Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
4109 1 пікір 11 Тамыз, 2020 сағат 10:34

Біздің Мұхтар

«Тумэн»

Абитуриенттік абыр-сабыр кезеңде оны тек алыстан ғана көріп жүрдім. Естуімше, «Тумэн» деген лақап атымен Алматыдай алып шаһарға атағы әйгілі атамандардың бірі көрінеді.

Әдепке бай, талғамға сай, бойлары сұңғақ, сырлары жұмбақ қалалық бес-алты қыз бен жігіт журфакқа түсушілердің «ата салтымен» асау армандарын ауыздықтай алмай, аласұрып жүретін қияли қасқалар тобырынан бойларын оқшау ұстап, үнемі мәдениетті мәнермен өзара күбірлесіп қана тұратын.

Осынау маңғаз топтың ішінде мойнына еркін іле салған қылдай қара галстугы сәнді үлгідегі ақ жібек жейдесі мен қара шалбарына үйлесіп тұратын орта бойлы жұқалтаң жігіт жарқырап көзге түсер еді. Қатарынан ерекшелене, ортасының серкесі болып, темекісінің түтінін бунақтай будақтатып тұрысы да бөлек. Аққұба өңіне толқынды қара шашы мен жіңішке мұрты келіскен пошымын алғаш көргенде бірден советтік экранның серісі Леонид Филатовқа ұқсатқанмын. Бойында албырттықтан гөрі ақыл басым екені байқалады. Дауысы да зор өзінің. Күндей күркіреген бас-баритоны тарамыстай тұрқының қай тұсына тұнып тұрғанын бір Құдай біледі.

Бұл қасқаның кім екенін ай бойғы алашапқын артта қалып, студент атанғанымызды естіп, алақайласқан күні ғана біліп, қайран қалғанмын. Бұл 1988 жылдың 3 тамызы болатын.

Дәл сол күні ат шаптырым аудиторияға шаттана аяқ басқан баршамызды құттықтаған деканның орынбасары Әбілфайыз Ыдырысов ағамыз қазір ғана қатары кірпіштей қаланған курсымыздың ерекше курс екенін айрықша атап өтіп еді. Олай болатыны – осы факультеттен 15-20 жыл бұрын қанат қағып ұшып, бүгінде қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосып жүрген қарымды қаламгерге айналған бірнеше азаматтың балалары бізбен бірге оқуға түсіпті.

Солардың бірі – журфактың 1968 жылғы түлегі, жазушы Жақсылық Түменбаевтың ұлы, өзім сырттай ғана «Тумэн» деп танып жүрген мұртты мықты Түменбаев Мұхтар болып шықты.

Бәлкім, білетіндер білген де шығар, ал мен үшін қазақы ауылдың қарапайым қалпын көсілте сипаттайтын көркем шығармаларымен бала кезімнен таныс қаламгердің баласымен бір ай бойы бір есіктен кіріп-шығып жүргенімді білгенім – сол күнгі ең жойқын жаңалықтардың бірі болған.

Оқуға түскен қуанышыммен қоса, елге барғанда курста кімдермен бірге оқитынымды айтып мақтанатын тағы бір тақырып табылып, масайрадым да қалдым. Дәл сол сәтте осы бір көрініс маған қара шаңырақтың іргесіне қарлығаштардың ерте кезде салып кеткен ескі ұясына көп жылдар өткен соң сол құстардың балапандары оралып жатқандай жылы әсер қалдырып еді.

Осылайша, Тумэн-Мұхтармен араға екі ай салып, алғашқы «сельхозкадан» оралған соң ғана деканаттың алдындағы тар дәлізде танысқаным есімде. Бірақ, бес жыл бойы бір аудиторияда білім жарыстырсақ та, бокс үйірмесінде бірге қолғап қағыстырсақ та, сол кездегі талғамдық талабымызға өзара сай келмедік пе, әлде бір-бірімізді өте жақын білмедік пе, әйтеуір студенттік жылдарда тонның ішкі бауындай болғанымыз шамалы.

