Жұма, 19 Сәуір 2024
Көкжиек 4051 15 пікір 27 Тамыз, 2020 сағат 12:35

Қазақ ұлыларының тағдыры...

(Көш қозғалса ит үреді)

Сәдібек Төлтебаевтың рухына

Әлемде ғылым, әдебиет, музыка, философия... барлық салада ұлы- данышпандардың, дінде әулие-әмбилердің критерийлері толығымен анықталып, олардың тізімдері үзбей жарияланып тұрады. Компьютермен анықталып жарияланған 700-дей данышпанның ішінде 1-ші Мұхамед пайғамбар (ғ.с.), 2-ші Будда, 3-ші Шыңғысхан... 5-ші Иссус Христос... алғашқы жүздікте Ленин мен Сталин жүр.

Мұхамед пайғамбардың (ғ.с.) тізімде бірінші тұруының себебі, - ол әлемдік діннің негізінн салды және Халифат мемлекетін құрды... 

ХІХ ғасырда «И.В. Гете данышпан ба...?» деген сұраққа жауап іздеген Еуропаның ғалым, сыншылары т.б. осы тұлғаның жеке творчествосымен қатар, оның 300-ден астам он ұрпақ туыстарын жан-жақты зерттегенде, оның баласы және туыстарының ішінде бірнеше адамның шизофрениямен ауырғаны... ақынның полицияның құпия тыңшысы болғаны т.б. анықталды. Соңынан, шизофрения данышпандарға ортақ ауыру екені яғни ұлылықтың негізгі белгісіне айналды.  

Себастьян Бах та 300-ден астам, бірнеше ұрпақ сазгерлердің ішінен шыққан ұлы композитор...

Ұлылардың тізіміне Нобель лауреаттарының біразы кірмеген және қазақтан ешкім жоқ. Әл-Фараби 100 ұлы ғалымның тізімінде.  

Ұлылардың тізіміне ондаған тілге аударылып, Л.Толстой (22400 сөз), У.Шекспирмен (16600 сөз) қатар тұрған «Абай жолы» (18800 сөз) эпопеясының авторы Мұқтар Әуезов немесе аспандағы жұлдызға атын берген, академик Қаныш Сәтбаев кіруі керек еді. Ол тізімде шығармалары 70 тілге аударылған Шыңғыс Айтматов та жоқ. 

Ресейде шыққан кітапта да ұлылардың ішіне қазақтан ешкім кірмеген.

Зерттеулер көрсеткен ұлылықтың белгілері:

- Шизофрения яғни психикасы орнықты қарапайым адамның ұлы туынды шығаруы өте сирек немесе жоқтың қасы;

- Ұлылық, - ол адамнан ұлы құрбандықты талап етеді. Мысалы, б.д.д. философ-стоиктердің барлығы ақиқат жолында суицидтен өлді. Сократ ақиқат жолынан таймаймын деп «у» ішті. Осы жолда өз ұстанымдарынан қайтпаған Иссус пайғамбарды тобыр дарға асты, Галилейді діни фанаттар өртеді...;

- О.Бальзак 56 жасында, соңғы туындысын жазу кезінде 2360 кесе кофе ішкеннен кейін өмірмен қоштасса, Э.Хэмингуэй 63 жасында күнде жазатын 500 сөзден қалғаннан кейін аузына мылтықты апарды...(Қ. Мырза әлінің «Жазмыш» кітабы т.б. дереккөздері);

- Ұлылық, - ол сөз бен істің бірізділігін немесе ар мен моральдың жоғарғы принциптерін қатаң ұстануды талап етеді. Мысалы, жазғаны мен өмірдегі ұстанымы бірдей ойшылдың үлгісі Ф.Ницще. Моральдық ұстанымы жоғары философтың нервісі шыдамай өмірінің соңын жындыханада өткізеді. Ал, ар мен жоғарғы моральдық ұстанымды уағыздағанымен, оны өзі ұстанбай боярин яғни нәпсінің құлы болған Л.Толстойды философтар айыптауда... Будда Шакья (Сақ) байлық, билік пен нәпсіден бас тартып, аскет өмірдің үлгісін көрсетті.

Ұлылық, - ол ермек, не бір мақтаныш үшін айтыла салатын жәй сөз емес. Ол барлық қырынан зерттеліп, зерделеніп анықталған белгілі тұлғаға берілетін баға.   

