Жұма, 19 Сәуір 2024
Ел іші... 2692 3 пікір 6 Тамыз, 2020 сағат 12:21

Дәрігер коронавирус жұқтырмағанды растайтын жалған анықтама сатқан

Алматы облысында коронавирус жұқтырмағанды растайтын анықтама сатқан медицина қызметкері ұсталды. 1984 жылы туған медицина қызметкері аталған анықтаманы 25 мың теңгеге сатқан. Бұл туралы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері ПТР-тестіне теріс нәтиже көрсетілген жалған анықтамаларды беру фактісін анықтаған.

Ол коронавирусқа теріс нәтиже көрсетілген ПТР тесттің анықтамасын беру үшін 25 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы алу кезінде қолға түскен. Тергеу барысында Алматы облысының тұрғыны осы жылдың шілдесінен осы күнге дейін шамамен 12 жалған медициналық анықтама жасағаны анықталды. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Жау жағадан алғанда, бөрі еткетен тартты» деген осы шығар. Елде коронавирус тарап, төтенше жағдай жарияланған тұста да жемқорлық, алаяқтық тиылмай тұр. Халықтың көз жасынан ақша жасағысы келетіндер билік басында да, елдің арасында да өріп жүр. Жеріміз кең, халқымыз аз болса да коронавирусты әлі тізгіндей алмай жатқанымыз осы жемқорлық пен алаяқтықтың кесірі шығар.

Ресми ақпарат бойынша, 5 шілде мен 3 тамыз аралығында дәрі-дәрмектің бағасын көтерудің 522 фактісі анықталған. Сонымен қатар, оларды заңсыз сату мен дайындаудың 338 фактісі белгілі болған. Дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сату саласында барлығы 869 құқық бұзушылық әшкере болып, оның ішінде 10 қылмыстық және 745 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген.

Abai.kz

3 пікір