Алайда, оның атақты 5-жатақханаға анда-санда атының басын тіреп кететіні курстас құрдастар үшін ду-думан мереке болып жататын. Тіпті, күнде көріп жүретін құрбылардан қадірі қаша бастаған кейбір қулар Мұхаңды құрметті қонақ ретінде ертіп барып, қыздардың қолынан шәй ішу мүмкіндігіне ие болып қалатындарын айтып, оның жатаққа жиі келіп тұруын өтінген екен деген де аңыз бар.

Университеттен кейінгі жылдардағы бірді-екілі кездесулерден басталған білістігімізбен бір-бірімізге «барлауға бірге бара алатындығымызды» байқатқан болармыз, бәлкім. Әлде бізге дейін құрбы болған курстас келіншектеріміздің де әсері болды ма, әйтеуір осы аралас-құраластығымыз бірте-бірте жолдастыққа, ал жолдастығымыз жылдардың сынағынан өткен достыққа ұласқанын өзіміз де байқамай қалғанбыз.

Сәтсіздік пен сынақ

Бұл дүниядағы пенде деген мықтының барды «бар» деп, жоқты «жоқ» деп білуге тиіс жұп-жұмыр басы кейде әп-әдемі ақылынан жаңылып, жоқты да «бар» екен деп ойлап қоятын пендешілігі бар емес пе. Анығын артынан біліп, «астапралла» деп жататыны және бар.

Әйтпесе абитуриент шақта маңғаз топтағы «тәкаппарлар» деп, сырттай теріс тон пішіп қойған мықтыларымыз біз ойлағандай өркөкірек емес, керісінше, біздей қияли қасқалармен құрбыласып кетуді жандары қаласа да, жақындасудың жолын таппай, далбасалап тұрған тап өзіміздей бейкүнә көгенкөздер екенін қайдан біліппіз.

Әуелі осы Мұхтарды да алғашқыда атағы алты алашқа аян қаламгер, ҚазТАГ атты үкіметтік ақпарат агенттігінде жоғары қызметте болған, республикалық белді бір басылымға басшылық ететін әкесінің арқасында оқуға түсіп отырған «мажорик» болар деп топшылағанымыз да сол пендәуи опасыз ойдың жексұрын жемісі болатын. Алайда, ол тап біз ойлағандай оңбаған болса, бұдан бір жыл бұрын-ақ студент атанатын мүмкіндігі болғанын қайдан білейік.

Өткен жылы мектепті бітіре сала, біліміне сеніп, жалындатып журфакқа жеткен жас өренді қабағы қатал комиссия «шығарма» дейтін сынақтан «шалқасынан түсіріпті». Сонда мінезі мұздай батырың әкенің көмегіне жүгінбек түгіл, соның алдында ғана дәл осы тақырыпта жазған шығармасымен республикалық олимпиадада бірінші орын алғанын аргумент қылып алға тартуды да қажет деп санамастан, ешкімге жалынып-жалпаймастан, қайқайып кетіп отырғанын кейін білдік қой. Тамыр-таныстық дегеннің құдыретін бірден-ақ еске салған сыбыр-күбірді де керек қылмапты қасқаң..

Әрине, әке болса өз мүмкіндігінің құдыретін ешқандай сыбыр-күбірсіз-ақ жақсы білетін. Дегенмен, ол осы «мүмкіндікпен» өз биігінен бір-ақ сәтте төмендейтінін, ең өкініштісі – жас сананың қалыптасуына қисынсыз қиянат жасайтынын да жақсы білді.

Алғашқы талпынысы сәтсіздеу шыққан ұлының басқан қадамын сырттай ғана бақылап, өз бетінше шешім қабылдауына кедергі болмаған әкенің дәл сол сәтте әрекетсіз қалуы ерлікке пара-пар еді. Керісінше, «құлағанына» қапа болмай, соққыны лайықты көтере білгеніне риза болған. Қайсар ұл да өзінің өмірлік ұстанымын ұштай түскен.

Тоқ етері, қаншама қайшылықты болса да, дәл осы сынақ абырой мен адалдықты жалған намыстан жоғары қоя білген әке мен әке көрген ұлдың шын мәніндегі ғаламат жеңісі болатын.

