Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Бір сауал 5610 8 пікір 11 Тамыз, 2020 сағат 12:46

АҚШ пен Қытай соғыса ма?

АҚШ пен Қытайдың ара қатынасының ушығып бара жатқаны күллі әлемді алаңдатып отыр. 40 жыл бойы ықпалдастық, серіктестік ауанда тұрақты келе жатқан екі ел қатынасы 2018 жылғы сауда мажырасынан кейін-ақ ойпыл-тойпыл болды да кетті. Сауда келісімінің бірінші кезеңін бітіммен тыныстата бере,Covid-19 дауы көтерілді. Онан ары бір-бірлеріндегі журналистерді қудалау, АҚШ Қытай мемлекеті сүйемелдейді деп таныған кәсіпорындарды жазалды, адам құқықтарына саятын шешімдерге ілігі бар делінген Қытай шенеуниктерін елге кіргізбеді, елдегі Қытай студенттері мен ғылыми зерттеу мақсатымен жүрген мамандардың әрекетін қадағалды, ҚКП мүшелері мен олардың отбасын елге енгізбеді. Қытай тарапы да бұл әрекеттерге жауап қайтарды. Мұның ақыры өзара консулдықтарды жабу сынды ауыр текетіреске ұласты.

АҚШ ілгеріде мойынсал сыңай танытып келген Қытайдың оңтүстік-шығыс қытай теңізіне болған иелік құқын бірден теріске шығарып, оған әскери кемелерін жіберіп қойды. Онымен қоймай Қытайдың жан жарасы – Тайванды қанатына алатын ыңғайын білдірді. Гонь Конгты ерекше сауда мәртебесінен айырды. Қазірге дейін соққының бәрі АҚШ тараптан. Ондағы уәжі – ҚХР әділетті сауда жасамады, кәсіпорындарды мемлекет қаржысымен сүйемелдеді, ДСҰ ережелерін сақтамады және ондағы уағдалы міндеттемелерін орындамады, зияткерлік меншік құқықтарын ұрлады, адам құқықтарын аяққа таптады, Covid-19 індетін жасырып, адамзат баласын апатқа байлады, т.б.. Қытай осы кіналарды жоққа шығару және кейбіріне «еруліге қарулы» шаралар қабылдауға ырықсыз жағдайда. 23 шілдедегі Пампеодың баяндамасынан кейін, мүйіздескен екі алыптың ерегесі соғысқа ұласуы мүмкін деген тұспалдар айтыла бастады. Енді бұл болжамның ықтималдығы қаншалық дәрежеде?

Бұл сұраққа жауапты ерегестің неден және қалай өршігені, сондай-ақ қос тараптың ұзақ мерзімді стратегиялық геосаяси-экономикалық, әскери-дипломатиялық жоспар-жобалары және оған қарсы жақтан болған нақты кедергілер немесе болатын ықтимал реакциялардың сипаты мен қуаты, екі ел билігіндегі қазіргі тұлғалардың жеке мінездемесі мен ішкі есептері сияқты ауқымды қойнаулардан іздеген жөн.

Біздің бағамдауымызша, мәселенің қайнары Қытайдың қазіргі басшысының сенімі мен пайымына сай елдің өз қуатын лайығында межелей алмауына барып тіреледі. Қытай төрағасы Шижинпиң Марксизм-ленинизм идеясының таза мүриті, адал қолдаушысы. ҚХР қазірге дейінгі басшыларының арасында республиканы құрушы Мао-дан кейін осы идеяға догмалы түрде құлай беріліп, көзсіз жығылғаны осы Ши болар. Ол тағы өзінің Маоды пір тұтатынын жасаған шешімдері мен жариялаған ұстанымдары арқылы дәлелдеп келеді. Мао сияқты «ірі істерді» жасап кетуден де дәмелі. Оның «Жоңхуа ұлтының ұлы дәуірлеуі – Қытай арманы», «қос жүз жылдық» ынтасы (ҚКП құрылғандығының 100 жылдығында елді дөңгелек дәулетті мемлекетке, ҚХР-ның 100 жылдығында осызаманданған қуатты мемлекетке айландыру), «адамзаттың тағдырластығы қауымдастығы» идеясы, «Тайванды керек кезінде күшпен қайтарып алуға да баратынын» мәлімдеуі сияқтылар осының айғағы.

