Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Дат 5322 2 пікір 25 Тамыз, 2020 сағат 13:11

Үш тілек-талап...

Қазақстан  үкіметінің Төрағасы
А.Ұ. Мамин мырзаға

Құрметті Асқар!

Өзімнен жасы кішіге «сіз» демейтін әдетім бар, ренжімегін. 

Жазушылар одағымыздың құзырында отыз жыл қызмет істеген, иә, қарт адаммын. Жасым жетіп зейнетке шыққан соң арқа-басым кеңіп, таныс-бейтаныс құрдастарым сияқты, мен де театрға концертке баруды жиілеттім. Атқамінер атанып, алыс-жақынды жұмыс бабымен аралап жүріп кетіріп алған есемді қайтаруым керек қой. 

Театр залына енген бетте сахнаға қарайтын болдым. Оның төрінде тамылжыған табиғаттың небір әдемі суреті тұрады. Қылқалам шеберлерінің өрнектері: керілген кең дала; асқаралы тау; айдынды көл; арнасынан лықси аққан өзен; құлыншақтар құлдыраңдаған жылқы үйірі; ну орман; тырна тізілген аспан...  көзің тойып, көңілің көктем болады. Әлбетте, ол суреттер қатар-қатар тізіліп тұрмайды, апта сайын ауыстырылып, кезекпен ілінеді. Жаңартылады  да.

Көркем сахнаға қазақы әсем киімді, білектей бұрымды қыз-келіншектер, қияқмұрт жігіттер шығып, «құлақтан кіріп, бойды алар...» (Абай) көне де жаңа әндерімізді сызылтқанда, әуелеткенде, оны демеген домбыраның қоңыр үні қоңыраулағанда, қобыз сыршыл үнмен сөйлеп кеткенде, - уай, өнердің құдыреті-ай! - әнші де, домбырашы да маған ғана қарап тұрғандай-ақ еріксіз  шалқып отырдым. 

Теле-радио арналарындағы концерттерді де көруден, тыңдаудан жалықпадым... 

Сол жанрахатым шамасы 2010-жылдан беріде солғындады. Театр сахнасы қазақы сәнінен айырыла бастады. Тынып-тұнып тұратын тамаша суреттер ғайып болып, сахына төрі тіпті бажайлау қиын айбақ-сайбақ, жалт-жұлт, айқыш-ұйқыш сапырылысты бейнекөрініске толды. Электршамдар (прожекторлар) сахнаны да, залды да осқылайтын болды, - ол жүйкесі мен көзінде кінәрат барларға өте зиянды. Шашын жайып жіберген, денесіне жабысқан жарғақ кеудеше мен шалбар киген алабел, қиралаңдаған, ары-бері жортақтаған, секеңдеген әнші-биші қыз-қырқын сахнаны иеленіп алды. Бірінің жүзі дөңгелек, бірінің жүзі сопақ демесең, бәрінің қасы бір үлгімен қырылғандай, көзінің айналасы көкшіл, жасылтым түске боялып,  жиегі  қарамен шеңберленген, жалғамалы кірпігінің ұшы қайқиған, еріні қызыл бояуға жаңа ғана малып алғандай. Бір қалыптың кірпішіндей.   

«Зәурешті» ме, «Қараторғайды» ма... микрофоннан бос қолын сермелеп, биге ұқсас қимылмен желпініп айтады. Қайсыбірінде өзіне өзі қол соғып, көрермен-тыңдармандарға қозғау салатын, залды кезе әндетіп, гүл шоқтарын жинайтын «өнер» де бар. Түпнұсқада дауыс созылыңқырайтын тұсты келтелеп, созылмайтын тұста демі жеткенінше үздігеді. «Есті әндеріміз есерге» (Абай) айнала бастады. Ол сорақылық соңғы бес жылда үдеп кетті. 

