынысын көрсетсек керек.

Әрине ел болған соң, ел ішінде ала да, құла да болды. Соған орай саналуан пікірлер де болады. Осы сан алуан пікір иелерінің басын Президент өткен жылы Ұлттық сенім кеңесінің аясында қосқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы жолдауында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін бергенін, соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылып жатқанын айтып өтті. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру, сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу екенін де ескертті.

«Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек. Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады. Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деп үміттенемін», – деп президент барлық реформалардың, өзгерістердің табысты жүзеге асуы баршамыздың бірлігімізге, отаншылдығымызға және азаматтық жауапкершілігімізге байланысты екенін ескертті.

Президенттің сайлау алды бағдарламасының, жолдауларының да, біздің арман-мұратымыздың да орындалуы осы елдің берке-бірлігі мен азаматтардың білімге деген құлшынысына байланысты. Қазіргі түрлі сын-қатерге төтеп беріп, еліміздің көркейіп-гүлденгенін көру популизммен емес, нақты іспен жүзеге асады. Президенттің айтқаны да – осы.

Омарәлі Әділбекұлы,

«Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Abai.kz

3 пікір