Ол, ең әуелі, қазіргі адамзат ұстанып отырған еркіндік, теңдік, демократия қағидаттары жүйесі адамзатты бақытқа бастайтын бірден-бір жол деп санамайды. Марксизм принциптерін басшылыққа алған социалистік түзіммен де (жүйемен) адамзаттың келешегін қамтамасыз етуге болады деп қарайды және Қытайдың 40 жылғы жетістігінің соның нәтижесі екендігіне бек сенімді. Толағай табыстардың елдің реформаға мойын бұрып, әлемдік қауымдастыққа есігін ашуының, ел экономикасын жаһандық айналымға кіріктіруінің, әлемдік нарықтың да оған құшағын жаюының жемісі екендігін ескере бермейді немесе оны мойындағысы келмейді. Есесіне, дамушы елдерді экономиканы басқарудың қытайлық жүйесін қабылдауға үндейді. Қытай экономикасының көлемі жағынан әлемдегі 2-орынға өтуі (2010 жыл), тауар экспорт-импорты бойынша ең ірі елге айлануы (2013), өңдеу-өндірушілік қуатының әлемнің 30.4%-ын ұстауы (2019), валюта қоры (3.1трлн $) ең бай елге айлануы (2019), ғарышты игеру технологиясының қауырт дамуы, жасанды интеллект, 5G, биотехнология салаларының ішінара алаңдарында озып шығуы, қытайдың өз қуатына, сонымен бірге социалистік түзімнің артықшылықтарына болған сенімін үстей түсті.

Сонымен, Қытай елі (Мао заманындағы) «елдің орнынан тұруы», (Дэң заманындағы) «бақуаттануы» сынды кезеңдерді артқа тастап, (Ши дәуіріндегі) «күшеюге» қадам басқанын мәлімдеді. «Жаңа тұрпатты халықаралық қатынастар жүйесін» енгізуді ұсынды. Азия, Еуропа, Африка елдерін ауқымына тартқан, үлкен геосаяси амбицияға ие «Жібек жолы белдеуі, теңіздегі жібек жолы» бастамасын көтерді және мұны «Азия инфрақұрылымдарды инвестициялау банкімен» қаржылай тиянақтады. Қысқасы, АҚШ-тың әлемдегі жетекшілік орынына сауал тастады. Биліктің айқайына халықтың қиқуы қосылып, елді тұтастай «21 ғасыр біздің ғасыр», «АҚШ-тың жетекшілік орынын алмастыратын шекке жеттік», «халықаралық тәртіптің ережелері ендігары бізсіз қабылдануға қақылы емес», т.с. ұраншылдық ауан билеп алды. Ішінара сабырға шақырған, ел қуатының ол өреге жетпегенін дәйектеген пікірлер саналы-санасыз түрде тыңдалмай қалды, тіпті, тұншықтырылды.

Бұл нысай өз кезегінде Трамп үкіметінің шамына тиді. Негізі, Қытайдың  әрбір қадамы ілгергі АҚШ президенттерінің назарынан қағыс қалған емес және ыңғайына, дәрежесіне қарай бағаланып, жауабын алып келді. Мысалы, Клинтон 90-жылдары «2015 жылдан кейін АҚШ-пен тәжікелесетін жершарындық бәсекелес шығуы мүмкін, Қытай мен Ресей осындай әлеуетке ие болуы мүмкін» («қорғаныс баянаты») деп межелесе, Обама Қытай ықпалын тектеу үшін «Тынық мұхит жағалауы экономикалық ынтымақтастық шартын-ТРР» (2006 жыл) жасақтап, «Азия-тынық мұхит өңірін қайта теңгеру» стратегиясын жолға қойды. Десе де, қайсысы болсын Қытаймен ашық жамандасуға барған жоқ, өйткені «Қытай гүлдене келе ашықтықты ұстанады, елі ішінде де еркіндік орнайды, сондай-ақ сыртқа төндірер қауыпі де жеңілдейді» деп үміттенген (Помпео, 23 шілде). Оның үстіне Қытайдың теңдессіз нарығы кім-кімге де қызығарлық еді. Трамп дәуіріне жеткенде Қытайды жүйеге кіреді деу құр тұлыпқа мөңіреу екендігі белгілі болды. Сондықтан да, АҚШ-тың 2018 жылғы «қорғаныс стратегиясы баянатында» Қытай бірден «стратегиялық бәсекелес» деп сыйпатталды. Ендігі әңгіме идеалогиялық қайшылықтар, құндылықтар танымы алшақтықтары төңірегінде өрбіді.

