Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3412 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 08:37

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Қазақ балетінің тамаша жетістігі

Жақында К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Байронның поэмасы желісі бойынша әзірленген Адольф Аданның "Теңіз қарақшысы" балеті сахналанды. Қоюшы хореографы - КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, академик, ресейлік Юрий Григорович. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен қойылым көрермен көзайымына айналып, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Ресей Федерациясы елшілігі аттарынан сахнаға арнайы гүлге толы себеттер тарту етілді. Спектакльден соң Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресейдің атақты балетмейстеріне құрмет көрсетіп, алғыстарын білдірді. "Сіз аз уақытта мынадай үлкен жұмыс бітірдіңіз. Осы еңбегіңіз үшін өз атымнан шын жүрегіммен алғыс айтамын", деді Мемлекеттік хатшы. Сахна саңлағын ортаға алып, естелік суретке түсіп жатқан труппа мүшелерінің қуанышында шек жоқ.

Жақында К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрында Байронның поэмасы желісі бойынша әзірленген Адольф Аданның "Теңіз қарақшысы" балеті сахналанды. Қоюшы хореографы - КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, академик, ресейлік Юрий Григорович. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен қойылым көрермен көзайымына айналып, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Ресей Федерациясы елшілігі аттарынан сахнаға арнайы гүлге толы себеттер тарту етілді. Спектакльден соң Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев пен Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Ресейдің атақты балетмейстеріне құрмет көрсетіп, алғыстарын білдірді. "Сіз аз уақытта мынадай үлкен жұмыс бітірдіңіз. Осы еңбегіңіз үшін өз атымнан шын жүрегіммен алғыс айтамын", деді Мемлекеттік хатшы. Сахна саңлағын ортаға алып, естелік суретке түсіп жатқан труппа мүшелерінің қуанышында шек жоқ.

Бұл бір осындағы қуаныштан жүректері лүпілдеген балеттің жауқазын жастарының сезім толқындарымен айтар болсақ, қай елдің сахнасына болсын ұялмай апарып көрсетуге тұратын спектакль. Ал енді К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының әртістері орындаған "Теңіз қарақшысы" шынымен де дәл сол үдеден шығып отыр ма? Әлемдік классиканы игеруден көп жылдық тәжірибесі бар Еуропа елдеріндегі, көршілес Ресейдегі театр ұжымдарымен терезесі тең деп айтуға бола ма? Міне, осы және спектакльдің мұнан басқа да қырлары мен сырларына аз-кем тоқталып көрелік. Бұл сұрақтарға, әрине, "иә" болмаса "жоқ" деп бір-екі сөз­бен кесіп айту қиын. Сондықтан үш бөлімді спектакльдің әуелі оқиғасынан бас­тайық. Әлемге аты мәшһүр балетмейстер қазақ балет труппасына қандай үлгіні ұсы­нады, осыны баяндап өтейік. Суреткердің шымылдық ашыла бере жаныңызды теңіздің саумал лебімен әлдилеп, өзімен бірге толқындар тылсымына батырып әкететін сиқырлы тұсына таңқалмау мүмкін емес. Қатерлі теңіз апатынан аман-есен сытылып шыққан қарақшылар жағалауды бетке алып келе жатады. Осы сәттегі кейіпкерлер келбеті экрандағыдай анық та көркем бейнеленген. Бұл жерде, әрине, қоюшы суретші Николай Шаронов­тың аянып қалмағанын, ол кеме мен асау толқынға қасарыса жүзген асқақ қалыптағы қарақ­шылар бейнесін көрсетуде өте тұшымды бояулар тапқан екен.

