Сенбі, 19 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107199. Жазылғандар — 101822. Қайтыс болғандар — 1671
Дат 2306 46 пікір 13 Тамыз, 2020 сағат 10:18

Семей облысы қалпына келтірілсін!

Сурет Азаттықтан алынды

Абай - әрқашан ардағымыз!

Бұл пікіріммен әсте жаңа ой айтып отырмағаным баршаға белгілі болар. Көпшіліктің айтқанын, айтатынын да қайталадым ғана. «Көптің ауызы уәлі» деген қазақтың  Ұлы тойы  -  Абай тойы бола бермек. Ақын ағамыз Мұзафар Әлімбаев бір әңгімемізде Абайға қатысты сөз ретіне орай: «Абай – әулие талант!» деп еді. Қысқа да нұсқа пікір. Ақтанов Тахау ағамыздың  да бір сөзіне таңданғаным да, тәнті болғаным да есімде. 1990-жылы наурыз мерекесінде Абай ескерткіші жанында кездесіп, сәлемдесіп, құттықтасып тұрғанымызда Тахаң ақынның мүсініне бір минөт шамасы үнсіз қарап, маған бұрылып: «Ғаббас-жан, мен Абайды енді-енді түсіне бастадым» деді. Мен іштей: «Таха-ау, сіз енді-енді  түсіне бастасаңыз,  түсіну үшін бізге әлі неше жыл керек болар екен?» деп шын таңдандым. Одан кейінде Абекеңнің өлеңдерін, қара сөздерін қайталап оқыған сайын бір жаңа ой-тұжырымын аңғарып,Мұз-ағаға да, Тахаңа да иланып, тәнті болып жүрдім.

Орыс поэзиясы алыптарының шығармаларын түпнұсқасынан, шетелдік классик ақындардың негізгі туындыларын орыс тіліндегі аудармаларынан оқып өстік. Бертінде соларды қайталап оқып, өзімше саралап, ой безбеніме салып, түйіндеп байқасам, Абай Құнанбайұлының ақындық, философтық деңгейі ешқайсысының деңгейінен төмен емес. Кезінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов айтқандай, Абай – Ұлы ақын,  қазақтың Бас ақыны,!

Соңғы жылдары «ұлы ақын», «ұлы жазушы» деген арзан қалжалы сөзтіркес марқұм замандастарымыздың ғана емес, көзі тірілеріміздің мүшел тойларында да беталды айтылып жүр. Ол дұрыс емес! Меніңше, бізде  мәңгілік Ұлы ақын біреу. Ол – құдай ақыл-ойдың құдіреті етіп жаратқан АБАЙ!  Жәкең – Жамбыл атамыз жыр тілімен: «Мынау тұрған Абайдың суреті ме, ұқсаған өлең-сөздің құдіретіне?!.» демеп пе еді?!. Абайдың ізбасарларын бағалауға: ірі, көрнекті, танымал, классик... деген балама сөздеріміз жеткілікті.

...Абай әлеміне әрқашан  көз жіберіп, құлақ түріп жүргенімде мені «таңдандырған» басқа жәйттер де  ұшырасты. Бірер мысал:

1995-жылдың күзінде Қарағанды қаласына жолым түсіп, сонда тұратын Рамазан Сағымбековке бардым. С.М.Кироа атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазірде ғұлама бабамыз әл-Фараби атында) оқыған, ұстаздық еткен, журналшылар қауымына белгілі досым облыстық «Орталық Қазақстан» гәзетінің Бас редакторлығынан денсаулығы сыр бере бастауы себепті босап, біраз уақыт емделіп, содан кейін тарихи-әдеби танымдық «Қарқаралы» журналын ашқан-ды. Арқа-жарқа болдық. Бөлмесінде екі жігіт отыр екен. Таныстық. Сірә, әйгілі «Құнанбай мешіті» жайында әңгіме басталған болса керек, жігіттердің бірі: «Абай әкесінің мешітіне бір де рет келмепті, діндарлығы онша болмаған-ау?» деді. Неге шырт ете қалғанымды білмеймін: «Жігітім, «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» деп Рамазан жазды ма, мен жаздым ба, соны білесің бе?» дедім. Жігіт екеуімізге аңтарыла қарап алып: «Білмеймін» деді. Рамазан оған қабақ шытып: «Саған «білмейтініңді білтелемей жүр» дегенді қашанғы айта беру керек?» деді...

2012-жылдың жазы болар, Жазушылар одағы ғимаратының екінші қабатындағы алаңшада (фестибюльде) бірнешеуіміз оны-мұныны әңгімелеп отырдық. Жазушы, аудармашы Герольд Бельгер келіп қосылып: «Иә, жігіттер, не әңгіме?» деп жайғасты. Жігіттердің бірі селқос үнмен: «Бізде кітабымызды шығартуды ойлаудан өзге  не әңгіме болсын» дей салды. Гера мырс етіп: «Абай дәл бүгін бізбен бірге болса, ол да кітабын уақытында шығара алмай жүрер еді» деді. Орашолақ оқыс сөзге оқыс ренжіп: «Әй, Гера! Бұл қай сөзің? Абайдың аруағында не шаруаң бар? Басқаны білмеймін, ал тап сенің кітабын шығара алмай жүрген жігіттерге қосыла шағынар жөнің жоқ, жылда екі кітабың шығады, әлде бекер ме?» дедім. Басқалар тына қалды. Гера кібіртіктеп түрегеліп: «Бір жұмыспен келіп едім, барайын» деп  күбірлеп кете барды...