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қазақтың ұлыларын анықтау мақсатында Шота Уәлиханов т.б. бастаған, әр саланың 50-дей мамандарынан тұратын Үкіметтік комиссия құрылды. Ол екі категория бойынша: жүзжылдықтың және мыңжылдықтың ұлыларын анықтады. Қателеспесем, сол ұлылардың тізіміне жүздей адам кірді. Бұл тізімге ұлтқа қызмет еткен көптеген ұлы тұлғалар кірмей қалды. Соңғы үш ғасыр бодандықта болған қазақ үшін ұлыларын анықтаудың критерийі өзгеше. Ел азаттығы мен тәуелсіз мемлекет құру ұлттың негізгі идеясы болғандықтан, оны іске асыру ұлт зиялылары, хан-батырларының міндеттері болды. Батырлар төсекте жатып емес, мйданда өлуде өз міндеттері деп санаған. Қазақтың ұлы тұлғалары негізінен осы жолда күрескендер болуы және болашақта болатыны заңды.

Комиссия қорытындысымен келіспегендер де болды. Мысалы, Дина Нұрпейсованың мыңжылдықтың тізіміне кіріп, Жамбылдың жалпы тізімге кірмей қалғанына қарсылар табылды... Бұл Комиссия, Қазақ халқы жүздеген ұлылары бар төрт құбыласы түгел толыққанды ұлт екенін көрсетті. Комиссияның қорытындысында жоғарыдағы адамзаттың ұлыларын анықтағандай, мынау 1-ші, анау 2-ші... деп көрсетілмегені қазақтың бірлігі үшін дұрыс болды. 

Батыста, мысалы Сократтың қай жылы (б.д.д. VI ғасыр), күні және тәуліктің қай мезгілінде дүниеге келгеніне дейін анықталған. Ал, біз күні кешегі Құрманғазының қай жылы, қай жерде туғанын айта алмаймыз. ХІІІ-ХІХ ғғ. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларын және хан-сұлтандарын толық білмейміз?! Мысалы, Мұхамедсалық Бабажанов Дешті қыпшақ кезіндегі балбал тастарды зерттегені үшін Орыс географиялық қоғамының күміс медалін алған (қазақтан Шоқан екеуі алған), мақалалары Ресейдің орталық басылымдарында жарияланған ғалым-сұрыптаушы, орыстың отарлау саясатына қарсы Патшаға арызданып жазған хаттарынан кейін Астрахан және Орынбордың губернаторлары жұмыстан алынған. Оны патшаның шенеуніктері улап өлтірді. Ол өлгенде күйші Дәулеткерей, «Салық өлді дегенше, Халық өлді десейші...» деп күңіреніп күй шығарды. 

Сыздық сұлтан Кенесарыұлы Түркістан, Шымкент, Өзбекстан, Түркіменияны жаулауға келген орыс әскерімен соғыстарды, атақты Ұзынағаш шайқасын басқарды. Ол жеңіліс тапқасын Шығыс Түркістандағы азаттық соғысты, барлығы патша әскерімен 27 жыл соғысады. Оның ерлігіне тәнті болған Патша (Шыңғысханның Жалаледдиннің ерлігіне тәнті болғанындай) өзінің арнаулы қаулысымен оны емдетіп, інісі Ахмет екеуіне Түркістанның жанынан жер береді.

Сыздық сұлтанға Шымкент қаласында ескерткіш қою туралы «Қазақстан Альянсы» республикалық қауымдастығының хатын орындауға жергілікті билік асығар емес. Себебі, олар Сыздықтай ардақтыларын білмейтін ессіз есалаңдар... Бұл істі жаңадан келген жігерлі жастар шешеді деп сенеміз. 300-ден астам қазақтың ұлт-азаттық көтерілістерін бастаған және елді күреске рухтандырған Мұхамедсалық, Сыздық сияқты жүздеген қазақтың ұлылары тарих сақынасына кеш те болса шығатын уақытын күтуде...