Байқаймын: сонау мұхиттың арғы-бергі жағынан Ресейге жеткізіліп жатқан: не баж-бұж еткен, не тақпақша тақылдаған, не шыңғырған-шаңқылдаған, не  сыбырлаған-күбірлеген әнсымақтар, құтырық бисымақтар қашанда ресейліктерге еліктегіш-солықтағыш бізді көп күттіре қоймайды. Телеарналарымызды «аралап» отырғанымда солардың «байғазысын»:  шашы шашылған, жалаңаштың аз-ақ алдындағы «биші» әйелдердің секіріп, талтаңдап, тоңқаңдап аласұрғандарын көзім шалысымен, маңайымда жүрген немере-шөберелерім көріп қалмас үшін, арнаны ауыстыра қоятын болдым.

Желөкпелік сұрқұлтай көрініс 3-4 арна арасында атына тілім келетін «Музыка» дегенде әсіресе басым. Ер-әйел аралас аламыш киімді топ, әсіресе «төсайылы» мен «шапайылы» ғана бар әйелдер алқын-жұлқын шыға келгенде... Солардың шалығы «Гакку», «Той-думан» арналарымызға тие бастағаны  - өте өкінішті! 

Иә, «шалығы тию» демекші, Ресейдің телеарна сахнасында бұдан 3-4 жыл бұрында «Пусть говорят» деген бағдарлама пайда болды. Ол атақты актер Армен Джигарханян отбасының әлек-шәлегін көрсетуінен бастап ауызға ілінді. Орыс халқының «не выносить  сор из избы» деген нақылы жайына қалып, отбасының кикілжіңі, ұрыс-керісі, айтыс-тартысы ашық, еселеп талқыланды. «Өздерінің келісімімен. Әрқайсысына ақы төленеді» деседі.  Сол айдапсалулардан арнаға шынында мол табыс бұйыратын болса     керек, бүкіл елге сыйлы болған марқұмдардың (Шукшиннің, Мишулиннің...)  аруақтарынан ары-бері аттаған безерлікті үлгі еткен арналар көбеюде. Алайда «шындықшылардың жеңгетайлығынан» оң нәтиже шықпады. Қақ жарылған екі жақтың тіл табысқаны, татуласқаны жоқ, пыш-пыш өсекаяң молайды, іс ұлғайып, ушығып, соттасу-қаттасуға жетіп жатыр. Сол «жаңалыққа» біздің де телеарналарымыз еліктеуге кірісіпті. Ене мен келін, құда-құдағилар арасы; ажырасқан ерлі-зайыптылардың дау-дамайлары; екі ғашықтың «мәселелері»; екі достың дүрдеараздығы... секілді бірдеңелер байқалуда. Меніңше, отбасының ішкі «әттеңдерін» көпшіліктің алдына жайып салуға болмайды, дауысқа салумен,  қаулы қабылдаумен шешілетін мәселелер емес. Қазекем: «Қол сынса – жең ішінде; бас жарылса – бөрік ішіндені» босқа айтпаған болар.  

Радиоарналарымызда да «жаңалық» көбейіп барады. Өлеңі де, әуені де құрақ көрпеге ұқсайтын «ақындар» мен «сазгерлер» табылды. Олардың ортақ тақырыбы көбінесе – ғашықтық. Хабарласа да, жолығыса да алмай өкініп, сағынып-сарғайып, қосыла алмай қамығып жүрген байғұс қыз бен жігіт...

Көне халық әндерін, бертіндегі қазақ сазгерлерінің әндерін өзінше айтатын «жаңа талғамды әншілер» шықты. Сірә, Мәдениет министрлігінің «жылына пәлен ән өңдеу» жоспары бар болса керек. Мысалы, «Сағындым» мен «Дударай», «Жайдарман» мен «Қамажай», «Аққұм» мен «Құстар әні»... «өңдеуден» өткізіліпті. Қайырмаларының әлденеше рет қайталануы «заңдастырылыпты». Ол әндердің «замани өңделуі» қалай, қандай екенін ешкім қағаз бетіне түсіріп бере алмайды, тек тыңдау керек. Ал ән өлеңінің бұрмалануын жазып беруге болады. Мәселен, «Балқадиша» әнінің (Ақан     сері) алғашқы шумағы (авторлық нұсқа):

«Кекілін Кербестінің сылағаным,

Басынан Жыландының құлағаным...