Биылғы Жаңа жыл алдында мұрағатымдағы қобыраған көп қағаздарымды ақтарып, керегін ғана қалдыруға кірістім. Арасынан гәзет қиындысындағы мына бір өлең шықты:

МАХАМБЕТТІ  БИІК  ҚОЯМ

...Ақындар аз сын сағатта сөзден ісі зорайған»,
Десектағы «Абай қашан жол іздепті оңайдан?»
Ел, ұлт жайлы сырларымен,
Жыры биік тұрғанымен,
Ісі үшін мен Махамбетті биік қоям Абайдан!
Бұл - адамдық ұстанымым қалыптасқан талайдан.

 Мұхтар  ШАХАНОВ.

2012 ж.

Уәйдә-ә-ә?!. Мұхтар інім қазақтың басқа мәселелерін реттеп болып, қазақ әдебиетінің тарихи тұлғаларын салыстыруға, кімнің кімнен биік, кімнен аласа болғанын белгілеп беруге кіріскен екен ғой?!. Абайды қай ісі үшін Махамбеттен аласартты?

Ақын болмасам да, Абекеңнің аруағы үшін қалам алып, Мұхтардың «ішің білсінін» суыртпақтап,  ұзақтау етіп, былайша қағытпа (пародия) жаздым:

МҰХТАРДЫ  БИІК  ҚОЯМ

А, Құдай-ай, Семей жаққа ырымға хан бермедің,
Хандық таққа отыра алар мықтылар барын білмедің.
Олар Жайықтағы Жәңгір ханнан да,
Баймағамбет сұлтаннан да зор болар еді,
Сонда Абай қолына қылыш алар еді,
Ербол досын Исатай етіп,
Бөжейлерге қиғылық салар еді,
Махамбетше айрылса да басынан…
Ал Махамбет жарықтық,
жауынгер жыршы болса да,
қаһарман ақын болса  да,
Көп жағдайды Мұхтар Шахановша ойлай алмады,
Саясатқа ауық-ауық бойлай алмады.
Депутат болып сайрай алмады.
Ашық хаттар жазып қол жинамады,
Жүйкесін қинамады.
Сол үшін мен Махамбетті төмен қоям Мұхтардан!
Адам емес - адамдар,
менің талайғы бұл ұстанымымды ұқпаған!..

Соңғы жылдары біздің әдебиет ауылымызда «бәрінбілгіш» қазекемдер көбейіп барады. Гәзет-журналдардан оқитыным, интернет желілерінің «перілерінен» еститінім бар, қысқасы, -  солар: «Абай орысшыл болды», «Абай өзінен бұрын өткен ойшылдардың айтқандарынан артық ештеңе дей алмады», «Сәкен Сейфуллин билікшіл болды», «Жамбыл Сталиннің жыршысы болды», «Мұхтар Әуезов Мағжан Жұмабаевтың түбіне жетті», «Сәбит Мұқанов арызқой, жағымпаз болды», «Ілияс Есенберлин  толыққанды жазушы болған жоқ» ... дегендей кәдімгі сандырақ сөзден өрмек тоқып жүр.

Отырықшы ел  Ресейдің өзіндік те, батыс-шығыстық елдерден нәр алумен де жетілдірілген  жүйе-салалары болғаны сөзсіз. Абайдың орыс тілі арқылы сол халықтың, алыс жұрттардың мәдениетіне, оның ішінде әдебиетіне хал-қадари қаныққаны да рас. Біз оны Мұхтар Әуезовтің  «Абай жолынан» оқып білдік. Егер Абекеңнің заманында Лев Гумилев айтқан «Ұлы дала Көне Ресейдің» орнына Англиямен, немесе Франциямен  ғасырлар бойы мың шақырымдаған шекаралас көрші болсақ, ойшыл ақын атамыз  солардың тілін білуді, жетістіктерінен үйренуді өсиет етер еді. Өмірдің заңдылығы ғой?

Аталған Тарихи тұлғалардың өмірін, шығармашылық жолдарын зерттеген, зерттеп жүрген байыпты ғалымдарымыздың еңбектерін оқысаң, олардың ешқайсысы анау «бәрінбілгіштер» көйітіп жүргендей  көбік сөзді малданбаған.

«Мұхтар Әуезовтің Мағжанның түбіне жеткеніне» келсек, Мұхаңның мына  ой түйіні  ол өсекті  мүлдем жоққа шығарады:

«Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан... Бұдан соң Мағжанды сүйемін. Еуропалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз  деп білемін».

Өкінішке қарай, оны Мәскеуден естіп келіп таратқан – Мұхтар Шаханов.

