Жұма, 25 Қыркүйек 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 107590. Жазылғандар — 102360. Қайтыс болғандар — 1699
Қоғам 3756 0 пікір 9 Тамыз, 2020 сағат 12:15

Құранның құдіреті неде?

Маған аталмыш мақаланы жазуға себеп болған жағдай - қазіргі ел басына сын түскен пандемия кезіндегі сорақылық. Иә, «Адам азды, заман тозды» деп осындайда айтылатын шығар. Өйткені, адами құндылықтан айырылғанымыз соншалықты, мәйітханадағы мәйітті алу үшін де ақша талап етуде. Былайша айтқанда, мәйітханадағылар жаны ашып, көңіл айтқанның орнына, ақша сұрайды. Ал енді жаның қиналғанда «Жедел жәрдем» шақырасың. Ақша берсең ғана ауруханаға алып кетеді, бермесең түрлі сылтаулармен үйіңде қала бересің. Оның арты көбіне өлімге соқтырып жатқанының да куәсіміз.

Одан бетер дәріханада дәрі жоқ. Ал алыпсатарлардың қолынан он есе бағасына сатып аласың. Бұған қоса, қазақтың қай заманнан келе жатқан қасиетті сусыны қымыз бен шұбатты да таза күйінде оңайлықпен таба алмайсың. Кейде амалдың жоқтығынан айран қосқан шұбатты немесе күріштің суын қосқан қымызды ішуге де тура келеді. Осы орайда біздің:  «Қазақ - қонақжай халық», «Қазақ - астындағы жалғыз атын сойып беретін дархан халық», «Қазақ – бауырмал халық»  дейтін бойтұмарымыз бен халықтық қасиетіміз қайда кеткен? Сондықтан да қазіргі уақытта адами құндылықты білмейтін кейбір пенделер  осы бір қасиетті кітап - Құранның бетін ашар болса, қара түнек басып қалған жан сарайына бір жарық сәуле түсе ме деген үмітпен қолыма қалам алдым.

Мен өзім аса діндар адам емеспін. Алайда, 114 сүре мен 6346 аяттан тұратын күллі мұсылман қауымының аса қасиетті кітабы – Құранды бірнеше мәрте оқығаннан кейін барып, Алла тағаланың жалғыз, ал қасиетті Құранның шын екеніне көзім жетті. Сонымен қатар, қасиетті Құран жөнінде түсінік берген бірнеше кітаптар мен мақалалардың ішінде көңілімнен шығып, көзімді көп нәрсеге ашқан екі шығарманы ерекше атап өткенді жөн көрдім.

Біріншісі – Түркияның кемеңгер философы Аднан Октардың «Чудеса Корана» атты кітабы (Ескерту: Аднан Октардың екі псевдонимі бар. Джавит Ялчин және Харун Яхья. Аталмыш кітаптың авторы псевдониммен Харун Яхья деп көрсетілген). Екіншісі – есімі елімізге танымал белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат әрі ғалым және аудармашы Әділ Ахметовтың «Құранның ғажайып құпиясы» атты мақаласы. Екі шығармада да бір-біріне ұқсастық элементтері бар.

Осы орайда, оқырманға түсінікті болу үшін Әділ Ахметов ағамыздың «Құранның ғажайып құпиясы» атты мақаласынан Құрандағы математикалық жүйе жөнінде үзінді келтіре кеткенді жөн көрдім: «1974 жылы, яғни Құран дүниеге келгеннен соң арада 1406 (19х74) жыл өткен кезде, мұсылман әлемінің қасиетті кітабының ішкі құрылымы математика ғылымы тұрғысынан мұқият зерттеліп, нәтижесінде бірде-бір жұмыр басты пендені жайбарақат қалдыра алмайтын ғажайып сырдың шымылдығы ашылды. Бұл сырдың негізгі кілті Құрандағы «Мудессир» немесе «Тығулы құпия» атты айдармен берілген жетпіс төртінші сүренің отызыншы аятында ескертілген, ұлы жұмбақтардың бірі делінген 19 саны о бастан-ақ Құран құрамында тұрғанымен, Құраннан бергі 14 ғасырдан асып жығылатын ұзақ заманда әлгі жұмбақ сырт көзге сыр бермей, өзінің межелі мезгілін күтіп, бұғып жақтан сыңайлы.