Шөмекей қалай шынықты

Қиындықпен қасарыса білетін Шөмекейдің қаймықпас ұрпақтары үшін жеңіске жеткізер табандылық туралы түсініктің түбірі тереңде жатқан.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Қызылордадан кезінде Алматыдағы үлкен әдеби ортаны аңсап жеткен әкесі тұрмыстың талай тауқыметін тартып үлгерсе де, ең алдымен балаларының қазақ тілінде оқып, қазақы тәрбие алуына баса мән беріп, қаладағы сол кездегі жалғыз ғана қазақ мектебіне орналастыруға бар күшін салған.

Содан қаланың қиыр шетіндегі «Өжет» атты мекендегі жалдамалы жадағай баспанадан таң атпастан алып шығатын бастауыштағы ұйқылы-ояу батырларын бірнеше автобусқа ауысып мініп жүріп, орталықтағы мектепке таситын. Одан әрі жүгіре басып, сағат тоғызда басталатын жұмысқа үлгеруі керек. Ал түскі үзіліске шыға сала, тамақтанудың орнына, тұп-тура таңғы әуре-сарсаңмен оларды үйге жеткізіп салып, кері қарай, түннің бір уағына дейін жалғасатын жұмысына жөнелетін.

Бәлкім, тынымсыз тірлікке мойымаған әкенің өздері үшін шарқ ұрып жүргенін бала жүрегімен түйсінген балапандардың алған ата тәрбиесінің бастауы да осы болған шығар.

Жанды жейтін осы жанталас тек жазғы каникулда ғана тыным тауып, қос құлыншақтың ыстық құмға табандарын қақтап қайту үшін Аралға аттануымен аяқталатын. Тас қаланың қызыл-жасыл қызығынан қағып, жүгермектерін жыл сайын алыс Аралдағы ауылға жіберетіні әке үшін тамырының туған топырақтан ажырап қалмауының қамы болса, оның жолын жалғаушы біздің кейіпкеріміздің журналистік таланты тап осы ауыл топырағының лирикасынан тамырланған-тұғын.

Иә, иә, баласының қалам ұстауға деген қабылетін кішкене кезінен байқап, жазу өнері жайлы жалпы түсінік беріп жүретін әке бірде каникулдан келіп, ауылда естіген бір әнді ыңылдап жүрген оған осы ән жайлы ойын мақала қылып жазып көруге ұсыныс жасаған екен. Ол жазған. Ойында ойқастап жүрген орамдардың ақ қағазға түскен өрнегі өзіне де ерекше әсер еткен болар. Журналистикаға жақындық та осы жазбадан басталыпты.

Әйтсе де, бұл баланың о бастағы қиялы  кинорежиссер болу еді. Бірақ, киноөнердің негізі болып табылатынын драматургияны жағалаған журналист кез-келген уақытта режиссер болып кете алатынын, ал мықты деген режиссердің өзі жазу өнерін меңгеріп, журналист болып кетуі неғайбыл екенін ұқтырған әке болатын. Бара-бара журналистика деген мамандықтың қыры мен сырына қанықтырып, жазбалардың жанр атты жеті атасын білуге дейін жетелепті.

Қалай болғанда да, осы бір қарапайым ғана ережемен болар баласына ақылшы ата ғана емес, ұлағатты ұстаз да бола білген әкенің қателеспегенін, қателеспек тұрмақ, талабының тынысын тарлан тамыршыдай тап басқанын өмірдің өзі көрсетіп еді.

Ал алғашқы жылы оқуға түсе алмай қалған жас жігіттің жігерін жасытпаған да – ата тәрбиесінен қалыптасқан берік ұстаным, өз күшіне деген нық сенім болатын.

Көп ойланып жатпастан, бірден жұмысқа кірісіп кеткен. Негізі, жұмыс істеп, өз күшімен ақша табуға мектеп жасынан-ақ машықтанған ол көктем мерекесінің қарсаңында темір жол қоймасында жүк түсіріп, ауыр да болса адал еңбегімен тапқан тиынына сатып алған сыйлығымен анасын қуантып тұруды әдетке айналдырған екен.