Абай туралы даурығып жүргендер де ұлы ақын туралы толық білмейтін немесе түсінбейтіндер болу керек. Олардың көпшілігі «Абай жолындағы» ақынның әдеби образына мәз болып жүргендер?! Әдеби образ - ол Плутархтар жазатын ұлы тұлғалардың өмірбандық шығармасы емес. Ол автордың ойы мен қиялынан туындаған кейіпкердің көркем бейнесі ғана. Ал, өмір әдеби образдан жүз-мың есе күрделі, әрі қайғылы болады. Мысалы, «Абай жолында» ақынның екі рет болыс сайлауында жеңіске жетіп, он жылдай патшаға қызмет еткені туралы жазылмаған. Ол туралы және Абайдың Омбыға барған әрбір іссапары, оның кімдермен немесе қандай келіншектермен кездесіп, не туралы әңгімелескені... туралы материалдар Омбының архиві мен музейінде толық сақталған. Архив алдамайды. Онда Абайдың үш жылдық медресе бітіргені туралы күәліктің көшірмесі де сақталған. Ол және басқа Ресей архивтеріндегі қазаққа байланысты материалдарды Нәсенов ағамыз жинаған 34-36 томдықтан табуға болады.

Біздегі «абайшылдар» ақынның шығармасы, не өмірі туралы жазатын авторлармен яғни диірменмен алысудан аса алмай жүр. Бұл, «сатушы мен сатып алушы бірдей алданатын» идеологиялық этикетке негізделген түркіменде Мақтымқұлы, өзбекте Айни... яғни ұлы тұлғалар туралы жазуға, сынауға т.б. тиым салу арқылы олардың творчествосына шектеу қоюдың жолы, Абай айтқан надандардың тірлігі. Себебі, олардан жалаң эмоциядан басқа ешқандай ғылыми негізделген аргумент табу мүмкін емес. 

Оның орнына болыс болған кезінде Абай атамыздың қанша адамға шарапаты тиді? Мысалы, оның замандасы Мақаш правительдің жүздеген адамға, оның ішінде Құрманғазыға тікелей көмегі арқасында күйшінің талай түрмеден аман қалғаны белгілі. Тілде сүйек жоқ. Адамның адамдығы сөзінен емес, ісінен көрінеді. Ондаған жылдар бойы Абайды танып жүрміз дегендер, сол ақынның болыс болған он жылында он адамға, оның ішінде кедей-кепшікке көмек бергенін сол архивтерден тауып жарияласа, ол шынымен құнды дерек болып, ақын шынымен елдің көрген бар қиындығын бөлісіп, онымен бірге «у» ішкен екен ғой деп сенер еді.

«У ішу» сол Сократтан басталады. Юлий Цезарь (б.д.д. ІІ-Іғғ.), «кеседе у болса да, егер ол сенің риздығың болса, оны аяғына дейін ішу керек» деген. Цезарьдың көңілдесі, Египет патшайымы Клеопатра жыланның уынан, Сұлтан Бейбарысты да улап өлтірді... Бәсекелестерін улап өлтіру хан-патша сарайларының көнеден келе жатқан «дәстүрі». Атилла-Ильдико (?), Моцарт-Сольери (?)... Оған Скрепаль, Навальныйларды... қосыңыз. «У» ішу әдебиетте кең қолданатын әдіс. Ол Шекспирдің Джулеттасынан басталатын болар... «У»-дың да «тоқсан түрі» бар. 

Абайдың өмірі, анда-санда Семейге барғаны болмаса жалпы Жидебайда, тобықтының арасында өтті. Шоқанның қазақтар туралы мақалалары мен Шәкәрімнің қазақтың шежіресін немесе тарихын оқыған адам Абайдың да қазақты толық білмегенін яғни кіші жүздің қазақтың құрамында екенін толық айырмағанын түсінеді. Сондықтан, ақынның «қайран елім қазағым...» дегені негізінен тобықтыға арналған деп қарау керек те, 2-ші, 12-ші, 13-ші, тағы 2-3 Қара сөздердегі ұлтымызды орынсыз сынаған жерлерін алып тастау керек. Бұл халықаралық тәжірибеде қалыптасқан жағдай. Қателеспейтін адам жоқ. Абай тірі болса ол жерлерді өзі түзетер еді және одан ұлы ақын кішіреймейді. Ал, қазақ кеш те болса негізсіз қаралаудан құтылады. Бұл рухани жаңғыру алға жүріп, ұлттық идеямыздың баянды болуы үшін қажет! Ал, ештеңе өзгермей, Қара сөздер сол күйінде басқа тілдерге аударылса, онда бізге тіпті Жириновскийдің керегі жоқ... Нанбаған адам, орыс сыныптарына барып Қара сөздердің аудармасын тыңдасын. Ал, осы уақытқа дейін ештеңені қозғамау керек, ол жерлер қалсын деп жүргендер, ол халқымыздың тағдырына жаны ашымайтын мысық тілекшілер.  

