Сенбі, 20 Сәуір 2024
2487 0 пікір 10 Тамыз, 2020 сағат 14:50

Ұлы Абай күні – Қазақконцерт сахнасында

«Қазақконцерт» ұйымы ел тарихындағы айтулы мереке – Абай күніне орай барша өнер сүйер қауымға ерекше тосын сый жасамақ.

Ел руханияты үшін айрықша мерекеге орай, 10 тамыз күні сағат 21:00-де Қазақконцерттің YouTube арнасында «Абай арманы» атты концерттің онлайн көрсетілімі өтеді. Онлайн концертте белгілі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев, Ерлан Рысқали, Ардақ Балажанова және халықаралық байқаулардың лауреаттары Асқар Мұқият, Аяулым Қамажан өнер көрсетеді. Баршаға қолжетімді онлайн форматта өтетін мерекелік концертте Абайдың әндері мен оның өлеңдеріне жазылған әндер орындалады.

«Ұлт руханиятының темірқазығына айналған Абайдың 175 жылдығы аясында «Абай күні» деген атаулы датаның белгіленуі – біз үшін қуанышты жаңалық болды. Ұлы Абайдың бай музыкалық мұрасында ұлттық өнеге мен мол тағылым жатыр. Сондай-ақ поэтикалық және композиторлық туындыларымен қазақ музыкасына жаңа леп әкелген Абайдың ән мұрасы ерекше сұлулығымен, көркемдік байлығымен, әуезділігімен құнды. Абайдың шығармашылығына ғана тән осы Қазақконцерт солистері ұсынатын жаңа концерттік бағдарлама көрініс табады», - деп бөлісті Қазақконцерт басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы.

Abai.kz

0 пікір