Нәтижесінде, Трамптың арадағы сауда теңсіздігін жоюды талап етіп, Қытай тауарларына кедендік салықты көтеруден басталған соққысы тәсілін түрлендіріп, пәрменін екпіндетіп келеді. АҚШ-тағы президент сайлау мерзімі тақаған сайын бұл үдерістің қарқындай түсер түрі бар. Трамп қос партияның, саяси элита мен бизнес өкілдерінің, былайғы жұрттың Қытайға қарсылық тұрғысындағы бірыңғай пыйғылын өзінің қайта сайлануы үшін пайдаланып бағуда.

23 шілде АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпео Қытай туралы өз үкіметінің ақырғы сөзін жеткізгендей болды. Ол Қытаймен қатынасты жақсарту жолын ашқан Никсон саясатының мақсаты Қытайдың «өзгеруін қамшылау» болғанымен, ол үміттің ақталмағанын, керісінше, «коммунистік Қытайдың өздерін (батыс әлемі-автор) өзгерту» қаупінің туындағанын, «олардың әрекетінің бүгінгі еркін әлемнің басты қаупі» болып отырғанын баяндай келе, «кезінде президент Реган Кеңес одағына қарата «сенеміз және тексереміз» дейтін саясат ұстанған екен. Ал, мен айтар едім, біз Қытайға «сенбейміз және тексеріп отырамыз» деп жариялады. Қытайдың оңтүстік- қытай теңізіне иегершілігін терістеген Помпео «біздің қорғаныс минстрлігі құлшына кірісіп тұтастай шығыс қытай теңізі, оңтүстік қытай теңізі және тайван маңында еркін әрекеттенуге көшті. Біз ғарыш армиясын құрдық, ол осы аталған соңғы шепте Қытайдың сұғанақтықтарын тежеуге көмектесетін болады» деп мәлімдеді. Осы баяндамадан халықаралық қауымдастық соғыстың иісін сезгендей болды. «Қытай мен АҚШ соғыса ма» деген сұрақ көтерілді.

«Eрін бауырына алуға» тиіc Қытай тарапы бұл мәлімдемеге кәдуелгі тойтарыс жасаумен қатар, «бұл АҚШ-тың «қырғилар тобының» (Қытайға жау) позициясы, Трамптың өзі солардың қол жаулығына айланғанын сезбейді немесе бұл Трамптың анау Covid-19-ды тізгіндей алмауына байланысты өзінің түсіп кеткен беделін сайлаушылар назарын Қытайға бұру арқылы көтеріп алудың тәсілі» деп, әңгіменің өңін айналдыруға тырысатыны байқалуда. 30 шілде күні ҚХР-ның АҚШ-тағы елшісі Цуй тиянкай POLITICO сайтында «тарихтың дұрыс жағына шығып, Қытай-АҚШ қатынасының қалыпты жолға қайтуына ат салысайық» атты мақала жазып, «Қытай-АҚШ ара қатынасының келешек тағдыры сөйлесу-ынтымақтасу, қарсыласпау-соқтығыспау, өзара сыйласу мен серіктесіп біріге ұтуда. АҚШ-тың Қытай-АҚШ қатынасын оны дамытудың қалыпты арнасына қайта оралтуын үміт етеміз» депті. Мұнан Қытайдың қарсыласын ымыраға шақырған ишарасы сезіледі. 5 тамызда ҚХР сыртқы істер минстрі Уаң ий ілгерідегі АҚШ-ты басың-көзің демей төпелейтін арынынан айнып, «Біз АҚШ тарапымен әрқандай деңгейдегі, әрқандай саладағы сөйлесу механизмін кез-келген уақытта қайта іске қосуға, қандай да бір мәселені үстел басында талқылауға әзірміз» деп мәлімдеді. Бұл Қытай тарапы позициясының мүлдем жұмсарғанын білдіреді.