Кетті деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құс жастықты жылағаным».

Қай әнді болсын орындаушы біреу емес, бірнешеу болады ғой. Міне, мына шумақтың төртінші тармағын бір әнші: «Құшақтап қара жерді жылағаным» десе, екіншісі: «Құшақтап аттың жалын жылағаным» деп, үшіншісі: «Құшақтап құз-жартасты жылағаным» дейді. Ол ол ма, бір әнші: «Жаным, ғашығым, айналдым сенен, Қадиша!» деп қайырма жасап «құйқылжытады». Айтушы да, айтқызушы да өлеңнің, әннің түпнұсқасы болатынын, оны бұзуға құқы жоғын білмейтін секілді. Сондай бір әнші: 

«Аяғыма кигенім былғары етік, 

  Табанымнан барады ызғар өтіп», -дегендегі «табанымнанды» азсынған болар, «аяғымнан» деп өзгертіп алыпты. «Төбемнен» демегеніне шүкіршілік.

Мұндағы әншілердің аты-жөндерін атамау себебім: олар - дауыстары құлағыма сіңбеген бейтаныстар. 

Үй-ішімді мазаламас үшін алақандай ғана радиоқабылдаш сатып алғанмын. Радиоконцертті соның арнаулы сымының бір ұшын құлағыма тығып алып тыңдаймын. Қалаулы арналарым: «Шалқар радиосы» мен «Қазақ радиосы». Олардың: «Алтын қордан», «Ескірмейтін ескі әндер», «Бізге қымбат дауыстар»... бағдарламаларындағы әндердің аттары, әуені кімдікі, сөзі кімдікі, орындайтын әнші кім екені анық жазылып қалған, ал бертінгі таспажазбаларында ол жоқ, «әдріссіз» әндер паровозға тіркелген вагондар сияқты. Термеші-толғаушылардың, күйшілердің концерттері де солайша.

Осы тамыз айының 5-6-күндерінің бірінде, түс әлетінде, «Шалқардың» концертін тыңдап отыр едім, бір ән аяқталып, мөлшері 10 секөнд тыныстан кейін ащы дауыс «Жарапазан» деп бақ ете қалғанда қарсы алдыма құбыжық бірдеңе топ ете түскендей шошып кеттім. «Жарапазан» деп бақ ету тағыда қайталанды да, «жарапазан айта келдік...» деген жалғасы қырыл-сырыл, қиқ-шиқ екі-үш дауыспен, әлдебір бисымақтың ырғағымен айтылып кете барды. Қазақтың дәстүрлі «Жарапазанының» мақамын маңайламайды да. 

Аталған екі радионың жаңа концерттерін тыңдауды тоқтаттым. Мәжбүр еткен себеп: әнші-күйшілердің жеке концерттерінен басқаларда топ әншілерді домбырамен, қобызбен демеу доғарылды. Үйреншікті: гитара, скрипка, фортепьяно да шеттетілді. Оларды: тоңқылдаған, таңқылдаған, тарсылдаған, дүңкілдеген, күрсілдеген, әлденені түйгіштегендей, төкпештегендей жағымсыз, жабайы дабысты аспап ығыстырды, - тыңдаушының жүйкесін тұтас жаныштау  үшін шығарылған сияқты. 

Музыкаға аудармашының керегі жоқ қой, әсем әнді басқа арналардан іздеп, ақырында «Классикалық музыка» деп аталатын бағдарламаны тауып алып, соны саялайтын болдым. Алыс шеттілді, жақын орыстілді басқалардың бәрінде дерлік «ұр, тоқпағым, ұр!».

