Жұма, 26 Сәуір 2024
3424 20 пікір 7 Тамыз, 2020 сағат 15:31

Ливандықтар Францияның бақылауына өту туралы петицияны бастады

Ливан халқы француз мандатына көшу туралы петицияны бастады. Бұл туралы Reuters ақпараттық агенттігі хабарлаған. 

Агенттіктің мәліметінше, елдегі саяси және экономикалық дағдарыстардан шаршаған Ливан тұрғындары 1920 жылдан 1946 жылға дейін болған француз мандатына көшу туралы петиция жолдаған. Қазіргі уақытта петицияға 55 мыңнан астам қол қойыпты. Петиция Франция Президентінің Ливанға ресми сапары қарсаңында дайындалған.

Эммануэль Макрон жарылыстан кейін екі күн өткенде Бейрутқа ұшып барды. Портта болған жойқын жарылыс 140-тан астам адамның өмірін қиды. Жарылыс салдарынан 5000-нан астам адам жарақат алып, қалаға 5 миллиард доллар шығын келген.

Жарылыс болған жерге барғаннан кейін Макронды жергілікті тұрғындар тоқтатып, ақшаны және гуманитарлық көмекті адал таратуды талап етті.

Макрон көмектің әділ бөлінуін бақылауға, сондай-ақ елдегі саяси келіспеушіліктердің шешілуіне ықпал етуге уәде берді.

«Мен барлық саяси күштермен кездесіп, олардан өзара келісімге келулерін сұраймын. Мен бүгін оларға жаңа саяси пакті ұсыну үшін келдім», - деді ол Бейрут тұрғындарымен кездесуінде.

Еске салсақ, Ливан астанасы Бейрут қаласындағы портта 4 тамыз күні кеште қатты жарылыс болды. Билік өкілдерінің айтуынша, бұған себеп 2750 тонна аммиак селитрасын дұрыс сақтамау. Жарылыс салдарынан қала ғимараттарының жартысы зақымдалған, зардап шеккендердің көп болуына байланысты ауруханаларда орын жоқ екені айтылған.

Abai.kz

20 пікір