Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
4828 3 пікір 31 Тамыз, 2020 сағат 09:55

Беларусьта Лукашенкоға қарсы жаңа акция өтті

Жексенбіде Минскіде өткен "Бейбітшілік және тәуелсіздік маршына" он мыңдаған адам шығып, президент сайлауының ресми нәтижесіне қарсылық білдірді.

Қаланың әр түкпірінен шыққан демонстранттар президент Александр Лукашенконың резиденциясына дейін барды.

Кешкісін қатты жаңбыр басталғаннан кейін қарсылық білдірушілер біртіндеп Тәуелсіздік алаңынан кете бастады. Соңында ондаған адам қалғанда, президент көмекшісі Николай Латышенок шыққан. Ол адамдармен 40 минөттай сөйлесті деп хабарлайды Tut.By.

Азаттықтың беларусь қызметі тікелей эфир жүргізді.

Күні бойы Александр Лукашенко отырған резиденцияны қоршап тұрған әскери техникалар да кешкісін кетті.

Қарсылық акциясы Беларусьтың Могилёв, Брест, Гродно, Жодино, Пинск, Орша қалаларында да өткен. ІІМ мәліметі бойынша, Минскіде 140 адам ұсталған.

Аккредитациядан айырылған "Весна" құқық қорғау орталығының мәліметінше, митингіде негізінен ер адамдарды ұстаған.

Лукашенко резиденциясының алдына келген қарсылық білдірушілер оның туған күніне деп түрлі "сыйлықтар" тастап кетіп жатты. Арасында "Диктатор – саяси өлік" деген жазуы бар табыт та болды.

Журналистердің хабарлауынша, қарсылық білдірушілер өткен аптадан да көп болған.

Германия СІМ Берлиндегі Беларусь елшісін шақырып, нота жолдамақшы. Оған себеп, Минск бірқатар шетелдік журналистерді аккредитациясынан айырған.

Осының алдында Беларусь сыртқы істер министрлігі Азаттықтың беларусь қызметінің төрт тілшісін және "Настоящее Время" телеканалы тілшісін аккредитациядан айырған. Енді оларға елде жұмыс істеуге мүлдем тыйым салды.

Беларусьта 9 тамызда президент сайлауы өткен. Ресми мәлімет бойынша қазіргі президент Александр Лукашенко сайлаушылардың 80 процент дауысын алған. Оппозиция сайлау нәтижесін мойындамай, көптеген бұрмалауға жол берілгенін мәлімдеп келеді.

Сайлау өткеннен бері Беларусьта Лукашенконың отставкасын талап еткен жаппай наразылық акциялар өтіп жатыр. Билік демонстранттарға қарсы күш қолданды. Мыңдаған адам ұсталып, олар ОМОН және басқа милиция өкілдері тарапынан қуғындалып, азапталған.

Abai.kz

3 пікір