Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
2707 0 пікір 31 Тамыз, 2020 сағат 09:50

Covid пен пневмония. Бір күнде 11 адам қайтыс болды

29 тамыз күні ПТР тестімен расталмаған, диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған коронавирус пневмониясы (U07.2 коды) 543 адамнан анықталды. Пневмонияның бұл түрінен екі адам қайтыс болған. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Министрлік сондай-ақ ПТР тестімен расталған коронавирустан (U07.1 коды) қайтыс болғандардың дерегін де жариялады. Кеше, 29 тамыз күні коронавирус жұқтырғаны зертханалық талдаумен расталған тоғыз адамның өлімі тіркелген.

Аурулардың халықаралық жіктемесінде Covid ауруына екі код берілген: зертханалық талдаумен расталған ауруға U07.1 коды, зертханалық талдаумен расталмаған, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын ауруға U07.2 коды тағайындалады.

Қазақстан үкіметі эпидемия басталғалы тек U07.1 кодына сүйеніп, наурыз айында-ақ бекітілген U07.2 елемей келді. Үкімет тек 1 тамыздан кейін ғана ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға U07.2 кодын бере бастады.

Ресми статистика бойынша, U07.1 коды 13 наурыздан бері 105 684 адамға тағайындалған. Оның ішінде 96 135 адам жазылған, 1581 адам қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырған, бірақ "ілеспе аурудан" қайтыс болды деген жүздеген адамның барын хабарлаған.

Тамыздың басынан бері U07.2 коды 25 658 адамға тағайындалған. Бұл адамдар қоздырушысы белгісіз вирустық пневмонияға шалдыққан. Ауру белгілері олардың коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсеткен. U07.2 коды бойынша, 1-29 тамыз аралығында 284 өлім тіркелген.

Қазақстанда 2020 жылдың алғашқы жеті айында 256 мың адам пневмонияға шалдыққан. Бұл – өткен жылдың алғашқы жеті айындағы пневмония шалдыққандар санынан 3,3 есе көп көрсеткіш. Пневмонияға шалдыққандар коронавирус статистикасына қосылмаған. Министрлік 256 мыңның нешеуі бактериялық, нешеуі зең, нешеуі вирустық пневмония екенін айтпады. Коронавирус болуы мүмкін дегені – қоздырушысы белгісіз вирус пневмониясы. Министрліктің бар айтқаны, 1-8 шілде аралығында 56,8 мың адамнан пневмония анықталған, оның 39,7 мыңында коронавирус белгілері байқалған.

Abai.kz

0 пікір