Бізбен бірге абитуриент болғанға дейінгі бір жыл ішінде «мажорик» деп ойлаған Мұхтарымыз бір емес, бірден үш жұмысқа қатар жегіліп жүргенін бұл күнде біреу білсе, біреу білмес. Ондағы мақсаты осы жылы ағасы Мұхит әскер қатарына алынып, қарындасы Гүлсая әлі мектеп жасында болғандықтан, ата-анасына өзінің ер жетіп, есейгендігін танытып, шама-шарқынша қолқанат болу еді.

Шама-шарқынша деймін-ау, сол шақта қаланың әр қиырына құстай ұшып барып, түске дейін КазГУ-дің химия факультетінде лаборант, түстен кейін бірнеше қойылым қатар жүріп жатқан Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында сахна құрастырушы, кешке қарай қалалық №4 мектеп-интернатта білдей бір түнгі тәрбиеші болып, жан ұшыра жұмыс істеп жүрген тастүлектің жалпы табысы әкесінің жалақысына жетіп жығылатын.

Талаптың мініп тұлпарын...

Алғашқы курстарда мамандықтың базалық негізін ел қатарлы қарбытқан соң, одан әрі құрғақ теориямен ғана «тамақтана» беруге тәбеті болмаған Мұхаң, құнарлы тәжірибеге студенттік кезден-ақ ауыз салған. Әйтсе де, әке айтқан ереже бірден-ақ іске қосылып, транформациялық құбылыс оның еңбек жолының бастауында-ақ орын алып еді.

Бастапқыда балалық қиялы тыныштық бермеген бұл бәлекет бәрібір өз дегенінен оңайлықпен қайта қоймайтын қырсық мінезімен үшінші курста жүріп-ақ, «Қазақстан» телерадиокорпорациясына режиссердің ассистенті болып жұмысқа орналасып алған болатын.

Осылайша, бір жыл жүрген соң, режиссердың «наны» неден жасалатынын біле бастады ма, әлде, айтылған ақыл миына кіре бастады ма, әйтеуір, жұмысын осы арнадағы «Таңшолпан» бағдарламасының журналист-жүргізушілігіне алмастырып, оқып жатқан мамандығына қарай ойысқан. Осында екі жылдай істеп, тәжірибесін аз-кем толықтырып алып, сол тұста жаңадан ашылған «Хабар» агенттігінің мәдени жаңалықтарына жаңаша жан бітірген жап-жаңа редакцияға жап-жас бас редактор болып бара қалды.

Еңбекқорлығымен танылған елгезек жас маманға қай ұжым көзін салмайды? Дегенмен, өзгелер көз салып болғанша, Кабмин бірден сөз салған. Көп ұзамай, үлкен үйден түскен ұсыныспен Мұхаң Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің консультанты болып тағайындалып, өтпелі дейтін күрделі кезеңде жұмыс атқарған Үкіметтің қыруар шешімдерінің куәсі болды.

«Gala TV» продюсерлік студиясы. Кезінде республикалық белді телеарналардың көпшілігін тұщымды тележобалармен қамтамасыз етіп тұрған әйгілі журналист Галина Күзембаева басқарған осынау шығармашылық ортада еңбек еткен жылдары Мұхтардың асау арнасының ағыл-тегіл ашылып, шың шалғысы өндірте шауып, тәжірибе қоржынын қомпитқан кезеңі болды деп айтуға болатын шығар. «НЭП», «20-30», «Іске сәт», «Делу время» сияқты бағдарламалардың және бірқатар деректі фильмдер циклының авторы және екі тілде еркін сөйлейтін жүргізушісі ретінде қоғамдағы ең өзекті саяси-экономикалық мәселелерді тұрақты да тыңғылықты көтеріп, кәсіби деңгейінің толыса түскені де осы кез.