Мұнан кейін шығыс шаһарындағы қыз-қыз қайнаған тіршілікке еніп кете барасыз. Шығарманың төл мәдениетімізден онша алыс емес екендігіне дәл осы тұста көз жеткізетін көп нәрсеге тап боласыз. Бұл әлбетте - шығыс базарындағы көріністер. Атақты теңіз қарақшысы Конрадтың соңынан ерген олар осы араға аялдайды. Құл сатушы Ланкедем табаны жерге тимей зыр жүгіреді. Ол сатуға әкелген бикештері­нің құнын асыра мадақтап, қайтсе де қалтасын қампитып қайту қамында. Солардың бірі - Медора ай десе аузы, күн десе көзі бар, әр елдің де аңыз-ертегісінде кездесетін нағыз арудың өзі. Ол өзінің мың бұралған биімен жиылған жұртты таң-тамаша қалдырып, талайды сұқтандырады. Дәл осы жерде Конрадтың назары шаршы алаңда дөңгелене би билеп, жанары көктегі жасыннан жаралғандай әсем қызға ауады. Өзіне осылайша ынтыға, асқан сүйіспенші­лік­пен көз тастаған Конрадты байқаған Ме­дора оған жүрек гүлін ұсынады. Осы жерде қос ғашық қол ұстасып, бейнелері бір жүрекке тұтасып кеткендей әсер қалдырады. Болмашы нәрсеге көңілі алып-ұшып тұратын жаңғалақ Ланкедем ашуға булығып, оны сол жерден тезірек алып кетуге асығады. Бірақ осы мезетте базарға бір топ нөкерлерімен түрік билеушісінің өкілі Сейд-паша келіп қалады. Ол өзінің сарайына қыз таңдай бастайды. Бірақ Ланкедем көрсеткен бірде-бір қыз оның көңілінен шықпаған соң, қайтпақ болады. Осы кезде саудагер Медо­раны ортаға алып шығады. Мұндай сұлудан Сейд-паша аянып қалсын ба? Иесінің сұраған ақшасын беріп, нөкерлеріне оны сарайына алып баруды тапсырады. Бұл Медо­раның ыза-кегін қайнатады. Бірақ құлқынын ақша тескен Ланкедемнен не үміт, не қайыр? Оның өзіне қол ұшын созбасын ұққан Медора сол арада Конрадтан жәрдем сұрауға мәжбүр болады. Қарақшылар қызды күң­діктен құтқарады. Сөйтіп, қыздарды са­тып құныққан Ланкедемнің өзі тұтқынға ал­ынып, дүние-мүлкі кемеге тиеледі. Бірінші бөлімде Конрад пен Медора (орындаған І халықаралық балет әртістері байқауының дипломанты Жандос Әубәкіров пен Гүл­фай­руз Құрман­ғожа­ева), сондай-ақ Кон­рад­тың жолдасы Бир­­­банто (Рүстем Сей­ітбеков) рөлдері оқи­ғаның негізгі тұс­тарында ширыға тү­сіп отырады. Ал екін­­ші көріністе теңіз қа­рақшыларының ке­ме­сі жағалауға ке­ліп тоқ­тайды. Осы бө­лім­де достық пен зұ­лымдықтың, адал­дық пен қастандық­тың шие­ленісі спек­такль­дің көркемдік түйінін жасап береді. Ұйқыға кеткен Кон­рад, зұ­лым­дыққа көш­­­кен Бирбанто, осы қас­тан­дықты жүзеге асы­руға қол ұшын берген Ланке­дем, ғашығына ара­ша тү­сіп, сүйгені ажал құ­ша жаздаған­да дұш­па­нының қо­лын жа­ра­лап үлгерген Ме­до­ра бейнелері бірінен соң бірі ойдағыдай өріліп, көрермен оқиғаны әрбір қимыл-әрекеттен, құдіретті би тілімен оп-оңай ұғып отыр­ды деуге толық негіз бар. Әр бөлім­дегі декорациялар мен киім үлгілері есіңізден шық­пай қалады. Бұл ретте айта кететін бір мәселе, жалпы спектакльдің табысты өтуі, көрерменнің көңілінен шы­ғуы осы дү­ние­лерге көбірек байланыс­ты көрінеді. "Теңіз қарақ­шысы" балеті бұл жа­ғынан өркениетті елдердегі айтулы туындылармен тере­зесі теңесе алады деп еш қымсынбай айта аламыз.