Реалдық тұрғыдан қарағанда да, бірсыпыра факторлар Қытайдың соғысқа мұрсасын келтіре қоймайды. Биылғы індетке байланысты ел экономикасының 40 жылдан кейінгі алғашқы құлдырауға ұрынғаны бар. Қытай жуықта елдің ЖІӨ-нің екінші тоқсанда 3.2%-ке өскенін келтіргенгенімен (бірақ бұған елдегі ең әлеуетті өлке - Жыжияңның ішкі өнімінің әзер 0.5%-ке өскендігін мысал етіп, күдіктенгендер бар), бұл үрдістің сақталуына «бірнеше орнықсыз факторлардың» кепілдік бергізбейтінін еске салған-ды. Қытайдың премьер-минстрі биылғы «үкімет қызметі баяндамысында» ағымдағы жағдайлар себебінен «тұңғыш рет келер жылдың өсімі жайлы болжам жасалмағанын» мойындаған. Сонымен бірге, Қытай тек оңтүстік-шығыс теңізде ғана емес, Тайванда, Гонь Конгта, Индия шекарасында, «Бір белдеу, бір жол» алаңында тұтастай дерлік ырықсыз дипломатиялық күйге бет-екі келіп отыр.

Ең маңыздысы, Қытайдың әскери қуаты, әсіресе, теңіз армиясының қуаты АҚШ-пен алысудың теңі болмайын деп тұр. Мұның ішінде оның стратегиялық ядролық күші, өте-мөте теңіздегі ядролық қуаты АҚШ-тың 0.025%-на әрең татиды екен. Әскери жеткізу-қамдау қуаты жайлы сөз шығындаудың өзі артық. Өйткені АҚШ-та қазірдің өзінде әр типтегі тасығыш ұшақтарынан 829 данасы болса, Қытай кеңестер одағы өндірген 76 дана ИЛ-76 ұшағына сеніп отырған көрінеді. АҚШ-тың жер шарының 140 елінде орналасқан 242 құрлықтық және 384 әскери базасы кезкелген мезетте, жершарының кез-келген нүктесіне жетіп, соққы бере алады.  Бұл және Қытай БАҚ-ның мәліметі. Демек, Қытай жатқан арыстанның құйрығына жармаса қоймас. Тек, АҚШ тікелей Тайванға соқтықпаса болғаны. Өйткені, Тайван мәселесі – территориялық иелік, аумақтық тұтастық ғана емес, ұлттың ары мәселесі. Помпео соңғы баяндамасында ҚКП мен Қытай халқын бөліп қарастырады. Ал, Тайван мәселесінің партия мен халықты бөлуге келмей қалатын осындай тұсы бар.

АҚШ тарапынан сөз қозғасақ, Трамптың дойырлығына салса, оның Қытайға майдан аша салуы да кәдік. Бірақ, мұндай тағдыршешті мәселе Американың заңы мен дәстүріне сай тек президенттің құзырындағы тірлік саналмайды. Оның үстіне індетпен күрес мәселесі, жұмыссыздық пен экономиканың кері кету мәселесі, «қара нәсілділерге тиіспеу» мәселесінің кесірінен Трамптың қолдауға ие болу көрсеткіші соңғы айларда 40%-ке түсіп кеткені мәлім болып жатыр. Демек, оның қандай да бір бастамасының лезде қолдау таба қоюы неғайбыл. Сайлау додасына 90 күн қалғанда соғысып марқадым таппасын президенттің өзі де, жақтастары да жақсы түсінуі керек. Дегенмен, сарапшылар Пампеоның Қытайдың оңтүстік-шығыс теңізге иелігін теріске шығаруын АҚШ-тың осы аумаққа өзінің «кірісуін» заңдық негіздеудің қамы деп жатыр. Осы тұрғыдан бажайласақ, АҚШ-тың Қытайдың «сыртынан иеленіп» жүрген аралдарын, әсіресе оған Флиппиннің таласы бар және қазірше бос жатқан Хуаң яндао аралын (ағылшынша Scarborugh Shoal, Филлипинше Panatag Shoal) әскери жаттығу желеуімен атқылауы кәдік. Өйткені, ол арал кезінде АҚШ-тың мергендік-атқылау жаттығу алаңы болғаны бар. Дегенмен, бұл Қытайға сес көрсету, ҚКП-ның бассыздығын тежеу үшін ештеңеден тайынбайтындығын ишаралау тұрғысынан жасалуы ықтимал.

Қысқасы, өздері үшін де, бүкіл әлем үшін де берекесіз бағытқа тайып бара жатқан АҚШ-қытай қарым-ұатынасын бір қалыпқа бейімдеу мәселесінің қаруға жүгінуге негізі жоқ деп топшылаймыз.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

8 пікір