Үнемі ізденіс пен тынымсыз тірлік жас журналисті алға жетелей берді. Тоқтап қалмай, талап-тұлпарын тағалап, буынын бекіте түскен ол бұдан әрі КТК, НТК сынды коммерциялық телеарналардың аламанына да қосылып, буырқанған бурадай бабын байқатқан болатын.

Дегенмен, «Жігітке жеті өнер де аз» демей ме. Бәлкім, еңбекпен ысылып, қиындықтан мойымайтын оғлан өзін де сынап көрмекші болған шығар. Әйтеуір нағыз бабына келген, дер шағында журналистика атты арқыраған арғымағынан қарғып түсіп, уақыт талабына сай өзге саланың кәсібін дөңгелетіп әкетуге белін бекем буды.

Сөйтіп, дәл жаңа ғасыр бастау алатын жылы бейтаныс салаға «баспен секірді» де кетті. Содан табаны күректей жеті жыл бойы алып шаһардағы жер қозғалса қозғалмайтын мүліктің қым-қиғаш «қозғалысынан» қайнап жататын қара қазан іспетті «Алматы жылжымайтын мүлік» акционерлік қоғамының белді де беделді басшысы болған ол осы салада қордаланып қалған талай түбірлі мәселенің түбегейлі шешілуіне мұрындық болғаны анық.

Осылайша бастапқыда кәсіп ауыстырудың келешегіне күмән келтірген қырт сөзге де, сынай қараған сырт көзге де дарынды адам барлық жағынан дарынды болатындығын дәлелдеп берген болатын. Дегенмен, жазудың, жалпы өнер атаулының атадан балаға мирас болып берілмейтініне өз басы сенімді болса да, осы жылдар ішінде жанын мазалап жүрген әлдеқандай ішкі бұлқыныспен, өз әлеміне деген ұмтылыспен әке аманатына ғана емес, жүрегімен таңдаған мамандығына адалдығын танытып, журналистиканың кең жайлауына бәрібір қайтып оралды.

Шығармашылық алаңына қайтадан ширыға шығып, өзі басқарған «50 де 50» деген екі тілде шыққан басылымға да, «Орта» атты баспаға да жаңаша леп беріп, мұнан кейін «Қазақстан» телеарнасының да бірқатар жобаларын жоғары деңгейге шығарғанын көкірегі ояу оқырмандар мен көзі қарақты көрермендер бірден аңғарып, тиісті бағасын беріп жатты.

Жарылуға жақын Жанартау

Балаға қойылған есім оның болашақ тағдырын айқындайды деген сенім рас болар. Қалай болғанда да, қазыналы ит жылының тамылжыған тамызында дүниеге арыстандай айбат шегіп келген перзентінің атын Мұхтар деп кездейсоқ қоймағаны анық. Ойлап қарасаңыз, шығармашылықты шиырлаған Мұхтар аттылардың осалы бар ма өзі?

Біздің Мұхтардың да қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы қомақты. Бар дүниесін тізбектеп жатпағанның өзінде, оның архивтердің шаң басқан қорын айлап қопарып, көз майын тауыса жүріп жасаған тұшымды бір дүниесі патша көңілді көрерменнің жадында жатталып, болашақ жылдардың алтын қорына азық болып қалғаны анық. Бұл оның  «Timik & Co» продюсерлік орталығы арқылы әзірлеп, жарыққа шығарған, еліміздің өмірінде айшықты іздері қалған қайраткер тұлғалардың мұрағаттарда сақталған, өскелең ұрпақ үшін құны мен маңызын жоймаған жазбаларға жан бітірген «Тағдырлы хаттар» циклы болатын.

Тағы бір ерекше атап өтер еңбегі – сонау зобалаңды жылдарда жазықсыз жапа шеккен заңғар жазушы Мұхтар Әуезов туралы бүркеулі ақиқаттың бетін ашуға тырысқан «Бір пьесаның ізімен» деректі фильмі. Тарихи идеясы мен мазмұндық сапасы, сюжеттік фабуласы мен көркемдік шешімі шебер қиюласқан осынау фильм бір деммен жылы қабылданып, қарапайым көрерменнен бастап, мүйіздері қарағайдай телемамандар мен киносыншылардан да жоғары баға алды.