Абайдың қазақты отарлаушыларға қарсы азаттық күреске шақырып, оларды рухтандырған жырлар жазбағаны белгілі. Біреулер, жоқ  олай емес, Абайдың елді күреске шақырған жырлары бар деп, өз дәлелдері ретінде бір өлеңді жариялапты. Оқырмандар оның Қырымның қырық батырынан үзінділер екенін анықтады. Осындай алаяқтық кімге керек?!

Ақынның өмірі мен творчествосы туралы деректерді тек қазақ ғана емес, басқа да ұлттардың білгілері келеді. Біз елде 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады деп мақтанамыз. Онда, алдымен Абайдың шығармаларын неге сол 130 тілге аудармаймыз?! Содан кейін әлемнің басқа тілдеріне?!

Абай туралы М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхамеджановтерден кейін жазғандардың көпшілігінікі жалған, жасанды... халтура. Осы бағытта жазып жүрген жазушы, тіл мамандары, сыншы, жорналистердің тірлігі боқшыбынның әрекетінен асқан жоқ. Жазушылар, жорналистер... одақтары мен қазақ басылымдарының мақсаттары ұлттың рухы, ары мен намысын оятатын туындылар шығару емес, бар не жоқ талантын алдындағы астауға салған тарының кебегімен өлшеген, бір инкубатордан шыққан тұқым бермейтін бройлерден аумайды. Мағжан, «өмірдің өзі тар қамақ» демеп пе еді. Ол тар қамақтың шеңберінен шықпағанды ұлттың зиялысы деп атауға болмайды... Ондайлар, өмірде мақсаттарына жетпейтін, не мақсаты жоқ бақытсыздар...

30 жыл бойы қаншама тіл, тіл...десек те, оның оңғаны шамалы. Себебі, Ұлттың ана тілімен қатар сазының, өнерінің (бейнелеу т.б.), тәрбиесінің, ғылымының, моралінің, философиясының... тілдері болады. Солар жасанды емес, шынай күрес жағдайында жан-жақты яғни комплексті дамығанда ғана ұлттың мәдениеті мен өркениеті дамиды. Ұлттың (нация) яғни елдің бақыты осында. Біз оны әлі түсінген жоқпыз?!   

Тәуелсіздіктің 30 жылында, ең болмаса үш ғасыр азаттық үшін күрескен бабалардың аруақтарын сыйлап жүздеген поэма-повес, ондаған романдар жазылмады, картиналар салынбады, симфониялар шықпады... Менің көзіме «Күл» повесі мен «Көк тудың желбірегені» әнінен басқа ештеңе ілікпеді. Атырау, Оралдың және М.Әуезов театрлары 1932ж. жазылған М.Әуезовтың «Хан Кене» пьесасын қоюға дайын емес?! Нәтижесінде, бұл қазақ үшін мағынасыз бос өткен уақыт болды. Ол тек рухани-гуманитарлық сала ғана емес, демография да екі аяғынан ақсауда?! 

1991 жылдан бері өзбектің саны 21-ден 34 миллионға өссе, бізде 17,5-тен 19 млн-ға жете алмай жүр. Өзбектің саны өсіп жаста, қазақың шетелге қарызы өсуде.

Ал, батыс пен басқа елдерде бұл мәселелер керісінше қаралады. Мысалы, О.Шпенглердің «Закат Европы» шығармасын жан-жақты талқылаған бес мыңнан астам еңбек жазылды. Оның ішінде «Анти закат Европы» деген монография бар. Осындай талқылаудың арқасында Шпенглер ХХғ. ұлы философына айналып, оның еңбегі жүзден астам тілге аударылды. 

1980 жылдары Петербордың А.Пушкин жүрген жерлерін аралағанда туристің жол сілтемесінен ақынның 116 нақсүйері болғаны, олардың тұрған үйлерінің адрестері... Пушкинді алдыңғы 25 дуэльде құдай сақтап, 26-сында француз офицері Дантестің оғынан мерт болғаны. Әртіс Лановойдың 50 жыл бойы Пушкиннің махаббаты туралы жазылған өлеңдерді оқып (оның бірінде сұлу шешесімен төсекте жатқан ақынның, жарты сағаттан кейін оның қызымен кездесуге асығуы...) халық әртісі атанғаны... Ақынның әйеліне ғашық болған патшаның, Натальяны жиі көріп тұру үшін Пушкинді Қысқы сарайға жұмысқа алғаны және осы «үшбұрышта» ақынның артық болып тұрғаны... барлығы ашық жазылған. Ақынның атағын шығарып тұрған оның өлеңдерімен қатар, осы жартылай құпия өмірбаяндық деректер. Пушкиннің, «алдағы жүз жылда әлемде бір де бір армия және әскер болмайды» дегеніне қалай қарайсыз? Біздің «абайтанушылар» ол ұлы, оныкі дұрыс, оны талқылауға болмайды деген сандырақтан аспайды. 