Тағы бір тартымды тұсы - киім үлгілерінің шығыс­тық нақышта, ұлттық дәс­түр­шіл өрнекке негіздел­ген­дігі. Барша көрермен талға­мына ортақ келе береді. Ег­дені де, жасты да жатыр­қа­май­ды. Көз алдыңызда адам­­затты толғантқан мәң­гілік мәселелер баяндалады. Досқа адалдық пен аярлық, сүйіспеншілік пен зұлым­дық қай кезде де өмір қағи­даттарына қазық бола бе­ретін тақырыптар ғой. Ро­мантизм үлгісінде жазылған Байрон туындысының туы жығылмай, бүгінгі күнмен, қазіргі адамдар табиғатымен үндесіп жатса, ол дегеніңіз дүниеде бір жерде то­ғыспас, басы бірікпес қарама-қайшылықтар әлі де жетіп артылады деген ойға бастайды. Қайғы мен қасіреттен жапа шеккен ғашық жүректердің мұң-сарыны ешқашан тоқта­мап­ты. Ол тулаған да­рияның шуылындай ба­сыл­майтын тіршілік әуені екен. Ғасырлар сахна­сы осы толқын­мен қан­ша рет дүр сіл­кініп, қаншама мәр­те жаң­ғыр­ған. Міне, ол енді қазақ сахара­сы­ның таңғы жаңғыры­ғы се­кілді қайта туып­ты. Ағыл­шын, фран­цуз, орыс қоғамының ру­ха­ни көкжиегіндегі жау­һар­ды Юрий Гри­горович қазақтың мә­дениетіне ұқсатып, ұлт­тық ерекшелікті сақтай отырып өңде­ге­­ніне мін таққымыз келмейді. Қайта кері­сінше, жас театрдың әртістеріне қол ұшын созып, қазақ балеті­нің көркеюіне атса­лысып жатқан еңбегі алғысқа лайық. Кей туынды қойылып жат­­­қан сах­насына лезде тастай батып, судай сіңіп кетіп жатпай ма? "Теңіз қарақшысы" да дәл сондай дүние еке­ні шүбә келтірмейді.

Үшінші бөлімнің бояулары көздің жау­ын алады. Қыз-гүлдер сахнаны көркем бимен кестелеп, сиқырлы үнге құлақ түргізеді. Ол - Сейд-паша (Жанат Сәрсенбаев) сарайы­ның бақшасы. Әміршіні қоршаған қыздар биі сарай ішіндегі тіршілік шоғын үрлейді. Ол кейде маздап жанып, енді бірде алабұрт­қан ару жүзіндегі ұяңдық белгісіндей сезіле­ді. Ланкедем Медораны Сейд-пашаға алып келіп, өзінің бір кезде жіберген қателігін түзеген сыңай танытады. Сол уақытта бай-саудагерлер келді деген хабар жетеді. Олар алып келген сыйлықтарын тарту ете бастайды. Сұлулығы сарайдың жаққан ша­мы­нан асқан ару осы саудагерлердің ішінде өзінің сүйген ғашығы бар екенін білгенде, қуанышында шек болмайды. Биші қыздар бейнебір жайқалып өскен дала гүліндей шат сезім сыйлайды. Әсіресе Құлпырған бақты сомдаған Мәдина Өнербаева сынды жас таланттың сахнадағы ұлпадай жеңіл қимы­лы­на қызыға қол соғып жатты жұрт. Басы­байлы бикештерді орындаған Ғалия Ма­жа­ғұлова, Елена Семенова, Татьяна Тен де қосалқы рөлдер демесеңіз, әрқайсысының көтерген жүгі жеңіл болған жоқ. Жалпы, әңгіме кімнің қай рөлді орындағандығында емес, оны қай деңгейге жеткізіп ойнауында болатыны анық. Осы жағынан саралағанда, көлеңкеде қалып қойып жатқан жанды көрмедік. Санаға түйгеніміз - балет те адам­ның бес саусағы секілді нәрсе екен. Сол бес саусақтың бір деммен жұмыл­ға­нына куә болдық, бәрі бір мүддеге күш жұмсады.

