Сенбі, 20 Сәуір 2024
Күбіртке 6172 24 пікір 15 Тамыз, 2020 сағат 15:50

Семей полигонының жыры әлі көп...

29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні!

1949 жылдың 29 тамызы қазақ халқының басындағы ең қайғылы күн деп санауға болатын тарихи кезең. 1949 жылдың 29 тамызынан 1989 жылдың 19 қазанына дейінгі 40 жыл аралығында қазақ елінің, жерінің, халқының, жан-жануар, табиғатының сол кездегі бодандықтың салдарынан ядролық-сынақ аланының зардабын тартып келгені ақиқат. Бұл туралы Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Бахия Атшабаров, Меңдіғали Сужиков, Кешірім Бозтаев, Медеу Сәрсеке айтып жазған. Медеу Сәрсекенің «Семейдің қасіреті» деген үш тілде жарық көрген кітабында толық ұғынықты жазылды.

«Семейдің қасіреті» бұл – Жапонияға тасталған атом бомбасының зардабы мен Чернобыль аппатының салдарымен салыстырылғанда, 2500 еседен асып түсетіні ғылыми-тарихи түрде дәлелден шындық.

1989 жылдың 19 қазанында ең ақырғы атом бомбасының сынағы Семей ядролық сынақ алаңы (СЯСА) тарихындағы ең соңғы сынақ болып тарихта мәңгі қалды. Ғалымдардың айтуынша, оның зардабы 24 мың жылдан 100 мың жылға дейінгі ұрпақтарға жалғаcатын сияқты.

«Невада-Семей» анти-ядорлық халықаралық қоғамдық қозғалысы 1989 жылғы ақпанда пайда болағанымен, 2007 жылға дейін СЯСА зардабын тартқандардың әлеуметтік мәселелерін шешуге әрекет жасамады. Міне, осындай жағдай себеп болып, 2007 жылы «Семей-ЯП» (ядерный полигон)  қоғамдық қорын ашуға тура келді. Бүгінгі таңға дейін ел, жер, отан үшін қызмет етіп жатырмыз, жүгіміз ауыр, жолымыз ұзақ.

Семей полигонының әлі де жыры көп, шешілуге тиісті мәселесі жетерлік. Полигон зардабын қазақтың талай қаракөз балалары әлі тартып келеді. Осындай жағдайдың бар екені бүкіл әлемге белгілі, біздің биліктің де білмеуі мүмкін емес. Алайда олардың ешқайсысы полигоннан зардап шеккендерге көмек қолын созғысы келмейді. Жан-жағымызда шешілмей жатқан проблемалар көп болып жатқанда бізге үлкен концерттер, шетелдік әртістер, зәулім ғимараттардың қажеті қанша?.. Полигоннан зардап шеккен балалар балалықтың тәтті кезеңін сезіне алмай, төсекке таңылып, іштей қор болып жатыр. Мұнайдан түскен ақшаға жасалғаны жасанды декорация! Еліміздің қай бұрышына барсаң да жалт-жұлт еткен жылтырақтар мен құр ұрандарды көресің. Ал, алыс Семейде полигонға жақын ауылдарда радиациядан зардап шеккен балаларға, халыққа көмек қолын созуға ниетті азаматтарды көрмейсің...

Полигон аймағында туып, жарық дүниенің есігін мүгедек болып ашқанына балаларымыз кінәлі ме? Жоқ! Олардың осындай жағдайға душар болуына ең алдымен біз кінәліміз! Оларды мүгедек еткен біздің кез келген нәрсеге үндемей келіскеніміз, қорқақтығымыз, жалтақтығымыз! Бұл шындық!

Семейге бара қалсаң, әсіресе, полигонға жақын ауылдарға жолыңыз түссе, соқыр, ауру, мүгедек боп қалған талай адамды көруге дәтіңіз шыдамайды. Біз шұрайлы жерімізден ғана емес, тұтас бір ұрпақтан айырылдық. Міне, осындай себеп-салдарды сәл де болса жеңілдетіп, көмек қолын созу мақсатымен 2007 жылы елордамызда СЯСА зардабын татушылар тарапынан «Семей-ЯП» қоғамдық қорын құруға тура келді. Біздің әлеуметтік мәселелеріміздің толық шешілмеуінің салдарынан туындады.

Қазіргі халықарарлық нәубетке байланысты көптеген мәселелер ушығып кетті. Қиындықты бірлесіп шешу үшін қайырымды азаматтарды мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып, қолдау көрсетуге шақырамыз.                 

Болатбек Әбдікәрім,

«Семей-ЯП» қоғамдық қорының, «Астана қаласы мүгедектер қоғамы» қоғамдық  бірлестігінің төрағасы.

Abai.kz

24 пікір