Құрметті Асқар, жүйкені тұтас жаныштау үшін деуімде негіз бар. Бұл хатымды өзің ғана оқымай, пікірлесу үшін қоластыңдағы шенеунік серіктеріңе де ұсынады деп біліп (жеке басымыздың шаруасы емес қой), баршаның түсінуіне жеңілірек болсын деп, мынау құжаттың орыс тіліне аударма нұсқасынан үзінді  келтіріп отырмын. Кезінде советтік Қарсы барлау орындары қолға түсірген құпия құжаттардың бірі: 

«Ален ДАЛЛЕС

Американская доктрина борьбы против СССР», 1945 год               

 Окончится война, всё как-то утрясется, устроится. И мы бросим всё,   что имеем, - всё золото, всю материальную мощь на оболванивание и одурачивание  людей!

Человеческий мозг, сознание людей способны к изменению. Посеяв там хаос, мы незаметно подменим их ценности на фальшивые и заставим их в эти фальшивые ценности верить. Как? Мы найдем своих единомышленников, своих союзников в самой России...

Из литературы и искусства, например, мы постепенно вытравим их социальную сущность, отучим художников, отобьем у них охоту заниматься изображением… исследованием тех процессов, которые происходят в глубинах народных масс. Литература, театры, кино - всё будет изображать   и прославлять самые низменные человеческие чувства. Мы будем всячески поддерживать и прославлять так называемых художников, которые станут насаждать и вдалбливать в человеческое сознание культ секса, насилия, садизма, предательства, - словом, всякой безнравственности. В управлении государством мы создадим хаос и неразбериху.

Мы будем незаметно, но активно и постоянно способствовать самодурству чиновников, взяточников, беспринципности. Бюрократизм и волокита будут возводиться в добродетель... Национализм и вражда народов, прежде всего вражда и ненависть к русскому народу - всё это расцветет махровым цветом.

И лишь немногие, очень немногие будут догадываться или даже понимать, что происходит. Но таких людей мы поставим в беспомощное положение, превратим в посмешище, найдем способ их оболгать и объявить отбросами общества. Будем вырывать духовные корни, опошлять и уничтожать основы духовной нравственности. Мы будем браться за людей с детских, юношеских лет, главную ставку будем делать на молодежь, станем разлагать, развращать, растлевать её. Мы сделаем из них циников, пошляков, космополитов. Вот так мы это и сделаем» (Из выступления 1945 года перед специальной комиссией Сената США, ставшего Доктриной 200).

Вашингтонды ордасына айналдырған халықаралық сионизмнің ықпалымен жасалды деуге болатын осы іспетті екі жоба және бар. 1972-73 жылдар тұсындағы «Гарвард жобасы» және «Хьюстон жобасы» (1990-91 ж.). Бірінен бірі асып түскен зұлымдық жоспарлар. «Қазақстаннан аулақ!» десек те... ашық мойындауға «намыстануымызбен» көз алдымызда болып жатқан моральдік ұсқынсыздығымыз бары жайында жақ ашпай жүргеніміз бекер ме? Мына хатымда соның бір бөлігі айтылды емес пе?

Бұл – өкімет пен үкімет құзырына жолдаған алтыншы хатым:

1. Сол кездегі Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлына 2014-жылы наурыз айында «Жас алаш» гәзеті арқылы жолданды. Тақырыбы – «Қазақ сахнасының сырқаты».

2. Сол кездегі Президент Н.Назарбаевқа 2014-жылы желтоқсан айында жіберілді. Өзінің  қолына тиетін байланыс жолымен.

3. Халық артисіміз Бибігүл Төлегеноваға 2015-жылы желтоқсан айында  «Қазақ үні» газеті арқылы жолданды. Мақаламның тақырыбы – «Сахна сорасы, телеарна додасы». Бибікеңнен маған жауап хат жазбауды өтініп: «Беделіңізді пайдаланып, осынау ойсыздықтарды шектетсеңіз екен!» дедім. Өнер саламыздағы әнші-бишілердің көбі, қазақ бола тұра, қазақы келбеттен, рухтан, намыстан айырылғанын ашынып айттым. Көп ұзамады, әлгі буылтық-буылтық жарғақ киімді опыр-топыршылар сахнада көрінбейтін болды. Бірақ, оның есесіне, омырауы, арқасы ашық, етегі еденді сыпыратын көйлек кию басталды. Ол көйлектердің кейбіреуі сыңар жең шығар, өйткені әншінің          бір иығы жалаңаш болады. Меніңше, министрліктің Бибікеңнің ақылын іштей қырыстана тыңдаған, «еуропадан қалыспауды» уағыздап жүрген басшы- қосшыларының біреуі: «Қыздарымыздың сахнаға қазақы киіммен шыққаны жөн боладыға» солайша «жауап» берді.

4. Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұловаға 2019-жылы маусым айында  жазғаным. Әнші, биші, күйші қыз-келіншектердің шаштарын алды-артына жайып тастап, тіпті бетінің жартысын жаба жалбыратқаны аздай,  саудыраған сабан шашқа айналдырғаны көзімізді де, көңілімізді де қажайтынын  айттым. Сахналарда қазақы емес киім киістің, жүріс-тұрыстың белең алуы - ұлттық намыстың кемшіндігі дедім.

5. Президент Қ.Тоқаевқа биыл мамыр айында интернеттің «Abai.kz» әдеби порталы арқылы жазғаным. Тақырыбы – «Айтылуы қажет сөз артық болмас». Мәнсіз мақтан, желкенді жағымпаздық жайлаған, азық-түлік, дүние-мүлік арзандауды қойған, қымбатшылық құрсаулаған, экономикалық дамуымыз сөз жүзінде болып жатқан қоғамымыздағы олқылықтарды атап-атап, мәдениет саламыздағы осынау өкінішті жәйттерді де мәлім еттім.

Бибікеңнен (Төлегеновадан) жауап тілемейтінімді айттым дедім, ал басқа төртеуі тым-тырыс қалды. Бәз-баяғы немкеттілік!

Үкімет басшысы саған айтып отырған бұл жәйттерді мақалама арқау етіп, таралымы ең көп «Егемен Қазақстан» гәзетіне аттандырдым, бөгелмей жарияланды («Қазақ қайда барады?». 02.04.2020 ж.). Бірақ 185 мыңнан астам оқырманның, олардың ішіндегі журналшы-жазушы жора-жолдастарымның ешқайсысы не дұрыс, не бұрыс демеді. «Жас қазақ» гәзетіндегі «Қазақ әндері қаңғырып кетпегей...» мақаламды да елемеді. Өй, бойкүйездік-ай!

Айтпақшы, үш мәселені көтерген сол мақаламда үкіметке: Марқұм дос-жолдас қаламдастарым хақындағы естеліктеріме қажет фото-сурет іздеген сайын интернетке қол созып жүрдім. Тауып бере қояды, бірақ оның фотосы төңірегінде сан-сапалақ бөгде сурет толып тұрады, ол қалай? Бетті қалайда толтыру шарт па? – деген сыңайда құлаққағыс жасадым. Ескерілмеді.

Бұл интернеттегі бір «қызық»: оның сурет-беттерінде тәуелсіз Қазақстан мен Ресей «көсемдерінің» нысаналы тақырыпқа ешбір қатысы жоқ болса да, олардың түрлі-түсті фотолары «көздің жауын алады». Кейбір беттерде, - әй, бетпақтық! - үйтіліп өлген Гитлердің жексұрын кеспірі кездеседі. Ол қалай? Қайдан келген «тапқырлық? Әлде біздегі интернетке бәрібір ме?  Әлде ол Қазақстанның билік шегінде  емес  пе?..  

Енді, құрметті Асқар, мына бір ауыр ойымды тыңдағын, бұл менің ғана емес, болған істің мән-жайын анық білген мыңдаған қазақтың ойы дей аламын.    