Әлемде теңдесі жоқ бұл құпияның сырын ашу философия ғылымдарының докторы, америкалық ғалым-биохимик Рашад Халифаның маңдайына жазылған болса керек... Лауазымды ғалым Рашад Халифа 1969 жылы компьюьердің көмегімен математикалық әдістерді шебер пайдалана отырып, 114 сүре мен 6346 аяттан тұратын Құран мәтінінің өн бойындағы әрбір әріп пен әрбір сөздің мән-мағынасын, олардың жалпы санын, бір-бірімен ара-қатынасын, т.с.с. анықтау мақсатымен ғылыми зерттеу жұмысын бастап кетіпті. Ғалымды бұл жұмысқа құлшындырған және итермелеген ең басты себеп, біріншіден, Құранның адам қолымен емес, керісінше, нағыз Алланың әмірімен туындаған қасиетті кітап екендігіне ғылыми тұрғыдан көз жеткізу болса, екіншіден, Құраннан соң оған түсініктеме ретінде жазылған сансыз көп хадистердің арасында қасиетті кітаптың құнын түсіретін жалған да зиянды дүниелердің бар екенін әшкерелеу болған. Бұған түрткі болған Құранның өзі екен.

Мәселен, ғалым Құранды зерттей келе, 19 санымен байланысты төмендегідей құпиялар тізбегін ашқан:

«Бисмилладан» басталатын бірінші сүредегі арап әріптерінің жалпы саны 19-ға тең. Сосын Құран түскен заманда 1,2,3,... т.с.с. сандық таңбалар немесе цифрлар арабтарда болмаған. Олардың орына сандық мәні бар әріптер пайдаланылған. Сандық таңбалар немесе цифрлар арабтарға тек тоғызыншы ғасырда ғана Индиядан ауысқан.

Құран 114 сүреден тұрады. Бұл сан 19-ға бөлінеді немесе 19 бен 6 санының көбейтіндісіне тең.

Құрандағы аяттардың ұзын саны – 6346  немесе 19 х 334 = 6346.

6346-ны құрайтын 6,3,4 және 6 сандарының өзара қосындысы (6+3+4+6) да 19-ға тең.

Құранда «Бисмилла» 114 рет қайталанады. Бұл 19 бен 6 сандарының көбейтіндісіне тең.

«Бисмилла» тоғызыншы сүреде кездеспейді, бірақ оның есесіне 27-ші сүреде екі рет қайталанады. Сөйтіп, 9 бен 27 сандардың арасындағы сүрелер тізбегі тағы да 19-ға теңеледі.

Құрандағы жоғарыда айтып өткен математикалық жүйе бұнымен бітпейді. Мен қысқаша алты мысалға ғана тоқталдым. Оның бәрін айту үшін аталмыш мақаланы толықтай көшіру қажет. Құранның құдіретін бұдан да тереңірек білгісі келген адамға бұл мақаланы тауып оқу аса қиынға соқпас деп ойлаймын. Аталмыш мақала автордың «Түбі түркі өркениет» («Арыс» баспасы, 2009 жыл) атты кітабына енгізілген. Ал енді Құранда жоғарыда айтып өткеннен басқа да математикалық жүйе кездеседі. Бұл мысал да «Құранның ғажайып құпиясы» атты мақалада көрсетілген. Мысалы:

- «ай» (арабшасы – «шеһр») деген сөз 12 рет қайталанады.

- «күн» («юм») деген сөз 365 рет кездеседі.

- «күндер» («ейам» немесе «юмейн») 30 рет қайталанады.

- «шайтан» («шейтан») мен періште («мелек») 88 реттен.

- «дүние» («дүния») мен «ахрет» («аһираһ») 115 реттен.

- «сенім» («иман») мен «күпіршілік» («куфр») 25 реттен.

- «әділеттілік» («кист») пен «әділестіздік» («зулм») 15 реттен қайталанады.

Демек, соңғы төрт жолдан Құран жақсылық пен жамандықтың қатар жүретінін, олардың егіз екенін, қарама-қарсылықтың бірлестігін және олардың тепе-теңдік сақтайтынын өте айқын байқатады.

Осылардың бәрі кездейсоқ немесе жасанды деуге ешкімнің батылы бара қоймайды. Ойткені олай деуге Құранның 72 сүресінің 28-ші аятындағы (72:28) мына сөздер жібере қоймайды: «... Ол (Алла – автор) күллі дүниенің есебін біледі».

Ал енді түркиялық кемеңгер философ ғалым Харун Яхьяның «Чудеса Корана» атты кітабынан да (аудармасыз, орысша күйінде) кішкене үзінді келтіре кеткеніміз жөн шығар. («Повтор слов о Коране», стр. 73.) Құранның математикалық феномені туралы айта келе автордың Құранда тепе-теңдікпен қайталанатын сөздердің тізбегіне тоқталайық:

«Семь небес» – 7 раз.

«Сотворение небес» - 7 раз.

«мир» - 115 раз.

«потусторонний мир» - 115 раз.

«Вера» - 25 раз.

«Безбожие» - 25 раз.

«Закят» - 32 раза.

«Благоденствие» - 32 раза.

«Милосердие» - 79 раз.

«Вступление на поиски пути истинного» - 79 раз.

«Сотворил вас» - 16 раз.

«Рабство» - 16 раз.

«Вино» - 6 раз.

«Пьянство» - 6 раз.