Егер жаңылыспасам, «Abai.kz» сайтында сол сапарын әңгімелеп отырып былай деді: жақында Мәскеуге шығармашылық сапармен барғанымда маған бір орыс жазушы келіп танысып, кітабын ұсынды. Ол: « Мағжан Жұмабаев көз жұмар алдында менің құлағыма сыбырлай сөйлеп: «Менің түбіме Мұхтар Әуезов жетті» деген, мына кітабымда жаздым, деді», деп ақын інім және бір «жаңалық ашты».

Мағжан екінші рет тұтқындалғанда оның кіммен болсын, тіпті әйелімен де жүздесуіне рұхсат берілмеген. Үкім шыққан күні Алматыда атылған. Алаш арыстарының, оның ішінде Мағаңның да қашан, қай жерде атылғандары құпияланған. Сонда анау «орыс жазушы» Мағаңның «сыбырына» құлағын қашан, қай жерде тосты екен?!

Әуезовтанушылар Мұхаңның ешқашан ешкімнің үстінен арыз жазбаған тазалығын сүйіне айтқалы қашан! «Мағжанның түбіне жетті» деген есуастық сөз – кезінде Мұхаңа есесі кеткен зымиян біреу  әдейі таратқан өңезе өсек! Егер әлгі мәскеулік «теңдессіз тыңшы» маған сол өнерін көрсетсе, кітабымен басына бір салып, сыбағасын берген болар едім. Қазақтың намысы керегінңде пышағыңды жанып-жанып алып, тастай салатын қара қайрақ емес қой?!

Сәбит Мұқановтың «жағымпаздығы» десек, ол – сыпсыңсөз атаулының ішіндегі ең жиіркеніштісі. Соған қарсы бір мысал:

Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің 1959-жылғы қазанның  23–24-і күндері болған XVІ-пленумында «Теміртаудағы тәртіпсіздіктің» (1958 ж.) себеп-салдары қаралған. Сәбең пленумға әдейілеп қатысып, «бәріне, тіпті, Мәскеуге де толық жетсін» десе керек, әдейілеп орыс тілінде сөйлеп,  Қазақстан КП Орталық комитетінің 1-хатшысы Н.Беляевті, республика Министрлер Кеңесінің  төрағасы  Д.Қонаевты сын тезіне салыпты.

Н.Беляевке айтқанынан: “…Я удовлетворен искренним и честным признанием товарища Беляева в том, что главным виновником в этом деле является он. Да, товарищи, именно – он! Так  я говорю  потому, что  все  мы  помним его помпезные  речи  на   разных собраниях о Казахской Магнитке. Теперь, оказалось, в руководстве Казахской Магниткой товарищ Беляев был богат речами, а  делом крайне беден. Стыдно ему за это! Казахская поговорка гласит: “Стыд сильнее смерти”. Товарищу Беляеву теперь надо в самом скором времени смыть со своего лица эту политическую грязь. Иначе ему критика будет куда жестче, чем теперь!..”

Д.Қонаевқа айтқанынан: “…Он любил металлургию тогда, когда был ее рядовым инженером, на Балхаше, например. Он тогда делал много  хорошего, но как только был взят оттуда, он изменил своей любимой и стал по отношению к ней равнодушным  любовником. Иначе нельзя объяснить того, что сидя в Совете Министров заместителем председателя и руководя     отделом промышленности на протяжении десяти лет, он ничего    положительного не совершил в этой области. Затем его выдвинули на пост Президента Академии наук Казахской ССР и напрасно: все знают инженера Кунаева, но пока никто не знает ученого Кунаева. Вступив в должность председателя Совета Министров, товарищ Кунаев не поправил своей    прежней измены металлургии, иначе он не довел бы до абсурдного состояния Казахскую Магнитку… По всеобщему признанию он является “мешком  обещаний”.  Я  отчасти разделяю эту оценку. Разделяю потому, что  у  товарища Кунаева часто слова расходятся с делом”.

Егер санасында жағымпаздықтың ине ізіндей белгісі бар болса, алдағы 1960-жылы жасы 60-қа толатын Сәбең бұлайша шамырқанбас еді. Сәбеңе жоғары ат-атақ, орден, силық емес, Ақиқат қымбат болған.

Ондай сынды кешірер басшы мыңнан біреу шығар.  Д. Қонаев кешіре алмаған. Ал Сәбең – ондағы айтқандарына дәлел-себепті өзі көрген адам. Шаршы топ алдында жалған сөйлеген жоқ. Сол турашылдығы кейін алдына  тосқауыл  боларын  біле  тұра  именбеді.

...Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов туып-өскен Семей топырағы – киелі топырақ. Семей өңірі – исі қазақтың рухани бесігі. Тәттісөзді Тәуелсіздік бұйырысымен Семей облысының атын мансұқтау қазақы рухқа шоқпар  сілтеу болды. Ол қателік түзетілуге тиіс! Семей облысы қалпына келтірілсін! Бұл орынды талапты қазіргі биліктіктің алдына бүкіл қазақ болып қоюымыз қажет!

Ғаббас Қабышұлы 

12. 08. 2020 ж.

Abai.kz

46 пікір