2006 жылы шілде айында Алматы іргесінде «Шаңырақ оқиғасы» болды ғой. «Рұхсатсыз орнаған» қазақ ауылдарына ойда жоқта таңға жуық шабуыл жасалып, үйлері бульдозермен сүріле бастады! Таңға жуық!.. Шошып оянған тұрғындардың қолынан келген әуелгі қарсылық жігіттердің: «Бұл не сұмдық?!» деген айқайы, әйелдердің ойбайы, қорқып кеткен қарттардың бажылдауы, балалардың шырылдап жылауы болды. Шаңырағын, отбасын қорғауға мәжбүр жігіттер шабуылшылдарға топ-тобымен ұмтылып, қақтығыс басталды. Қызуқанды Азамат ақын Арон Атабектің биліктің адамгершілікке жат қаракүш қылмысын айыптаған жанайқайы төңіректі жаңғырықтырды. Қақтығыста бір полицей қазаға ұшырады. Әлдебір әмірші оны «Арон Атабектің тобы өлтіргенін көріпті». Бір жерімен диірмен тартқыштар сол «дерек» бойынша Аронды екі жыл тергеп, 2008-жылы қазан айының 5-і күні 18 жылға түрмеде отыруға соттатып тыншыды. Бізде бола беретін жазықсыз жазалаудың бірі! 

Тәуелсіз заңгерлердің, адам құқын қорғаушы халықаралық ұйымдардың анықтауы нәтижесінде, Арон Атабектің сотталуы негізсіз екені дәлелденсе де, біздің айтқанын істеткіш «күштілер» мыңқ етпеді. Азбас-тозбас немқұрайдылық!

Аронның түрмеде отырғанына 12 жыл. Халықаралық полиция қолға түсірген қылмыскердей қатаң бақылауда. Денсаулығы нашарлап барады. Дәрігерлік көмек тыңғылықты емес. Халықаралық ұйымдар, біздің оппозициялық бағыттағы саяси қайраткерлер, журналшылар, жазушылар, яғни Арон Атабектің кім екенін жақсы білетін жұртшылық жоғарыдағы тиісті орындарға жасы 55-тен асқан (қазірде 67 жаста) Азамат ақын ісін қайта қарауды, әділдікке көз жеткізуді талап еткен, кейінде жеңілдік жасауды өтінген хатты әлденеше жолдады. Амал не, құлақ асуға тиістілердің бірде-бірі селт етпеді. Біздегі басшы шенеуніктер тәуелсіздікті: «қай мәселені қашан, қалай шешемін, ол өз еркімде, мен тәуелсізбін!» деп білетін сияқты. Шынында, «славяндық үштіктің» арқасында бізге де оңай олжа болған тәуелсіздік  халыққа емес, билік тобындағыларға бұйырған тәрізді.

Сонымен, құрметті Төраға, сөзімді тұжыра айтарым:

1.Керіауыздар жамандап жүрген кешегі Кеңестік дәуірде Мәдениет министрлігінің штатында «Көркемдік кеңес» болды. Ол театр-сахна мәселесі атаулының бәрін халықтың, қоғамның талап-мүддесіне сай реттеп отырды. Бүгінгідей әркім бет-бетіне кетіп, теле-радио арналарының көркем әдебиет пен өнерді саудаға салуларына жол бермеді. Оны қазіргі Мәдениет министрімізге хатымда мәлімдедім.

Яғни «Көркемдік кеңесті» қалпына келтіргін.

2. Сол дәуірде: «Еңбекшілерден келіп түскен хатқа бір аптаның ішінде жауап қайтарылсын» деген талап болды. Егер біз халықты силауға міндетті екенімізді түйсіне алсақ, ол талапты жаңғыртуың керек. Кімге, қайда арыз-шағым жазса да, бір ауыз жауап ала алмай жүрген жәбірленуші мыңдап бар.  

3. Әділетті мемлекет екеніміз рас болса, биліктен қиянат көргендерді    қорғап баққаны үшін жалған айыпқа жем болған Арон Атабекке басбостандығын қайтарып беруді ойластырғын.

Ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Сен досыңнан секемденбе, қатты болса – сатып кетер; сен жауыңнан сескенбе, қатты болса – атып кетер; сен немкеттіліктен сақтан, түбіңе сол жетер», деген екен. Бізде етек жайған сол немкеттілік қоғамды  қожыратып тынбаса жарар еді!

Сәлеммен, - Ғаббас Қабышұлы, 

журналшы-жазушы

Abai.kz

2 пікір