Спектакльдің түйіні бойынша тағы да сахнаға желкенді кеме шығып, теңіз толқынын қақ жарып бара жатқан қос ғашықтың махаббаты суреттеледі. Конрад пен Медора сүйіспеншілігі классикалық музыка үнімен астасып, ғашықтар жырын баяндайтын қойылымның пердесі жабылып келе жатады. Біріне бірі жете алмай кеткен зарлы, запыран толы сарын емес, еркіндікте самғап ұшқан, теңіз кезген махаббат жыры. Спектакльде Д.Пупи, Л.Делиба, Р.Дриго музыкалары, сондай-ақ М.Петип, Ж.Перро, К.Сергеев, А.Чекрыгин сияқты айтулы ба­лет­мейстерлердің билерінен үзінділер орын­далды. А.Сен-Жорж бен Ж.Мазилье либрет­тосын ХХІ ғасыр тілімен өңдеп, ғұмыр сыйлаған Юрий Григорович деген кім десек, оның қазақ балеті үшін осындай еңбек сіңірген адам екенін енді барлық жұрт біле жүретін болады. Әрине, "Теңіз қарақшысы" балетін К.Байсейітова атын­дағы Ұлттық опера және балет театрының репертуар қо­рына өз қолымен тапсырған еңбегі арқылы.

Лебіз

- Юрий Николаевич, "Теңіз қарақшысы" спектаклін осыған дейін қанша жерде қойдыңыз?

Юрий ГРИГОРОВИЧ, ресейлік белгілі хореограф, КСРО халық әртісі:

- Үлкен театрды қоспаған­да, бұл жерде үшінші рет Бай­рон рухымен жүздесіп отыр­мын. Әлемдік классиканың ін­жу-мар­жаны саналатын "Теңіз қарақ­шысы" спектаклін өз ба­сым көркемдік иірімі мен қой­ыл­ым­дық үлгісі жағынан бас­қа­лардан бөлек әрі өнер жанры­ның қай-қайсысының қазанына салсаң да қайнап кете баратын аса ірі туындының бірі деп санаймын. Шығармашылық өмірінің едәуір кезеңін осынау жауһарға арнаған адам ретінде айтарым, ақын Байрон жүре­гінің лүпілінен туған ғаламат сезімдердің та­лайына куә болған жайым бар, бірақ мен дәл мынадай балет балын алғаш рет көріп отырмын. Көзім жет­кен ақиқаттың тағы бірі - сах­надағы ғұмыры бір жарым ға­сыр­дан асса да еш­қашан көмес­кі тартпайтын, қай­та заманмен бірге заңғар көкке көтеріле түсетін мұндай шы­ғарманың шыңы да, шыңырауы да әсте жоқ-ау деген ойға қалдым. Еуропа сахналарын салтанатқа бөлеген балет енді міне, бүгін қазақ сах­н­а­сында бұрынғы үлгілерді толық­тырып, К.Байсейі­това атын­дағы Ұлттық опера және балет театрын­да әрмен қарай өмірін жалғасты­рып жатыр. Мен үшін өте қуаныш­ты жағдай. Әрине, мұны тек менің ғана қол жеткізген табысым десем, жаңсақ болар. Не­бір талантты жастар жауқазындай өсіп келеді екен. Олардың біразын халықа­ра­лық фестивальдерден көріп те қаламын. Мәселен, жа­қын­да Эльдар Сәрсенбаев деген жас өнерпаз қола жүлдені жеңіп алды.

Астананың балет театры жа­ныма жақын ұжымға айналды. Бұл - менің осындағы екінші қойы­лымым. Мұның алдында "Тщетная предосторожность" спектаклін сахналаған едім. Алдағы уақытта "Ромео мен Джульеттаны" қолға алсақ па деген мақсатым бар.

- Бас балетмейстер ретінде осы дүниенің басы-қасында өзіңіз де жүрдіңіз. Не байқадыңыз, көңілге не түйдіңіз?

