Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Билік 3917 0 пікір 14 Тамыз, 2020 сағат 11:20

Алматы облысында оқушылар 4 бағытта оқытылатын болады

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл жаңа оқу жылы қашықтықтан оқыту форматында басталады. Алайда, қашықтықтан оқыту жас ұрпаққа білім беруде кедергі болмауы тиіс.

Бұл ретте, Алматы облысында жаңа оқу жылына қарқынды дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы өңір басшысы Амандық Баталов журналистермен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Жаңа оқу жылында оқушы саны өткен жылмен салыстырғанда 16,6 мың балаға өсіп 426 мыңнан асып отыр. Ал, 1 сыныпқа 48 мың баланы қабылдау жоспарланып отыр.

Биыл балаларды төрт бағытта оқыту жоспарлануда. Оқушылардың 70 пайызы интернет желісімен, 20 пайызы республикалық телеарналар арқылы оқытылады. Үшінші, шалғайдағы елді мекендердегі мектептер 2 ауысымда штаттық режимде оқиды. Ал, бастауыш сынып оқушылары кезекші сыныптарда білім алмақ. Штаттық режимде білім беретін мектептерде қатаң санитарлық талаптар сақталады. Мектепке кіре берісте залалсыздандыру төсеніштері,  тепловизор, санитайзер және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілмек.

Облыста  жыл сайын білім сапасы артып. Мәселен, өткен жылы білім деңгейі 65 пайызға жеткен. Білім сапасын арттыру мақсатында биылдың өзіне 314,2 млрд теңге бөлініп отыр.

«Жалпы облыс бойынша 91 743 оқушыға компьютерлік құралдарға қажеттілік бар. Осыған сәйкес, аталған мәселені шешу үшін аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балаларды компьютерлік техникамен қамтамсыз ету мақсатында қосымша 75,6 мың компьютер сатып алынды. Мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 20 мың компьютер сатып алынады. Меценаттар тарапынан аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 150 компьютер құралдарын тегін беруі жоспарлануда. Қабылданған шаралар нәтижесінде жаңа оқу жылында облыс оқушыларын компьютермен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілетін болады.»-, деді Амандық Баталов өз сөзінде.

Өңірде 732 елді мекеннің, 19 ауылында  интернет желісі жоқ. Ондағы мектеп жасындағы 886 баланың 730-ы телеарна арқылы, қалған 156 бала штаттық режимде оқытылатын болады. «Қазақтелеком» АҚ арқылы 98 мектепте интернет жылдамдығын 4 Мбит-тен, 8 Мбит-ке  дейін ұлғайту күтілуде.Сондай-ақ, интернет желісіне қосылу үшін оқушыларға 43 мың роутерлар сатып алу жоспарланып отыр.

Алматы облысында  жалпы 760 мектеп бар. Мемлекеттің қолдауымен алдағы уақытта үшауысымды мектептер саны азаймақ. Өйткені биыл 23 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа оқу жылында Алматы облысында 8 мектеп ашылады.

Айман Асыл

Abai.kz

0 пікір