Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
2207 2 пікір 4 Тамыз, 2020 сағат 12:57

Аймағамбетов: 2,6 миллион оқушы қашықтан оқиды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкіметтің селекторлық отырысында 2020-2021 оқу жылының басталуына дайындық мәселесі жөнінде баяндады. 

Министрдің айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты 1 қыркүйектен бастап оқу жылы жалпы қашықтан оқыту форматында басталады.

Қабылданған шешімге сәйкес бұл жерде екі ерекшелік бар. Шалғайдағы елді мекендердегі шағын жинақталған мектептер эпидемиялық ахуалға байланысты оқуды дәстүрлі штаттық режимде бастайды, сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары үшін, ата-аналардың өтініші негізінде, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Кезекші сыныптарға өтініштер қолжетімді байланыс құралдары арқылы электронды түрде қабылданады.

Сонымен, алдын ала болжам бойынша, интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы (79%), кезекші сыныптарда 530 мың бала (17%), штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы (4%) білім алады деп күтілуде.

«Мектепке дейінгі ұйымдарда ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Сәйкесінше бұл топтардағы балалардың саны он бестен аспауы тиіс. Балалар ата-аналардың өтініші негізінде қашықтан немесе жеке тәртіппен оқуға, сонымен қатар бес баладан аспайтын шағын топтардағы үйірмелерге қатысатын болады», — деді А. Аймағамбетов.

Арнайы білім беру ұйымдарының жұмысы Министрлік үшін ерекше маңызға ие. Осы ерекше бүлдіршіндер қазіргі жағдайда үлкен назарды қажет етеді. Сондықтан ата-аналарының таңдауы бойынша арнайы онлайн кеңес беру немесе мамандардың жеке қабылдаулары ұйымдастырылады. Денсаулығында күрделі проблемалары бар балаларды қабылдау алдын ала жазылу тәртібімен жеке жүргізіледі.

Колледждерге келер болсақ, педагогикалық, АT, әлеуметтік, гуманитарлық, технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша қашықтан оқыту ұсынылады.

«Сәйкесінше зертханалық жұмыстар мен өндірістік тәжірбиені штатты режимде жүргізуге мүмкіндік береміз. Бұған қоса алыс ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан, бір топтағы студент саны 15-тен аспайтын 102 колледж де штаттық режимде жұмыс істейді»,— деді министр.

Жоғары оқу орындарында оқыту негізінен қашықтан жүргізіледі.

«Техникалық, аграрлық және табиғи бағыттар, медицина және өнер мамандықтары бойынша дәрістер мен семинарлар (70 %) онлайн форматта, ал зертханалық және практикалық сабақтар (30%) күшейтілген санитарлық шараларды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта өткізіледі», — деді А. Аймағамбетов.

Магистратура мен докторантурадағы сабақтар аралас принциппен оқытылады. Осы берілген бағдарлар шеңберінде әрбір ұйым өздері дербес шемім қабылдайды.

«Қашықтан оқыту кезінде оқу процесінің принциптері мен технологиялары сәйкесінше өзгереді. Осыған байланысты төртінші тоқсан тәжірибесін ескеріп, бағалау нормаларын, оқыту әдістемесін өзгерту және кері байланысты жүзеге асыру бойынша да бірқатар жұмыс жүргізілуде», — деді министр.

Бұған қоса, шілде айынан бастап қашықтан оқыту жүйесінің негізгі бағыттарын түсіндіру, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты әртүрлі форматқа көшу бойынша күнделікті вебинарлар өткізіліп келеді. Жеке кесте бойынша 7 мыңнан аса қазақстандық мектеп директорына, олардың 12 мыңдай орынбасарына және 2 мыңға жуық әдіскерге қашықтан оқытуды ұйымдастыру бойынша түсіндіру семинарлары өткізілді.

Еліміздің барлық мұғалімдері үшін қашықтан оқыту технологиялары бойынша біліктілікті арттыру курстары басталды. Олармен мұғалімдер 100% қамтылатын болады.

А. Аймағамбетов атап өткендей, ата-аналар мен оқушылар үшін әдістемелік қолдау көрсету маңызды. Сондықтан тамыз айында балаларға және ата-аналарға «Үйде қалай оқу керек?», «Гигиена негіздері», «Кибермәдениет», «Интернет арқылы қалай оқу керек?», «Дене жаттығуларының маңызы» тақырыптарында бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізіледі.

Білім күнін 1 қыркүйекте онлайн режимінде өткізу жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, мектептерге компьютер сатып алу жұмысы жүргізілуде.

«Жалпы, тапшылық бар. Бұл туралы ашық айту керек. Бүгінгі таңда республика бойынша 185 мың білім алушының компьютері жоқ. Тапшылық әсіресе көп балалы, аз қамтылған отбасыларда байқалады. 1 қыркүйекке дейін аталған санаттағы 500 мыңнан астам бала компьютер техникасымен қамтамасыз етіледі», — деді А. Аймағамбетов.

24 мың педагогтің жеке компьютері жоқ, 2 мың педагог үшін интернет желісі қолжетімді емес. Бұл мәселе мектептегі компьютерлерді оларға уақытша пайдалануға беру арқылы шешілетін болады.

IV тоқсанда өз интернет-платформаларын ұсынған АT-компаниялар жазғы уақытта айтылған ұсыныстар бойынша оқу процесіне қажетті жаңа функционалдар жасап, қашықтықтан оқыту сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарды.

Мазмұн материалдарын толықтырумен қатар, АТ-компаниялар сабақтарды жазу мүмкіндігі бар стримингтік бейне конференция модульдерін дайындады. Оқу процесін басқарудың автоматтандырылған жүйелері, аналитика, бағалау және т. б. әзірленді.

Бүгінгі күні әр мектеп АT компаниялардың интернет платформаларында педагогтардың сұраныстарына жауап беретін кез келген платформаны таңдауға құқылы. Осы қысқа мерзімде бірнеше жаңа платформалар да нарыққа шықты, бәсекелестік пен таңдау бар.

Көктемдегі тәжірбиеге сәйкес телесабақтар әзірленуде. Телесабақтар — өте қолжетімді құрал. Барлығы 6 мыңнан астам телесабақ түсірілуде.

Теледидар сабақтары «әл-Фараби» мен «Ел-Арна» арналарында көрсетіледі. Кем дегенде әрқайсысында 9 сағаттан эфир берілді. Оған қоса барлық телесабақтар интернетте орналастырылып барлық оқушылар үшін тегін және қолжетімді болады.

Қазір Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп осы арналармен қамтылу картасы дайындалды. Соның негізінде 604 елді мекен үшін осы каналдардың қолжетімсіз екені анықталды, бірақ оның 314-інде ғана оқушылар бар. Бұл мәселе жергілікті телеарналарға ретрансляциялау, спутниктік антенналар орнату арқылы шешіледі.

Оқулықтармен қамтамасыз етуге қатысты жұмыс жүргізілуде. 11 сынып үшін 160 239 оқулық жиынтығы сатып алынды. Жөнелту кестесі жасалды және келісілді, жалпы жөнелту көрсеткіші 50%, жеткізу 35% құрайды. Шілде айынан бастап оқулықтар балаларға таратыла бастады.

Оқулықтардың электрондық нұсқасы оқушылар мен мұғалімдерге QR-код арқылы қолжетімді.

Сөз соңында А. Аймағамбетов індетпен сырқаттану деңгейінің тұрақты төмендеуіне байланысты білім беру ұйымдары санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқытудың аралас және штаттық форматына біртіндеп көшуді жүзеге асыратынын жеткізді.

Abai.kz

2 пікір