Күтпеген сәйкестік пе, әлде құбылыстың заңдылығы ма, әйтеуір кемеңгер Мұхтар туралы осы бір дүние журналист Мұхтардың сценаристік сипаты мен режиссерлік қырын айшықтай ашып, жаңа белеске көтерілгендігін жарқырата көрсеткен салмақты еңбек болғаны анық. Бәлкім, мұны сұңғыла ұстаз-әке көрегендікпен айтып кеткен қарапайым ереженің дұрыстығын дәлелдеген қисынды құбылыс деген де орынды болар.

Телевизиялық өнердің бір кісідей шеберіне айналған Мұхаң қазір қоғам өмірінен тыс қалмай, әлеуметтік желі мен БАҚ арқылы тартысты тақырыптарға татымды үн қосып, публицистикасының қуатын, тиген жерін тіліп түсер өткірлігін байқатып жүр. Дегенмен, не істесе де жанын салып істейтін сабаздың көркем шығармаға келгенде «нашар дүние жазғанша, мүлдем жазбағаным артық» деп қиялданып, тартыншақтай беретіні бар.

Бірақ әзірге не жазса да, жаман жазған дүниесін көргенім жоқ. Шығарманың да «шатақ мінезі» авторының асау болмысынан беріледі емес пе. Соңғы уақыттың өзінде ғана «Жала», «Химчистка», «Ит тірлік», «Домалап келген доп» сияқты адамгершілік пен ар тазалығын таразылайтын аллегориялық сарындағы прозалық шағын туындылары «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Абай», «Әдебиет» порталдарында жарияланып, оқырмандарына тереңдігі мен «тентектігін» аңғартқан. Оған қаламгер ағаларынан бастап, қатарлас-қанаттас замандастары да пайымды пікір білдіріп жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, жазушы Кажығали Мұханбетқалиұлы ағамыздың «Анау асылдың сынығы қатып ұйықтап жатқанда жарты басын тақырлап тастасаң, үйден шыға алмай, қақсап қалып, шығармашылықпен айналысып кетер» деп, Шынарға әзілдей айтқан ақылының жаны бар шығар.

Сондықтан, үнемі ізденіс үстінде жүретін досымды «әкесінен аса туған» немесе «әкесінің өкшесін баса туған» деген «бес тиындық» бағамен салыстыра қоюға талпынып, бәлеге қалар жайым жоқ. Дегенмен, оның шығармашылық қуатын әзірге анда-санда көкке қарай буырқана от шашып қойып, түпсіз тереңдікте 1970 градуспен сарқ-сұрқ етіп қайнап жатқан от-жалынды магмасы ағыл-тегіл атылудың аз алдында тұрған қоры бай, кратері кең алып жанартауға ұқсатар едім.

Музейге қоятын мінез

Мадақтау мен мақтауды маңайлата қоймайтын Мұхтар досымнан сөз естіп қалу қаупі төніп тұрса да, бұл қасқаның қос жиырма беспен қатар шапқан жасында біраз нәрсенің басын айқара ашып, айтып-айтып тастауға қақым бар шығар деп ойлаймын.

Бірден ескертейін, қайсыбір кездегі болпиған бекзат болмысына қарап, үнемі осылай жайнаған жаздай, қалқыған қаздай жайдары да жайма-шуақ жүреді екен деп ойлайтындар болса, оңбай қателеседі. Ұнатқан адамымен ақжарқын болып жүретін, ұнатпай қалса – қырып-жойып кететін, яғни ақ пейілге адал, ал принципке қатал, күрт құбылатын шарт та шұрт мінезі жетісіп тұрған жоқ өзінің. Өзі араласқысы келмесе, жөп-жөңкі адамды жанына жеті метрден жақын жуытпайтын жыны және бар. Бұдан бөлек, бойын қысқан қуатты энергиясымен ешқандай қалыпқа сыймайтын қиқарлығы да бір басына жетіп-артылады.