Бұл жердегі келесі мәселе, ол тілге байланысты. Мысалы, қазақ тілін 250 млн оқырманы бар орыс немесе жарты млрд франкофондар бар француз тілімен салыстыруға болмайды. Сондықтан, біз ұлыларымызды әлемге танытамыз десек, олардың өмірі мен творчестволары туралы көбірек зерттеп, оларды көптеген тілдерге аударып, таратуымыз керек. 

Мәскеудегі Абайдың ескерткіші жанында жүргізген сұхбатта сұралған он адамның тоғызы ақынды танымайды. Неге? Себебі, Абай әлі күнге орыс тіліне жарытып аударылған жоқ. Ал, Пушкинді өз әкелерін білмейтін қазақтың балаларына дейін біледі.

Ал, Абайдың өмірі мен творчествосы туралы шындықты жазуға болмайды, не тек біржақты мақтап жазу керек дейтіндер, ол Абайды да, қазақты да кері кетіретін жармақтардың тірлігі. Себебі, диалектиканың заңы бойынша барлық прогресс бұрынғы болғанды жоққа шығарып, не сынап, одан да озық ұсыныстарды іске асыру арқылы жүреді. Ғылымда бедел (авторитет), көсем... деген болмайды. Оның жолы ақиқатты немесе табиғаттың заңдылықтарын іздеу. Ал, біреудің беделіне табынып, диктаторлардың табанын жалау, ол швондерлердің тірлігі. 

Роман-эпопеяның ең соңғы бөліміндегі ұлы Әбдірахманның өлімі. Оның қырықы болмай жатып інісі Оспанның мезгілсіз өлімі және оның қырықы болмай жатып Абайдың өлімі?! Абай өлерден үш күн бұрын оның қасынан шықпайтын «демократтардың» Жидебайдан Семейге кетуі... Осының бәрі кездейсоқ па?! Әлде ұлы жазушы олардың бәрін улап өлтіргенін меңзеп тұр ма?

Орта мектептің жоғарғы сыныптарына арналып 1993-2007 жж. екі тілде, 6 басылыммен шыққан «Тіршіліктану» (Жалпы биология) оқулығында саз бен ән шығарудағы Құнанбайдың бес буын талантты ұрпақтары туралы жыздым. Сол кезде Қытайға кеткен Тұрағұл, Шәкәрімдердің ұрпақтарын таппадық... 

Одан кейін 2009-2010жж. Президент мәдени Орталығы директорының (М.Жолдасбеков) орынбасары кезінде Семейден Абай, Шәкәрім, М.Әуезовтердің (Бөрлі) музейлерінің экспонаттарын алдырып, олармен астананың 64 мектебінің оқушыларын таныстырдық. Сонда, экспонаттың ішінде Абайдың сүйікті қызы Пәкизаттың пальтосының ілгегін әкеліпті. «Пальто қайда?» деген сұраққа музей директоры Ибрагимов (марқұм), «Репрессия кезінде елдің ішінде сақталғаны осы екен» деді.

Абай да ақын, ағартушы, тарихи тұлға ретінде жан-жақты толық зерттеуді талап етеді. 

Бұл жерде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловалардың жетекшілігімен «А.Құнанбаевтың 175 жылдығына құрылған мемлекеттік Комиссия» ақынның Қара сөздеріндегі Қазақ халқына байланысты айтылған кейбір сөздерді (автордың Фб Zhanuzak.Akim немесе Abai.kz сайтындағы ақынға арнаған сараптама мақалаларын жарияланған) алып тастау және Абай т.б. ақын-жазушылардың еңбектерін шет тілдерге жүйелі аудару мәселесін шешу қажет деп санаймын.

