Жұма, 19 Сәуір 2024
Саңлақ 4277 0 пікір 24 Тамыз, 2020 сағат 12:02

Қоңқабаев пен Құлахмет кәсіпқой бокста жеңіске жетті

Қоңқабаев (сол жақта) пен Құлахмет (оң жаңқта)

Алматы қаласында MTK Kazakhstan промоутерлік компаниясының ұйымдастыруымен карантиннен кейінгі алғашқы бокс кеші өтті.

Кештің басты жекпе-жегінде әуесқой бокстан ұлттық құрама капитаны, әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Иса Ақбербаевпен (20-1, 15 КО)* жұдырықтасты.

Қоңқабаев кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізіп отырғанына қарамастан, аса тәжірибелі Ақбербаевты нокаутпен жеңді. Алғашқы ауыр салмақ дәрежесінде (90,1 келі) өткен жекпе-жек 8 раундқа есептелген, бірақ екінші ранудта аяқталды. Бүйірден жасалған ауыр соққыдан кейін Иса жекпе-жекті жалғастыра алмады.

Айта кетейік, Ақбербаев рингке өткен жылдың 2 қарашасында шыққан болатын. Жерлесіміз Екатеринбургте өткен бокс кешінде ресейлік Евгений Тищенкодан (7-0, 5 КО) жеңіліп қалған болатын. Евгений Тищенко да қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол 2016 жылы Олимпиада ойындарының финалында Василий Левитті даулы жағдайда жеңген еді.

Ал Қамшыбек Қоңқабаев тамыз айының басында ғана кәсіпқой боксқа ауысқан болатын. Бірақ ол кәсіпқойға біржола бет бұрған жоқ. Өзінің айтуынша, басты мақсат -  кәсіпқой рингте бірнеше жекпе-жек өткізіп, Олимпиада ойындарының алдында тәжірибе жинақтау.

Қамшыбектің әуесқой бокста жеткен жеткен жетістігі аз емес. +91 келіде әлем чемпионаты мен Азия чемпионатында екі мәрте күміс медаль алған. Бірақ ескі қарсыласы өзбекстандық Баходир Жалоловқа есесі кетіп жүр. Өзбек боксшысы кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізіп үлгерді. Қамшыбек кәсіпқой бокста шыңдалған осы қарсыласына қарсы дайындалу үшін де осы қадамға (кәсіпқойға) барған болуы мүмкін.

Ал кештің негізгі жекпе-жегінде қазақстандық Виктор Коточигов (11-0, 4 КО) Беларусь боксшысы Андрей Исаевты (30-17, 9 КО) жеңді. Бұл жекпе-жек үшінші раундта тоқтатылды. Осылайша, Виктор кәсіпқой рингтегі 12 жекпе-жегінің бәрінде жеңіске жетті.

Бокс кешінің негізгі карды аясында кәсіпқой бокста тәжірибелі Сағадат Рахманқұлов (6-1-0) пен әуесқой бокста атой салған Тұрсынбай Құлахмет кездесті. Жекпе-жек төртінші раундтан кейін тоқтатылды. Жарақат алған Сағадат кездесуді жалғастыра алмады. Сөйтіп, Тұрсынбай кәсіпқой бокстағы мансабын сәтті бастады.

Айта кетейік, әуесқой бокста 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Тұрсынбай Құлахмет кәсіпқой боксқа биыл жыл басында ауқан. Ол 2019 жылы Азия чемпионатында, ҚР Президенті кубогында жеңіске жетті. Бірақ Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында филипиндік Эумир Марсьяльдан жартылай финалда жеңілген болатын.

Талғат Шәйкен

Бұл кеште бірінші орта салмақта өнер көрсететін 19 жастағы жас боксшы Талғат Шәйкен де кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Турнирдің дебютанты алты раундтың қорытындысы бойынша төрешілердің бірауызды шешімімен про-рингте ұтылып көрмеген Берікбай Нұрымбетовті (5-0-0, KO1) жеңді.

Талғат - 2018 жылы Аргентинада өткен Жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионы. Сонымен қатар, Венгриядағы халықаралық турнирде және Нұр-Сұлтандағы Президент Кубогында жүлдегер атанған.

Кештің негізгі карды аясындағы кезекті жекпе-жек Сапарбай Айдаров (4-0-0) пен Абай Төлеш (5-0-0) арасында өтті. Жекпе-жек толық сегіз раундқа жалғасып, Айдаровтың жеңісімен аяқталды. Екінші раундта Абай Төлеш ауыр нокдаунға түсіп қалды. Осылайша, Төлеш кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.

Ал кештің алғашқы карды аясында үш жекпе-жек өтті. Онда Жартылай орта салмақта жұдырықтасқан Нұрдос Төлебай (3-0, 1 КО) Нұржан Мақашбаевты (0-0-2), Рай Сейтжанов (2-0-0) Талғат Бертілеуовті (0-1) төрешілердің шешімімен жеңді. Ал бірінші ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Али Балоев (9-0, 7 КО) беларусь Юрий Быховцевтан (10-19-3, 5 КО) басым түсті.

Сондай-ақ, бұл кеште өтуі тиіс тағы үш жекпе-жек күшінен қалды. Себебі өзбекстандық үш боксшы - Хусан Юлдашев, Бахром Паязов және Шавкат Халилов шекарадан өте алмаған екен.

* боксшылардың көрсеткіші (рекорды) кешегі жекпе-жекке дейінгі нәтижемен көрсетілді

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

0 пікір