Ендеше, тиімді тамыр-таныстық орнатып, жоғары лауазымға жағынбақ түгілі, туысқандықтың өзін төбесінен асырмай, дос таңдауға да зор талап қоятын, бірақ досым деген адамы үшін жанын салатын қасқаның «досым аз менің» деп, қақсайтындай жөні бар.

Десем де, адамның жүректен шыққан ерекше қасиетін бір-ақ сәтте айқындап, жүректерге бірден жеткізетін және ұмытылмастай болып есте қалып кететін іс-әрекеті болады екен.

Өткен ғасырдың соңында астанамыз Ақмолаға ауысып жатқан қарбаласқа толы кезеңде бір курстасымыз қайғылы қазаға ұшырап, ауыртпашылығы алғашқы лекпен көшіп келген достарға түсіп, абдырап қалғанымыз бар. Сонда Алматыдағы жолдастардан жиналуға тиіс соманы уақыт созбастан, жалғыз өзі қалтасынан суырып бере салған мәрттігі әрдайым есте...

Кезінде жылжымайтын мүлік мекемесінде басшы болып жүріп, баспанаға қолы жетпей қиналған қаймана қазақтың құжаттарын артық талапсыз-ақ туралап беріп, тіпті, қолынан келгенінше қаржылай көмектесіп жіберіп, алғыс арқалағаны да – Аллаға аян. Атаның адал тәрбиесін көрген және қиындықты өз басынан өткерген адам ғана қиналған жанға шын көңілімен болысып, бар мен жоқтың қадірін білетін жан ғана қолындағысымен бөлісе алатыны ақиқат. Бәлкім, адам бойындағы тектілік дейтін қасиеттің түп тамыры да осындай ақиқатпен астасып жататын болар.

Ал, дос көңілі демекші, осы ғасырдың басында інішегім үйленетін болып, Астанадан алып ұшып Алматыға жеткенімде, тосынсый жасап, әуежайдан жас жұбайларға арналған аппақ кортежбен күтіп алып, мерейімді аспанға ұшырған Мұхтар болатын. Асқақтаған сол көңілмен сырнайлатып-кернейлетіп қала сыртына бір-ақ аттанғанбыз. Содан бірнеше күн бойы арқа-жарқа бірге жүріп, құдалықты атқарып, келінді де түсіріп, тойымызды өткеріп, қалтафонның қуатын да бітіріп қойсақ керек, курстас келіншектеріміз екеумізге іздеу жариялап үлгеріпті...

Енді «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп мақтайтын болсам, бильярдты мықты ойнайтындығын, бокстағы жоғары разрядымен қарсыласын қоймайтындығын, «ән салшы» десең, қарап қалмайтындығын айтар едім.

Ондайда арқаланып кетіп, Алланың берген бас-баритонын қосып кеп жіберіп: «Құлпырады дала, гүлдейді орман, Емізеді егіз Еділ мен Жайық. Ақ шағала айдын, ақталған арман, Тербеледі кеме, ойнайды қайық» деп, немесе: «Өмір деген  өте шығар өткінші, Аз ғұмырда көп қуанып, көп күлші, Маған ұқсап аспандағы ай мен күн, Көздеріңе ғашық болып өтсінші» деп, гүрілдеп берсе, тыңдарман біткен тамсана дірілдеп кетер еді.

«Атавизм» мен афоризм. Ақталған арман

Негізі, үш жасына дейін тілі шықпай, «ғылы-ғылы, ғық-ғық» деп жүрген бұл сабаздың алаулаған сезімі терезесін тым ерте тырнап ашыпты. Бес жасар кезінде ангинамен ауруханаға түскенде өзін емдеген Наташа атты нәп-нәзік медбикеге өлердей ғашық болып қалған ғой бәлекет. Тіпті, уколын салып, уқалап беретін қос уыс құйрығын да Наташажан – Наташа қыздан өзгеге қимағанымен қоймай, «қалыңдығымды» қолма-қол алып бермесеңдер, ауруханадан шықпаймын деп қиғылықты да салған көрінеді.