«Абай» сайты қазақтың ең көп оқылатын ғаламтор желісі болғанымен ондағылардың көпшілігінің аты мен тектері неге жоқ?! Әлде тектерін жазуға намыстанатындар ма? Әлде олар «шанадан түсіп қалып, даладан тауып алғандар» ма...? Ең болмаса, тектерін Швондеров, Қарасартов... деп жазса робот емес, адам екенін түсінесің ғой. 

50 жыл құдықта жатқан Шәкірімнің сүйегін адамша жерлеуге қорыққан кері заман да кетті?! 

Отарлау және тоталитарлық жүйе билеген соңғы үш ғасыр бойы қазақ зиялысын соттау, ату-асумен өтіпті. Бұл геноцидтің апогейі 1920-1930 жылдардағы қазақтың 60 пайыздан жаппай қыру болды.

Мысалы, 1690 жылдан өмірінің соңына дейін Қадырғали Жалайыр Мәскеуде үйқамақта болса, Хиуада уланып өлген Сырым Датұлы, Махамбет, 7 рет түрмеде отырған Құрманғазы, Хан Жәңгірді 7 отбасымен бір жылда улап өлтірді, саясатқа еш қатысы жоқ Сейтек күйші 23 түрмеде, оның ішінде Бутырка (Мәскеу), Үркітте отырып барлық отбасынан айырылды... алашордашылардың қайғылы тағдыры... Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Қапез, Әміре, Үкілі Ыбырай... мыңдаған бітпейтін тізім. Бұл, бұрыннан келе жатқан, «ұлтты жою үшін оның зиялыларын құртатын» отарлаушылардың әдісі.

Бір жағынан, Мағжан айтатын, «сергелдеңде серуен де сергелдең» немесе «Көш қозғалса ит үретін» заман өтті. 

Енді, үш ғасыр кері кеткен заманда жіберген еншімізді қайтарып, төрт құбыласы тең ұлт, өркениетті елге айналу үшін:

- Қазақтың, ұлттық мүдде жолында арасынан қыл өтпейтін бірлік;

- Барлық қазақ, «әр қазақ бауырым» дегенді басшылыққа алу;

- Қазақ халқы, «түбі бір түркілер» мен Қазақстан азаматтарын біріктіретін негізгі күш; 

- Ұлтты біріктіруге кедергі ру-тайпа, жүзге бөлінумен және мәңгүрттікпен ымырасыз күрес;

- Тәуелсіз елдің ұлттық идеологиясы «Қазақ идеясын» (ана тіл, жер тұтастығы, ұлттық салт пен дәстүр, мәдениет пен өркениет...) іске асыру;

- Қазақ көнеден келе жатқан тарихын түгендеп, оны жасаған Томирис (б.д.д. VІ ғ.), Мөде (б.д.д. ІІ ғ.) т.б. барлық ұлыларын ұлықтап, басқа елдерге танытуға жұмыстану;   

- Қазақстан, әлемдегі барлық қазақтың жалғыз Отаны ретінде шеттегі қандастарды елдің азаматтарымен тең құқылы ретінде қамқорына алуды заңдастырып іске асыру;

- «Қазақстан (ҚХР, не РФ емес) өркениеттер бесігі» дейді АҚШ-тың мемлекет Хатшысы, дипломат Генри Киссинжер. Сондықтан, ХХІ ғасырда қазақ халқына халықаралық геосаясатта артылатын жүктің салмағы ауыр, атқарылатын істер мол;

- Зұлымдықпен күрескен Қызыр баба (Қедер, Гесер...) – Құдай-Адамның мәңгі істері, Күлтегін-Тоныкөктер құрған Мәңгі Елін, қазақтың (түркі) мәңгі тілін дамытып, тасқа басып қалдырған жерін сақтау бүгінгі ұрпақтың қасиетті міндеті;  

- Екатерина ІІ патшайымның, «Қазақтар өз тарихын білсе, әлемді өзгертеді» дегені мен Махамбеттің «Ұлы арманын» іске асыру...

Бұл, тарихи міндеттерді іске асыруда елді біріктіріп, толыққанды ұлт қалыптастырудағы көшбасшылық міндет барлық уақыттардағыдай зиялыларға жүктеледі. Себебі, отаршылдықпен де, тоталитаризммен де, диктаторлық режиммен де ұлт мүддесі үшін күресететін қазақтың ұлтжанды зиялы-патриоттары, батырлары яғни Ұлылары! 

Жанұзақ Әкімов

Abai.kz

15 пікір