 

Тұрсынбек НҰРҚАЛИЕВ, К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театрының бас балетмейстері:

- Әділдік пен ерлік рухқа толы Байрон поэзиясындағы шоқтығы биік осынау туындыны сахналау­дың мехнат-машақаты аз болған жоқ. "Теңіз қарақшысы" балетін қою­ды орыстың белгілі балетмейс­тері Юрий Григоровичке өтінге­ні­мізде, біздің театрдың техникалық мүмкіндігі мұндай ірі дүниеге мүлде сай болмай шықты. Алпыс­­тан ас­там әртіс қатысатын балетке сах­на­ның тарлығы өте-мөте кедергі бол­ды. Кейін ойлана келе Бейбітшілік және келісім сарайы­ның сахнасын таңдадық. Өнер саңлағы осы мә­селе шешілген соң, біздің ойы­мызбен келісетінін айтты. Расында да бір мезгілде сахнаға алпыс төрт адамның сыюы қиын нәрсе ғой. Және олардың белгілі бір бейнені шынайы сомдап шығуына мынадай жағдай­дың оңай соқпасы онсыз да тү­сінікті. Бірақ, Юрий Григорович сияқты саңлақ сахнагер үшін мұн­дай қиындықты жеңу соншалық ауыр соқты деп айтпас едім. Көз алдыңызда тамаша туынды тіріліп, түрленіп шыға келгенде бастапқы кезде аяқтан шалған әлгіндей кедергілер тақтайдай жайылып сала береді екен. "Теңіз қарақшысы" балетін тамашалағанда осы сезімді бастан кештік.

Қазір, әрине, қазақ балеті үшін озық елдердің мәдениетінен үйренетін нәрсе көп. Жетістігіміз, жемісіміз де жоқ емес. Өнерімізді Италия, Ресей, Украина сияқты бірталай елдерде көрсетсек, енді осы жақын күндерде Венгрияға сапар шекпекпіз. Бірақ өнердің бұл түрі бойынша бәсекеге қабілетті елу елдің есігіне дейін әлі бізге көп тер төгуімізге тура келеді.

- Медора бейнесін сомдаған Гүлфайруздың алда тағы қандай мақсаттары барын білсек бола ма?

 

Гүлфайруз ҚҰРМАНҒОЖАЕВА, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:

- "Теңіз қарақшысы" балетінде мен негізгі кейіпкердің бірі Медораны бейнеледім. Жаны таңғы шықтай мөлдір махаббат иесінің сыртқы болмысы мен ішкі сезімі осыған дейінгі өзім сомдаған ға­шықтардың бітімімен көп қабыса бермейді. Бұл бір бояуы дара, арнасы кең, бөлек тұлға. Сол себепті мен оған жәй орындау­шы­лық тұрғысынан ғана қарап қой­ға­ным жоқ. Осы бейнемен көңіл-күйімнің, кескін-пішімімнің қа­бы­сып кетуі үшін тырысып бақ­тым. Медора боп көз іліп, осы есім­мен ояндым. Юрий Григоро­вич сынды даңқы жер жарған қою­шы-хореографпен тынысы­мыз үн­десіп, осы адам арқылы шы­ғармашылық соқпағымдағы талай беймәлім сырларға қанық­тым. Биік дегенім әлі жәй жота екенін, теңіз дегенім бар болғаны жылға екенін сезіндім. Талай күн дамылсыз тер төккен бейнеттің дәл мұндай рахатты сәтіне не тең келеді? Әлем сахналарын небір ғажап есімдермен танымал еткен Медора мұнан былай енді менің де арман-бастауларымның тұны­ғына айналып қала береді. Әлі талай классикалық бейнелер сом­дала жатар, рухани мұрамыздан лайықты орнын табар, бірақ менің көкжиегімде осы бейне мәң­гі биік болып қала береді. "Те­ңіз қарақшысынан" санадан сы­зылып қалмайтын мұндай кей­іп­­керлерді тез табасыз. Ол жұрт­ты қалың ойға салып, қорғасын мұң артпайды. Желпінтіп, күл­кі­мен сергітіп шығарады. Шығыс­тық үлгідегі өнер туындысы біздің хал­қымызға осы жағынан да жақын болып көрінді. Хо­реограф спектакльді қоярда мұ­ның осын­дай қырларын да әбден жүрегіне қондырып алып қолға алғанын байқайсыз.

 

 

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.

«Егемен Қазақстан» газеті 26 маусым 2009 жыл

 

 

0 пікір