«Богатство» - 26 раз.

«Бедность» - 13 раз.

«Кара» -117 раз.

«Прощать» - 2х117=234 раза.

«Растение» - 26 раз.

«Дерево» - 26 раз. т.б.

Міне, жоғарыда айтып өткен мақала мен кітапта келтірілген мысалдар мен дәлелдерді ой елегінен өткізер болсаң, ұлы Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген сөзіне еріксіз бас ұрасың. Егерде қасиетті Құранды және оған түсінік берген аталмыш шығармаларды Құдайдың барына, Құранның шындығына шүбә келтіріп, басқа діннің төңірегінде адасып жүрген кей пенделер оқитын болса, онда олардың райларынан тезірек қайтып, мына он сегіз мың ғаламның әміршісі және жаратушысы – Алланы мойындаудан басқа амалы қалмайтынына ешбір шек келтірмеймін.

Енді, мақала соңында қасиетті Құранның өзіме ерекше ой салған және басымды июге мәжбүр еткен сүрелерге тоқтала кетейін:

«Алла тағала екі теңізді қатар қойды. Бірі – тұщы (ауыз) су, бірі – тұзды (ащы) су. Екі арасына араласпайтын бөгет жасады». «Әл-Фурқан» сүресі, 53 аят.

«Алла тағала әркімді істеген істеріне қарай жазалайды. Өйткені, Алла тағала тез есеп алушы». «Ибраһим» сүресі, 51 аят.

«Тозақтың жеті қақпасы бар. Олардан әр топ бөлініп, тиесілі қақпасына жіберіледі». «Әл-Хижр» сүресі, 44 аят.

«Алла тағала жеті қабат аспанды екі күнде жаратты. Әр қабаттың міндетін белгіледі...». «Фуссилат» сүресі, 12 аят.

«Алла тағала егер күналары үшін адам баласын жазалайтын болса, жер бетінде адам қалмас еді. Бірақ оларды белгілі бір мерзімге дейін кешіктірді. Олардың есеп беретін мезгілі жеткенде, олардың істеген істеріне қарай сый не жаза береді. Алла тағала құлдарының іс-әрекеттерін көріп, бақылап тұрады.» «Фатыр» сүресі, 45 аят.

«...Алла тағаланың Кітабында жазылған өмір ұзартылмайды да, қысқартылмайды...» «Фатыр» сүресі, 11 аят.

«Ер адам әйеліне билік етеді. Алла тағала біріңнен–біріңді артық етіп жаратты. Олар мал-дүниесін де нәпақа (маһр) етіп берді. Ерлер әйелдер үшін табыс табушы, асыраушы. Салиқалы әйелдер ерлеріне бойұсынады. Ерлері жоқ кезде өз абыройларын сақтайды»...  «Ән- Ниса» сүресі, 34 аят.

«Бастарыңа келген бір ауыртпашылық өздеріңнің істегендеріңнің салдарынан болады және де Алла тағала көбін кешіреді». «Аш-Шура» сүресі, 30 аят.

«Ақшаны өсім пайызбен беретіндер ақирет күні жын соққандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың «сауда дегеннің өзі өсімқорлық қой» дегендері үшін. Алла тағала сауда-саттықты адал етіп, өсімге (харам деп) тыйым салған. Кім Раббысының тыйым салғаны деп өсімді тоқтатса, оның бұрынғы алғандары өзінікі болады. Оның істері Алла тағаланың билігінде, ал кім оны жалғастырса жалындаған отқа түседі, әрі онда мәңгі қалады». «Әл-Бақара» сүресі, 275 аят.

Иә, қасиетті Құранды жете назар салып, тыңғылықты зейінмен оқыған адамның көңіл сарайы көп нәрсеге қанық болады. Құранда жоғарыдағы сүрелерде келтіре кеткен мысалдардан басқа жетімді жебеп жүру және оның несібесін жемеу, зекет беру, адамдарға шамасы келгенше жақсылық жасау, қиналған адамның мойнындағы қарызды шама келгенше кешіре білу, таразыдан жемеу, ғылымға бой ұсыну, отбасының берекесі, ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы, кешірімді және сабырлы болу сияқты адами құндылықтар жөнінде де керемет айтылған.

Егер де жер басып жүрген жұмыр басты пенделердің барлығы Алланың қасиетті кітабы - Құранда айтылған киелі аяттарға назар аударатын болса, біз пайдакүнемдік пен парақорлықты, пейілдегі тарлықты, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықты және арамдық пен азғындықты жеңіп, ауызбірлігі мықты ел болып қалыптасуымыз да қиынға соқпас еді. Мына түрімізбен сол күнге жете аламыз ба? Ойланып көрейікші...

Бекен Нұрахметов,

Қазақстан Журналистер одағының С.Бердіқұлов атындағы сыйлығының лауреаты.

Abai.kz

0 пікір