Ерте оянып алған махаббат одан бертінде де бұл мықтыға маза бермей, 7 класта жүргенде жаңадан келген жас химик мұғалім Жанна апайға ғашық қылып, жек көретін химия пәнін лезде-ақ «беске» оқуға мәжбүр еткен ғой. Қайта, көп ұзамай, Жанна қыз күйеуге тиіп кетіп, Құдай сақтаған. Әйтпесе, сол күндерде Менделеевтің таблицасын жатқа соға бастаған бұл батшағар осы күнде қаламның сиясы ғана жұғатын сүйрік саусағын күкірт қышқылына күйдіріп алып, соры қайнап отырар ма еді.

Дегенмен, ес біліп, етек-жеңін жиған текті ұл әке-ұстаздан аманттап алып қалған өмірлік мамандығына адалдық танытып қана қоймай, «алтын шыққан жерді белден қазуға» бел буған болатын. Өзінше «Енді Аралдың қызын алған әкемдей болсам арманым жоқ» деп қиялдады ма екен, әйтеуір өзінен дәмелі болған КазГУ-дегі қырғын қызды ысырып қойып, арнайы көздеп жүріп, арамыздағы аралдық Шынардай сұлуға сөз салған. Осылайша екеуі курс ішінен отау құрған құрдастардан қалыспай, қатарымыздан шыққан жарасымды алты жұптың бірі болып бас қосты.

Жақын достардың арасындағы жастық шақтан жармасып жеткен «атавизм дәстүрдің» бірі – түн ортасында ескертусіз келіп, есіктің қоңырауын «ойбайлата» басу болса, Мұхтар мен Шынардың махаббат қызық мол жылдарының басы да дәл осы «дәстүрден» басталған. Кеш бойы қол ұстасып, қыдырып, «ренжісіп қалғандары» тек түнде ғана естеріне түсетін екі ғашық біз тұратын «татуластыру пунктінің» қоңырауын тұп-тура түнгі сағат 3-те басып тұрар еді.

Біз болсақ тап бір құда күтіп жатқандай, төсектен қуана қарғып тұрып, бұдан әрі, Мұхтар Шаханов жырлайтындай, жастық шақтағы «жадырап жанымыз, жарасып әніміз, болашақ бүгіннен басталғандай», таңды таңға ұратын, сауық-сайран құратын талай-талай той-тамашаларымыз жалғасатын. Осындай бір отырыста әр тақырыпты тұздықтай қояр афоризмі әрдайым даяр тұратын Мұхтардан: «Сүю деген екі адамның бір-біріне емес, бір бағытқа қарауы» деген ақылды сөзді алғаш рет естіп, өзінің қазандай басынан қазып алған қазынасы екен деп, қайран қалғаным бар еді. Антуан де Сент-Экзюперидің аруағы кешірсін, тіпті мұны «менің Мұхтар досым айтқандай» деп, біраз жерде бөсіп те жүрдім.

Міне, сол Антуан мырза айтқандай, қос журналист – қос ғашықтың да бір бағытқа қарап, жарыса жарасып келе жатқандарына – ширек ғасыр. Осы уақыт ішінде әсем Алматының төрінде дүркіреп өткен бақыт тойларына да, жеке шаңырақ көтерген шаттықтарына да, Шайхисламдай батыры мен Несібедей аруының дүниеге келген қуаныштарына да ортақтасып, сылдырмақ іздеп сабылып жүргеніміз күні кеше сияқты еді.

Уақыт шіркін ұшқыр. Бүгінде еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарында болашақ инженер мен заңгер болуға білім алып жатқан балапандардың бет-бейнелері әке-шешесінің ғана емес, үкілі үміттері ақталған Жақсылық пен Несібелідей ата-әжесінің де тұп-тура жас кездерін еске салып тұр.

Демек, көсегесі көгеріп, керегесі кеңейіп келе жатқан осынау құтты шаңырақтың жақсылықтары жалғасып, несібелері молая түсетін бақытты сәттері берекелі болашақтың еншісінде.

Серікқали Мұқашев

Abai.kz

1 пікір